Қазақтың бәйге атын баптау өнері

15444

Халқымыздың ұзақ жылдық сынынан өткен, ат баптау мамандығымен жұртқа танылған сыншылар ғана атбегі бола алады. Олар бәйгені таңдай, баптай біледі. Таңдап баптаған сағым құйрық дүлдүлін бәйгеден келтіре де біледі. Олар ат баптаудың шарасын, өнерін басқаларға ұғындырады, үйрете де біледі.

Атбегілер өмір тәжірибесіне сүйене отырып, бәйге атты құлынынан таңдап алып, баптайды. Таңдап алған бәйгесін бағып-қағып, тайында жуасытып, қолын түсірмей, қанжілік қылып қанын бұзып алмай, тебінін қайтарып, сүйегін жасытпай, жүрегін шайлықтырмай, ақжілік етіп бабымен тәрбиелейді. Құнан шыққанда баптап, аздап бәйгеге қосады. Оны «қолтығын жазу, жер таныту» деп атайды. Мұның өзі бәйгені баптаудың, сыннан өткізудің тырнақалдысы. Құнан бәйгеде алдымен келіп, ойлаған ойдың өрісінен шығып, құмарды қандырып, үміт ақтайтындай белгі білдірген, бәйге болатынына көз жеткізген құнандарды күтіп-бағып, мүшел жас – дөненінде піштіріп, қанын толтыру үшін қоя береді. Мұны «қанды бұт» деп атайды. Бабында пішіп қояберген дөнен етейіп, күш жинап, тез жетіледі. Азуын жарып, мүшелге толған белгі береді. Бестісінде (ғылыми жолмен есептегенде төртке толғанда) ұстап баптайды. Жүрегі шайлықпай өскен шын жүйріктің мен мұндалайтын кезі дәл осы кез. «Бесті аттың бетінен сақта», «Мінсең бестіні мін, аянбай тас басады» деген мақал және «Бестімде бәйгеге қос, келмесем басымды кес» деген бестінің серті деп айтылатын тәмсілдер текке айтылмаған. Бестіні бәйгеге көп қосып, күшін үзіп алмай, етін аудырмай, күзгі қыстау сонысына бабымен бағып, қар түсе шөпке байлайды.

Дағдылы жасамалы бәйгелерді тебінге қояберіп, аяқ-қолындағы зорықты қарға сорғызып, жеңілдегенде ұстап, бағымға алады.

Бәйгенің күйі қалыпты болғанда көк тістетпеген жөн. Өйткені, жаңа шыққан көкті жегенде еті істігіп, көкте көбеңсіп, өкпесі қабынады да, щымыр етін тастап, бос көбікке айналып кетеді. Сол себепті пішен, сұлымен бағады. Мұны «қу тезек» деп атайды. Сұлы атқа жеңіл келеді де, қазымайын қалыпты ұстайды. Етін сақтап, қызылын тептіріп, аттың сүйегін түзейді. Тебінін күшейтеді.

Бәйгені баптап, бас бәйгеге қол жеткізу де үлкен өнер. «Ат шаппайды, бап шабады» деген мақал осының ғылыми түйіні. Атты баптау үшін оны шабар етіне келтіріп алу керек. Бәйгенің еті ояз болғанда жазда 30-40 күн қояберіп, етін көтеріп барып баптайды. Егер бәйге қыстай арпа, жүгерімен жемделіп, қазыланып кеткен болса, мамыр айында шайқама шалғынға 15-20 күн қоябереді. Мұны бәйгені «көкке аунату» деп атайды. Көк тістеу арқылы бәйгенің етін жайдырып, майын таратып, қазысын арылтады. Аяқтарын шалғынға соқтырып, көкке аунату – мақсатты өлшемге жеткенде ұстап, баптауды бастайды.

Қай мезгілде болсын семіз атты жаратқанда қызылмай, қанжілік етіп алмай, бірте-бірте баптаған жөн. Үш-төрт елі қазысы бар семіз атты сартап етіп бабына келтіру үшін тұп-тура бір ай қажет. Алғаш жарата бастағанда аз мініп, көп байлайды. Кешкі салқында қағыр, таза жерге қысқа арқандап оттатады. Оттату уақытын тәулігіне 5-6 сағаттан асырмаған жөн. Таңертең күн көтеріле атты атағашқа байлайды. (Ерте заманда бардам адамдар бәйге атын арнайы тігілген киіз үйге бағып, адамға көрсетпей баптаған). Күн қызған кезде саялы ағаштың көлеңкесіне байлаған. Күн сайын 15-20 шақырым жерге аяңдатып жүріп келіп, дем алдырып, суытып отырады. еті қатқан соң тәулігіне 7-8 сағат жайылту керек.

Өте семіз атты бастабында 2-3 күнде бір суарады. Еті қатқан кезде күніне екі рет суарады. Таңертең ерте, судың тұнық кезінде бастау көзінен суарған жөн. Кешке мал аяғы басылып, су тұнығанда немесе бастау көзінен сурау керек. Әр жорлы ат су ішіп, бірінші рет басын көтергенде суаруды тоқтатады. Мұны бәйгені «көкқарыннан сақтау» деп атайды.

Атбегілер бәйге атында зорық барын білгенде қайнаған қою қара шаймен суарып, ішіндегі ыстықты немесе зорықты айдатады.

Егер қанында бұзылу бар деп білсе, жұдырықтай қамыр илеп, бір шелек бастаудың мөлдір, суық суына езіп, сірнесін алып тастап, ұн қосылған сумен суарады. Мұны бәйгенің «қанын түзеу» деп атайды.

Бірсыпыра атбегі бәйгені саумалмен суарып баптайды. Аттың күйіне қарай әр күні 1-4 литр шамасында саумал беріледі. Бұл бәйгенің тебінін тіпті де арттыра түседі.

Кейбір бапкерлер бәйгеге қосылып, жүлде алып жүрген сенімді бәйгелерді ұстап, баптамай-ақ тілін буып жылқыға қояберіп, сырттай бақылап жаратады. Мұндай аттар аз оттап, суды қалыпты ішеді де тоқ жарайды. Күндердің өтуімен әбден жарап, қаншырдай қатады. Терін де алмай, тек бәйге өткізілерден бір күн бұрын ұстап, тілін шешіп, баптап, бабын толықтап, бәйгеге қосады. Атты бұлай баптау қазақ өмірінде бұрынырақта көбірек болған.

Баптауда тұрған атты 2-3 күнде бір рет сабындап жуып, денесін таза ұстайды. Мұны атты «сергіту» деп атайды.

Бәйгенің ең қалыптыларын баптауға 15 күн, еті ауырларына 20 күн болғанда кежімдеп, 10-15 шақырым жерге желдіріп, бусандырып, көбігін шығарып, таң асырады. Мұны «көбік терін алу» деп атайды. Онан соң аттың жарауына қарай бірнеше күннен соң қара жарысқа шабады. Мұны «ащы терін шығару» деп атайды. Қара жарыстан соң атты таң асырады.

Бәйге алаңының қашықтығына қарай 3-5, 10-15 шақырым аралықтағы қара жарысқа салып, таң асырады. Мұны «бәйгенің тұнық терін алу» деп атайды. Осы барысты жинақтап келгенде, «бәйгенің терін алу» деп те атайды.

Аттың терін алу өз алдына бір ғылыми өнер. Тер алу арқылы аттың тынысын кеңейтіп, сіңірін бекіту, қолтығын жазу, етін қатыру, жер таныту – түптеп келгенде атты барлық жақтан шынықтырып, бабына келтіру болып есептеледі. Тер алуда артық қинап, етін аударып, бойын алдырудан қатаң сақтанған жөн. Тер алу – ат көп терлемейтін күйіне келгенде тоқтатылады. Тәжірибелі атбегілер әр жолы аттың терін алғанда, терді сұқ саусағына жағып, жалап көреді. Тердің түсі мөлдір, су тақылетті, бөтен дәмі болмағанда тұнық тері алынды, бөгде тер қалмады деп есептейді. Бұл бәйгенің бабына келгенін көрсетеді.

Алайда, мынаны да айта кеткен жөн:

Жылқының физиологиялық қасиетіне үңілсек, кей жылқы тершең, кей жылқы оңайға терлемейтін қасиетке ие. Бұл бәйгенің терін алуда көңіл бөлуге тиісті маңызды түйін. Терлемейтін атты тері құрғамады деп бірнеше қайтара тер алынса, күйін аударып, бойын алдырып қояды. Көп терлейтін атты тері құрғады, бабына келді деп терін толық алмаса, бойында тері қалады да, шабысқа жарамайды.

Қазақ халқы жылқы шаруашылығымен айналысқан өмірінде жылқыны май етті, қара етті деп бөліп, жылқының қасиетін дәл меңзеген. Бұл жайт ат жаратуда маңызды бір белес болуға тиіс. Осыған орай кейбір бәйге аттар май етті (ақ етті, қызыл аш деп те аталады), кейбіреуі қара етті болады. Мұны да ажырата білген жөн.

Қара етті жылқы – мұндай аттың қызылы толық болады. Еті сыртына теуіп, тысырайып, ішкен-жегені бойынан көрініп тұрады. Мұндай аттар сырттай қатты семіз секілді болғанымен, майы аз болады. Мұндай бәйге атты басып жаратып жібергенде етінен ауып, тер басып, қолтығы дірілдеп, жолда қалады. Мұны «күйі ауған» деп атайды.

Қызыл аш (май етті) жылқы – сүйегі үңірейген, ойқы-шойқы, арық аттай көрінгенімен, ішіне май жинайды, қазылы аз келеді. Сырттай еті ояздау көрінеді. Мұндай атты бабына келіп қойды деп шала жаратса, бәйгеде шайлап, тер басып, тіпті аяғын басуға да шамасы келмей қалады. Мұндай аттарды «тері арылмаған» немесе «топ қазы» дейді. Сондықтан бәйгенің осы қасиеттеріне жете мән беру атбегі үшін аса үлкен сын.

Бәйге әбден бабына келгенде елеңдеп, қарауылдап, көлденеңдеп, тықыршып, тыныш тұрмайды. Боғы құрғап, жартылай түседі. Осы кезде ауық-ауық жасаңға арқандап, ішін босатып отырған жөн. Бабына келген бәйгенің жүні тал-тал болып тікірейіп, жылтырап, қылаң ұрып тұрады. Жүргенде артқы аяғының өкшесі жерге тимейді. Тұяқтың ұшымен іліп басады.

Кейбір атбегілер баптауда тұрып зеріккен аттарды ертең бәйге болады деген түні ноқта-жүгенін сыпырып, үйірге қосып жібереді. Оны арнайы адам алыстан қауымдап бағады. Байлауда тұрып іші пысып, әбден зеріккен ат үйірге қосылған соң ойнақтап, онша жайылмайды. Жылқылардың іңіргі, таңғы жусауында бірге жусап, тырайып жатып ұйықтайды да, ұйқысын әбден қандырады. Мұны бәйгенің «ұйқысын қандыру» деп атайды. Мүмкіндік болса, басқаша тынықтырып, ұйқысын қандырса да болады.

Бәйгеден келетін аттар көп есінейді. Таранып, саңлақтанып, көмбеге барар алдында дамыл-дамыл боқ тастап, тезектейді.

Атбегілер бәйгенің төрт аяғын, тұяғын аялап күтуге айрықша мән береді. Бәйгені суытуға, оның терін алуға қатты зер салады. Ат бәйгеге қосылып келе сала бір сағат мөлшерінде баяу жетелеп жүреді. Тері құрғап, солығы басылғанда тоқтатады. Қайтар жолы алыс болса жетелеп қайтады. Бұл ат денесіндегі тасыған қанды сабасына түсіреді де, аяғына қан түсу, көз түсуден сақтайды. Бәйге алаңы жұмсақ болса, тағасын суырып тастайды, күдір болса, тағасын қадағалап, босаған шегелері болса қатайтып, шеге ұштарын ойдағыдай қайырып жатқызады. Мұның өзі бәйгенің аяғын аялаудың маңызды шарасы.

Атбегі атының жүгірер жер шамасын меңгеріп, жарыс қашықтығын үйлесімді белгілеп алады да, бабын да соған туралап отырады. Бұл бәйгенің сіңірі созылып, қу жауырын болып, аяғына көз түсу, күші үздігіп, жүрегі шайлығып, ендігәрі жүгірмейтін, жүгірсе де ұмтылмайтын нашар дағды қалыптастырудан сақтайды.

Бәйгені ауыр жұмысқа салмай, сетер күйінде күткен жөн. Бәйгеге қосқан кезінде де, қоспаған кезінде де бабымен бағып, соны жегізіп, шөпке байлап, сұлымен жемдеп, төлежітіп, ауық-ауық жүгіртіп отыру керек. Бәйгені суыту, ыстық-суығын қатаң бақылау, көп су ішкізбеу, жылына бір рет сақтық уколын салдыру, екі рет құрт арылту шараларын жүргізу керек.

Қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жалғасқан ат баптау тарихы оның атадан балаға мұра болған дәстүрлі атбегілік өнерін дүниеге әкелуімен бірге, атты тұлғасынан бір көріп біле қоятын әйгілі сыншыларын да арт-артынан жетілдіріп келген. Олар атам заманнан тартып ат жаратып, бәйгеге қосып, озғандарын таңдап, сәйгүліктерді сапқа тұрғызып отырған. Атбегілер мен сыншылар бәйгені тұқымдық тегіне, тұлғасына (бітім қасиетіне), сымбатына, мінез-құлқына, көндігу қасиетіне және басқа белгі-нысандарына қарап сын қоя да, баптай да білген. Осының ішінде жылқының тұқымдық тегі басты нысана етілген.

Zufar S.Зуфар Сейтжанов, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!