Жылқының жал-құйрығының атаулары

14389

Жан-жануарлардың терісіне өсетін жүн, қылшықты жинақтап, бір сөзбен «түк» дейтіні белгілі. Бұл атаудың қолдану ерекшелігін Т.Өмірзақов былай көрсетеді:

«Төрт түліктің түгін халқымыз құрамы мен сапасына қарай – жүн, қыл, түк деп бөледі. Жүн түбіт пен қылшықтан тұрады және қой мен ешкінің, сиыр мен түйенің терісінде өседі. Ал жылқының құйырық-жалына шыққан ұзын қылшық – қыл, оның терісіне тұтасып шыққан қысқа әрі майда қылшық – түк деп аталады» (1.156).

Малдың түгіне байланысты еңбектерде келтірілген пікірлерді саралай келе, жылқының терісіне тұтасып шыққан жалпы өсіндіні – түк, ал мойынының үстінгі жағы мен құйырығындағы ұзын өсіндіні – қыл деп былайша жүйелейміз: жал, кекіл, құйрық.

Жал.

Zhal

Жал – жылқының желке үстіне өскен қалың қыл. Тілімізде жылқы малының сыртқы тұлғасын сымбаттандыра түсетін жалдың сыны мен сипатына қарай қалыптасқан көптеген атаулар кездеседі.

Соның бірі – майда жал – жылқының жалы қалың, қатты болмай, жұқа әрі қылшығының жіңішке, нәзік, күлтеленіп келген түрі. Кейде мұндай жалды биені әсерлеп жібек жалды (күлте жалды) деп те атайды. Т.Өмірзақов «Майда жалды жылқының мінезі де жайлы болады» — деп жазады. (1.158)

Абай нағыз ер жігіттің қолқанаты болатын аттың сынын «майда жалды», «күлте құйрық», «қыл түбі әлді», «шоқпардай кекіл» болады деп суреттейді.

Жібек жал – жұмсақ, биязы жалға берілген атау. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында «Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ» деп «құлан жал» тіркесін қолданады. Ол – әдемі, төгіліп тұрған жал. Сондай-ақ, құланның жалына ұқсатудан туған атау болуы да мүмкін.

Қайратты жал – аттың қылы қатты әрі өткір болып, жылтылдап тұруы.

Сирек жал – жалы жұқа, сұйық жалға берілген атау. Жалдың бұл түрін сұйық жал деп те атайды.

Жайма жал – будырап төгілген қалың жал. «Астында есік пен төрдей, ай табанды, жайма жал қара көк айғыр…» (І.Есенберлин. «Көшпенділер»).

Кереге жал – негізінен бие жалына қатысты айтылады. Біркелкі күдірейіп тұрған жалды киіз үйдің керегесіне ұқсатса, «тоқпақ жал» тоқпақ ағашқа ұқсатудан туындаған. Қазақ тілінде тоқпақ – ұзындығы 1-1,5 метрдей жуантық келген қолағаш.

«Тоқпақ жал – жылқының бөлек-бөлек бөлініп, топталып тұратын жалы. Тоқпақ жалды айғырдың мінезі тік, өзі қайратты болады. Жалдың атауы тоқпаққа ұқсату, салыстыру арқылы таңылған. (1.168). «Бұл Қаратаздың өткен қыста Кәленнен тартып алатын тоқпақ жалды торы ат еді (ӘюНұршайықов).

Қаба жал – жалдың қалың әрі тығыз, ұйысып дөңгелене біткен әдемі түрі. Махамбеттің жырында «Жал құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз» деген жолдар бар.

Қалың өскен, қайратты жалды «күдіре жал» деп те атайды. Қазақ тілінің түсміндірме сөздігінде күдіре сөзіне 1) төзімді, мықты; 2) жығыңқы деген анықтамалар берілген. Қазақ тілінде күдіре сөзімен дыбысталуы ұқсас «күдері» деген сөз қолданылады. Р.Сыздықова күдері бау мен күдіре жалды жылқы дегендегі күдері мен күдіре сөздерінің мағынасы екі түрлі екенін айтады.

Жал сөзі жылқының мойын бөлігінің үстінгі қабатында болатын майына да қатысты айтылады. Жылқының арық-семізін осы жалынан ұстап біледі: берік жалды жылқы – ортадан төмен жалы (жал майы) бар жылқы; жалы мұздай (жалы доғадай) – семіз, жалы тқтасқан жылқы; су жалды жылқы – жалы қолға ұстауға келмейтін, арық жылқы. (4,34)

Кекіл.

Kekil

Жылқының маңдайындағы бір шоқ қыл – кекіл. Кекіл моңғол тілінде гөхөл түрінде кездеседі. Оның мағынасы – баланың немесе жылқының маңдайындағы бір шоқ қыл немесе шаш: хүүхдийн гөхөл – баланың кекілі; морины гөхөл – аттың кекілі; хөхөл дэл – кекіл жал (3.138).

Кекілдің сыртқы пішіні мен бітісіне қарай – топ кекіл (топтанып тұру); шоқпар кекіл (шоқпарға ұқсату); қалың кекіл (сұйық емес, тығыз); ұзын кекіл деген атаулары бар.

Құйрық.

Quiryq

Жылқының дене мүшесінің бір атауы ретінде және соған шыққан қылды – құйрық деп атайды. Қазақ тілінде жылқының құйрық бітісіне қарай мынадай атаулар қалыптасқан.

Күлте құйрық – шоқталып түйілген бір буда жіп қыл. Күлте құйрық (жал). Жылқының сәндікпен тарамдалған қалың, тығыз құйрығы.

Сояу құйрық – құйрық қылының түсе-түсе селдіреп қалғаны. Сояу сөзі өсімдіктердің жапырағы мен бүрінен айырылған сида сабақтары; ірі, ұзын, сидиған, сойдақ мағынасын беретіндіктен сояуға ұқсату, салыстыру негізінде пайда болған.

Құйрық қылының өлшемінің ұзын-қысқалығына қарай шұбалаң және келте құйрық тіркестері бар.

Шұбалаң құйрық – әрі қалың, әрі ұзын болып келсе, керісінше шұбалаң емес, қысқа болып келетін құйрықты – келте құйрық деп атайды.

Келте құйрықтың төменгі ұшы шашақталып, қысқа болып тұрады. Бұл атаулар өлшем бірлігінен туындағаны даусыз.

Тарақ құйрық – үнемі тарақпен таралғандай, өзінен-өзі таралып тұратындай құйрық.

Қаба құйрық – құйрық қылының өте қалың әрі дөңгелене біткен түрі.

Жылқы құйрық қылының селдір, сирек бітуіне қарай – сымпыс құйрық, сыпсың құйрық, сыпыс құйрық, сыпа құйрық деген атаулары бар.

Сұйық әрі таралып тұрған жіңішке құйрықты сыпсың құйрық десе, сыпыс құйрық атауы да сүйрік, жіңішке құйрықтың сипатына байланысты туындаған. Сымпыс құйрықты «қылыш құйрық» деп те атайды.бұл жылқының құйрық қылшығының жіңішке келген, селдір, сұйқылтым, жұқалығына байланысты қолданылады. Ал жергілікті тіл ерекшеліктерінде сұйықтау, ұзындау келген құйрықты сыпа құйрық деп атайды. (Жамбыл облысы, шу ауданы).

Жылқы малы құйрығының жоғарыда келтірілген атауларынан басқа қанжар құйрық, ит құйрық, топ құйрық, шолақ құйрық, жібек құйрық, шолти құйрық, қисық құйрық деген атаулары кездеседі. Және бұл тіркестер құйрық қылының сипатына қатысты қолданылады.

Жылқының түгі негізінен халық тұрмысында қолданылмайтындықтан, оған қатысты атаулар да сирек. Көктемде жылқыдан түсіп қалатын қысқы түгі – өлі жүн, қыстағы түгінің арасынан, не астынан жазға қарай шыққан түгі – тірі жүн деп аталады.

Қазақ халқының ғасырлар бойы жылқының жақсы қасиеттерін тануға қалыптасқан өзіндік таным-түсінігі бар. Жүйрік атты тануда оның тұқымына, дене бітіміне, ерекше қасиетіне қарай ден қойып, бағалай білген. Жүйрік аттың бір белгісі – оның жал-құйрығының сұйық болуында, жал-құйрығын ққолмен ұстап қарап, аттың мінезінің қандай екенін де байқай білген.

Жылқы түгіне қатысты лексика – тіліміздің ең көне қабаттарын қамтитын қазақ тілінің негізгі сөздік қоры мен сөздік құрамының ішіндегі елеулі де күрделі саласы.

Жоғарыда келтірілген атаулардың ішінде белсенді қолданылмайтын атаулар да кездеседі және мағыналық, тұлғалық жағынан өзгерістерге ұшырағандары да бар. Жылқы түгіне қатысты атаулардан туындайтын толып жатқан туынды сөздер мен тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер мен тілдік теңеулер тіліміздің сөздік қорында молынан саналып, зерттеуді қажет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 1. Т.Өмірзақов. Мал түгіне байланысты қалыптасқан этнографизмдер // Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері. А., «Ғылым», 1988 ж.

2. Р.Сыздықова. Сөздер сөйлейді. А., «Санат», 1994 ж.

3. Б.Базылхан. Қазақша-моңғолша сөздік. Уланбатыр, 1977 ж.

4. Ш.Жанәбілов. Қазақша мал атаулары. А., «Санат», 1982 ж.

ZharqynayЖарқынай Қоқанова, Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы

Түпнұсқа: Жылқы түгінің атаулары // Ұлағат. – 2009. – № 6. –113-117 б.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.