Мәмлүктердің атбегілік өнері. Жылқы емдеу және жылқының төзімділігі

6273

Жылқы емдеу

(Соңы)

 Жылқы – төрт түлік мал ішіндегі жем-шөпты талғап жейтін, ерекше күтімді қажет ететін, кез келген ауруға бейім тұратын мал. Мәмлүк дәуірінде ат емдеу – ат баптау ісінің ажырамас бөлігі еді.

Найзагерлігімен аты шыққан Бектұт әр мәмлүктің ат емдей алмауы шабандоздық ісіндегі үлкен кемшілік деп көрсетеді. Сол заманның мал дәрігерлері қыл құйрықтылар мен басқа да үй жануарларының сырқаттарына диагностика жасау, анықтау, емдеу және дәрі-дәрмек дайындау ісінде бұрынғы мұра мен жергілікті тәжірибені кеңінен қолдана білді. Бектұт: «Ат емдеу тәсілдерін еске сақтау – шабандоздықтың шегіне жетті деген сөз», — деп түйіндейді.

Оның мысалы ретінде, мәмлүк мал дәрігерлері шайқастарда жарақаттанған тұлпарларды хирургиялық тәсілдермен емдей алғанын атап өтуіміз керек. Жоғарыда аты аталған мал емшісі әл-Байтар өзінің шығамасында қарны жарылған жүйрік аттың ішек-қарнын арнайы қышқылмен жуып, ішіне қайта салып, жараны тігу жолдарын баяндайды. Аттың ішкі ағзаларын қиналмай, жеңіл орнына қайта салу үшін жылқыны шалқасынан жатқызып, төрт аяғын қуатты мәмлүктер жабылып, байлап-матап ұстап тұратын.

 Төзімділік

Мәмлүктер қатты ыстықта немесе суы қат жолға шыққанда жылқының шөлге шыдас беруіне қатты мән берген. Кезінде қазақ жауынгерлерінің ұзақ жорықта аттарына қойдың құйрығын асатып алып, шөл даланы кесіп өтеді деген аңыз әңгімелердің дәлелін осы мәмлүк жазбаларынан таба аласыз! Керек десеңіз, олар жылқының шөлін қандыратын рецепттің бетін ашып жазып та кеткен. Мәмлүктер жорыққа шығар күннің алдында немесе сусыз аймақтан өтерден бір күн бұрын атқа жемін молынан береді де жылқыны аздап шөлдетеді. Яғни суармайды. Содан соң суды салқындатып, оған бір-екі уыс арпаның ұнын қосып араластырып, түнемел етіп қояды. Таңсәріде оған қойдың жарты ратл (250 гр) майын қосып атын суарады. Осы тәсілмен суарылған жылқы бір күн бойы шөлдемейді. Қойдың майын, арпаның ұнын араластырып жасаған қоспаны мәмлүктер мінген аттарына ғана емес, өздерін де шөлдетпейтін сусын ретінде қолданған және алыс сапарларда қойдың құйрық майын өздерімен бірге алып жүрген.

Ал қатты шөлге ұрынған атты емдеудің де өзіндік тәсілі болған. Оған сәйкес таза суға рауғаш шөбінің бір уысын, бұл шөп болмаса арпа ұнын қосып суарады. Ат су ішкен кезде танауымен дем алып тұратыны белгілі, мәмлүктер ат үш рет дем алғанда суаруды тоқтатып, ат табиғи қалпына түсуі үшін бір кесек қойдың құйрық майын асатып үш күн жайына қояды.

Қорыта айтқанда, мәмлүктер заманында жергілікті сәйгүліктермен қатар, түркі жылқысы және оның араб жылқысымен будандастырылған түрі қолданылған. Түркі жылқысы шыдамдылық және жорғалығымен жоғары бағаланған. Мәмлүк сұлтандары асыл тұқымды жылқыны жинауда қаржы аямаған және оны түрлі мақсатта пайдалану үшін өте ұқыпты селекциялық жұмыстар жүргізгендігін көреміз. Мәмлүк мал дәрігерлері жылқының түрлі ауруларын табысты емдей алған. Мәмлүк атбегілері ат баптаудың хас шеберлері ретінде көріне білді және олардың ат баптау өнерінің қазақ даласындағы қолданылған тәсілдермен үндестігі көрініп тұр. Мәмлүктер таңдаулы жылқы малын соғыс мақсатында қолдану үшін баптаған, жорық алдында жаратқан. Ат жарысы, түрлі ат ойындары өткізілгенмен оның басты мақсаты – шабандоз бен сәйгүлік, тұлпарды жорыққа дайындау еді.

Khairat SakiҚайрат Сәки, argymaq.kz

(«Мәмлүктер» кітабынан ықшамдалып алынды)

(Басы мына жерде: біріншіекіншіүшіншітөртінші, бесіншісі. Соңы)

Басты фото: Жанарбек Аманкулов (Қырғызстан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!