Мәмлүктердің атбегілік өнері. Ат баптау
(Жалғасы)
Мәмлүк ат баптауы ісінің теоретиктерінің байқауынша, әскери жаттығуларға түркі немесе бәдәуи жылқысының ішіндегі ақылдысы ғана көнеді деп санаған.
Тарихшы әл-Байтар: «Жылқының кез келгенін жаттығуға көндіремін деген – бапкердің өтірік айтқаны. Алла тағала кем етіп жаратқанды түзету мүмкін емес. Жаттығуға жылқының толық жаратылған, ақылдысы ғана көнеді», — деп көрсетеді. Шынында хайуанның кейбір түрлері, оның ішінде барлық жылқының баптауға көнбейтіндігі белгілі. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын жануарды сырт пішініне қарап ажырату қиын.
Сонымен мәмлүк атбегілері баптауға іріктеліп алынған жануарды, әсіресе құлын-тай кезінде, алдымен сыртынан түрлі күйінде ұзақ бақылап, үкім шығаруға асықпайды. Оның дене құрылысы, тұлғасына, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына ерекше назар аударып, бақылауды құлынның бойынан сүт еті тарап, жем-шөптен ет жиғанша жалғастырады.
Әл-Қалқашанди: «Тұлпар сыны ерте білінсе немесе білінбесе оған мән бермеу керек. Себебі әдемі көрінгені түкке тұрмай, ал нашары артық шығуы мүмкін», — деп жазады.
Ат үйретудің негізі – оны жетектеп жүруден басталады. Ат жарату 30 күннен 60 күнге дейін созылады. Ат аунату – ат баптаудың маңызды бөліктерінің бірі еді. Ол үшін атты құмдақ жерге апарып аунатып алатын. Құмға аунаған жылқы бұлшық еттерін босатып, жануар содан рахаттанады деп есептелген.
Табиғи жылқы жүрісінің түрлеріне аяң, желіс, шабыс жатады. Жылқы жүрісінің түрлері – жылқының жүргендегі аяқ тастауының түрлері, аяқтарын қиғаш тастайды. Ал жорғаны көз алдымызға келтіру үшін құйрық тістесіп, аяқтарын бірдей тастап бара жатқан түйеқұсты елестету керек.
Жылқы малының жүйріктігін анықтау үшін құлынды шаптырып көру ең дәл тәсіл. Себебі жүйріктік туа бітетін қасиет деп пайымдалған. Содан соң тай кезінде жайлақ мініп шауып келгенде аяқ тастауы өзгерсе ерте мінілген, күш-қуатын бойына жинамаған деп еркіне қоятын. Адам мінгенде жануардың белінің бүгілуі оның әлсіздігін көрсетеді.
Мәмлүктердің ат жарату ісі бес бөліктен тұрады. Жылқы жарамдылығы, жарату уақытын білу, жем, орны, жайылуы, жүгірту, жетілдіру, аяңдату сипаты, шабыс ұзақтығы мен оған түсетін салмақ (шабандоз салмағы).
Жылқы жарамдылығы туралы айтқанда оның бойында жүйріктік қасиеттің болуы өте маңызды. Жылқыны құнан кезінен баптай бастайды. Құнан кезінде шаппаса, дөнен кезінде, дөнен кезінде шаппаса, бесті кезінде шабады деп анықтаған. Кәрі, арық немесе қатты семіз ат, құлынды бие жаратуға келмейді.
Жарату уақытына көктем немесе күз айлары қолайлы саналған. Себебі ауа райы өте ыстық та емес, өте суық та емес, малға жайлы. Жалпы алғанда мәмлүк бапкерлері жылқы малын үйретуге таңсәрі немесе құлқынсәрі кезін ыңғайлы көрген. Соның өзінде де жылқыны асықпай ерттеуге де үлкен мән берген.
Әдетте мәмлүктер аттарын 2,5 шақырымға немесе ең ұзақ дегенде 5,5 шақырымға ғана жарыстыратын. Ат баптау өнерінің шеберлері өз кітаптарында 11-16 шақырымға ат шаптыратындар бар, бірақ әл-Байтардың сөзінше, ондай жарыс ат үшін «шектен асқандық» болады.
Атбегілер тәжірибеге сүйене отырып, шабандоз, ер-тұрман, жүгенімен қоса есептегенде атқа түсетін салмақ 100-130 ратл (1 ратл – 500 грамм) аралығында болу керек, осы салмақты барлық жастағы ат көтере алады деп тұжырымдаған.
Асау үйрету. Жылқыға бас білдіргенде қамшыны пайдаланудың өзіндік тәртібі мен тәсілі болған. Мысалы, атбегі қамшымен ұрғанда астындағы атына білдірмей, күтпеген жерден ұруы керек. Керісінше жағдайда жануар қамшының қозғалысынан иесі ұрайын деп жатқанын көріп қалса, іштей түйсікпен ұруға дайындалып, соққыны қайтарады. Кейін оны ұрған ешқандай пайда, нәтиже әкелмейді. Қамшымен ұра беру, жылқының мінезіне тікелей әсер етеді. Соның салдарынан жануар қырсығып, иесінің ниетін, одан нені талап етіп отырғандығына көнгісі келмейтін әдет шығарады.
Жылқыны бас білдіргенде, ерттеп мінгенде бірден қозғалып кетпей, біраз уақыт үстінде отырған дұрыс. Тарихшылар атқа мінгенде патша немесе қарапайым адам болсын орнынан бірден жылжып кетпейді, ең құрығанда үстіндегі қару-жарақтарын, киімін реттеу үшін біршама уақыт керек, сәл де болса кідіреді деп көрсетеді.
Иесінің оны бақылап отырғандығын білдіру үшін жылқы ауыздық дәмін әрқашан сезінуі керек. Ол үшін ауық-ауық тізгінді тартып, ауыздықты қимылдатып отырса жетеді.
Шабандоз. Әл-Байтар шабандоз туралы:
«Шабандоз атқа шабуды жетік білуі тиіс. Ат үстінде нық, қалбалақтамай отыруы, қамшымен себепсіз ұрып, темір өкшемен тебініп, жылқыны бекер мазаламауы керек. Ердің алдыңғы қасына (аттың шоқтығына) сәл еңкейіп, шалқаймай отыруы тиіс. Атты үркітпей, құлағына ысқырып отырса жетеді. Егер шабандоз қамшымен ұрса, ат шабысынан жаңылады, темір өкшемен тебінсе, ызасын келтіреді. Шабандоз ат үстінде тік отырса немесе бойын көтере шапса, жылқыға көмектеспейді, әсіресе жел қарсы келсе, жануар қайта қатты қиналады», — деп жазады.
Аттың бар мүмкіндігінше шабуға кіріскен шабандоз аттың мүмкіндігін, қамшының пайдасы тие ме, әлде жылқы қамшысыз шаба ма – соны білуі тиіс. Атты қыса қимылдамай, өзінің екпініне жіберу және қамшыны қажет жағдайда ғана сипай басу қажет. «Жүйрік атқа жел қамшы» деген мәмлүктер барынша қамшыны пайдаланбауға тырысқан.
Соғыс, ат баптау және аңшылық ісінің шебері Ибн Меңлібұқа (1382 жылы қ.б.):
«Жүген бос болса, ат шапқан кезде тұмсығының үстіне соғылып, аттың мазасын алады. Бұл білместердің ісі. Қаншама ат осы айыппен шапты екен? Жүген аттың басына, аузына шақ, мойнына тағылған тұмары жайлы орыналасуы керек. Тар тұмардан аттар тұншығып, осының себебінен небір жүйріктер жарыста қалып қойған», — деп жазады.
Сонымен қатар, Меңлібұқа аң аулау немесе соғыс алдында аттың жайын білетін адам мінерде оның жүзіне, көзіне қарау керек – ат сабырлы немесе шошып тұрғанын байқау керек деп насихат береді.
Аттың жем-шөбі. Жылқыны жемдеу де шеберлікті талап етеді. Жылқыны жемдеу сол елдегі шөптің қалыңдығына, қалыптасқан әдетке және жылқының қоңы мен денсаулығына қарай жасалған. Жарататын атқа күніне 12 ратл жоңышқа беріп, бірте-бірте күніне 6 шөміш таза арпаға көшіреді. Мол жем-шөптен салмақ жиған атты баптауға дайын санаған. Одан соң атты ерттеп, үстіне жабуын жауып, садақ оғы жететін жерге аяңмен алып жүреді. Жабудың мақсаты – жылқы терлеп, бойынан сары су, ісік кетеді, бұлшық еті қатайып, артық еттен арылады деп есептеген.
Атап өтерлігі, мұсылман тарихшылары түркілер аттарына ет береді деп те ойлаған. Олай деп айтуларына алыс жолға шыдамды ету, жорық кезінде аттың болдыруына жол бермеу үшін жылқыға қой құйрығын асату себеп болса керек.
Жылқыға берілетін жем міндетті түрде қоқыстан тазартылған. Майда тас жылқының тісіне зақым келтіреді, ал шаң-тозаң жылқының қолқасына кіріп, ауру етеді деп, оны кетіру үшін жемді жуатын немесе електен өткізетін. Оған аздап тұз да қосатын. Таңертең жылқыға беретін жем, кешкі жемнің жартысына тең болуы керек. Жылқы шаршаңқы, селқос көрінсе су не жем берілмейді. Қалыпты жағдайда жылқының алдында үнемі су құйылған ыдыс тұруы керек. Қыс айларында (салқын маусым) жылқыны кем дегенде 14 күннен 40 күнге дейін жоңышқаға жайып алатын. Төтенше жағдайларда ғана жылқы жаю мерзімі сұлтан жарлығымен қысқартылуы мүмкін еді. Мәмлүк бектерінің иелігі қаладан алыс жерлерде орналасқандықтан олар кей шешуші кезеңдерде жаяу да қалған оқиғалар тарихта кездеседі. Жылқыны жайып алу оның ішкі ағзаларын тазартады, салмақ қосады деп санаған. Қыс айларында жылқы малы құрғақ жоңышқаға қарағандықтан, мәмлүктер кепкен жоңышқа бауларын молынан жинап алуға тырысқан.
Ал жылқы жемі сұлтанның бұйырығымен әр бектің мансабына қарай бөлінетін, сондықтан олар арпа, бидайды жем үшін арнайы жинамайтын және сақтамайтын.
Атбегіге қойылар талап. Оның үстіне атбегілерге қойылатын талаптар да жетерлік. Жылқы баптаушы ат десе ішкен асын жерге қоятын, жылқының соңында жүруге жалықпайтын, жылқының түрлі мінезін түсінетін, қылықтарына шыдайтын сабырлы, жылқы қасиетін бүге-шігесіне дейін білетін, оларды икемділігіне қарай әскери немесе басқа мақсаттарға жарамдылығын анықтай білетін шебер болуы керек деп саналған. Атбегі жылқы түрлерін патша сарайына, әскери іске, алыс жолға, сауда ісіне пайдалануға бөліп, сұрыптау жұмыстарын жүргізген. Себебі жылқы жүк тасуға бейімделген қашыр немесе есекпен салыстырғанда бекзат жануар.
Сонымен сұлтан қызметіне арналған жылқыны шынжырлы ит жетектеп жүруге, шөген (поло) ойнауға және судан үрікпеуге үйретеді. Өзеннен өткенде жылқы малы судан сескенбей, өткелден желіп өтуіне ерекше көңіл аударған. Сұлтан мінетін жылқы тар көшелермен еркін жүруге, шулы базарды сескенбей кесіп өтуге, топты жарып өтуге, саханаға ойнақшып шығуға, байрақ, дауылпаз қасында еркін тұруға, піл, арыстан, жираф, түйе секілді жылқы малы сескенетін жануарларға етін үйретуі қажет. Ол үшін жылқыны үркетін хайуанның немесе заттың қасына әкеліп, оны тыныштықта ұстап үйретеді. Жылқы одан сайын үркіп, қасарыспас үшін оны ұру немесе дауыс көтеру, зеку біліксіздік саналған. Бектұт найзагер тіпті атын ұрған мәмлүкті шабандоз қатарынан шығаран. Ол:
«Астыңдағы атыңды ұрсаң, қажет кезде жауға қарсы басқа қаруыңды шығарған кезде ол өзін ұрайын деп жатыр деп қабылдап, сені жарға жығып кетеді», — дейді.
Жылқының тұрған жері кең, жарық болуына, астына жұмсақ шеге құм немесе ағаш жоңқасы төселуіне және оларды қажетке қарай ауыстырып тұруға ерекше көңіл бөлінген. Топырақ зәрмен араласып, қолқаны ұратын жаман иіс береді. Ал құмды жоңқаны ауытырып тұру жеңіл.
Қайрат Сәки, argymaq.kz
«Мәмлүктер» кітабынан ықшамдалып алынды
(Басы мына жерде: бірінші, екінші, үшінші, төртінші. Жалғасы бар)