Абай ОРАЗ: Жылқысы кіл көкмойнақ бұл өңірдің

oraz

Ақбақай

Әбілқайырдың тұңғышы Шах-Будақ сұлтанның
асындағы бәйгеге жылқышы Орақтың жалғыз Ақбақайы қосылмады.
Қарақшылар құйрығына құбыжық байлап,
елден аластатып жіберген.
Құбыжығы – иесі.

Ақбақайдай ат қайда?
Құрауласам тоқтай ма?
Диірменнің тасындай,
Дөңгеленген дүние!
Кезіге қалса қақпайла.
Оттықсын, Орақ, отқа айда,
Қарғысам өрге шаппай ма?
Жолбарыс жонды жылқышы,
Жалғызын жарда жоқтай ма?

Ақ саңлағым сүйрігім,
Жаубасар жалғыз жүйрігім,
Кешпеп ем мұндай күй бұрын,
Саф алтын басын иді кім?
Қайтейін өкіргеніңді.
Қайтейін жетім көңілді?
Қақ басыма қамшы ұрдың,
Қақ төске тастап шоғыңды.
Ойпаты терең шоғырлы,
Күрең бел қызыл тобылғы,
Түгендей жүрші жоғымды…

Бәлду-бәлду дүнием!
Қарағайдан садақ иіп ем,
Құрыш сауыт киіп ем.
Сүрме қас сұлу сүйіп ем.
Бәрі де өтті дүнием!
Угай-угай кең аңғар!
Белес-белес бел аңғар!
Арғы қырда өзен бар,
Кеуіп тұрған өңеште,
Айтылмай қалған өлең бар.
Құйрығы құшақ, майда жал,
Шошынып қалған дөнен бар.
Тоғызының бірі жоқ,
Сегіз саяқ қайырдым,
Қамысқұдық түбінен.
Сары далам күңірен,
Кәрі далам күңірен.
Шерімді айтып берейін,
У ұрттатқан кеселдің,
Суыртпақтап бірінен.
Ақбақай өлген күн еді,
Шырағым сөнген түн еді.
Шикөлде қалды шідері,
Үйгенде қалды жүгені.
Ерттеген сол түн кім еді?
Аққозы келін қалшылдап,
Сүліктей болып бозарып,
Тартыла берді білегі,
Жаманат сезді жүрегі.
Бедеуге ұры мінгесті.
Жесірі бұрымын кесті.
Шығысқа қарап үлегі,
Мезгілі жетпей түледі.
Сұқсырдай қатып сұрланып,
Батпай да қойды күн ғаріп,
Бақты-Қожа найсаптың,
Бұзылды кенет реңі.

О, сөлекет дүние!
Соңы – соқпақ,
Басы – үміт.
Шайқалды шаңырақ не етесің?
Шашауы шықты шашылып.
Орда-Базар күл болды,
Төрдегісі құл болды,
Төсектегісі күң болды.
Білеуленіп тамыры,
Қара тас болды мамығы.
Естияр болған қос үміт,
Тілі байланып тосылып,
Босаға керді шошынып…
Аққозы келін оңаша:
- Арма, ием, Хан ата
Жаман түс көрдім таң ата,
Мен ажал көрдім таң ата,
Етегін жасқа толтырды,
Еңкілдеп сосын балаша:
- Лапылдап жатыр іргемде от,
Ақбақай кетті мүрдем боп,
Жылқышы кетті мүрдем боп,
(Тірі қаларын білген жоқ)
- Міне, құран, Хан ата,
Жалсыз өтуге серт еттім,
Жарсыз өтуге серт еттім.
Осы менің ғазалым,
Осы менің азабым.
Серттен тайсам, Хан ата,
Құлынжал садақ – ажалым.

Әбілқайыр түрегеп,
Көзімен өртеп бірер от:
- Сен лағы едің еліктің,
Мен көн болған берішпін.
Жан жүйемді еріттің.
Босағаңдағы – босбелбеу,
Бозөкпе десең бөріктің,
- Тілегің қабыл, келістім!
Аққозы-бикем, сөзімді ұқ!
Арғымақ өлсе құлын бар,
Әкесі өлсе ұлы бар.
Қос қияғы талғанда,
Қыранға қонар тұғыр бар!
Қыршынынан қиылып,
Асықтай ажал иіріп,
Өртеді деме өзекті,
Өлшеулі ғана ғұмыр бар.

Хан іркіп сөзін ақырғы,
Қос құлаш қақпа ашылды.
Бақты-Қожа ентіге,
Орданың құтын қашырды.
Диудай жынын шақырды:
- Қабыл ал, қаған, датымды!
Барымта! — деді булығып,
Хан ием, салды құл бүлік,
Қолды боп кетті мың күлік.

Атыздай жанып қос көзі:
- Қосынға дереу жет! – деді.

Бақсыдай болған Ер Бақты,
Тізгінге лезде жармасты.

Шикөлге Бақты жеткенде,
Үйгенді қырдан өткенде,
Тарланбозы сүрінді,
Омақаса жығылды.
Мертікті Бақты сол жерде,
Естіген болды күбірді…
Қара жерге тіл бітті –
Қара жер – қара аруана.
Қара тасқа тіл бітті –
Қара тас – дүлей диуана.
Қара ағашқа тіл бітті –
Қара ағаш – кәрі кейуана.
Қосылып бәрі сөйледі:
- Құйрықта кеткен құбыжық
Келіпті деді тіріліп…
- Тіріліп?

Жылқы жылаған жыл

Жауға мінсем – айбарым,
Тойға мінсем – жайнағым,
Төбемдегі – байрағым…
Көкмойнақтың үйірі»/

Белгісіз бірнеше жыл бұдан бұрын,
Тырнағын қанға малып қызарды күн.
Келеді салып ұрып он қаралы,
Сапырып құмын шағыл Құландының.

Алыстан қыбырлаған кімдер еді,
Біздерге болмас па еді бір дерегі.
Айырмай жау мен елді тас боп қатып,
Терекбай тілін жұтып, үндемеді.

Бәйбіше бәйек болды қазан асып,
Немере қыңқылдайды жағаласып.
Қобырап шашы кетті желмен ойнап,
Тәйтек ұл орамалды ала қашып.

Үрейін кеудесіне қысып, бетті
шымшылап тұла бойы ысып кепті.
Келе сап кәуміс неме кәрін төкті,
Қолынан кәрсен кесе түсіп кетті.

Бір жендет шапшаң басып иек қақты,
Командир жантайды кеп жиекке әккі.
- Әкеңнің құны бар ма , — деп еді шал,
Бердеңке ыс етті де сүйек қапты.

Үй ішін тінтіп әуре қораш төбет,
күбіні қотарды кеп олақ неме;
Тұрғандай бір ит аз боп кәпір жатты,
«Кәмпеске! Приказ!» деп, — тамақ кенеп.

«Аллалап» үй иесі тұрды атылып.
Саумалап жылқы айдалды, із жасырып.
…Бір қылын қалдырмады туған үйге,
Ұрлығын командирдің түн жасырып.

Ішіне құпияны бүккен дәйім
Үрленген дала жатты күпсердейін.
Сызылып мыстансиды қиянат-қыз,
Үзіліп қою түннен түскендейін.

Шал қалды, кемпір қалды нәумезденіп.
Шықты кеп аяқ асты ән де өзгеріп.
Жылқысы кіл көкмойнақ бұл өңірдің,
Үркітіп алмаңдаршы таңмен келіп.

Кенежирен

Құнан қырдан сығалайды жирен күн,
Шеңгел сайда шер ширатып, шиді өрдім.
Бәсіремнің боз жамшысын сыпырып,
Күлте жалын, қыл құйрығын түйгенмін.

Дойыр қамшы салдырмаған дөнен күн,
Кісінесе жайдақ жолмен ерермін.
Айтақырға ақшаңқанда байланған,
Сеңгір-сеңгір, бұйра-бұйра селеу құм.

Бұғы белбеу белге орадым аңғарда,
Жүген салдым бөрі құлақ сандалға.
Боқан ерді дайындаттым әкейге,
Боқырауды бозаң қырау шалғанда.

Құйысқанын, өмілдірік, төстігін,
Былғарыдан ойдым Жирен бестінің.
Бөкен желіс жүйрігімнің кекілін,
Үкіледім сүтті іңірде кешқұрым.

Ә дегеннен бәйге Жирен арыған,
Желсаңлақтың қамшы өрдім жалынан.
Қан сәскеде қараша үйден қара үзіп,
Қазанатым жеріп кетті қағынан.

Алдыр-бұлдыр көк мойнақ-ты бұлт көшкен,
Күз шекесін сырығымен түртпестен.
Ауыздықпен алысты да, «Қош!» — деді,
Кенежирен көздің жасын сүртпестен.

Бәйге атымен бақұлдықты қош көрер!
Қырда жатып көздің жасын төккен ел.
Жирен аттан жетім қалған ершікте,
Ертелі-кеш есіреді ешкіемер.

Ермен, жусан өскен сайда түледім,
Жұртқа тастап Жирен аттың жүгенін.
Жындысүрей жел жылайды
Содан соң…
Саржалқында мен де мынау жүдедім.

Күрең-күрең тау бөктерін бауырлап,
Қаздар ұшты жылқы үстінен мамырлап.
Жиренді ерттеп жамыраған ақшаммен,
Ат шалдырып тартып кетем ауылға-ақ?!

Жылқышының баласы

Күйзелем болмаған соң жарам жеңіл,
Сондықтан қамығады шабан көңіл.
Мен едім шардараны шаңға көмген,
Шабдар тай тақымдаған шабандоз ұл.

Сүрініп боз жусанға боз даланың,
Естимін құлынымның боздағы әнін.
Талай жұрт тамда отырып тіксінеді,
Түсінбей бұ тірлігін бозбаланың.

Бозарса құланиек құла қырда,
Желиді жарау аттай күн адырға.
Арда емген арғымақтың суат жақтан,
Дүбірі ойнақ салды құлағымда.

Өтімді тілгендей боп түн самалы,
Өңешті қамыққан жыр тұмшалады.
Құзғындар қалықтаса құла дүзде,
Жылқылар иесіне мұң шағады.

Қомдаса қос қанатын бала қыран,
Шал-уақыт күй төгеді шанағынан.
Ағады еріксізден бұла жасым,
Жеткенде қарақшыға қара құнан.

Жыққанда жорға-жалған сан жылаппын,
Қарманып қараағашты қарғымақпын.
Қамыға өмірменен күресемін,
Жалына жармасқандай арғымақтың.

Тісімді батыра алмай ез қоғамға,
Ботадай зарығамын боз далаңда.
Қамшымды басар едім әлі талай,
Тебінгі тер шірімей тозбағанда.

Тай міндім.
Шабандозбын.
Жылқышымын.
Түйгендей торығамын жылқы сырын.
Жырыңды жатқа оқышы жылқы жайлы,
Баласы жолыққанда жылқышының.

Бәйгешұбар

Түсіме енеді
Жылқының кісінегені…
/Ұлықбек Есдәулет/

«Баласың!» деп мені атам сөккенінде,
Біз жайлаған Сарысу өткелінде.
Мен бір бәйге жайында сөз естідім,
Ұлытаудың шаңдауыт бөктерінде.

Күміс жүген, алтын жез, өмілдірік,
Жабу жапқан мақпалдан төгілдіріп.
Біздің сонау ауылдан Шұбар шықты,
Арындаған елді өңкей егілдіріп.

Бәйге десе жетектеп бір тағыны,
Беттеп жатыр басылмай жұрт арыны.
Есімде әлі Шұбарды тізгіндеген,
Науан шалдың он жасар мылқау ұлы.

Қаймана жұрт, әніңді айт мынау тойда,
Саба-саба қымыз құй, құнан сой да.
Қарагерді, қасқаны шаң қаптырып,
Оқ бойы озық келіпті Шұбар сонда.

Ақтап Науан үмітін Шұбары оның,
Құшады кеп кекілін сылап оның.
Мылқау ұлдың иіскеп маңдайынан,
Қуанышы кернейді тұла бойын.

…Талай-талай күн өтті содан бері ,
Ақша бұлттың кенеттен қабарды өңі.
Аяқ асты аттан сап дүрлікті ауыл,
Меңдеткелі тұр екен хабар нені?

Көңілімді лайлады ғасыр тұнық,
Қақ бөлінді быт-шыт боп ақыр сынып.
Көз алдымда мерт болып кете барды,
Танакөздің жануар жасын сығып.

Бір жылатар, бұл ақ таң бір күлдіріп,
Түлкі-уақыт жеткенде бір күн бұғып.
Ат қазасы арқаға қамшы салды,
Жайма-қоңыр жылдарды сілкіндіріп.

Жайсыз хабар барады қауып есті,
Тырналғандай ашиды жауыр ескі.
«Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей,
Қорадағы пысқырды Сары бесті.

Жарым оймен жүгініп жылдарына,
Күп көңілмен кірісті ол күн қамына.
Құзғынсәрі таянып шал да ілінді,
Қызыл балақ мұңлы ойдың тырнағына.

Мына менің көмескі ой миымды үгіп,
Жылқыдайын жусаған иірді нық.
Қаза жайлы мен алғаш жайды аңғардым,
Шалдан бата ап, қолға су құйып жүріп.

Бұл ауылдың кеткенде құты қашып,
Мылқау ұлдың кеткен-ді түсі қашып.
«Көз тиген ғой», — деп қалды,
Шұбар аттың,
Атсейіс шал кенеттен тісін ашып.

Бытырады тоғыспай бұлт арнаға,
«АЛЛА!» десті жапырлай жұрт аңғара.
Иіскеп тұрды тоқымын Шұбар аттың,
Сорасы ағып көзінің мылқау бала.

Бәрін білді сәуегей бағанағы.
Жалғыз қалды бала жұрт тарағалы.
Шұбар құшып, нұсқайды құлпытасты,
«Қашап берем!» дегендей, саған әлі!

Жылқы жайлы естіген ертекті көп,
Мына тағдыр қажады тентекті бек.
Өкінішін Шұбарға жеткізе алмай,
Жатып алды мылқау ұл жер тепкілеп.

Бірі атты, бірі кеп шалды мақтап,
Аза құшты біздің ел «Арғымақтап».
Шұбар шалдың түсіне енді ме екен?
«Дегдарым ең!» — дей берді сандырақтап.

Біздің ауыл киелі ел көрінеді.
Құтқа толып жататын төңірегі.
- Құдай, саған не жаздым? – деп күбірлеп,
Науан ұлын құшақтап егіледі.

Жылдар жылжып, жылыстап барады әрі.
Тағдыр Науан ырысын тонағалы.
Менің кенен жүрегім сыздаса егер,
Мылқау бала есіме оралады.

«Баласың!» деп мені атам сөккенінде,
Біз жайлаған Сарысу өткелінде.
Мен бір жүйрік жайында сөз естідім,
Қаза болған өткен жыл көктемінде.

Жылымайды бұл елдің іші неге?
Ат киесін бұл ауыл түсіне ме?
Мылқау ұлды есіме түсірмеші,
Өтінемін, жүрегім, кісінеме!

abai-orazАбай Ораз, ақын
argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>