Ауғанбай САНАҚҰЛЫ. Секеңкөк

Sekenkok

(Әңгіме)

 Алыстан көзге бірден мен мұндалап көрінетін Оңқаты серегі қою тұманнан енді арылғандай. Қара жартастармен қоршалып, қарағайлармен көмкерілген көрікті мекенге өң беріп тұрған тағы бір сұлулық – тостаған түбіндегі судай мөлдіреген етектегі шағын көл. Күз мезгілінде орталап, көктемде жаңбыр суымен қайта толатын көл жағасына күзде ағараңдап ащы шығады. Жаз жайлаудан екі бүйірі шыға тойынған ауыл малы күзеуге келісімен көл жағасындағы ащыға шұбырады. Оңқаты табиғатының құлпыратын шағы да осы қоңыр күз. Жаз бойы жан баласы аяқ баспай қорғауда болған малшылар шаппасының жайқалатын мезгілі. Көлге қонақтаған аққу-қаз, ермен мен ақ жусанның жұпар иісі, шегірткенің шырылы, қойшылардың қара өлеңдеткен көңілді үні – бәрі бұл өлкенің әніне – ән, сәніне – сән қосатын.

 ***

 Оңқатыны ежелден мекен еткендердің бірі – Тағай ақсақалдың ауылы. Көктемде малын төлдетіп, сары күзді қарсы алатын атақонысы. Жайлауға шығар мезгіл жеткенде адам баласы түгілі, жарықтық мал да мазасызданып, жерсінбей кететіні ақиқат. Қария екі күннен бері ерте тұрып, бастау басындағы төбешікте ірі қараларын дүрбілеумен болды. Бұл көші-қон алдындағы дайындықтың бір белгісі.

Көшкенде ауыл маңын айнадай етіп тазалап кету қарттың жастайынан қалыптасқан әдеті. Тазалықты өмірлік серік еткен қарияның ішкі жан дүниесі де, бастау суындай таза. Тағай ақсақалдың осы пайғамбар жасына дейін балаларына дауыс көтеріп, ағайынмен айқайласпағанына көршілері куә.

Сәрсенбінің сәтіне деп жоспарланған көші-қон уақыты да жетті. Кеше кешке айдап келіп, матап тастаған атандар кезегімен шомдала бастады. Көп жасап, бар қиындықты көрген қариядай жасынан жүк артып әбден үйренген кәрі атандар да, өмірге енді қадам басқан жас жігіттей биыл ғана арқасына ауыр жүк артқалы тұрған қара бура сияқты асаулары да бар.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ауыл азаматтары бір сағат ішінде түйелерге жүкті артып тастады. «Ал, Құдай жол берсе қозғалайық қарақтарым» – деп, Тағай ақсақал сырын білетін қоңыр азбанына асықпай жайғасты. «Жол болсын, көш байсалды болсын» деген дыбыстар әр тұстан шығып жатты. Шұрқыраған жылқы, мөңіреген бұзау, маңыраған қозы-лақ, орнынан қинала қозғалып, баяу ғана бақырған жүк артқан түйелер, қойшы соңына ере қыңсылаған иттер түгелі көшке көрік береді.

Бұл көшті көптен күткендердің бірі – сегіз жасар Сейсен еді. Оқуы біте салысымен ата-апасына баруға асығатын мектеп оқушысына ауыл өмірі бәрінен қымбат. Ұстаздардан алған білімін, жоғары мектеп оқып, қала көрмей-ақ, адамдықтың шыңына жеткен ауылдағы қазыналы қарттардың қасында жалғастырғысы келетіндей…

Қайтқан құстай тізбектелген көп көштің арасында күміс ері күн көзіне шағылыса жарқыраған қарияның қасында үйірлі жылқыны айдап, бала Сейсен әндетіп барады. Көштің бағыты Ұзын-Көйтен жайлауы. Оңқаты кезеңінен асса болғаны, жасыл кілемдей жайлау көрінеді. Түйелі көшке де ең қиыны осы асу. Көштің алдын талай ұзақ жолға үйренген қара атан бастап келеді. Үлкен үйдің қара шаңырағы осы қара атанның үстінде. Жарықтық киелі шаңырақты мал да болса сезінгендей, аяғын паңдана басады. Қара бура бір қиғылық салмақшы болып еді, шаңырақ иесі Мұратбектің өрмелі қамшысы мен айқайы жөнге салды.

Таң атысымен қозғалған түйелі көш күн тас төбеге көтеріле қыратқа жетті. Ендігі жол жазықтап барып, етекке түспек. Қара шапанының екі етегін қымтана тақымына басып алған, Алтайдың таулы жотасындай кесек қыр мұрынды Тағай ақсақалдың мінер жағында қоңыр құнанды тобылғы қамшысымен сипай қамшылып, өмірде өз ақыл-ойы жетпеген сұрақтарын қойып, екі езуі екі құлағында Сейсен келеді. Есіне өткендегі бір оқиға түсіп:

– Ата, мен оқудан келгеннің ертеңінде мал қайырып жүріп, үш атты кісіге жолықтым. Ол кісілерге жеке-жеке сәлем беремін бе, әлде барлығына бір сәлем беремін бе деп ойладым да, әрқайсысына «Ассалаумағалейкүм» деп, амандастым – деді, немересі балаға тән шынайлықпен. Көп күлмейтін ауыр мінезді қария немересінің мына қылығына еріксіз күліп:

– Әй, баламысың деген, үш адам түгілі үш жүз адам болса да, барлығына ауыз толтырып бір «Ассалаумағалейкүм» десең жетеді, қарағым, – деп қария немересіне қарады.

Көш кезеңнен түсе салысымен жаз жайлауды сағынған қоралы қой айдатпай-ақ Үшбұтаны бетке ала саулады. Жал-құйырығы төгілген қоңыр айғырдың үйірінің соңынан саяқтар да жарыса шапқылай жөнелді. Тағың ақсақал жылқыларының көбісі баран, тек екі құла, төрт ағы бар. Жұрт осы белгісінен танитын.

Бала Сейсеннің қазіргі арманы тез есейіп, әкесінің ақбоз аты мен кенже ағасының қаракөгіне міну. «Жарықтық жануарлардың сыртқы тұлғасы-ай көз сүйсіндіреді. Азамат болып , тақымым толып, мен де ертегілердегі ақбоз атты ханзадаға айналсам ғой, шіркін», деп қиялдап қояды.

Көлеңке ұзарып, күн сәл салқындаған мезетте шаршап-шалдыға түйелі көш те жаз жайлауға жетті. Қар кетісімен көгалдана бастайтын Ұзын-Көйтен жайлауы жылдағыдан жақсы жетілген.

Көрші ақысы – Тәңір ақысы. Алыстан көрінген «Атайың» ауылының көшін көре салысымен маңайдағы Құдайы көршілері аппақ көңілдері іспетті ақ дастарқандарын қолдарына ала, түйелі көшке қарай жан-жақтан ағылды. Елге сыйлы, абыройлы Тағай ақсақалды жұрт үлкен-кішісі бар, атын атамай, «Атайың» атап кеткен.

Түйелерді шөгеріп бола бергені сол-ақ еді, аттылы-жаяулы шай әкелушілердің алды да келіп жетті. «Ассалаумағалейкүм, мал-жандарыңыз аман ба, жайлау жайлы, қой майлы болсын, қыстан аман шықтыңыздар ма?» десіп, бір-бірлерін көрмегелі бір жылдың жүзі болған көршілер амандық-саулық сұрасып, мәз-мейрам. Дархан пейілді көршілердің дастарқанынан салқындаған іркіт, жаңа тұздалған сары май, қайнатқанына көп болмаған жас құрт сияқты ақ тағамның барлық түрі кездеседі.

Бір аптаның ішінде ойдан-қырдан келгені бар ауыл түгелімен жаз жайлауға жайғасып алды. Үшбұта жайлауының ең жоғарғы бұтасын төрдегі өз орнындай бұрыннан Атайың ауылы мекен етеді.

«Жайламаса – сән болмайтын» киелі жайлау одан сайын құлпыра түскен. Ұядағы жұмыртқадай топтасқан аппақ киіз үйлер, жер ананың төсіне жабысқан бес түлік мал, гүл теріп, көбелек қуған ауыл балаларының «қата қал-қата қал, қара жерге жата қал» деп, еркелей әндеткен үндері, шыңғыртып асау үйреткен боз балалардың айқайы, желідегі құлындардың жез қоңыраудай сыңғырлап кісінеуі – баршасы ауыл ажарын одан сайын аша түскендей.

Ауыл азаматтары қойға мініп әбден жауыр болған аттарын жіберіп, орнына жайлаудағы той-томалақты шарлайтын сәйгүліктері мен үйретілмеген тай-құнандарын ұстап алған. Ауылдағы асау үйрететіндер мұрттары енді тебіндеген ағайынды Ержан мен Қалижан. Асау тайларды алғашында бір мініп берсе болғаны, Сейсен мен інісі Асқар қозы қайырып жүріп-ақ, бас білдіріп алады. Жаз бойғы той-думанға мінуге арнап, тақыр жерге ішін тартсын деп, арқандап қойған аттардың арасында шаңырақтағы Мұратбектің алыс жүріске арналған «Секеңкөк» аты да бар.

 ***

 Секеңкөк құлын кезінен айдаған жылқының алдын бермес желаяқтың өзі болды. Үйірлі жылқы жусап жатса, басқа құлындардың мазасын ала түрте кетіп, жарыса шапқылап, тіптен еріккенде күн шуақтап тұрған сарықарын бие енесімен ойнайтын. Кешкісін құлындарды босатқанда жалғыз өзі үйірлі жылқыны бір айналып шауып шықпай, тыншымайтын. Осы әрекеттерін сырттай бақылап отыратын ауыл ақсақалдары «бұл құлыннан бір өнер шығады» – деп, көп болып тілеуін тілеп, үлкен үміт күтті.

Жылқы мінез текті қазақ тұлпар болар арғымақты қашанда құлынынан таныған. Айтса айтқандай-ақ, келер жылы жайлаудағы той-тілеуде көк тай бәйге бермеді. Кейде тіпті құнан жарысына қосып жіберген кездері де болды. Тісін көрмесе, тай екені байқалмайтын. Дүбірлі ортаға үйренген жануар басын тартса, тік қарғып көк аспанға қаққан қазықтай артқы екі аяғымен шаншылып тұрып алады. Басын сәл босатса болғаны аяқ-аяғына тимей секеңдеп, билеп баса жөнелетін көк тайды жұрт осы жаздан бастап «Секеңкөк» атап кеткен.

Жайлауға шыға арқаны кеңге салып, бар қиындықты ұмытатын малшылар үшін жаз мезгілінің орны ерекше. Әркім өз шама-шарқынша әулетіндегі той-тілеуді елдің жиын, күннің жылы болған көк жайлауда өткізуге ниеттенеді. Шабады-ау деп үкілеп үміт күткен бәйге аттарын да, осы жазда анықтайды. Ақсу, Сырғалы, Шыбарқарағай, Дөңгелексаз, Ұзын-Көйтен жайлауларында күнде той. Әкімдер малшылар тойын өткізеді, біреуі келін түсіреді, біреуі тойдан бәйгелі болып, той-тойға ұласып дегендей қырдың сауықшыл елінің қашанда той-думаны тарқаған ба?!

Секеңкөктің қолға әрең ұсталатын шоқтығы биіктеп, мінер жағына құлаған жалы да қалыңдай түскен. Жаз бойғы той-тілеудің бірінен кілем, бірінен тоқты өңгерді, Секенкөктің өнерін ел көрді. Жалпақ жұртқа танылған тұсы да осы құнан кезі болды. Дөненге шыққан жылы қышқашталып, бәйгеге қосылмады.

Бестісінен бастап Секеңкөк бәйге аты емес, орта бойлы, қара торы өңді, жиырмадағы келбетті жігіт – Мұрабектің алыс жолдағы жансерігіне айналды. Мүкеңнің тағы бір қасынан қалмайтын жан жолдасы ұзын бойлы, ақсары келген, сом тұлғалы Серікжан. Секең екеуі бала күннен тай-құлындай тебісіп, тел өскен нағашылы-жиен құрдастар. Отау тігер жасқа келген қос азаматқа ауыл үлкендері еркіндік берген. Қызды ауылға қырындап, талай үйдің иттерін шулататын нағыз серлік құрар кездері. Тек, Тағай ақсақал мен бәйбішесі ақжаулықты Қуан әженің шаңырақ иесі Мұратбекке айтқан бір ауыз ақылдары мынау еді:

– Айналайын, кенже, біз бір аяғы жерде, бір аяғы көрде қалтырап отырған қарттармыз, қол-аяғымызды жылы суға малмаса да, бір шәйнек шайымызды дұрыс демдеп беретін, алыс-жақыннан келген үрім-бұтағымыз бен ағайынды оң көзімен қарсы алатын, отымызды өшірмей, түтінімізді түзу түтетерлік, елге ана болар жақсы келін керек, осыны есіңнен шығар ма! – дескен екі қария бірде.

Сол жылдың жазында Жыландыны жайлайтын бір текті әулетке Тағың ақсақал бастаған бір топ ағайын барып, құдандаласып қайтты. Қыста екі ауылдың арасы жақындағанда тойларын өткізетін болып келісті.

Жыланды жайлауының қапталында бір көк, бір құла атты екі жолаушы ағызып келеді. Бұлар, Мұратбектің болшақ қалыңдығын көріп қайтқан Мұратбек пен Серікжан еді. Сырлас замандастардың астындағы арғымақтары да бір-біріне бауыр басып, үйірлесіп алған. Мұратбектің астында жасынан бәйгеге түсіп, аяғын қалай алып жүруді жақсы меңгерген, оқтаудай жараған Секеңкөк. Ал, Серікжанның міңгені де осал емес, жырдағы Ақанның Құлагеріндей омыраулы, жалды келген құла ат. Бұл арғымақтардың әкелері жарықтық құла айғыр текті жануар еді-ау! Ел аузында әлі күнге дейін аңыз болып айтылып келеді.

 ***

 Жон-жоталар қысқы ақ көрпесін жамылған. Жайылымы таусылған қыстаудағы малшылар қостарын теңдеп, жылдағы әдетінше Қаракөлге қос тігіп, қыстың аязды күндерін осында қарсы алуға бекінген. Көбінің үстінде қасқыр ішік пен түлкі тымақ.

Сыртынан қарағанда қорқынышты көрінетін Қаракөл табиғатының жаратылысы да өзгеше. Малдың қабырғасындай салаланып жатқан дараларды ілбіс пен қарбарысы, арқар мен тауешкі мекен етеді. Кей күндері айналаға ақ жорға боран жүріп, ақ түтін басады.

Аяздың ашуына мінген түндерінің бірі. Өрістегі жылқыларды ақ қырау шалған. Дала сақшылары көкбөрілердің жем іздеп, жортатын мезгілі де осы кез.

Жалы қарға сүйретілген құла айғыр басын жайылымнан жұлып алып, кісінеп жіберді. Жан-жақта жайылып жүрген жылқылардың барлығы бір қауіптің төнгенін сезіп, шұрқыраса қалды. Әдетте бөлек жүретін аттар да, үйірдің ішіне кіріп кетті. Құла айғыр жылқыны айнала шауып шықты да, бейне соғыста қол бастаған сарбаздай алдыға озды. Жер бауырлап келіп қалған түз тағылары бір жабағыға да жабыса алмай, құм қапты. Жасырынып келгеннен түк шықпасын білген аш қасқырлар ашық майданға дайындалды. Үйірлі жылқының тағдыры өз мойынында екенін жақсы сезінетін тағалы құла айғыр тісін ырсита, ырылдап келіп қалған көкжалды қос аяқтап тұрып, тұмсықтан теуіп қалғаны сол-ақ еді, түз тағысының қаңқ еткен үні ғана естілді. Басқалары құла айғырды жабылып жеңбесе, жеке жеңе алмастарын біліп, жан-жағынан арсылдап, қаумалап алды. Енелерінің бауырына тығылған жабағылар мен қабақ қарын биелер шұрқырай кісінегеннен басқа ештеңе істей алмады. Алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, өз өмірі емес, өзгенің өмірін құтқаруға барын салған құла айғырдың қуаты қайта бастады. Айғырдың әлсірегенін сезген арандары ашылған қорқау қасқырлар айғырдың жалынан, құйырығынан тарта, жерге құлатты. Жауымен жан бере айқасқан құла айғырдың көз алдында арсылдаған дала тағыларының бейнесі қалды…

Таң ағара оянған қостағы жігіттер түнде болған өлім мен өмір арасындағы айқастан бейхабар еді. Ақ қардың үстінде қызыл қанға боялған құла айғыр мен серейіп жатқан көкжалды көргенде барып, бастарын шайқап, таңғалысты.

 ***

 Алтайдың өркештенген тәкаппар тауларына қонақтаған тұман енді ғана ұйқысынан оянып, баяу жылжиды. Жер бетінде таңғы шық шашылған күмістей жылтырайды.

Таңмен таласа бие жинап келген Серікжанның «құру-құру» дыбысынан бүкіл ауыл оянды. Желбегей киіне жүгіріп шыққан жастар жылқыны ортаға ала, құлындарды сипай жүріп, байлап шықты. Серікжанның астында жылқымен бірге шапқылып, еліріп алған Секеңкөк билеп басып, шиыршық атады. Мұратбек жаз бойы ойда-қырда жұмысым көп, Секеңкөкті биыл сен мініп тастамасаң, құр шығатын түрі бар деп, досы Серікжанға тапсырған.

Секеңнің ерте тұруының да өзіндік себебі бар болатын. Үлкен үйге кіріп, таңғы қымыздан бір-екі кесе асыға жұтты да, қыстаудағы шаппасын көріп келуге Секеңкөкпен жолға шықты.

Ащы тері шығып, тынысы кеңіп алған Секеңкөк басын тартқан сайын өршеленіп, шұлғи басады. Серікжанның қарулы қолы болмаған да, ала жөнелердей. Таңғы сиырларын сауып жатқан жолдағы ауылдардың қатын-қалашының барлығының көзі Серікжан мен Секеңкөкте. Батыр тұлғалы Серікжан олардың тесіле қарағандарын ұнатпай, ішінен «танымаған адамдай несіне қарай береді» -деп, күбірлеп қойды.

Тұмсықты айналып, қапталдағы көктемгі қар суы ағатын жыраға таяу келгенде, Секеңкөк басын тартқанға ашуланып жырадан қарғып қалған еді, алдынғы екі аяғы жыраның шетіне ілінбей, бар салмағымен мойынын ішіне ала омаққаса құлады. Мұндайды күтпеген Серікжан алып денесін игере алмай, аттың мойынынан асып түсті. Секең аттың астына басылып қалған оң аяғын зорға дегенде суырып алды. Қатты тебінмен келіп жығылған Секеңкөктен еш қимыл байқалмайды, тек екі көзінен ыстық жас парлап, ыңқылдап жатыр. Сол тұста қойшының арқандаулы атын алып жүрген бір жас жігіт жүгіріп келіп, аттың халін көрді де, «енді мал болатын түрі жоқ, жарықтық болмаған да пышаққа ілінсін» – деп, қонышындағы шолақ кездігін алып, Секеңкөкті тамағынан орып кеп жіберді. Көк шөп қызыл қанға боялды. Серігін өлімге қимай тұрған Серікжан теріс айналып кетті. Жаңа ғана басын тартып тоқтата алмай келе жатқан тұлпарының қайта тұрмасын көрген Серікжан: «Қайран жел аяқ, жануарым-ай, мені ер-тұрманын құшақтатып расымен жолда қалдырып кеткенің бе?» деп, Секеңкөктің жапырақтан үзілген тамшыдай көзіндегі мөлдіреген жасын сүртіп, солқылдап тұрып ұзақ жылады.

Кешкі сауын уақыты. Ауыл иттері үріп болмаған соң, Тағай ақсақал немерелерінің біріне «бөтен кісі келіп, кіре алмай тұрмасын, шырақтарым», деп айтып ауыз жиғанша ұзын бойлы Серікжан маңдайшадан басын еңкейте кіріп келді. Келген бойда ақсақалдың аяқ жағына отыра кетіп, буылығып жылап жіберді. Не болғанын түсіне алмай абдырап қалған қария, Серікжаннан:

– Қарағым, не боп қалды, адам аман ба? – деп сұрады. Секең көзінің жасын жеңімен сүртті де:

– Атайым, адам аманы, аман ғой, бірақ «Секеңкөкті» абайсызда өлтіріп алдым – деді даусы дірілдеп. Мәселенің мән-жайынан хабардар болған соң қарт:

– Азаматым-ай, өзің аман қалған соң болды, жан аман болса, мал табылар, нағашының жиенге атайтын бір тайы емес пе, не болды сонша азамат басыңмен бордай езіліп – деп, қария жиенін тыйып тастады.

Нағашысының дарқан көңіліне еріксіз риза болған Серікжан:

- Дұрыс айтасыз ақсақал, қартайсаң қазына болып қартай деген, – деп, алдында тұрған бір кесе қымызды басына бір-ақ көтерді.

Секеңкөк аттың жұлыны үзіліп, мойыны шықты ма, өлімін ешкім білмеді. «Секеңкөк» аты, «Секең мінген Секеңкөк» деп, одан сайын жаңғырып, ел ішінде аңызға айналып кетті.

Арғымақ тағдырының – азамат атымен байланысты боларын кім ойлаған?!…

AuganbayАуғанбай Санақұлы, 28.09.18. argymaq.kz

Негізгі фото: Soul-Mate Nutrition

 Автор жайлы:

Ауғанбай Санақұлы 1993 жылы 28 шілдеде Бай-Өлке аймағының Цэнгэл cұмынында дүниеге келген. 2002-2006 жылдары аудандық орта мектепті, 2006-2012 жылдары «Руханият» орта мектебін бітірген. 2012-2013 жылдары Семей мемлекеттік педагогикалық институтының дайындық бөлімінде оқыған. 2013-2017 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унииверситетінде қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша білім алған. Бүгінде Ақмола облысы, Біржан сал ауданы, Бірсуат ауылында ұстаздық қызметте. Ауғанбайдың бұған дейін “Құлын ғұмыр” атты шағын әңгімесі жарық көрген. “Секеңкөк” соның заңды жалғасы іспетті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>