Жылқы түйсігі

2680

Белгілі ғалым, профессор Айбын Төреханов «Жылқы қазақтың жаны» атты мақаласында айтылған мәселелерді жеке-жеке тақырыпшаларға бөліп, оқырманға жеңіл болуы үшін шағындап беруді жөн көрдік. Олай болса, қазақ жылқысы, жылқы шаруашылығы, ат баптау жайлы оқуға асығыңыздар.

Argymaq.kz

Жылқыға деген бабаларымыздың ерекше құрметіне және қазақ балаларының атқа деген құштарлығына үңілсем, соның астарында жылқы малына тән ерекше қасиеттер жатыр ма деп пайымдаймын. Жылқының басты қасиеті сол – туған жері мен жүрген жерін ешқашан ұмытпайды. Жылқы өте сезімтал мал, сезім түйсігі жақсы жетілгенін ғылым дәлелдеген. Жалпы, көру, есту, иіс сезу, дәм тату қасиеттері де жақсы дамыған жануар. Тазалыққа жаны құштар, мінезі кірпияз. Судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана жейді. Діңкесі құрып, шөлдеп тұрса да лай су ішпейді. Тіпті ағын судың өзін кешіп жүріп, тұнығын таңдап ішеді.

Жылқының көзі айналасын 360 (кейбір деректерде 340) градусқа түгелдей бақылай алады, әрі күндіз-түні бірдей көреді. Жылқы басын бұрмай-ақ, артында тұрған барлық нәрсені байқай алады. Сезімтал болғандықтан түнде айналасын жұлдызға қарап барлап жүретін қабілетке ие.

Жылқының өзге малдардан өзгешілігі, бұғана сүйектері жоқ. Бұл жылқыға жүк көтеруге, бәйгеде көсіле шабуға мүмкіндік береді. Күретамырлары жуан болғандықтан қаны айналысқа тез түседі.

Жылқының бір ерекшелігі аузымен дем ала алмайды, егер мұрны жабық болса, олар тұншығып қалады. Жылқы түрегеп тұрып ұйықтай береді.

Қазақы пайымда, жақсы аттар, әсіресе, жүйрік аттар «аз оттап, көп жусайды» деген пікір бар. Ат жарататын бапкерлер түрегеп тұрып жусаған жылқының күш қуаты бүкіл денесіне тарап, тұлғасының шымыр, тұтас болып қалыптасуына ықпал етеді және аз оттап, көп жусаған жылқы өзін өзі жаратады деген көзқарасты ұстанады.

Жусау дегеніміз жылқының тоғын басып, тыныстап демалуы екенін ескерсек, шынымен жүйрік аттар өздерін іштей жаратып, денесін жеңіл ұстайтын кінәмшіл болады.

Мал ішінде аязға төзімдісі де жылқы. Далада жайылымда аязда жүрген жылқылар арт жағын /құйрығын/ желге тосып, жайыла береді. Суыққа шыдамайтын осал жері – қара сирағы (тізесінен төмен).

Мақаланың жалғасы бар. Басын мына жерден оқуға болады.

Айбын Төреханов, профессор

Argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.