Қажытай Ілиясұлы: Жорға баптаудың қыр-сырын білетін адам тым аз

7944

Бұл сұқбат Қажытай Ілиясұлының көзі тірісінде алынған екен. Өзі атбегі, жылқытанушы көненің көзін көрген ғалымның жорға жайлы айтқан ойлары бүгінгі ұрпақтың көкейінде жүрсе артық болмас деген оймен оқырман қауымға ұсындық. Қабыл алыңыздар!

argymaq.kz

Қазақ жылқысы – тұнып тұрған ғылым. Оның ашылған сырларынан жұмбақ қырлары көп. Жуырда Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, атбегі, сазгер, сатирик, этнограф Қажытай Ілиясұлына жолығып, жылқы тұқымының ерекше түрі – жорғаның жай-жапсарына қанығып қайттық. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Қажытай ата, ең алдымен жорғаның өзіне, шығу тегіне тоқталсаңыз!..
– Жорға деп аттың жүріс тәсілін, қимылын айтады. Мәселен, би – адам қимылындағы поэзия, үйлесім, сұлулық болса, жорға – жылқы қимылының ең жанға жайлы түрі. Ол – іштен туатын қасиет. Сондықтан жорға сақтардың құланды қолға үйретуінен басталады. Жорғаның ең дәуірлеген кезеңі сонау VI ғасырдан мәлім. Шыққан жері – үйсіндер елі. Көк Түріктің жылқысымен 97 жыл будандастыру нәтижесінде табаны жарылған небір керемет жорғалар шыққан. Жылқы малын жан-жақты зерттеген Мамырқан Қалиысқақов деген данышпанның айтуынша, әлемдік жорға жарысында 11 шақырымды 3 минутта басып өткен жорғалар болыпты. Қытайлар жорғаны «Тяньма» деп зерттеп жүр, қазақша долбарлағанда «тәңір аты» деген сөзге келеді.
Жорға атты бұрынғының хандары мен бектері, сал-серілері бір жағы сән үшін ұстаған. Бойжеткен қыздар, әйелдер, әсіресе әжелер жайлылығы үшін мінген. Ұзатылған қызға жорға мінгізіп ұзату немесе ат мінгізгенде жорғаны ыңғайлау деген ерекше құрметті білдіреді.

– Естуімше, жорғаның түрлері көп екен. Тарқатып бересіз бе?
– Иә, жорғаны қазақ жол жорға, қой жорға, китің жорға, шәлдірік жорға, түйе жорға (жорғасы үш аяғында), тайпалма жорға, су жорға, шапқын жорға деп жіктейді. Ең баяу жүретін түрі – жол жорға. Жол жорғадан екпіндірегін қой жорға деп атайды. Түйе жорға – үш аяғымен ғана жорғалайтын ат. Мұндай жылқы ақсақ адам сияқты оғаш қимылдайды. Үстінде отырған адамды сілки шайқап, зықысын шығарады.
Жүрістің бұл түрлері хайуанға жаратылысынан бітеді. Қазақ тарихын арғы бетте (Қытайда) ең алғаш жазған Нығмет Мыңжани деген зерттеуші болды. Мен көрген түйе жорға – сол кісінің әкесі Мұхамметүсіптің қара жал, қарақұйрық торы аты. Кішкентай күнімізде сол жорғаға мініп алып, ауылдың қасындағы айна бұлақтан суаратынбыз.
Су жорға жорғалаудан басқа қимыл жасамайды. Қос аяққа салмайды, желмейді, жортақы жүрісі де болмайды. Қаншама қамшылап, қысасаң да, жорғасын бұзбайды. Себебі онда қимылдың басқа түрі жоқ. Сыпыра жырауды халық арасында «адамның жорғасы» деген екен. Су жорға сияқты оның да өлеңнен басқа сөзі болмаған. Жорға аттардың ішіндегі жылдамдығы бойынша ең озық тұрғаны – шапқын жорға. 11 шақырымды 3 минутта басатын да осындай аттар. Жорғаның жылдамдығын анықтау үшін қазақтар неше түрлі тәсіл тапқан. Мәселен, құйрығына 6-8 құлаш, 10-12 құлаш арқан байлайды. Нағыз жорға жосыла жөнелгенде, ту сыртынан не көлдененінен қарап тұрсаңыз, ат аласарып кетеді. Үстіндегі адамның аяғы жерге тиер-тимес бейнеде шалынады. Жал-құйрық жамаған «Чайка» машинасын көргендей әсер аласыз. Құйрығына байлаған арқанның ұшы жерге тимей, түп-түзу қалпында көрінеді.

– Жорға жарысының ұлттық ат спортының басқа түрлерінен ерекшелігі қандай?
– Ат бәйгесінің басқа түрлері сияқты жорға жарысқа түсетін аттар да мұқият іріктеледі. Ең басты шарт – жорғаның жылдамдығы ескеріледі.
Жорға жарыстың ең атақтысы – Еңсенің асындағы бәйге. Сол аста жорға жарысына 149 ат қосылып жүйріктердің жетпіс шақырымдық аламан бәйгесінде жалпы саны 734 ат сынға түскен екен. Асты кезінде «Үш жүз» партиясының жетекшісі болған атақты заңгер Көлбай Төгісов басқарады. Жорға жарысында С.Торайғыровтың қаламына ілінген әйгілі Мәсәлім бидің сұр жорғасы ешкімге дес бермепті. Перісі бар ма, әлде ғайыптан ерекше құдірет қолдай ма екен, аузынан ақ көбік бурадай бұрқырап, Мәсәлімнің сұр жорғасы жеткенде, жарысқа атын қосқан бір мыжырайған шал: «Е, Мәсекеңнің сұр тойтығы да кеп қалды ғой тойтыңдап», – деген екен. Қазақтың күншілдігі-ай!…
Айта кететін бір жай, қазақ жорғаны жоғарыдағыдай түрге бөлгенімен, жорға жарысы су жорға мен шапқын жорғаны ғана араластырып, өткізіледі. Жорға жарыстың басқа түрі болмайды. Мысалы, жол жорғаның жарысы, қой жорғаның жарысы деген жарыс жоқ.
Ал аламаннан Кәдір Елшібайұлы деген бала мініп шапқан Есенбай зәңгінің бәйге жирен деген тұлпары өзгеден оқ бойы озып келіп, бас бәйгені иемденген екен. Сол тұстағы қазақтың жомарттығына қараңыз! Аттың бәйге қорына тігілгені, мың жарым қой, үш жүз жылқы, жүз түйе екен. Сондай-ақ қалы кілемдерге қоса, аю, қасқыр, түлкі, бұлғын, сусар терілері және алтын, күміс жамбы, тайтұяқ, қойтұяқ қатарлы бағалы металдар берілген. Еңсенің асы туралы ең бірінші 1910 жылы Қазаннан шығатын татар журналы мақала жариялаған. Одан кейін «Мұра» журналында жазылды.

– «Еңсенің асында жорғалатпағанда, Әкеңнің басында жорғалатасың ба?» деген сөз содан қалған екен ғой. Тарихтың асығы түгел сияқты, жорға салудың бүгінгі бет алысы қалай?
– Сенің айтып отырғаның «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деген әйгілі афоризмнің жай жаңғырығы шығар. Өйткені ондай тіркесті естігенім жоқ. Жалпы жорға-жүйрік баптаудың қыр-сырын білетін адам тым аз. Бапкерді көбінше, біздің жігіттер Қырғызстаннан жалдап жататынын естуім бар. Жылқының жай-күйін білмегендіктен болар, бүгінгі ат жарысында өлім-жітім көп. Өлім көп болатыны қателік көп. Ең бірінші қателік – тоқ бәйге, топ бәйге деген қолдан жасаған өтірікті айналымға, әдетке айналдыруымыз дер едім. Екінші қателік – жарыс өтетін алаңды аттың жалпақ тізесінен келетіндей жыртып тастау. Сөйтіп, ол – аттың жылдамдығына кедергі келтіреді. Тақтақ жер мен айдауға шапқан аттың екпіні екі түрлі болатынын ауыл қазағының барлығы біледі. Жерді жыртпаса да, шөптің түбірі бар шөптесін жерден ат таймайды. Өйткені жылқы тұяғы мен қара жер арасында үйкеліс заңы деген болады. Айталық, күн күркіреп тұрғанда, жөн білетін ақсақалдар бала-шағаны атпен шапқызбайды. Өйткені, найзағай басқа жерге түспей, шаба жөнелген немесе жорғалата жөнелген аттыға түседі. Қазақтың осы тақылеттес жазылмаған заңдары бар.
Жорға жарыс алдында үлкен дайындық жасалуға тиіс. Ең бірінші, жол тегістеледі. Жолдың жыра-жықпылы, ой-шұңқыры болса, ат жорғасын бұзып алады. Жұлдыздай жүйткіп келе жатқан ат ырғағын бұзса, жорғасынан жаңылады. Бұрылыстарда жорға аттың тұяғы байқамаса, өз кеудесіне қатты тиеді. Тіпті төс сүйегін үгітіп жіберетін жағдайлар кездеседі. Сондықтан, кеудесіне кішкене кілемше немесе алаша тартып қоятын бұрынғы қазақтар.
Келесі бір қателік – далаңдап, жайдақ шабу. Дұрысы, мейлі шабыс болсын, мейлі жорға жарысы болсын атқа екі ішпекпен бәйгенің ерін ерттеп, өмілдірігін алып тастап, құйысқанмен қоя беру керек. Шылбырды жүгеннің сулығынан тағып, ноқтасын алып тастайтыны тағы бар. Ал атқа мінетін балаға төрт таспадан өрілген шыбыртқы деген қамшы ұстатады. Ер-тоқымды адам жайдақтан әлдеқайда орнықты отырады. Еңкейіп, аттың көзін сүртіп отыру үшін қамшының бүлдіргесіне орамал байлайды. Аттың көзін тер басса, шаппай қояды.
Әсілі, шабатын аттың не жорғаның ең бірінші, кекілінің, жалының асты, қолтығы, шабы, шаты терлейді. Соны білетін дана қазақ тарамыс немесе шуда жіппен әуелі кекілін сүзеді. Екі немесе үш тарам қып құйрығын сүзеді. Зырқырап шапқан кезде алдынан соғатын жел көздің терлемеуіне себін тигізсе, сүзілген құйрық аттың шабын, шатын желпіп отырады. Ол әдістердің осындай ғылыми негізі бар. Ал білмейтіндер жылқының құйрығын саусағы үсіген молақ қолды орағандай бір тал қылын шашау шығармай, таңып тастайтынын көрдік. Ол не керек? Сонымен бірге атқа көздің сұғы түспеу үшін кекілі мен құйрығына үкі тағу да артық емес.
Былтыр ма, алдыңғы жылы ғой деймін, Талдықорғанда ат сыншыларының сайысы ұйымдастырылды. Нұрлан Әбдібеков деген ақын жігіт қолқалап алып барған соң, қатыстым. Сыншылардың әрқайсысы жеңіп келу ықтималдығы жоғары бір-бір атты белгілеуі керек-тін. Көпшіліктің соңын ала, тасалау тұрған шаршы жирен қасқа ат көзіме бірден жылы ұшырады. Үстіндегі баланы қасыма шақырып, дүйім жұрттың көзінше «Міне, бүгін осы жирен қасқа бірінші келеді» дедім. Аттың тізгінін ұстаған балаға: «Атың, ә, дегеннен оза шабады. Бірақ тізгінді босатып жіберіп, қамшылаушы болма! Ат тізгінге сүйеніп шабады. Мәреге жақындағанда ғана, тізгінді ақырындап босат! Айтқанымды екі етпесең, атың бірінші келеді» дедім. Расында да, «шу» дегенде-ақ жирен қасқа арқан бойы озып шықты. Бала айтқанымды істеп, аттың басын тежеп, соңғы айналымда ғана тізгінді босатыңқырап ұстады. Сол беті басқаларға қарасын да сипатпай, жаңағы жануар жалғыз келді. Оны телехабардан кезінде жұртшылық көрді ғой.

– Бәрекелді! Жорғаның сынын білгеніңізге қарағанда өзіңізде сондай жануар болғаны ғой?..
– Менің Сары жорға деген атым болды. Сүндет тойыма арналған дөнен болатын. Сол жануардың портретін жасаған «Сары жорға» атты әнім бар, әуені де, мәтіні де өзімдікі.

– Жатқа білесіз бе?
– Білемін, әрине!

«Сары жорға»

Көшпе алтындай сары жорға,
жосылғанда шайтан-ай!
Қара жолды қапсыратын,
Жал-құйрықты «Чайкадай».

Қайырмасы:
Ахау, сары атым-ай,
Қанатым-ай.
Әнге айналдың.
Қайран қалдым,
пай-пай жорғаң-ай!

Еті қызса, ерегесіп,
жұлынатын қамшы ұрмай.
Тіл үйренбей, цирктерден
Би үйренген қаншырдай.

Қайырмасы:

Сәл тежесең, жерді қазып,
кіріп кете жаздайтын.
Атылғанда, зымырандай
Қырып кете жаздайтын.

Қайырмасы:

– Таңдамалы қостомдығымның біріншісінде «Ән-өлеңдер» деген бөлім бар, мәтіні соған енді. Нотасы өзімде, жылқы табиғатын танитын, әуендегі ұлттық үйірімді түсінетін әнші табылса, беретін ойым бар.
– Тамаша әніңізге, әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Анар Лепесова
jasqazaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!