Қазанат – Қубас ат!

10171

hubas atҚазақ пен жылқы біте қайнасқан ұғым. Бірінен-бірін бөліп алудың қажеті жоқ. Бұл туралы хиса-дастандар, аңыз-әңгімелерде айтылып жүр. Жылқы жануарының үстіне алғаш біздің бабаларымыз мінгені ғылымда дәлелденіп жатыр. «Ер қанаты-ат»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Жаугершілік заманда батырдың жан серігіне айналған арғымақтар аз емес.
Сол сәйгүліктердің бірегейі-Қубас ат. Қаракерей Қабанбай батырға серік болған, аруақты тұлпар -Қубастың орыны ерекше. Қабанбай батыр соғысқа аттанғанда көбіне аттың белі шыдамайды екен. Шешуші шайқастардың шебін бұзып жүрген Қабан батырға, өзіне сай тұлпар керек болғаны даусыз. Қалың ел жылқыға бай қазақ даласынан Қабанбай батырға ат іздепті. Бұл сөз Қабанбайдың нағашысы атақты Би Боранбайға жеткен екен. Боранбай бабамыз жиені Қабанбайды шақыртып, Ұланбай мен Бұланбайдың үйір-үйір жылқысының ішінен, арда еміп жүрген Қубасты таңдап берген екен. Жылқышы алып келгенде тұлпарды көрген ел таңдай қағып, таңырқасыпты. Биіктігі нардай, кеуделі, кесек жылқыны Қабанбай бірден ұнатыпты. Атының өзі Қубас деп қойылуы да тегін емес, жүйрікке сай басында бір қырым ет болмаған дейді. Қубас Ақсуат жеріндегі, Тарбағатай жайлауында өскен құлын. Боғас, Талды-Базар, Қарғыба суын қанып ішкен қазанат. Өкпеті тауларының етегі мен Майлышат маңайында өсккен. Кезінде қалмақтарды ойсырата жеңіп келіп, қазақтар ат шаптырып той жасапты. Қабанбай бабамыз Қубасты тек жорықта ғана емес, бәйгеде де сынап көрген екен. Сонда бүкiл үш жүздiң хан-қарасы, игi жақсылары бас қосып, қазіргі Кереку мен Семейдiң маңында екi жүз шақырым қашықтыққа жүгіртіп тұлпарларын сынапты. Осы ұлы бәйгеде Қа¬банбай батырдың атақты Қубас аты жеке дара келiптi. “Мiнгенiм менiң Қубасты, Қубастай жылқы тумасты” дегендi батыр бабамыз сонда айтыпты.
Батыр бабамыздың жан серігіне айналған Қубас атпен талай жорықтар жасалып, жекпе-жек шайқастар өткізіп, ел үшін елеулі соғыстарға қатысқан. Тұран дала төсінде Қабанбайды көтеріп , жеңіс туының желбіреуіне септігін тигізген Қубас аттың да еңбегі ерен. Қубас аттың еліміздің төрт бұрышында тұяғы тимеген жері жоқ. Дарабоз батырға қанат болған даңқты тұлпар жайлы әңгімелер, дастандар, жырлар жетерлік.
Қабанбай дастанының бүгінге жеткен үлгісінен алты нұсқасы бар екен . Алты дастанның құрылысында Хан Батырдың Қубас ат пен серттескен жері өте ұқсас берілген. Төмендегі жолдар Қабанбай дастанынан бір қайырым. Батырдың қубас ат пен серттесуі:
Мен келдім жетпіс сегізге,
Сен келдің отыз сегізге.
Сенен басқа ат мінсем,
Мінгендей болдым өгізге.
Сені мініп шапқанда,
Тартынбай түстім теңізге.
Ей, Қубасым, Қубасым,
Қабанбай өлді дегізбе!
Төрт арыстың баласын,
Енді ешкімге жегізбе!
Шаба алмасаң саған серт!
Қарсы келген жауыма,
Қара тамақ найзамды,
Қадамасам маған серт!
Міне осы жолдарды оқып-ақ, ой түйе беруге болады. Қабанбай батыр Қубас атын 40 жылдай өзіне жолдас еткен. Қубас ат «кісінеп», «елеңдеп» жаудың келе жатқанын білдіріп отырған деседі.
Батырлар жырындағы суреттелген сәйгүліктер де батырға қорған, жанына серік болғаны белгілі. Алпамыстың- Байшұбары, Ер Тарғынның – Тарланы, Қамбар батырдың -Қара қасқасы, Қобыландының – Тайбұрылы. Ер Төстіктің-Шалқұйрығы, Шыңқожаның-Шұбары сияқты, Қубас аттың да ақылдылығы, есті жануар екені елге мәлім. Бұл аттар адамды түсінеді, сөйлейді, тілін біледі.
Қубас ат жайлы толғанған ақын көп, армандаған батыр көп. Ондай текті бүгін туа ма, ол беймәлім. Аңыз болып жеткен арғымақ жайлы ақындарымыз да тізгін тартқан емес. Жәркен Бөдешұлы былай депті:
Тірі болсаң Қабанбай мінген Қубас ат,
Құйрығыңнан алар едім-ау ту жасап.
Әлде қашан кетер едік тоз-тоз боп,
Анамыздан батыр болып тумасақ,
Ақын болып тумасақ.

Беу, Қубас ат, Қубас ат,
Толарсағыңмен тусырылған құмды асап.
О дүниеден кісінеші күмбірлеп,
Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап.
Беу, Қубас ат!
Қубас ат жайлы естігенім білгенім осы енді. Әлі тың зерттеулер, тарихи шындықтар ашыла жатар. Қубас аттың соңғы күндері де туған жерінде өткен. Әбден қартайған шағында көз қырыңызды сала жүріңіз деп, аманат етіп Би Боранбайға әкеліпті. Қалың жылқының ішінде жүрген Қубас , бір күні орнынан тұра алмай жатып қалады. Бұны естіген Би Боранбай: «Ел үшін туған ерен ердің астында ұзақ жыл серік болған аруақты тұлпар ғой, қалың жылқыны «Қабанбайлап!» ұран салып, қиқулап қасынан айдап өтіңдер. Айғайға елігіп, тұрып кетер»-депті. Жылқышылар атақты бидің айтқанын істепті. Қиқулап, ұран салып бір топ жылқыны жанынан қуып өткенде, кәрі тұлпар дүбірге елігіп, ұшып түрегеліп, топқа ілесе жөнеліпті. Жағалбайлы тауының биік асуына шыға бергенде жата қалып жан тапсырыпты. Қайран текті жануар-ай! Би атаның ұйғаруымен Қубас аттың бас сүйегі Тарбағатай тауының бір сілемі, Жағалбайлының ең биігіне қойылған екен. Бүгінгі таңда бұл өлкені қастерлеп «Қубас ат кезеңі» деп атайды. Етегіндегі бастауға ақтық байлап, ары-бері өткен ел аялдайды. Тұлпарға құрмет көрсетіп, ел азаматтары Қу бас атқа ескерткіш те орнатып қойған. Қубастың із қалған бұл өлкеде текті жылқылардың тамыры үзілген жоқ. Әлі талай Қубастай жылқылар туады, үстіне лайық батыр болса!

KartovМерей Қартов

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!