Атты тур. Төртінші күн. Жылқышы Рахмет

3675

24 маусым, дүйсенбі. Киіз үйде жылы көрпеге оранып жатып, үзікті сытырлата ұрған жаңбыр тамшыларына құлақ түріп, бұйығып жатқан қандай тамаша.

Таңғы 7-де оянсақ та, үй сыртында сіркіреген жаңбырға құлақ түріп жатырмыз барлығымыз. Ешкімнің осы бір тыныштық әуенін бұзғысы келмейтіндей. Алайда алға қойған мақсат, межелі міндетіміз бар, атқа қонуға тура келді.

Алда Бұйратаудың бұлың-бұлыңын артқа тастап, Қызылтас алқабын кесіп өтіп, әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан атындағы ауылға қоналқаға жетуіміз керек.

Бұйратаудың бөктеріндегі жалғыз үй – қорықшылар қосынын артқа тастап, батпақты бұлақты жағалап жолға шықтық.

IMG_1920.jpg

Жол бойында көрген бір қызық құбылыс – қанша алыста жүрсе де, адам қарасын көрген жылқы біткен сол маңға жинала қалатыны. Жол бойы бізге жолыққан бір үйір жылқы да дауыс жетер жерден шапқылап, біздің қасымызға келді.

Жылқы көрсе арқасы қозатын қазақпыз ғой, біз де дәуіріге айғайлап, жылқыны біраз желіктіріп қойдық. Жаңбырдан соң ширығып тұрған жануарлар, ары-бері ойқастап, өз сұлулықтарын паш еткендей екпіндей барып басылды.

IMG_1926.jpg

Жылқылардан ұзаған соң, сіркелеген жаңбырдан бұйығып, тағы да үнсіз, көндіккен, алыс сапарға тас-түйін бекінген жүріспен сыдырта жорттық. Бүгін жауыннан қорғалады ма, бізге Дугластан басқа салт атты ермеді.

Айтпақшы, алғашқы күнгі шаршаудан соң Дуглас Демиге емес, Принцке мінген. Жүрісі жайлы, итбүлкекпен ғана жүретін Принц Дуглас үшін таптырмас тұлпар болды.

Жол бойы айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Діттеген уақытта Қызылтас ауылына келіп жеттік.

Ауыл тып-тыныш. Түскі уақытта келдік. Ауылдағы үлкен албарда жүзден астам жылқы қамаулы тұр екен. «Е, бие байлап, қымыз ашытып отырған ауыл болды ғой» деп ойладық. Сонда да, салқын күн, тападай талтүс, жылқының қамаулы тұрғанын түсіне алмадық.

«Бақсам, бақа екен» дегендей, бұл жылқының сырын біз ат басын тіреген үйдің отағасы Баян Омарбеков ағамыздан білдік.

IMG_1944.jpg

«Қорада тұрған жылқыны айтасың ба? Ол осы ауылдың жылқысы. Бие байлап отырғамыз жоқ. Жер жетпейді. Маңай толған егін. Жылқыны осылай күндіз қамап қойып, түнде ғана шығарып, егінге түсірмей жаямыз» — дейді Баян ағамыз.

Өзі де шағын шаруасын дөңгелентіп отырған азамат, жыл сайын жер тарылып бара жатқанын айтады.

IMG_1949.jpg

Ауыл балаларының бір ерекшелігі – жылқы десе жанын береді. Баян ағамыздың немересі де атқа мінуге құштар екен. «Алаш» атқа мініп, алаш үшін ақырып теңдік сұрар ұл болғысы келеді.

Қызылтастан аттанып, Әлкей Марғұлан ауылына бет түзедік.

Баян ағамыз, «Жолдан ауытқымай жүрсеңдер, тура сол ауылға апарады, аралық 29-30 шақырым болып қалар» деді, аттанып бара жатқанда.

Біз жол жиегін жағалай, ат басын оңтүстік шығысқа тураладық. Ауылдан 10-12 шақырым шыққанда алыстан бізге қарай шоқырақтатып келе жатқан салт аттыны көрдік.

IMG_1966.jpg

Астындағы құла бестіні ақ сорпа етіп терлеткен, жылқышы жігіт, барлығымызбен амандасып, қайда бет алғанымызды сұрады. Бағдарымызды білген соң бірден жолдан ауытқығанымызды айтты.

«Қазақта «бір жол бар – алыс, алыс та болса жақын, бір жол бар – жақын, жақын да болса алыс» деген сөз бар. Бәкең сіздер адаспасын деп, «алыс та болса жақын» жолға салған ғой. Мен осы жердің жергілікті жылқышысымын. Асакаровкадағы құрғақ саумал өндіретін зауытта жылқы бағамын. Қазір сіздерге тура жолды көрсетіп жіберейін» — деді жылқышы Рахмет.

Өзі де айдалада желмен жарысқан жылқымен бірге жылқыдай саяқ жүріп үйренген қазақ біраз әңгіменің басын қайырды. Сонымен Рахметтің айтуымен, Әлкей ауылына тіке тарттық.

15 шақырымдай бізбен бірге жүрген Рахмет Марғұлан ауылының мұғдары көрінгенде айырылсты.

Павлодар мен Қарағандыны жалғап жатқан әйгілі Сәтпаев арнасының бойында орналасқан шағын ауыл бізді жылы қарсы алды.

kF4cUoqA.jpeg

Аттарды арнайы атқораға жайғастырып, кешкі асты мектеп асханасынан іштік.

Айтпақшы бұл ауылда біз мәдениет үйінің сахнасында ұйықтадық.

WhatsApp Image 2019-07-02 at 12.44.19.jpeg

Ауылда ауызсу мәселесі күрделі. Кешкі уақытта ғана беріледі.

WhatsApp Image 2019-07-02 at 12.44.18 (1).jpeg

Ал күндіз ауыл тұрғындары мынадай бөшкелерге толтырған суды пайдаланады.

Екінші бір мәселе Әлкей Марғұлан ауылында бір-де бір мешіт жоқ. 1000-нан астам тұрғыны бар ауыл Қарағанды-Павлодар күрежолының бойында орналасқан. Ауыл әкімі Жансерік Жанымханның айтуына қарағанда алдағы жылы ауызсу да, мешіт те болады екен.

Құрметті оқырман, 21-29 маусым аралығында өткен «Киелі Қазақстан» экспедициясының күнделік-барысын атпен жүрген уақытта интернет желісінің және байланыстың нашарлығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына жетіп алған соң беріп жатқаным үшін журналист ретінде кешірім сұраймын. Дегенмен, сапар барысын толықтай оқитын боласыздар (автор).

Алғашқы күннің қорытындысы мен екінші күннің қызықтарын және үшінші күннің тарихын осы жерден оқыңыздар.

Ержан ЖАУБАЙ, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.