Салпаң торы

4488

(әңгіме)

Бастауын Тұйықтөрден алатын шағын өзен тастан-тасқа ұрғылап, мың бұралып құлдилай құлап, біздің ауылдың қақ ортасынан өтеді. Кішкентай ғана ауылымыз осы өзеннің суымен жан сақтап отыр. Әр үйдің есігінің алдында шама-шарқына қарай иемденіп, қоршап алған бау-шарбағы бар. Біреулер жоңышқа ексе, енді бірі жүгері, картоп, енді біреулері көкөніс егіп күнелтеді. Мал басы онша көп емес, әр есіктен он-он бес тұяқ қой, ешкі, екі-үш ірі қара, бірен-саран жылқы өріске шығады. Әр көше он-он бес үйге бірігіп малын кезек бағады. Осындай қоңырқай тірлікпен қоңыртөбел күй кешіп отырған ел. Әрине, еңбекке жарамды азамат пен әйел түгел колхозда. Ерлер жағы әртүрлі жұмысқа кетсе, әйелдер қызылша өсіреді. Мұның барлығы алажаздай бір бітпейтін бейнеті ауыр тірлік.

Бекбол – бригадир, яғни осы ауылды жұмысқа өргізіп, жусататын кісі. Бәкене бойлы, қарынды, толық келген, шатынап тұратын ұясы үлкен ала көз, дөңес біткен үлкен мұрын, шықшыты шығыңқы жалпақ, еті қалың бет. Осы сұсты жүзіне қарай даусы да зор, әрі бейпілауыз. Айтымы да, қайтымы да жылдам. Соғыстан оң қолынан жарақат алып қайтқан, анығы саусақтары семіп қалған. Өзінің қатар құрдастары: «Сен өз қолыңды өзің атқансың, оқ тисе неге Әуесханның қолы құсап жұлынып кетпеген» деп қалжыңдайтын. Ол кісі ұрысқа бастан-аяқ қатысқан.

Бекеңнің бригадир ретінде жұмысқа мінетін торы аты бар. Жайылып жүргенде де, мініп алғанда да жануардың екі құлағы екі жаққа салбырап жүреді. Осыған қарап жұрт бұл атты Салпаңқұлақ торы дейтін. Міне, осы Салпаң торыға мінген Бекең таң азаннан көше аралап, өзінің зор даусымен елді азан-қазан ғып, біреулермен ұрысып, кейбіреулермен керісіп, әйтеуір жұртты жұмысқа шығаратын. Әйелдер буыншақ-түйіншегін арқаланып, қызылша алқабына беттесе, ерлер айыр, кетпенін көтеріп әрқайсысы өздеріне бекітілген шаруаға кете баратын.

Сөйтіп Бекбол бригадир жұмысшыларды бір ізге түсірген соң, көңілі жайланып біздің үйге соғушы еді. Оның себебі, Бекеңнің ептеп аңқұмарлығы бар. Анда-санда тауға шығып, аң аулап қайтатын. Ал менің әкем осы өңірге аты белгілі кәнігі аңшы, құсбегі, атбегі еді. Осы жағынан Бекбол әкемді өзіне ұстаз санайтын, әрі десе жас жағынан да екі мүшелдей кішілігі бар. Оның үстіне әкем алтылық карта ойынына құмарлау еді, егер қарсыласынан жазатайым ұтылып қалса, ол адамды өзі ұтпайынша жібермейтін. Әкемнің қасында отырған адам қанша отырса да зерікпейтін, себебі ол кісі өте әңгімешіл болатын. Бір өкініштісі, әкем өмірде хат танымаған адам, егер де сауатты болып айтқан әңгімелерін қағазға түсіргенде ғой, шіркін. Мұхтар Әуезов сынды жазушы болуға лайықты-ақ еді. Осыдан болса керек, Бекбол бригадирге де әкеммен әңгімелесіп отырып уақыт өткізген көбірек ұнайтын секілді.

Ертеңгі асымызды ішіп отырғанбыз, сырттан ат дүбірі естілді. Бекбол бригадир екен. Салпаң торысын байлай салып үйге кірді.

– Ассалаумағалейкум-ум, – деп даусын соза сәлем берді.

– Уағалайкумәссалам, кел, кел. Жоғары шық, жоғары шық, шай іш, – деді әкем.

Шай үстінде әртүрлі әңгіме айтып, соңынан екеуі алты карта ойнауға отырды. Мен тысқа шығып ойнап, арасында үйге кіріп-шығып жүріп, әкем мен Бекболдың әңгімелерінің ауаны ат жайына ойысқанын байқадым. Аракідік Салпаң торы жайлы да естіліп қалады. Түс мезгілі таянғанда Бекбол жұмысына кетті. Мен де тағы ойынға қарай кеткелі жатыр едім, әкем қасына шақырды. Жетіп келдім.

– Кешке қарай қаракер биені мін де Бекболға апарып бер. Уақытша жұмысқа міне тұрады. Ол саған Салпаң торысын беріп жібереді. Сол атты алып кел. Оның сырын ешкім білмей жүр, ол жүйрік ат. Төменгі Талас жақта бір үлкен бәйге болады екен, соған баптап қосамыз. Мен ат танысам Салпаң торы шын жүйрік, – деді әкем.

Айтқанындай кешке қарай Салпаң торыны екі құлағын салпаңдатып мініп келіп, есік алдындағы мама ағашқа байлап қойдым. Өзімше оған сын көзбен қарап, «мынаның қай жері жүйрік» деп қоямын іштей. Өзінің көзтартарлық сиқы да жоқ. Қойшылардың малға мінетін мәстек аттары секілді. Бірақ Бекбол бригадир атқа жақсы қарайтын адам екен, үсті-басы таза, жауыр болмаған. Әрі десе, мініс көтерер қалың еті де бар екен.

Әкемнің әр адамның ішкі ойын сезе қоятын да қасиеттері бар еді. Менің атты қорашсынып тұрғанымды байқаса керек, шақырып алды да:

– Біліп ал, – деді әкем. – Бұл ат – жүйрік. Мына салпиып тұрған құлақ суытылып баптаған соң қайшыланып, қамыс құлақ болып шыға келеді. Басты көрдің бе, етсіз, сылып аларға ештеңе ілінбейді. Екі жақтың ортасына қос жұдырық еркін сиып кетердей. Салпы ерін, теке мұрын, көздері біркелкі қара – бұл да жақсы аттың белгілері. Жалы, құйрығы жұп-жұмсақ майда, мойны жұмыр, төсі салыңқы кең, аяқтары тіп-тік, сіңірі жуан, қысқа бақай. Тұяқтарын көр, төртеуі де біркелкі қап-қара. Төңкерілген кеседей бір жерінде кетігі жоқ. Артқы екі тірсектің арасы алшақ, сауыры төңкеріліп жатыр. Бабы келіссе, бұл бәйге бермейтін ат, – деп баяғы әдетінше маған ұғып алсын деген оймен жүйрік атқа тән белгілерді тәптіштеп айтып берді.

Сонымен, ат баптаудың жоспары құрылды. Менің сабақтан келетін уақытыма байланысты атқа міну, түсу, қаңтару, суару, отқа қою, барлығы бүге-шігесіне дейін тәптіштеліп кестеге түсірілді. Бәйгеге екі айдай уақыт бар екен. Біз осы аралықта атты баптауымыз керек.

Әкемнің құрдастары бар еді. Ашаңдау келген, шоқша сақалды қарасұр, сұлуша жүзді Төлеген деген кісі де, екіншісі – ірі денелі, қаба сақалды, дөңгелек жүзді, қараторы Әкпаралы. Қалжыңдары керемет. Олар үйге келсе, апам да мәз болып самаурынын ала жүгіретін. Оны-мұнысын бажылдатып қуырып, бәйек болып қалатын. Әкем де сөзге ұста кісі, екеуін іліп қағып адымын аштырмайтын, олар да епті, астарлы сөздерімен асты-үсті сөйлеп қалыспайтын. «Әбен бәйгеге ат қосқалы жатыр екен, жүйрігін көрейікші деп келдік», – деп әкемнің екі құрдасы қарқылдап келіп күледі. «Бекболдың кешегі мініп жүретін есек құлақ аты қайбір шауып бәйге алар дейсің» дейді кекетіп.

– Сендер қайбір жақсы ат мініп көріп едіңдер, бәйге алып көрмеген адам аттың жүйрігін қалай танысын, – дейді әкем де қайтпай.

– Әй, қайдам осы торы ат бәйге алса құлағымды кесіп беремін, – дейді Төлеген құрдасы.

– Мен Жарқынайды тігемін, – деп ірі денелі Әкпаралы қарқылдай күледі.

– Осыдан көресіңдер, біреуің құлақсыз, біреуің әйелсіз қаласыңдар. Уәде! – дейді әкем де сенімді үнмен.

Үшеуі қол ұстасып, қауқылдасып, құшақтасып үйге беттейді. Апам да дастарқанын барымен жайнатып үш құрдасты қарсы алады. Содан кешке дейін әңгіме қызады, үш құрдас бір-бірін аяусыз қылжақ етумен күн батырады. Бүгін де солай болды. Әкем құрдастарын шығарып салып келе жатыр, жүзінде күлкі, өңі жасарып қалғандай. Мына қысқа ғана өмірде құрбы-құрдасыңмен сыйласып өткенге не жетсін?!

Күнде түстен кейін атқа міну басталды. Әрине, барлығы әкемнің бақылауы, белгілеуімен. «Бүгін Беларықтан, ертең Ақкөпірден қайт» деген сияқты, өзі жүрер жолды айтып отырады. Бірыңғай аяң жүріс немесе желіске көшу, одан қайтадан аяңға, шоңырақтатып шабу – барлығы кесте бойынша. Міне, біраз күн болып қалды, Салпаң торыны мініп жүрмін. Әдемі жүрісі бар екен, үсті жеңіл, адамды түйіп тастамайды. Ат күн өткен сайын таралып, ажарланып, тұғырдағы түлеген құстай құлпырып келеді. Салпаңдап жүретін құлақтарын тіктеп алатынды шығарды. Кәдімгі қамысқұлақ болды. Әкем әр қимылды назардан тыс қалдырмай жіті бақылайды. Аттың жатқаны, тұрғаны, жем-шөпті жегені, ең ақырғы зәр төккені, тастаған тезегіне дейін тексеруден өткізеді. Бәйге өтетін уақыт жақын қалды. Әкем аттың терін алып суытуды бастаймыз деді. Сонымен Салпаң торының тек құлағы мен көзін ғана ашық қалдырып, бүкіл денесіне тұмшалап жабу жабылды. Тағы да сол ат суытатын жер мөлшері белгіленді.

– Бүгін Қарақұмнан тіке салып көлденең арыққа жеткенше аяңмен бар, одан өткен соң желісіне көшіп, темір жолдағы талдың бойымен Шаған барып, қайтарда аттың басын жіберіп ал, – деді. Мен бұл айтылған тапсырманың барлығын жадыма тоқып алып, бұлжытпай орындап қайттым. Үйге келіп, аттың жабуын сыпырып алған кезде, оның тері шүмектеп ағып, шашасынан сорғалап тұр еді. Әкемнің ойынан шықты-ау деймін, көңілденіп қалды. Содан атты біраз жетектеп, терін басқан соң, жұқалтаң жеңіл жабу жауып, ағаштың көлеңкесіне байлап қойдық.

– Төрт-бес сағаттай тұрсын, – деді әкем.

Осындай әдіспен тағы да бір-екі мәрте тері алынды. Салпаң торы түлеген құстай түрленіп алды. Айтпақшы, бәйгеде Салпаң торымен Иманғали есімді бала шабатын болды. Ол – бригадир Бекболдың ұлы. Менен үш-төрт жас кішілігі бар. Салпаң торыға кішкентайынан мініп жүрген бала, қыр-сырын да жетік біледі. Өзі де ісіне пысық, тақымы мықты, әрі жеңіл. Менің де шапқым келген, бірақ әкем солай шешті. Әрине, ол кісінің шешімін ешкім өзгерте алмайды.

Ертең бәйге деген күннің кешінде әкем Салпаң торыға жұқалап жабу жапты да, «Қарақұмнан асып, көлденең жолға дейін барып қайт, құлақ түбінен, қолтығынан тер шықса болды», – деді. Мен әдет бойынша тапсырманы мүлтіксіз орындап, аттың бойын жазып, денесін бусатып қайттым. Атты қайтадан қаңтарып тастады. Ел ұйқыға жатар алдында жабуын алып босантып, жетекке алдым. Әкем гүлін қағып түсірген жарты бау жоңыршқаның сояуын қолтығыма қысып берді.

– Мына шөпті атқа жай-жайлап жүріп жегізесің. Аунағысы келсе, аунатып ал, бірақ жатқызба, ұйықтатпа, – деді. Мен шарбақты айналып Салпаң торыны жетелеп жүрмін. Қолтығымдағы сояу жоңыршқадан ат суырып-суырып жеп жүр. Ауыл тегіс тыныш ұйқыда. Күншығыс жиектен ай көтеріліп келеді. Аспан шайдай ашық, сан мыңдаған жұлдыз жымың қағады. Анда-санда әр жерден шәуілдеп үрген иттің дауысы естіліп қалады да, артынша қайтадан өлі тыныштық орнайды.

Жаңа ғана қылтиып көрінген ай арқан бойы көтеріліп қалыпты. Шығыс көкжиектен таң сыз бере бастады. Менің қолтығымдағы шөп те түгесілуге таяған. Салпаң торы шөпті еріне тістеп, жегісі келмей жүрген сияқты сірә, тойынса керек, оның үстіне аяғымен жер тарпи бастады. Аунағысы келген екен, екі-үш рет аунап тұрып, дүр сілкінді. Сосын атты мамағашқа қаңтарып байладым да әкемді ояттым. Ол кісі де сергек жатыр екен, тез тұрды да: «Сен жатып, бір-екі сағат көз шырымын ал, қалғанын өзім реттеймін», – деді. Мен әзер жүргенмін, қисайған бойда ұйықтап кеттім.

Ұйқымнан қинала-қинала әрең тұрдым. Әкем жолға тастүйін дайын екен. Салпаң торы жұқа жабуланып, үстіне тек қана ас-тойда ғана салынатын оюлы қайыс тоқым мен құранды ер ерттеліпті. Атқа шабатын Иманғали да келді. Бекбол бригадир бастаған бес-алты адам, әкемнің құрдастары Төлеген мен Әкпаралы ақсақалдар да келіп, ақ жол тілеп жатыр.

Сонымен бәйге болатын ел, Талас қайдасың деп тартып кеттік. Қазақтың кең байтақ даласының бір пұшпағында ғана жүрміз, көсіліп жатқан дала, бір бел ассақ келесісі күтіп алады, жол да шұбатылып жатыр. Тоқтаусыз сыдырта жүріп отырып, түс әлпетінде жеттік-ау. Бәйге өтетін жер бірден білінеді. Құжынап, қаптаған қарақұрым ел. Бәйгеге ат қосуға келген үміткерлерден бөлек жанкүйер мен қызықтауға жиналған жұрт қаншама. Керешілер аттардың тізімін алып, тіркеуден өткізіп, бәйге аттарын бір шетке оқшаулап шоғырландырып жатыр екен.

Әр алуан ат, сан түрлі сиқырлы сурет. Біз де Салпаң торыны тіркеуден өткізіп, бәйге аттардың тобына әкеліп қостық. Көзіміз үйреніп қалғандықтан ба, әлде шындығында қораш па, Салпаң торы өзге аттардың арасында кішірейіп құнан сияқты болып көрінді бізге. «Бақ шабады немесе бап шабады». «Тәуекел!» дестік іштей. Бәйге аттарының ішінде Құланның Құла торысы, Көгершіннің Көкдауылы, Қарақыстақтың Қараторғайы сынды барған жерде бәйгесіз қайтпаған небір кіл жүйріктер айтылып жатты. Осы кезде жиын жұрттың бір шеті опырыла бір кісіге өре түрегеліп жол берді. Ақ киінген, бойшаң, шоқша сақал, шүңірек көзді, атжақты ақсары өңді қарт адам, қолындағы оюлап жасалған аса таяғын кербездене сілтеп, сәлемдескен елге бас изеп келеді екен.

Күбір-сыбыр әңгімеден естіп қалғанымыз ол осы өңірге аты шыққан атбегі, әрі сыншы болып шықты. Әлгі кісі бәйге аттарына қарай аяңдады. Дауысы жіңішке, ащы шығады екен. Сыншы бәйге аттарын көре бастады. Міне, кербезденіп Құланның Құлаторысы тұр, қасында қос құлағын қайшылап Көкдауыл, одан берірек ауыздығын қарш-қарш шайнап Қараторғай басымды жібер дегендей тізгінін сүзіп қояды. Мен жандарынан қалмай жүрмін, сыншы кісі бұл аттар туралы ашып ештеңе айтқан жоқ, бәйгеге ілініп қалар дегендей қылды. Біздің Салпаң торы аттардың шетін ала тұрған. Сыншы қария Салпаң торыны айнала көріп, алдына, артына кезек-кезек шығып ұзақ қарап тұрып: «Ой, жануар, мына ат шабады, бабын да келтірген екен өзінің, атбегісі ат танитын кісі болды. Мына ат бүгін бәйге бермейді ешкімге», – деді. Мына сөзді ести салып, мен әкеме жүгіріп келіп сыншының айтқанын жеткіздім. Әкем селт еткен жоқ.

– Е, балам оның білгенін мен де білемін, – деді де қойды.

Осыдан кейін әкем маған әлгі сыншыдан да басым ба деген ой келді. Бұл кезде керешілер ат айдалатын уақыт болғанын хабарлады. Әкем де Салпаң торының құйрық-жалын сүзіп, Иманғалидың басына қызыл шыттан орамал тартып, топтың арасына қосып жіберді. Сонымен бәйге аттары айдалды.

Бәйгеден аттар қайтқанша ел зерікпеу үшін әртүрлі ойындар, аударыспақ, күрес, теңге ілу, тағы сол сияқты ұлттық ойындар ойнатылып жатты… Жиналған жұрт топ-топқа бөлініп ауылынан, ауданынан, оңынан дегендей өз араларынан сайысқа түсетін жігіттерін іріктей бастады. Сайдың тасындай қарулы жігіттер жеңілденіп, білек-жеңін түріп, төрешілердің тізіміне тіркеліп дайындалуда.

Сонымен көп созбақталмай әр топта, ойынның әр түрінен сайыс басталып та кетті. Маған қызық болғаны аударыспақ еді, соны тамашалауға бардым. Небір «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер бірінен соң бірі шығып сайыс көркін қыздыра түсті. Кейбір жұптың айқасы тез аяқталса, кей жұп бір-бірін әрең алып жүр. Сайыс ережесіне сәйкес ең жеңімпаз екі жұп, ең соңында бас бәйгеге таласуы тиіс. Сонымен соңғы айқас Қарагер ат мінген денелі қара жігіт, шашты тықыр етіп алдырған, сақал-мұртты әдемілеп бастырған, мойыны дөнен бұқаның мойнындай қатпарланып, иық жауырынмен тұтасып жатыр. Қарының бұлшық еті бұлт-бұлт етеді. Төсті қалың қарабұйра түк басқан. Түксиген қалың қабақтың астынан шүңгірек көзі жылт-жылт етеді. Атына қамшыны басып-басып жіберіп алаңды бір айналып кеп, ортаға тоқтап қарсыласына келсең-кел дегендей кейіп танытып тұрды. Мұның қарсыласы ақ боз ат мінген атжақты, ұзын бойлы сыптығыр сары екен. Басын ақ шыт орамалмен шарт буып алған. Қабырға асты, қарындағы бұлшық еттері қатпар-қатпар болып білеуленіп тұр. Қарының еті иі қанған қайыстай созылады. Алынуы қиын тарамыстың өзі.

Төреші жүндес қара мен сыптығыр сарыға бастаңдар деген белгі берді. Екі дәу аттарын қамшымен осып-осып жіберіп, бір біріне тап берді. Сарт-сұрт айқас, ұстаса екеуі де алдырар емес. Ортада құдды бір арыстан мен жолбарыстың жұлқысы. Жүнді қара қоғадай жапырып жібермек болып жұлқығанмен, қайыстай созылған тарамыс сары сыр берер емес. Аттары да өзері де қансорпасы шығып қара терге малшынған. Екі жақтың жақтастары да ауыз жаппай айғайға басып, ұрандатып әлек. Бір кезде оқыс жағдай болды. Екі сайыскер сарт-сұрт ұстасып, аттары да кимелеп кеудемен итеріп жатқан кезде сыптығыр сары жерге топ ете түсті. Жүнді қараның жақтастары «бәйге, бейге» десіп, шуылға басып әлек. Сыптығыр сарының жанкүйерлері «жоқ, дұрыс болған жоқ, аударып түсірген жоқ, ат басымен қағып кетті» десіп жатыр. Жұрт дүрлігіп кетті. Төрешілер оларды сабырға шақырып, мән-жайды анықтауға бет бұрды. Екі сайысшы ортаға шақырылды. Жүндес қара қаркердің үстінде жеңімпазбын дегендей айналаға маңғаздана шекесінен қарайды. Сарының мұрынынан қан ағып, бір жақ беті көзімен қанталап кетіпті. Төреші сарыдан не болғанын сұрап еді, анығында қарагер ат басымен қағып жіберген екен. Қараның жағы бәйге бер деп, сарының есі дұрыс емес деп шуласып жатыр. Тіпті, бір-біріне қамшы да ала жүгірісіп едіреңдескендер де болды. Сонымен ортаға төреші бастаған екі жақтың үлкенді-кішілі сыйлы кісілері шақырылып даулы мәселені шешті. Әлгі кісілер ақылдаса келе, екі сайыскер тең түсті деп қорытындылап, бәйгені тең бөліп алсын десті. Бар жұрт осы мәмілеге тоқтаған екен, әрі қарай дау-дамай шу болған жоқ.

Түс ауып, бесінге таяп қалған кез еді. Керешілердің айтуынша, аттар да жақындап қалған секілді. Жиылған жұрттың дегбірі кеткен. Әсіресе ат қосқандардың жүрегі алқына соғып аузынан шығып кетуге шақ тұр. Қарсы алдымызда үш-төрт шақырымдай жерде көлденең бел жатыр. Белдің арғы жағы шұбалған шаң. Аттар сол белден асқанда ғана көрінбек. Елдің көзі сол белде. Осылай зарыға күткен сәтте уақыт шіркін тоқтап қалады емес пе? Қазір де дәл солай. Шыдамның шегі шіріген жіптей үзілуге шақ тұрмыз. Ат егелерінің жайы мүлде бөлек, іштері алай-түлей, жүректері алып-ұшып бір орында тұра алмай тыпыршиды. Белден құлдыраңдап бір қара асты. Осы белден асатын жол сәл көлденеңдеп барып, содан соң елге, сөреге қарай бұрылады екен. Осы көлденеңде аттар әдемі, анық көрінеді. Бірақ қаратерге малынған аттарды жыға тану мүмкін емес-ті. Міне, іле-шала тағы бірі белден асты. Біраз ат көрінді. Белден алғашқы болып шыққан ат сөреге қарай бұрылды. Баланың басындағы орамал қызыл сияқты. Бірақ қаншама бала осындай орамалмен кетіп еді, оның енді есебі жоқ. Тағы, тағы аттар сөреге бұрылып жатты. Осы бұрылыстың жері сазды екен, жұқа ғана сұйық шаң көтерілгенімен атқа да, балаға да тыныстауға жеңіл еді. Алдыңғы аттың даяшысы баланың орамалын сыпырғанда мен Иманғалиды танып қалдым. Қуанғаным сонша, орнымда секіре беріппін. Бұл кезде сөреде тұрған бас даяшы да бар даусымен «Бірінші болып, Салпаң торы деген ат келді!» – деп хабарлады.

Иманғалиды әкем ат үстінен көтеріп алды. Үсті-басы шаң, бет термен шыланған айғыз-айғыз сатпақ, көзі ғана жылтырайды. Әкем оған сусын беріп жуындырып жатыр. Мен Салпаң торыны терін жинасын деп жетелей жөнелдім. Мөп-мөлдір тер тамшылары денесінен сорғалай домалап тырс-тырс тамады. Маңдайы, көзінің айналасы шаң топырақ.Танауы делдиіп, екі бүйірін соғып ентіге дем алады. Әлі де бәйге аттары сөреден өтіп жатыр. Бас даяшының хабарлап жатқаны төңірекке тегіс естіліп тұр. «Екінші болып келген Көгершіннің Көкдауылы, үшінші Қараторғай деген ат, тағы бір ат келе жатыр, Құланның Құлаторысы екен…» деп бас даяшы бәйгеден келген аттарды елге жеткізіп тұр.

Біраз жетелеген соң Салпаң торы терін жинап, ентігі басылып, жайбарақат күйге түсті. Осы кезде әкем келіп, атты ары-бері айналып көрді де жұқа жабумен жауып, қаңтарып қойды.

Сонымен бәйге аяқталып, Салпаң торы небір аттары мәлім кіл жүйріктерді шаң қаптырып, бас бәйгені жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Қуанышымызда шек жоқ. Қасымыздан ары-бері өткендер Салпаң торыны нұсқап, бастарын шайқап өзара әңгімелесіп барады. Әрине, қызыға да, қызғана қарайды. Жиылған жұрт тарап жатыр. Біз де қайтуға қам жасап, жолға шықтық. Мінген көлігіміз қара жолдың апшысын қуырып заулап келеді. Кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, жүрегіміз алып-ұшып алқына соғады. Мұндай сезімді бәйгеге ат қосып, бәйге алған адам ғана сезінер. Қазақ үшін жылқыдан қадірлі, қасиетті мал жоқ шығар, сірә…

Жорабек Әбдікерімов

Т.Рысқұлов ауданы

Басты сурет: Жанұзақ Мүсәпірдің «Аламан» картинасы

1 comment

Добавить комментарий для Ерік Отменить ответ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!