Үлкеннарын тұлпарлары. «Құланқара», «Бұланқара» және «Санар» мен «Васька»

4607

(Жалғасы)

1985 жылғы аламандағы Тайжиреннің жеңісі Ленин ұжымшары жүйріктерінің Алматы орталық ипподромындағы тұңғыш биігі емес еді. Осы жеңіс салтанатынан бір мысқал кем емес бұл ипподромдағы алғашқы тұсаукесер бұдан бұрын, 1970 жылы Қазақ КСР-нің 50 жылдық мерейтойына арналған республикалық бәйгеде орын алған болатын. Бұл аламанға әр облыстан іріктеуден суырылып шыққан бір жүйріктен қатысты. Шығыс Қазақстан облысы аңызға айналған Құланқараны қосты.

Қазақтың әйгілі жазушысы Ғабит Мүсірепов Құланқараны кейін очерк жанрының классикалық үлгісіне айналған, республикалық «Лениншіл жас» жастар газетінде жарияланған «Бошайдың үш қарасы» шығармасына арқау етті.

Бәйге болатын күннің алдында Алматыда күн ысып, айнала қапырық болып кетті. Бошай Кітапбаев жылқы жаратудың жазылмаған заңдылықтары бойынша бәйге басталардан жеті-сегіз сағат бұрын аламанға қосар атқа жем-шөп, су беруді тоқтататынын жақсы білді. Десе-дағы, атбегі Қожамсейіт Асантаевқа жарысқа шығар алдында жүйрікке бір шелек су беруді тапсырды. Бәйге кезінде Құланқара екі рет алып қашып, шеңберден шығып кетті. Екі шақырымдық шектеулі кеңістікте ауыздығымен алысқан адуынды сәйгүлікті тізгіндеу он бір жасар шабандоз Валера Мартынге қиынға соқты. Дегенмен, аттың басы қатты екенін білетін тәжірибелі жаттықтырушы Қ.Асантаев екі ретінде де жылқыны шеңберге қайтарды. Құланқара да алға озған бәсекелестерін қуып жету үшін құстай ұшты.

Құлашын кеңге жайған жылқы біраз тұлпарды тұтас айналымға артқа қалдырып, бірінші келді. Жарысқа Ленин ұжымшарының «Васька» мен «Санар» атты жүйрік қаралары да қатысқан еді. Бұл баран аттар бес шақырымдық тегеурінді жарыста Дегерес жылқы зауытының жүйріктерімен көмбе сызығын құйрық тістесе аттап, үшінші және төртінші орынды иеленді.

Васька мен Санар көп жылдар бойы ұжымшар намысын бес, он шақырымдық бәйгелерде қорғап жүрді. Аудандық жарыстарда тұрақты түрде жеңіс тұғырынан көрінсе, облыстық спартакиадада бірнеше дүркін жүлдегер атанды.

КСРО-ның бас газеті «Правданың» спорт жаңалықтарына арналған жарыс жөнінде мақала жарияланды. Жарияланым он алты шақырымдық бәйгедегі Валера Мартынның жеңісіне ерекше назар аударды.

Санар

Қаракөк Санар тұлпарды Б.Кітапбаев сол жылдары Үлкен Нарын ауданының «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарының бөлімшесі болған Новополяковка ауылындағы жергілікті май зауытының директоры Максим Санаровтың тақымынан көрген еді. Новоберезовкада тыңнан қосылған атқа айдар тағуға ешкім бас қатырған жоқ.

Васька

Ал Васьканы қолда өскен деуге де болады. Фрунзе Жақсылықов оны жазда салт мініп, қыста шанаға жегетін. Сол кезде аттың ерен жүйріктігі ұжымшар төрағасының назарын аударады.

Бұланқара

1970 жылы қыркүйек айында Алматы ипподромында ХІІІ Бүкілодақтық ұжымшар, кеңшар және жылқы зауыттары атбегілерінің жарысы өтті. Жарыстың бас төрешісі міндетін азаматтық соғыс кезінде Бірінші Атты Әскерді басқарған Кеңес Одағының Маршалы С.М.Буденный атқарды.

Ұлттық ат спорты түрлері бағдарламасы шеңберінде бәйгеге арналған ең ұзақ қашықтық 12 шақырымды құрады. Осы жарыста Ленин ұжымшарының тағы бір тамаша тұлпары Бұланқара жеңіске жетті. Ал Бұланқараға шапқан Ершок Саханов чемпиондық алтын медалмен марапатталды. Бұланқараның бапкері Огнево ауылының тұрғыны, белгілі атбегі Тұрған Қыстаубаев болатын.

1971 жылы жазда Семей облысындағы Қарауылдың маңында Абай Құнанбайұлының 125 жылдық мерейтойына арналған ат жарысы өтті. Қазақстанның барлық өңірінен сәйгүліктер қатысты. Бұл жарыс Ленин ұжымшары тұлпарларының ғажап жеңісімен аяқталды.

Ат спорты жанкүйерлерінің есіне сала кетейік, Құланқара (шабандозы Валера Мартын) өзіне ғана тән шабыспен қарсыластарына қара көрсетпей, жиырма шақырымдық бәйгені ұтқан болатын.

Сирек те сұлу тұрпатты Желмая (шабандозы Ершок Саханов) жорғаға арналған он үш шақырымдық қашықтықта бәсекелес шақ келтірмесе, отыз шақырымдық аламанда Бұланқара (шабандозы тағы да Ершок Саханов) екінші келді. Ат жарыстың үш түрі де новоберезовкалықтарға жүлде сыйлады.

Ғабит Мүсіреповтің очеркі дәл осы жарысқа арналған болатын. Қазақ әдебиетінің классигі аламан бәйгенің қортынды кезеңінде жанкүйерлер тарапының күтпеген наразылығын айрықша атап өтеді:

«…30 километрлік бәйгеде «Бұланқара» екінші болып құйрық тістесе келді. Отырған жұрт ду ете түсті: – Озып келген көлденең қосылған ат! Көлденең қосылған ат! – десті. Ертеңіне: «Көлденеңнен қосылған ат екеу екен. «Бұланқара» – соның біреуін басып озып, енді біреуімен құйрық тістесіп қалып еді» деген лақап тарады. Тексере қалған адам болса анығына жеткен шығар. Ешкім тексермесе, шикілік болған екен деп ойлауға да болады…».

Бірқатар куәгерлердің сөзіне қарағанда, халықтың жарыстың әділ өткеніне күмән келтіруіне, наразылық танытуына аламанның жүлдегерлерін марапаттау салтанатындағы жеңімпаз аттың қунақы түрі де әсер етіпті. Расында, бабы келісті аттардың өзін бұрлықтыратын ұзаққа созылған ауыр бәйгеден кейін жеңімпаз жылқының шаршаңқы кейпі байқалмады.

Құланқара

Ленин атындағы ұжымшардың басқа жүйріктері іспетті Құланқараны да кездейсоқ тарту деуге болады. Алпысыншы жылдардың екінші жартысында Новоберезовканың көнекөз атбегі Сәдуақас (Чауа) Мамырбаевтың қолында қаратөбел ат пайда болады. Алғашқы кезде жергілікті жұртшылық оны «Лесхоз» атап жүрді. Атауында тұрғандай, ұжымшардың төрағасы бұл атты Катонқарағай ауданы орманшыларының мініп жүрген сәтінде кездейсоқ көріп қалған болатын. Орман қызметкерлері үшін аталған аттың құны аса байқала қоймаса керек, олар жылқыны айырбастауға оңай келіседі. Ұжымшар жетекшісіне аттың бітімі алғаш көргеннен ұнайды. Ішкі сезім тағы алдаған жоқ.

Келесі көктемде «Лесхоздың» Үлкен Нарындағы аудандық жарыста тұсауы кесілді. Онымен бес шақырымға шапқан Бекен Раисов осы қашықтықтың мойындалған жүйрігі саналатын Васькадан кейін келіп, екінші орынды иеленді.

Екі-үш жылдық үзіліссіз дайындықтан кейін көптеген жарыстарға қатысып шыңдала түскен орманшының бұрынғы мініс аты сирек кездесетін, аламанда атақты «Құланқара» даңқымен танылған, алдына қылқұйрық салмайтын теңдессіз жүйрікке айналды. Оның жүлде қоржынында облыстық, аудандық жарыстардың әлденеше дүркін жеңістері болды. Тайжиреннен ерекшелігі, Құланқара сөреден ытырылып шыға сала ауыздығымен алысып, бар пәрменімен алға ұмтылатын. Бұл кезде шабандоз да жүйрікке амал қыла алмайды. Тұлпардың табиғат берген бұла күшін қандай қашықтыққа да іркудің қажеттілігі болған жоқ.

Құланқараның Ленин ұжымшарындағы бірқатар бәйге аттарынан ерекшелігі, аяғын зақымдаудан аман өтті. Кәртейіп жарыс жолын аяқтағаннан кейін де құрметпен өзінің жасын жасады.

Марат Кітапбаев, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.