Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. СӘЙГҮЛІКТЕР (этнографиялық зерттеу)

5615

Атпен жазылған тарих

Ол заманда…
Иә ол заманда… Абылай бабамның түсімен айтсақ Қазақ деген халықтың алпауыт туған ерлері Еуразияның мұзарт шыңдарымен салқы төс даласының көгілдір таңын, арыстанның гүр еткен дауысы, көкбөрінің киелі жойқын шабысы, ақ бураның айбар шеккен сұсымен қақ айырып, қылықты қызыл түлкінің бұлаңдаған бұлаң күнінен құрт-құмырсқаға айналып ұсақтаған мүшкіл халіне дейінгі қаншама мыңдаған жылдық қарт тарихтың қатпар әжімін тұлпардың тұяғымен қашамап па еді…
Ол заманда, мына төріткіл дүниенің астан-кестеңін шығарған Еуразияның үлкен ұлы көшін Баба көшпелілер тағы да сол тұлпардың тұяғымен жосылтпап па еді…

Ол заманда, «Қазақ» деген қасиетті атауды төңіректің төрт бұрышына паш етіп, шаңырағын көтеріп тарих сахнасына да осы тұлпардың тұяғымен алып шығып, Орталық, Кіндік Азияны дүр сілкіндірмеп пе еді…

Халқымыз аттан азаматты, азаматтан атты айырып қарамаған. Азаматтың даңқы, ер қанаты — жан серігі атымен бірге аталады. Бұл сонау түркі заманынан бері жалғасқан дәстүр.

Адамзат тарихына алтын әріппен жазылған қайқы қылышты Түркі бабамыздың Біліге-қаған. Тоң-ұқұқ, Күл-тегін, Күли-чорларға арнап тастан қашаған шежірелерде олардың ерлігін, небір жойқын шайқасын баяндағанда мінген атымен қоса хатқа түсірген.

«Күл-тегін 702 жылы тоғыз-оғуз тайпалық одақтың едіз тайпасымен шайқасты», «Күл-тегін аз йағызын бініп оплайу тегді-Күл-тегін Аз (тайпа)-лықтырдың баран (атын)-мініп шайқасты». (КТб. 5.) — Қытайдың (шаша-сәнгүнмен ең алғашқы шайқаста «Күл-тегін ен Ілкі тадқын-чорын боз атын бініп тегді-Күл-тегін ең алғаш Тадқын шордың боз атын мініп шайқасты». (КТб. 32)—Үшінші иегін Сіліг-бегін кедіміліг кежімді торығ ат мініп шайқасты» (КТб. 33) деген екен. Сондай-ақ Күл-тегін 712-714 жылдары Орта Азиядағы түргеш, көнгерес сияқты тайпалармен өздік атын алып, шабысты ақ атын мініп шайқасқаны қақында ескерткішке былайша қашап қалдырған еді: -«Күл-тегін алп чалчы ақ атын мініп төгді. Күл-тегін алып шалысты ақ атын мініп шайқасты». (КТб.)

Күли-чор ескерткішінде Күли-чордың «өзлүк боз ат»-өздік боз атын (КЧб. 4), «Күли-чор өзлүк иегрен ат бініп»-Күли-чор өздік жирен атын мініп (КЧб. 15) деп боз (бүгінгі түсінік бойынша буырыл) және жирен атын мініп жорыққа шыққаны туралы тас ескерткіш бетіне оның даңқын мәңгілікке қашап жазған екен.

Көріп отырғанымыздай бұдан 1200-1300 жыл бұрын түркілердің баһадүр ұлдарының ерлігін олардың даңқын асырған арғымақ аттарымен қоса ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, халқының жадына мәңгілікке қалдырған.
Ұлы бабаларымыз түркілер көнеден күні бүгінге дейін шашасынан жер, құйрығынан жел аңқыған атын жан жолдасына балап келген. Сондықтан да халық ортасында «жанына балаған жалғыз аты» деп жанына өлшеген жалғыз ұлындай атын да айрықша қастерлеген. Бұрынғы өткен заманда өзіне арнаған өздік атын өлгенде көрге де бірге ала кететін дәстүр болған. Көне түрікше мұны «өзлүк ат» (КТ.Б. 15) деп атаған.

Бұған б.з.б. 11 ғасырдан б. з. XV ғасыр аралығындағы түркілік археологиялық мұралар дәлел бола алады.

Басқа көшпелілерден түркі тектілердің археологиялық мұра ерекшелігі атты мүрде, үзеңгі, шаужай үшеуімен ерекшеленеді.

Көне түркі тектілер молалардың ішіне адам сүйегімен қатарластыра (30-50 см қашықтықта) бір немесе екі атты қоса көміп келген. Бұл дәстүр тек қана түркілерге тән қасиеттің бірі. Бұндай мұраларды «атты мүрде» дейді.

Түркі тектестердің үзеңгісінің бау тағатын ұңғысы үзеңгінің жалпы корпусынан биік, тұтқадан шығарылады. Ал басқадай манж-түнгус, моңғол тектілерде үзеңгінің ұңғысы оның жалпы корпусында болады. Түркілер үзеңгі бау тағатын ұңғы шығару үшін ұзын мойын орнатады.

Түркілердің жүгендегі шаужай «S» пішінді келеді. Оның таяқшасынан имектелген басына кейде үйрек құс, теке арқар, арыстан, жолбарыс, жылқының басы бейнеленген болумен қатар, әр түрлі ою-өрнектермен әшекейленеді.

Монғол жерінен табылған бірнеше атты мүрдені атап өтелік.

Моңғолдың орталық бөлігі Архангай аймағынан табылған Хүннү заманының бір моласында астына киіз салып екі атты адам мүрдесімен бірге көмген. Міне, осы іспеттес б.з.б. II ғасырдан б.з. XV ғасырларда көмілген атты мүрделер Кентай аймағының Төгси өвдөг, Өвер-ханғай аймағының Шанх сияқты жүздеген молалардан Тува, Алтай өлкесінің көптеген молаларынан табылып, тарих ғылымын таңқалдырып отыр. Дәл осындай атымен қоса көму, қадірменді сыйлылар мен қағандарды атымен қоса өртеп жіберу, өлгенде (мүмкін жетісі болар) жылдығына ат арнау түркілерге тән қасиет екеніне көне жәдігерлер хабардар етіп отыр.

Осындай бір молаға толығырақ тоқталасақ.

1983 жылы Монғолияның Булған аймағынан Бүрегханғай сұмынының Өвгөнт (Қария) тауының бөктеріндегі хүннү моласынан (б.з. 30-шы жылдары көмілген) екі ат қоса көмілген мүрде табылды. Мүрде мен екі аттың арасы 50 см қашықтықта көмілген, екі аттың басын біріне-бірін жастатқан.

Бұл аттардың астына киіз төсеген де жібекпен (торғынмен) орап, солтүстік батысқа қаратқан. Төрт аяғын бүгіп жерлеген. Оның жүгенінің шаужайы тағы да «S» формалы. Сонау Хүннү заманынан атты ата-бабаларымыз қаншалық құрметтейтіндігін осынау айғақтардың өзі айқын көрсетіп тұрған жоқ па?

Бабаларымыздың мүрдесін қанша мың жыл өтсе де мініп жүрген сәйгүлігі мен ат-әбзелінің ерекшелігінен айырып алып отырмыз.

Иә, қазақтың, ары айтсақ иісі түрік тектілердің жаны да, тәні де, ары да, арманы да, даңқы да, тарихы мен дәстүр болмысы да жанына балаған сәйгүлігіне байланысты екен. Сондықтан да жанына балаған атын қабірге ғасырлар бойы бірге жерлеп келеді.

(Жалғасы бар)
9f1a8f7afabf8d5c03eccab2e7d0f2b3Қаржаубай Сартқожаұлы,
Қадыл Айдаубайұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!