Қазақ жылқысының тұқымдық дамуы мен будандық ерекшеліктері

13173

Біз қазақ халқы, «тегіміз – түркі, түлігіміз-жылқы» деп өскен елміз. Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте-мөте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен.

Орталық Азия, оның ішінде қазақ даласы – жылқының отаны, оған дәлел жүздеген мың жылқы сүйектері табылған энеолит дәуіріндегі – Ботай қонысы. Ботайлықтар әлемдегі алғашқы жылқышылар, жылқыны қолға үйреткендер.

Демек, XXI ғасырда егеменді ел атанғанда мемлекетіміздің басты шарушылығы – жылқы өсіру, халқымыздың сүйіп ішетін сусыны- қымыз, ұлттық идеямыздың негізі – тұлар болуға тиіс.

Осыдан 6 мың жылдай уақыт бұрын кіндігі қазақ жері болып саналатын, арғы тегі тарпаңдар мен керқұлаңдардан тараған қораш жылқылардан бүгінде көпке әйгілі қылқұйрық тұқымдары: ақалтекелер, араб жылқылары, арғымақтар, қазанаттар, ағылшынның таза қанды сәйгүліктері, мініс, жегіс аттары, ірі жүк жылқылары іріктеліп, сұрыпталып шықты.

Жылқы қазақтың жаны мен қаны, қанатына баланған пырағы. Біз қазақтың жылқысы дегенде сәйгүліктерді ғана ойлаймыз. Неге оның қымызы мен қазы-қартасын айтпаймыз? Осы жағын жарнамалауға болмай ма? Қазір Италия, Франция елдері бізге экологиялық таза өнім жіберіңдер − деп отыр. Басқа елдердің жылқыларына қарағанда, қазақы жылқылардың сүті мен етінің қаншама ауруларға ем екендігін екінің бірі біледі. Басқасын былай қойғанда, жылқы етiнiң адам ағзасын жасартатын қасиетi бар екендігін мамандар мойындап отыр. Бұл дегенің – Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі тұрған біздің ел үшін үлкен мүмкіндік. Ат спортын дамыту, қымызын, етін, қазы-қартасын көптеп дайындау, шағын фермерлік шаруашылықтарда күш көлігі ретінде пайдалану қаншама пайда әкелер еді. Бірақ, осы жүйе бізде бір ізге түспеген. Бір сөзбен айтқанда, жылқының қадір-қасиетіне әлі жете алып отырған жоқпыз.

Қазіргі таңда еліміздің жылқы шаруашылығындағы басты қызығушылық – ет пен сүт өнімдерін мол беретін, өндіріс шығыны аз қазақы жылқыны өсіру. Жабы типті қазақы жылқы, басқа жылқыларға қарағанда өзіне тән ерекшеліктері мен артық: жыл бойы жайылымда тебіндеп жайылуға бейімділігімен, ірілігімен және жоғары тірілей салмағымен ерекшеленеді. Қазақы жылқының басы дөрекі, жалпақ бетті, жақ сүйектері жетілген, мойны бұлшық етті қысқа, тұрқы ұзындау, орта бойлы, арқасы тік, белі мықты әрі жалпақ, сауыры етпен білеуленген, аяқтары қысқа да сүйекті, артқы аяқтары түсіңкі, жалы қою, қылы ірі талшықты, терісі қалың, жүні қыс айларында түкті, ұзындығы 4-5 см-ге дейін келеді.

Қоңдылығы жоғары жабы типті қазақы жылқының тірілей салмағы 450-530 кг-ға дейін жетеді. Көктемгі және күзгі жайып семірту кезінде тез қоң алу қабілеті өте жоғары жануар. Биелері тәулігіне орташа есеппен 10-15 литр, ал ең үздіктері құлынның емген сүтімен есептегенде 21 л-ге дейін сүт береді. Жылқының адам бойына күш, рух сыйлайтын ала-бөтен қасиеті бар. Ол – намыс, ол – ұлттық сана-сезім, ол – тектілік рухы еді. Қазақ үшін бұл тіпті де қажет.

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруді мақсат етіп, 2050 стратегиясына қадам басқан қазақтың өз ұлттық бренді болуы тиіс. Бұл – заман талабы. Ал ежелден келе жатқан ата кәсіп – мал шаруашылығы, оның ішінде жылқы малын асылдандыру арқылы бұған жедел жетуге болады.

BaiharaКезінде Қазақстандағы табынды жылқы шаруашылығының сапасын арттыру мақсатында, селекционер-ғалымдар тұқымаралық будандастыру жұмыстарын кеңінен қолданды. Тіршілік ету ортасына жақсы бейімделген жергілікті қазақы жылқының биелерін, шабысы жақсы, ірі денелі зауыттық жылқы тұқымдарының айғырларымен шағылыстыру арқылы қазақы жылқыларға қарағанда ірілеу келген, бейімделу қабілеті кем түспейтін будандар ала бастады. Осындай селекциялық жұмыстар нәтижесінде, ғылыми түрде айтсақ, жергілікті қазақы биелерді, таза қанды мініс, дон, желісті тұқымдардың аталықтарымен күрделі зауыттық будандастыру арқылы алынған ұрпақтарын «өзара өсіру» негізінде жаңа көшім тұқымдық топ жылқыларын шығарды. Алынған будандарды ұрпақтан ұрпаққа жетілдіре отырып, 1976 жылы көшім жылқы тұқымы болып бекіді. Тұқымды шығару жұмыстары 1930-1931 жылдары табынды-жөндеу мақсатында, жылқы зауыттарын салудан бастау алады. Олар: Орал облысындағы №51 Пятимарск, №67 Урдинск және Ақтөбе облысындағы №52 «Эмбі». Осы Орал обылысында 1935 жылы №117, 1943 жылы №28 Фурманов және 1945 жылы №103 Чапаев атындағы жылқы зауыттары салынады.

1950 жылдары жылқы зауыттарында қайта ұйымдастыру жүргізілді, ал №67 зауыт №103 жылқы зауытының территориясына көшірілді. Тың жерлерді игеру басталғаннан кейін, көшім тұқымды жылқыларды шығарумен айналысатын басты жылқы шаруашылық кәсіпорындары болып Пятимар және Фурманов жылқы зауыттары қалды.

Көшім тұқымды жылқыларды шығару тарихында М.Н.Борисов, В.В.Степачев төрт кезеңді көрсетеді:

біріншісі 1931-1937 жж.,

екіншісі 1937 жылдан 1957 жылға дейін,

үшіншісі 1957 және 1963 ж.,

төртіншісі 1963 және 1976 жылдар аралығы.

Бұл тұқымның тұқымдық айғырларының орташа шоқтық биіктігі 158,0 см; дене тұрқының ұзындығы 160,0 см; кеуде орамы 185,0 см; жіліншік орамы 20,0 см және тірілей салмағы 530-570 кг-ды құраса, биелерінде бұл көрсеткіштер 155,0-158,0-185,0-19,0 см және 550,0 кг-ға сай келеді. Қазір көшім тұқымының негізгі топтары Батыс Қазақстан облысында «И.Сергазиев» атындағы жылқы зауыты, «Көшім» ЖШС және «Сабит» жылқы шаруашылығы сонымен қоса Ақжайық ауданында құрылған «Көшім» жылқы шаруашылығы мен қатар Ақтөбе облысының бірқатар аудандарында өсіріледі.

Kulaker1998 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 30-қарашадағы №156-бұйрығы бойынша Мұғалжар жылқы тұқымы апробацияланды.

Авторлар: И.Н.Нечаев, А.Е.Жұмағұл, С.Рзабаев, Г.С.Бегімбетова, Н.А.Кикебаев және т.б. Бұл тұқымның шығуына, тағы қазақы жылқының қатысы бар. Мұғалжар тұқымын шығаруды, жергілікті қазақы жылқының ең үздік жабы типті айғырларын тұқымдық және өнімдік қасиеттеріне қарай тиянақты іріктеп алып, Қазақстанның әр аймағына тарата отырып, таза тұқымды мал өсіру әдісімен көбейтіп жетілдіру нәтижесінде қол жеткізді. Қазіргі таңда мұғалжар тұқымының ішінде өсіру ортасына және өнімдік деңгейіне байланысты төрт генетикалық типке бөлінген жылқылары өсіріледі:

Олар Қызылорда облысының Арал ауданында ЖШС «Құланды» жылқы зауытында өсірілетін құланды типі;

Қарағанды облысы, Шет ауданында «Шолақ Еспе» жылқы зауытында қожамберді типі;

Ақтөбе облысының асылтұқымды шаруа қожалықтарында қайыңды және ембі тип жылқылары өсіріліп жатыр.

Бұл жылқылардың генетикалық құрылымдары анықталып, одан әрі оларды жетілдіруде жоспарлы асылдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған барлық типтің ішінде құнды тұқымдық айғырлардан бастау алатын, ата-тегінің шежіресі анықталып қаланған ұрпақтарынан зауыттық аталық іздері бар.

Тәуелсіздікке «тұлпар ізімен» жеткен қазақ халқы үшін қазіргі таңда жылқы шаруашылығының орны бөлек. Әрине, кешегі Кеңестік кезеңге дейінгі қазақтың сайын даласында қаншама табынды жылқы еркіндікте жүрді. Қазақ халқының сол кездегі байлығы да осы – жылқы еді.

Жабы типті қазақы жылқымен асылдандыру жұмыстары Павлодар (Кереку), Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында жүйелі жүргізіліп келеді. Асылдандырудың басты бағыты осы жылқыларды тиянақты іріктеу мен жұптастыра отырып, әрбір аймақтың табиғи-климаттық жағдайына байланысты ерекшеленетін өзіндік зауыттық типтерін, аталық іздері мен аналық ұяларын шығару. Павлодар (Кереку) облысында жабы типті қазақы жылқының селеті зауыттық типі апробацияланды.

KhazanatШығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында жергілікті қазақы жылқылардың аналықтарын кеңестік ауыр жүк тартатын тұқымның аталықтарымен жай зауыттық будандастыру негізінде қазақы жылқының қаба етті тип жылқылары шығарылды.Қазіргі таңда Қарой ауылындағы «Қызылашы» шауақожалығында өсіріледі. Бұл жылқылардың тірілей салмағы мен дене өлшемдері тұқымдық айғырларында орташа есеппен шоқтық биіктігі 147,0 см; тұрқының ұзындығы 153,0 см; кеуде орамы 188,0 см; жіліншік орамы 21,5 см және тірілей салмағы 540-560 кг-ға тең, ал осы көрсеткіштерге сәйкес биелері 145,0-152,0-182,0-20,5 см және 500,0 кг. Алайда, қазіргі уақытта бұл жылқылардың саны азайып кетті. Асылдандыру жұмыстары қаражаттың жоқтығынан жүргізілмеді. Жылқылардың негізгілері әрбір шаруашылыққа бөлініп жойылып кету алдында тұр. Егер Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық басқармасы қолға алып қаражат жағына көмек берсе, бұл жылқыларды қалпына келтіруге болады. Қазақ ұлттық аграрлық университеттің оқытушы-ғалымдары және қызметкерлері, осы қаба етті тип жылқыларының авторларының шәкірттері жұмыс істеуге әрқашанда дайын.

Қазақстанның алуан түрлі табиғи климаттық жағдайына байланысты бөлінген, қазақы жылқылардың ішінде әліде толық тұқым болып бекімеген тұқымдық топтар (отродье) баршылық. Оның ішінде Маңғыстау облысы мен Атырау облысының бірқатар аудандарында өсірілетін адай жылқысы. Адай жылқысының экстерьерлік ерекшеліктері: басы біршама жеңіл, дене тұрқы шағын, шоқтығы ерекше, арқасы тік, сауыры қақпақ тәрізді етсіздеу, аяқтары құрғақ, жіңішке, сіңірлері жақсы жетілген. Бұл жылқылардың шағын денелі болып қалыптасуына түркменнің ахалтекесі, иомуд және қарабайыр жылқылары әсер етсе, екінші жағынан жайылым жағдайының жұтаңдығы да көп әсер етті. Адай жылқысы салт мінуге өте жарамды, шыдамды келеді.

Адай жылқысымен 60-70-жылдары А.И.Иманғалиев жүйелі түрде жұмыс жүргізді. Уақытында адай жылқысын зерттеумен айналысқан Я.Я.Полферов (1873), И.Н.Чашкин мен Н.И.Кузьмин (1939), А.В.Мишарев (1949), Б.Х.Садықов (1959) әртүлі қашықтықтағы шабыста төзімділігіне аса мән берді. А.И.Иманғалиев адай жылқысы тай-құлындарының өсіп жетілу заңдылықтарын, ет-сүт өнімділігін, әртүрлі қашықтықтағы шабыс төзімділігін зерттеді. Адай жылқысын жетілдіру нәтижесінде Өрендік, Еңсеген-торы, Қибаскөк, Бекес-торы, Есполай-торы, Есполай-жирен, Ізтұрған зауыттық аталық іздері қаланды. Қазіргі таңда осы адай жылқысының генеалогиялық және генетикалық құрылымдарын қайта зерттей отырып, толық бір тұқым ретінде бекуіне жан-жақты жұмыс жасауды қажет етеді.

Алматы облысы Алакөл ауданының таулы аймағында қазақы жылқының найман тұқымдық тобының генетикалық мүмкіншілігін арттыру мақсатында асылдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жылқылардың дені Алакөл ауданының ЖШС «Тоқжайлау» шаруашылығында шоғырланған.

RubayatТағы бір айта кететін жайт, 1888 жылдардан Қостанай мекенінде зауыттық атқора ашылуынан басталады. Қазақы жылқының биелерін дон, таза қанды міністі, орлов желісті және стрелец тұқымдарының айғырларымен күрделі будандастыру негізінде алынған ұнамды тип будандарын өзара өсіру барысында спорттық бағыттағы бірінші рет Қазақстанда «қостанай» тұқымы салт-жегінді болып 1951 жылдың 22-ші науырызында И.В. Сталин қолымен КСРО Министрлер Кеңесі қаулысы арқылы бекітілдіген еді.

Аталған атқораға 2016 жылы 128 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Қостанай облысындағы 1888 жылдан келе жатқан жылқы зауытының жұпыны жағдайын өз көзімен көріп, Елбасының көрегендігінің арқасында – 2000 жылдың 10 қаңтарында Өкіметтің № 37 қаулысымен «Қазақ тұлпары» РМҚМ жаңа мекеме дүниеге келді. Қазіргі таңда Қостанай тұқымының қатысуымен «қазақ тұлпары» тұқымын шығару бағытында жұмыс жүргізілуде. 2003-2010 жылдары туылған 50 бас көлемінде төлдер іріктелініп алынды. Іріктеу талабы қандылығы, жұмысқа қабілеттілігі, үйлесімді дене бітімі және ата-тегі бойынша жүргізілді. «Қазақ тұлпары» жаңа тұқымын шығару кестесі селекциялық тұқым қуалауы бойынша үш тұқымның (қостанай, таза қанды мініс, араб) бойынша қосылу жолымен жүргізілді. Жаңа тұқым алу үшін өсу көрсеткіштері, жүйріктігі және пайдалы шаруашылық белгілеріне байланыстыра таңдалынды. Бұндай жетістікке жету гендік қорды сақталуы мен тектілікті қадағалау арқасында. Қазақстанда ашылған жалғыз айғыр шәуетін сақтайтын биотехнологиялық зертханада «Қазақ тұлпарында». Сонымен бірге тектілікті анықтайтын ДНК генетикалық зертханасы да осында.

«Қазақ тұлпары» (қазақ-мініс) жаңа тұқымын шығаруға бүгінгі күні «Қазақ тұлпары» (қазақ-мініс) атты жаңа арнайы спорттық жылқы тұқымын шығару үшін және мініс-жегілетін жылқы тұқымын сақтау үшін жылқы зауытында жағдайлар жасалынған: мініс-жегілетін және қостанай жылқы тұқымыны, ғылыми-иппологиалық ұжымы, бағалы таза қанды мініс (батыс-европалық селекция), араб тұқымды айғырлары бар және қазіргі заманға сай иммуногенетикалық, биотехнологиялық зертханалары табысты ғылыми жұмысқа қол жеткізді.

«Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауыты өсіретін асыл тек қана қостанай жылқылары, шет ел жылқыларымен бәсекелес. Бұған дәлел ретінде 2004-2014 жылдар аралығында «Қазақ тұлпары» командасы таза қанды импортты жылқылар мен қатал бәсекелестік жағдайларында 369 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 147-бірінші орын, 125-екінші орын және 87-үшінші орынды алды, соның ішінде 19 автокөлік иеленді. «Тайбурыл 2004» мамандандырылған жылқы көрмесіне 11 түрлі тұқымды жылқылардан 70 жылқы қатысып, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының Бота (Аргон-Бандуристка) атты биесі «Абсалютті чемпион» деген атаққа ие болып, «Бас сыйлық» иегері атанды.

Қазақ өмірімен біте қайнасқан жылқының сырын біздің халықтай білетіндер кемде-кем. Құнды мәліметтерді өзгелердей қағазға қаттамаса да, қазыналы қарттарымыз көкірегінде жаттап, құпиясын бұзбай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттады. Қазақ жылқы тұқымдарының дәл өзі болмаса да, көзі бізге жетті. Қазақ ұлттық аграрлық университеті оқытушы-ғылымдар, PdD докторантары мен магистрантары қатысуымен өнімді бағыттағы жылқыларды бағып-күту технологиясы бойынша жасалған ғылыми тұжырымдарды кеңінен қолдана отырып, отандық жылқы тұқымдарымен жоспарлы түрдеасылдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазақстан селекционерлері жылқыларды жетілдірумен қатар, олардың арасынан жоғары өнімді жаңа тип, аталық із бен аналық ұя шығарумен айналысып келеді. Жылқы қозғалысты, белсенділікті қалайтын жануар ғой, олай болса, бұл жылыда белсенді жобаларды іске асырып, тез қимылдап табысқа кенеліп, жедел желіп бақытқа жететін мезгіл деп қабылдағанымыз жөн.

Жылқы! Осы бір ғана қасиетті де, қастерлі сөз жүрегімізді жылылық сезімімен жадыратып, көңілімізді көкке көтеріп және қиялымызды шартарапқа жетелейтіндігіне ешкім де күмән келтіре қоймас. Өйткені, қазақ халқының басынан өткізген барлық тарихи тұрмыс-тіршілігі және шаруашылығы тікелей жылқы жануарының тарихымен әрі тамырласып, әрі тағдырласып жатқандығы тарихтан белгілі.

Қазақта байлық жылқының санымен бағаланған, салтанат пен сұлулықтың өлшемі де жылқы болған. Қалыңмалға, бәйгеге, адамның құнына, сондай-ақ айыпқа ат-шапанмен қоса жылқы төлеген. Қазақ жылқысы осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз Қазақстанның ұлттық бренді ретінде сақтай білуіміз керек, сондықтан қазақ жылқысының қасиеттерін осы елдің азаматтары толық сезінсе екен деймін. Әсіресе, қазақ үшін жылқының орны бөлек болуы тиіс!

Khairat I. а.ш.ғ. кандидаты, доцент Қайрат Исхан

(Суреттер автордың жеке қорынан алынды)

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!