Аманкелді ОРМАНТАЕВ. «Қасқыр тартқан»

9672

…- Қанды соғыс басталар жылы, — дейді Әбекең — Бірінші Май мерекесі күні ауданда үлкен той болды. Халық та мұндай қуанышты сағынып қалған екен. Аттарын баптап, балуандарын әзірлеп, көкпаршыл жігіттері сайлап жатты. Өзім өсірген сәйгүліктерімнің бағын сынар шақ келді. Мен де бәйгеге «Қасқыр тартқанды» баптадым.
— Әбеке, «Қасқыр тартқанның» сырын шерте кетсеңіз.
— Сұраған екенсің, айтайын, — деп, әңгімесін жалғастырды қарт жылқышы. Онда ақбоз айғырдың бесті шыққан кезі. Көктем айының біресе жаңбыр, біресе қар жауып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кез еді.
Сол күні түс ауа аспанды бұлт басты да жаңбыр жауды. Арты қарға айналды. Кешке таман жел көтеріліп, боран басталды.
Алдымен жауынның астында, содан қарлы боран мен аязға ұрынған жылқы ығып берсін. Мұндайда оны қайыру әбестік. Қайта шашыратып тоз-тозын шығарасың. Одан да топтап, шашау шығармай артынан ілесіп отырған дұрыс.
107844568_large_0_542c5_5995beba_XXLЖылқының ішінде теңбіл көк бие бар-ды. Ол Ақбоз айғырдың үйірінен еді. Құлындауына бірер күн қалған жануар жылқыға ілесе алмай әбден қиналды. Үнемі жүйрік құлын табатын теңбілкөкті қимай менің де мазам кетті. Ақыр бие болдырып, тұрып қалды. Жылқы ығып барады. Енді не істеймін? Жалғыз биеге қарайласам, бар жылқыдан айрылам. Тастап кетсем ит-құсқа жем болуы мүмкін. Қиналған жерім осы болды. Долы жел толастамай екілене соғып қара көк аспан астында ақ боран азынай соғып тұр.
Осы сәт мен күтпеген жәй болды. ақбоз үйірін қалың жылқыға қуып тығып, «енді сендер осы жылқыдан қалып қоймаңдар» дегендей кісінеп-кісінеп алды да, Теңбілкөк қалған жерге арқырай кісінеп шаба жөнелді. Екеуіне ішім удай ашыса да жылқы соңынан кете бардым.
Тентек боран екі тәулік соқты. Мұндайды талай бастан өткердік қой. Біраз тоңғаныммен жылқыдан шығын жоқтығына қуандым. Ендігі мазмды алған жай – Ақбоз бен Теңбілкөк.
Сол жылы бір шолақ құйрық арлан бөрі Қаратау малшыларын әбден мазалап біткен еді. Ана отардан да, мына отардан да «қой алып кетіпті, пәленшенің сиырын жайратып кетіпті» деген сөз жиі айтылатын. Менің қаупім де осы шолақ құйрық көк бөрі.
Боран басылған соң жылқыны тау қойнауына иіріп, ат ауыстырып міндім де Теңбілкөкті іздеуге шықтым. Шамалап қалған жерге жетсем онда жоқ. Біраз жер шолдым. Бір қойнаудан шыға бере ғажайып көрініске тап болдым.
Теңбілкөктің бауырына тығылып, емшегін іздеген жас құлын аяғын апыл-тапыл басады. Бір шете Ақбоз тұр. Әудем жерде арыстай арлан серейіп жатыр. Атымнан домалап түсіп, ақбозға ұмтылдым. Қара саннан аққан қан қардың үстіне қызыл-жоса із қалдырыпты. Қарақұстан тиген тұяқ көк арланды сеспей қатырыпты. Ат шаптырым жерді қасқыр мен ат тұяғының ізі шиырлап тастапты.
Ақбоздың қан саулаған жарасын жеңіммен орай байладым. Айғыр азынай кісінеді. Менің көзімнен ыстық жас домалады.
Міне, осыдан кейін Ақбоз «Қасқыр тартқан» атанып кетті.
Мерекеге адам да, ат та көп жиналды. Жал-құйрығын түзеп, оюлы тоқым салған кекілдеріне үкі таққан сылаңдаған сұлу бәйге аттары баршылық. Байқаймын, бұл аттар көрші Көксайдан өтіп келген қырғыз ағайындардың баптаған аттары. Оларда той болса біз барып, бізге олар келіп, араласып-құраласып жататын жақсы дәстүр бар еді. «Қырғыздар бәйге аттарын бәйгеге қосар түні ұйықтатапай шығады екен» деген сөзді сонда есіткен едік.
«Талап» пен «Орақ-Балға» колхоздары ежелден ағайын ел болған соң бәйге аттарын да, аударыспақ, көкпар ойындары мен балуан күресіне сенікі-менікі деп бөліп-жармай бірге намыс быртысатын. Екі шаруашылықтың білекті жігіттері тақым қосып, көкпарға түскен де, бес-алты колхоздың шабандоздарын қасқыр тиген қойдай топ-топқа бөліп, маңдайлары жаңа толған айдай жарқырап, бәйге алып жататын.
Бір колхоздан аударыспаққа, екінішісінен балуанға түскен жігіттердің мәртебелерін кәрі көздері жаудырап, ақ баталарын арнап тұрған қариялар аспанға көтеріп, ақбасты Алатаудың ұшар шыңына бір-ақ жеткізуші еді.
«Па, шіркін-ай! Мына тойда да балуандарымыз жығып, көкпардан дес бермей, Ақбоздың маңдайы жарқырап бірінші келсе», — деген менің де арманым бар.
— Уа, азаматтар! Бәйге аттарыңды шығарыңдар. Бәйге ұзақтан шабылады. Жолдан қосылған ат болмасын, — деген жаршының даусы да шығып қалды.
— Ал, балам, ат бабын өзің білесің. Жолды бара жатқанда бағдарлап ал. «Қасқыр тартқаннның» сыры өзіңе мәлім. Кей жерде тізгін босатарыңнан жаңылыспасаң болғаны. Тек анау күрең ат шын жүйрік екен. Содан қара үзіп қалма. Ал, алдыңнан жарылқасын. Бар! – деп шабандоз баланы шығарып салдым.
Ат айдаушылар қырыққа тарта бәйге аттарын бастап жөнелді. Не керек осы үдере шапқан бәйгеде Ақбоз бірінші келді, төбемді көкке бір жеткізді.

Амангелді Ормантаев, «Октябрь перзенті» мақаласынан ықшамдалып алынды.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!