Сәдібек Түгел. Қазанаты болғанда халық қор болмаған

5479

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы ерекше ұсыныстары мен тамаша бастамаларын толығымен қолдаймын және құптаймын. Әсіресе, мақаладағы «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты бөлімдері қатты ұнады. Айтарым, осы еңбегінде Елбасы Ұлы даланың ерешіліктері мен маңыздылығына жете көңіл бөліп, биік белеске көтеріп отыр. Біз қазір идеология жоқ деген сыңаржақ байбаламдарды естиміз. Ол бекер сөз. Идеология бар. Ол – Ұлы даланың ұлттық құндылықтары. Міне, мемлекет басшысы осыны дөп басып, бағытымыз пен бағдарымызды айқындап отыр.

Біріншіден, бұл жерде менің атап тұрып айтарым: біздің қазақ халқы Ұлы далада жаратылып, Ұлы Далада өсіп келеді. Ұлы Дала – бүкіл әлемдік өркениеттің бастау алған жері. Ол тұрғысында жер шарының ең беделді археолог ғалымдары сенсациялық жаңалықтар ашуда. Мысалы, Ботай, Берел, Тарбағатай, Талғардағы қорымдардан табылған қазбалар оған дәлел бола алады. Жалпы алғанда, Ұлы Дала болмысы, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі нағыз ұлттық идеологияның өзі.

Ұлы Дала – ұлтымыздың кіндік қаны тамған, ата-бабаларымыздың қаны мен тері сіңген құт қонған, ұялы мекені.

Ұлы Дала – туған еліміздің қадір-қасиеті, болмысы мен мәдениеті, тарихы мен өмірі, абыройы мен айбыны. Ұлы Даланың арқасында қазағым қор болмаған.

Екіншіден, мен осы Алла Тағала сыйлаған ғұмырымда отыз жылдан астам уақыттан бері «Ұлы Дала-Ұлттық Рух!»- деген атпен, көптеген игілікті шараларды жүзеге асырып, Ұлы даланың ат ойындарын зерттеумен келемін. Ұлы далаға арнап ондаған зерттеу мақала мен кітаптар жазып, жарыққа шығардым. Олардың ішінде: «Қайдасың қазағымның Қазанаты?!», «Джигиты и аргымаки Казахстана», «Атбегілік – асыл өнер», «Құлагер құдіреті», үш тілде үш мәрте Стамбулда басылынып жарыққа шығып, атбегілердің қолынан түспейтін басылымға арналған «Қазанат» кітап-энциклопедиясы, атбегілердің ар-ождан кодексі, 2010-2020 жылдар аралығындағы «Ұлттық спорттың өркендеуі» атты Бағдарлама жасауым, «Ұлттық спорт түрлері туралы заң-жобасы», «Ұлттық ат спортының шежіресі» жинақтарымды жазып, жарыққа шығаруым соның дәлелі бола алады.

qulager

2010 жылы алтыншы маусымда Ұлы даланың Даңқты тұлпары Құлагерге жаңа Елдордамыз – Астана қаласының жанында, «Астана-Көкшетау» жолының бойында ескерткіш тұрғыздым. Сонымен қатар, Ұлы далаға арналған «Ұлы Дала батырлары», «Ұлы Дала тұлпарлары», «Замана желімен жарысқан Қазанат» атты ат спорты мерекелерінің басы-қасында, ұйымдастырушылардың бірі болып жүрмін. Мысалы, Ұлы Дала мәдениетінің темірқазығы болып саналатын ұлттық ат ойындары, жылқы шаруашылығы, «Қазанат» тақырыбы, «Ұлы Дала тұлпары – Құлагерге» ескерткіш тұрғызуымыз, көкпар, аламан, қыз қуу, аударыспақ, бүркітшілік т.б. Соның ішінде, оқырмандарға түсінікті болу үшін Қазанат тақырыбы туралы бір-екі ауыз сөз айта кетуді жөн көріп тұрмын.

Бүкіл елге мәлім, ел егемендігін алған тұста ең алғаш қазанат тақырыбын қозғаған болатынмын. Шырылдап жүріп қоғамда «Қазанат» ұғымын қалыптастыра алдым. Ол маған оңайға түскен жоқ. Қазанат тақырыбына байланысты маған қатысты сан-алуан пікірлер айтылды. Бұл «миф» немесе «өзі қазанат деген сөз қайдан шықты, Сәдібек оны қайдан алды?» — деп езеуреп, байбалам салушылар кездесті. Олардың арасында, өкінішке қарай, білімі таяз, қазақтың тарихынан мақұрым ғалымдарда болды. Мен оған куәмін. Менің алдымда, сол кезде үлкен жауапты міндет тұрды. Көреалмаушылықпен сыни да сынай қарағандарға тойтарыс беру және «Қазанат» ұғымын дәлелдеп шығуым қажет еді!

«Қазанат» сөзін ең алғаш әкем Түгелден бес жасымда 1960 жылы естідім .

«Жігіттер, мынау ұлан ғайыр Ұлы Даланы Алтайдан-Атырауға, Ұлытаудан-Алатауға дейін ұшы қиырсыз созылып жатқан кеңістіктікті ата-бабаларымыз жаяу жүріп, шоқпарды белдеріне қыстырып жүріп қорғады ма? Олай ойласаңдар мүлдем қателесіздер. Біздің батырлар жерді, елді, туған Отанды ат үстінде жүріп қорғады. Ат болғанда да қазанаттың үстінде жүріп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерлерін бермей қорғады емес пе?! Сондықтан да біз, қазақтар қазанатқа қарыздармыз. Қазанаты қазаққа қайтарып, оларды түлетуіміз керек» — деп марқұм атамыз қазанаттарды өте жоғары бағалап, өсиет сөз қалдырған. Ал, біз әкенің сол қасиетті өсиетін орындап, ел игілігіне жарата білдік.

Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған! Әйгілі философ жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқалар қайдан жаралсын, мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!» — деуі бекер емес.

Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухыбиік, Ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы, Ұлы даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама шалғайлықты қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих куә.

Қазанат – алыс жорықтарға мінетін жауынгер жылқылар, азынаған айғырлар!

Көне заманнан келе жатқан қазақ жылқы тұқымдары – жабы, арғымақ, қазанат деп бөлінеді. Осындағы «арғымақ» атауыСелжүк заманында (Х-ХІ ғасыр) пайда бола бастаған. Қазақтар «араб арғымағы», «ағылшын арғымағы», «орыстың зауыт арғымағы» деп бөледі. Негізінен, «арғымақ» деп ертеректе тек Парфияның асыл тұқымды жылқыларын атаған. Қазанат биелерге асыл тұқымды айғырларды салудан шыққан бұдан. Қазанат батырлар жырында жиі дәріптеледі, яғни, олар жорыққа мінетін әскери жылқылар, азынаған айғырлар болған. Мысалы, «Қобыланды батырдағы»: «Мінуге керек қазанат, Беліңе керек шарболат» – деген жыр жолдары қазанаттың көне тұқым екенін көрсетеді.

Қазанат туралы 1885 жылы білікті орыс зерттеушісі, жылқы тарихының білгірі В.Фирсов былай деп жазды: «Қазақтар қазанатты барлығынан жоғары қояды. Қазанаттың жақсы қасиеттерін бағалайтыны соншалық айғырын сұрамайды да. Себебі қазақ биесінің тұқымы тұрақты басқалармен қосылғанда, тек солардың жақсы қасиеттерін алады. Өзінікін де жоғалтпайды. Сондықтан да жергілікті халық қазанаттарға жоғары сеніммен қарайды».

2006 жылы парасатты азамат Кеңес Рақышевпен бірге жазып «Таймас» баспа үйінен үш тілде жарыққа шыққан «Қазанат» кітап-энциклопедиясы ТМД елдері арасында Москва қаласында өткізілген «Кітап өнері» — атты беделді халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. Елімізге үлкен абырой әкелді. Сонда, беделді халықаралық байқаудың қорытындысына арналған конференция мінбесінен танымал ежелгі түркі мәдениетінің зертеушісі, этнограф, әзербайжандық ғалым ағамыз Шыңғыс Әлиұлы былай деген еді:

«Осы кітапты шығару арқылы қазақтар ерледі. Мен олардыңеңбектеріне тәнтімін. Қазанат ұғымы бүкіл түркі жұртына ортақ. Ол – жеңіс жылқысы, жауынгер жылқы дегенді білдіреді. Орысшылағанда «Победоносный конь. Конь-рыцарь» деп аталады. Қазанат кітабының түркі тарихы мен табиғаттың адамзатқа ғажайып сыйлығы жылқы әлемін зерттеу де алатын орны ерекше».

Атқа міну мәдениеті дегеніміз — біздің төл тарихымыз ғой. 2010 жылдың күзінде Ботай қорымына арнайы экспедициямен бардым. Сонда, белгілі археолог -ғалым, тарих ғылымының докторы Зайберт Виктор Федоровичпен кездесіп, сондағы бағалы жәдігерлермен таныстым. Соның негізінде дарынды режиссер Жәнібек Нұрбек «Қазанат» атты бір сағаттық деректі фильм жасады. Содан бері біздің идеологтарға өкпем қара қазандай. Неге дейсіз ғой. Басқалар болса баяғыда бұл сенсациялық жаңалықты бүкіл әлемге жеткізіп, жар салатын еді. Ол туралы мен айтып та, жазып та келемін. Жылқыны қолға үйретіп, елді, жерді қорғауда бірінші болып пайдаға асырған біздің бабаларымыз. Ол туралы дүниежүзінің білікті ғалымдарының өздері мойындап отыр. Үзеңгі мен айылды, жүген мен ертоқымды ойлап тауып, қолданысқа енгізген аталарымыз әлем өркениетіне өлшеусіз үлес қосты.

Үшіншіден, Ұлы деген сөзден қашпау керек. Қазақ – Ұлы халық. Қазақ Ұлы болмаса, осынау жерді ұстап тұра алмаған болар еді. Меніңзерттеуімде, қазақтыңтарихындаболғанбарлықсоғыстардың 90 пайызыосыҰлыдалажеріүшінболған. Біздіңміндетіміз – ҰлыДаланықастерлеу, құрметтеу, тарихынзерттеу, сонытекзерттепқанақоймайболашақұрпақтыңигілігінежарату – қазіргіқазақжастарынерлікке, батылдыққа, батылдыққа, отансүйгіштікке, жердісүюгетәрбиелеу. Бірсөзбенайтқанда, бұрынғыата-бабаларындайержүреказаматтардыдайындау.

Елбасының жаңа мақаласының түсінген адамға мәні мен маңызы ерекше екені аян. Бұл тұрғыда менің айтарым: дүние жүзінде – 7 миллиард 110 миллион адам өмір сүреді. Соны құрайтын екі мыңнан астам ұлттың бірі де бірегейі біз – қазақтар. Әлемде жер көлемінен 233 мемлекеттің ішінде 9 орын алатын жерінің асты да үсті де тұнған байлық – Қазақстан Республикасы. Туған тарихына 5 мың жыл болғандар тек мысырлықтар, римдіктер, гректер жапондықтар, қытайлар ғана емес, біз де – қазақтар да тарих тамырын тереңге жайған, келешек ұрпаққа мол, ғажап мұра қалдырған ұлтпыз.

«Біз кімбіз?» — дегенде, біз Алтайдан-Атырауға, Ұлытаудан-Алатауға дейінгі ұланғайыр жерді мекендеуші – Ұлы қазақ халқының ұрпағымыз деуіміз қажет. Ал, қазақ болу бір де, нағыз қазақ бола білу – бөлек дүние. Нағыз қазақ бола білу – еліңді, жеріңді сүю, ата-бабаң сияқты бойыңдағы жаныңды берсең де, жеріңді бермеу, салт-дәстүріңді, туған тіліңді, дініңді, діліңді сақтау деп білем. Ал, өткен ғасырда өмір сүрген нағыз қазақтар туған жерімізді көздің қарашығындай қорғап, салт-дәстүрімізді сақтап, ана тіліміз бен ата дініміздің қаймағын бұзбай кешеден бүгінге аманат етті. Біз сол ата-бабалардың салт-дәстүрін, асыл қазынасын одан әрі жалғастырушы ұрпақтардың өкіліміз. Өйткені, бәріміз ұлттық құндылықтардың өркендеуіне үлес қосып, өмірімізді соған арнап жүрген жандармыз.

Дәл осы тұста халқымыздың соңғы бір жарым мың жылдық тарихына шолу жасайық.

Бір жарым мың жылда біздің қазақ үш кезеңді бастан кешіріп, төртінші кезеңді өткізіп отыр.

Бірінші кезең: Дәуіріміздің 6-ғасырынан – 16-ғасыр аралығын қамтиды. Түрік қағанаты, Дешті-Қыпшақ хандығы, Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы. Бұл – 11 ғасырға созылған көшпенділердің қалыптасу кезеңі.

Екінші кезең: Ресей Империясының қарамағында бодан болған кезіміз. «Байтал түгіл бас қайғы» болған заман.

Үшінші кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер одағы тарағанға дейінгі 74 жыл аралығы. Ұлт руханиятының көлеңкеде дамуы.

Төртінші кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16-желтоқсаннан бүгінге дейін аралық. Ең басты құндылығымыз ел тәуелсіздігі. Қазақ үшін қастерлі ұғым. Біз бейбіт өмірді бағалап, азат күнді аялап, тәуелсіз елдің тынысты тірлігі үшін ел болып, тынбай еңбек етуге тиістіміз. Тәуелсіздік ең басты жеңісіміз, ең үлкен құндылығымыз! Ширек ғасыр тәуелсіз мемлекетпіз. Өз жері, өз шекарасы бар әлем мойындаған бірыңғай елміз. Осыған жеткізген жаратушы иеміз Алла Тағалаға және «Ұлы Далада» сан ғасыр еркіндік пен егемендікті аңсаған, сол жолда бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерін жауға бермей арпалысқан ата-бабаларымызға әрқашан басымызды иіп, тағзым етеміз.

Біздің аталарымыз: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «малсыз болсаң да арсыз болма», «әрлі болғанша – арлы бол», «арыңды жеме, барыңды же», «ар жазасы бар жазадан ауыр», «ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы» — деп өмір сүрген, өлмес өсиет қалдырған. Бізде идеология, жастардың ұлттық тәлім-тәрбиесі кемшін соғып келеді. Оны баю, баю тағы да баю деген ұғымдар басып қалған. Бұл дегеніңіз — алдымен экономика сосын идеология дегеннің салдары деп есептеймін. Менің пікірімше экономика мен идеология қыран құстың екі қанатындай тең болу керек. Бірге жүруі, бірге мәңгі болуы керек. Тек сондай жағдайда ғана ұлт руханияты жоғары деңгейде болады деп есептеймін. Отаншылдық рух қажет. Ар-намысты бәрінен жоғары қоюмыз керек.

Ең бастысы – туған Отанымызға адал қызмет істеу деп түсінемін.

Sadibek T.«Ұлы Дала Қырандары» республикалық халықтық қозғалыстың тең төрағасы,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты Федерациясының президенті,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!