Көкпарға көңіл бөлмегені қалай?

3121

Бұл мақала осыдан аттай алты жыл бұрын жазылған екен. Алты жылдың алдындағы мәселенің түйіні әлі де шешіле қоймағаны белгілі. Мұндай олқылықтар бір Кеереку өңірінде ғана кездеспейді, еліміздің көптеген аумағындағы көкпардың күні осындай десек артық айтқандығымыз емес. Әсіресе солтүстік өлкелерде. Бұл мақаланы қайта берудегі мақсатымыз осында айтылған кемшіліктерден басқа облыстардағы ұлттық спорт мектептері, ұлттық спорттық командалар да сабақ алса екен дейміз. Мақала автордың рұқсатынсыз беріліп отыр.

Арғымақ.кз

Көкпарға көңіл бөлмегені қалай?

Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Қазақ жылқы тектес, жылқы мінездес халық деп жататынымыз тағы бар. Расында да, қазекең де жылқы малындай алыс кетсе, кісінесіп, жақын жүрсе, тебісіп ғұмыр кешеді екен-ау.

Ал енді осы қазақтай аттың құлағында ойнайтын ұлт жер бетінде жоқ. Содан болар, ұлттық спорт десе, көз алдымызға шабандоз бен көкпаршының елестейтіні. Ат үстіндегі көкпаршының әдіс-тәсілін бірде-бір спортшы жасай ала ма екен? Әй, қайдам. Ат үстіндегі қазақ көкпаршыларының қимылын көрген Еуропа Кентаврды көргендей тамсанды. Сол әлемді таңғалдырған ұлттық ойындарымызды өз елінде «маңдайдан сипамайтынын» төрткүл дүние қайдан түсінсін. Көктем шыға керекулік шабандоздар да қызу дайындыққа кірісіп кетті. Алда республикалық дода күтіп тұр. Қыс бойы атқа тақымы тимеген көкпаршылардың тақымдары да бос екені көрер көзге көрініп-ақ тұр. Үнемі дайындықты қажет ететін бұл спорт түрімен айналысатындардың шекесінің шылқып тұрғаны да шамалы.
Арнұр САРИН, Қайырбаев атындағы Павлодар облыстық ұлттық-халықтық спорт мектебінің бапкері:
– Көкпар деп айғайлайтындар көп. Бір айтылады да қалады. Соған қолдау беріп, көмектессе ғой. Бізге келем деушілер көп болғанымен, ат жағы, сайман жетіспейді. Ат қораның өзі стандартқа жатпайды. Биыл ел қазынасынан қазақтың ұлттық ойындарын дамытып, қолдау үшін 30 миллион теңге бөлініпті. Ал ұлттық өнеріне оң қабағымен қарайтын Оңтүстік Қазақстан облысы өз көкпаршылары мен шабандоздарына 300 миллион теңге бөлген. Бұл дегеніңіз, он есе көп. Жуырда Елбасы өз Жолдауында бұқараны жаппай спортқа тартуды тапсырғаны белгілі. Мысалы, Жапонияда мектептегі дене шынықтыру пәнінің орнына дзюдо сабағы өткізіледі екен. «Неліктен біз де сол жапондар құсап, көкпарды олимпиадалық спорт түріне енгізбеске» деген сауал көкейде тұрғаны анық.
Қамбарбек МҰСАБЕКОВ, ҚР спорт және туризм министрлігінің Спорт комитетінің бас маманы:
– Менің білуімше, біздің басшылар осы бағытта келіссөздер жүргізіп, тер төгіп жүр. Ал шынтуайтына келсек, олимпиадалық спорт түріне ену үшін, алдымен әлемдік аренада абырой жинауымыз қажет. Бүгінгі таңда елімізде ұлттық спорт ойындарын насихаттап, тер төгіп жүрген 120 мыңға жуық қазақстандық азамат бар екен. Тәубе. Десек те, ипподром және сайыс өткізетін ғимараттар салуға келгенде қаржы жетіспейді дейді мамандар. Мәселен, республикада асыл тұқымды жылқы баптайтын жалғыз зауыт бар екен. Оның өзі – Қостанайда. Білетіндердің пікірінше, ұлттық жылқы спортына қомақты қаржы құймайынша, іс ілгері баспайтын көрінеді.
Нәбидолла КИКЕБАЕВ, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының басшысы:
– Осы саланы бір дамытып алсақ, қаржылық жағынан өзін-өзі-ақ алып кетеді. Батыс елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, тотализаторда ойнайтын адамдар осымен ғана өмір сүреді. Бұл – толағай табыс әрі тәп-тәуір насихат. Былтыр ұлттық спортты жандандыру мақсатында Павлодар педагогикалық институтында ұлттық спорт бөлімі ашылған болатын. Мұнда тоғызқұмалақтан бастап, көкпарға дейінгі ұлттық спорт түрлерінің барлығы қамтылған. Жаңа ректор Жанмырза Нұрмағамбетовтің бастауымен ашылған сужаңа бөлім, атқұмар қазақ баласын осыдан былай дипломмен қамтамасыз етпек. Бүгінгі таңда республикалық додаларда облыс намысын қорғап жүрген ұлттық спорт командаларының негізін осы институт студенттері құрайды. Қазақстанда бәйге мен көкпарды кәсіп етіп, нәпақа тауып жүргендер баршылық. Ал ел Үкіметі осы саланы өз қамқорлығына алса, болашақта салған тиындары теңге болып қайтатыны анық. Әзірше бөлінген қаржы тұрмақ, тиынның сылдыры да естілмейді. Ал ұлттық спорт ұлтжанды азаматтардың арқасында ғана өлместің күнін көріп келе жатқанын көбі біле бермейді…
Біріншіден, қаржы қолбайлау болса, екіншіден, осы жарыстарды өткізетін ипподромдар жоқтың қасы. Қала тұрғындарының сүйікті орны болған, аламан бәйгелер өткен ипподромды заңсыз жертелімі деп жауып тынды. Дайын тұрған кешенді жауып тастаған шенеуніктердің сендіруінше, ипподромға қарасты жер телімі сонау 2000 жылы заңсыз берілген. Қысқы манежді айтасыз, жазғы стандартты дені дұрыс ипподром таба алмай отырған облыс құрамасынан жоғары биіктерді дәметудің өзі әбестік-ау. Сонда ұлан-байтақ жерімізде ұлттық ойынымызды ұлықтау үшін ұлтарақтай жердің табылмағаны ма?..

Kabden O.Оңғар Қабден, Павлодар облысы,
«Алаша айнасы» газеті 2010 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!