Қанат БИҚАТОВ: Ұлттық ат спорт ойындарының астарында қазақтың рухы жатыр (ФОТО)

5632

4-мамыр Зайсан қаласында көкпардан облыстық чемпионатқа іріктеу жарысы өтіп, төрттік бағамен жерелсетеріміз жолдамаға ие болды.

Осыдан бірер ай бұрын аудандағы көкпардың бүгінгі халі туралы алаңдаушылық білдіріп, мақала жариялаған болатынбыз. Сол жанайқайымызды ескеріп, қуаттап жатқан ізгі жандардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Аудан намысын қорғайтын көкпар командасын жасақтау үшін табанынан таусылып жүгірген Талғат Ақшағанов пен Айдын Жиенжановтың еңбегін бағалауға әбден болады.

Зайсан қаласында өткен іріктеуде, көкпаршыларымыз Зайсан мен Шемонайха командасын жеңіп, облысқа жолдама алған сәтте, арқамыз қозып, аттандап жанарымыздан қуаныштың жасы парлады. Осы ойында команданы алға сүйреп, ерекше өнер көрсеткен Арман Сыбанов пен Ринат Орынбеков көрермен көзайымы атанды.

«Жақсы сөз, жарым ырыс» демекші, Зайсанға шығатын күні, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақытқан Өлмесеков көкпаршы азаматтарды шақырып, азаматтарды арнайы қабылдап, ақ тілегін айтып, ағалық ақыл-кеңесін беріп, сәттілік тілеп жолға шығарып салған болатын. Іріктеу майданына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Бақтияров бастап барған еді. Көкпаршыларға өз қаражатымен бір айғыр алып берген және Зайсан қаласына барып-қайтуын жүк көлігімен тасымалдап, демеушілік жасаған ұлттық ат спортының жанашыры, жеке кәсіпкер Дәулетхан Бақытқанұлына көкпаршылар атынан айтар алғысымыз шексіз.

Осы додада Зайсанда өткен көкпарға төрелік жасаған, Республикаға танымал көкпаршы, белгілі жаттықтырушы Биқатов Қанат Қайырбекұлымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Сол сұхбатымызды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Серке тарту үшін де сергектік керек деп жатады, осы сөз нені аңғартады және көкпардың қандай шарттары бар?

– Сергектік тәрбиеге байланысты. Ат ердің қанаты десек, көкпарда ат пен азамат қатар сыналады. Сол үшін айғырларды тәрбиелеу, ортаға бейімдеу, майданға үйрету маңызды. Бұрын аттармен көкпар тартса, қазір сұраныс айғырға түсті. Айғырды күтіп-баптау да үлкен өнер. Ол қойшынының жабы торысы емес екенін ескеріп, арнайы кесте бойынша уақытылы жемдеп жілік майын толтырғаны жақсы. Көкпаршы болатын жігіттің де икемді болуы маңызды.

Мен тәрбиелеген айғырлар қазір республикалық додаларда өнерін көрсетіп жүр. Соның дәлелі ретінде айтсам, Күршім командасындағы «Орақбас» деген айғырды үш жыл бұрын менен алған, қазіргі топ жарып жүрген «Байтөбелді» де бізден алған болатын.

Көкпардың шартына келсек, көкпарға он екі айғыр апарылады. Тек төртеуі ғана майданға шығып, қалғаны өз кезегін күтіп тұрады. Бір майдан жиырма минутқа созылады. Көкпаршы мен мінген айғыры шаршап қалмас үшін тез-тез ауысып отырады. Жаңағы айтқан төртеудің екеуі шабуылшы, екеуі қорғаушы болады. Ортаға күші мығым, сүйекті айғыр керек. Оған мінген азамат та сергек, әбжіл қимылдайтын, қауқарлы болғаны абзал.

Айғырды ортаға бейімдеу қиын, ал қорғаушы болу оңай. Ойын ережесі бойынша он сегіз жасқа толған азаматтың көкпарға шығуына рұқсат.

Өзіңіз көкпар ойнына қалай келдіңіз?

– Осы сауалды қаны қазақ баласына қоюдың ұят болатын заманның өткені рас. Ауылда өскен әрбір азамат атқа әуес болмаса, қиқулап бәйгеге шаппаса онда оның кім болғаны. Бала кезімнен ат спортына әуеспін. Өзім Самар ауданына қарасты Көкжотаның тумасымын. Көкпарға бір кездері өз ауылымның атынан шыға алмай жүргенде, Күршімдік Абақай Қонысбаев ағамыздың қолдауымен қатарларына қосылып, майданға шыққан болатынмын. Содан бері ат үстіндемін. 2009 жылдан бері Көкпекті аунданы көкпар командасында жаттықтырушы болып жүрмін. Қазір жастарды көкпарға тәрбиелеумен қатар, облыс көлеміндегі көкпар ойындарына төрелік етіп жүрген жайымыз бар.

Екі жүзден астам ұлттық ойыны бар қазақ баласы үшін біз нені жоғалттық деп ойлайсыз?

– Біз әуелі дәстүрімізді, ұлттық тағамдарымызды жоғалыттық. Азаматтардың бәрі қазан қарынға айналып, омыртқа шершеу ауруына кіріптар болып бара жатуының себебі осыдан деп ойлаймын. Ақиқатын айтсақ, қазір адамдар жылқыдан толықтай қол үзу сәтінде тұрғаны алаңдатады. Кеше шығыс өңірінде отаршылдық саясаттың салдарынан ұлтты жою, дәстүрден ажырату, жылқы түлігінен айыру үрдісі ерекше жүрілуіне байланысты болса, бүгін тәуелсіз елдің ұрпақтары саналы түрде жылқы түлігін бағып, ат мінуден алыстап, шетелдің автокөлігімен мақтанатын дәрежеге жетті. Бұл ұлттық ерекшелігімізді жоғалту. Қазір көп жастар белсіз (простатит) болуының себебі де осыдан. Отбасында ары кетсе бір-екі баладан ары аспай жатыр. Негізі ұлттық ат спорт ойындарының астарында қазақтың рухы жатқанын ойлайтын, сезіне алатын адам кемде-кем. «Ат үсті әулие» деген дана халықымыздың ұлағатты сөзі жайдан-жай айтылмаса керек…

– Өңірдегі көкпар ойынын қалай дамытуға болады?

Ұлтжанды азаматтар қолдау көрсетіп, жақсы айғырлар алып беріп қуаттаса, көкпаршылар үнемі спорт залда машықтанса сонда ғана дамиды. Айналып келіп, барлығы қаражатқа тіреледі. Көкпар ойынынан қазандықты алып тастағаннан кейін, енді шеңберге апарып тастау үшін шапшаң айғырлар керек. «Тек ат баптап, ат жалында ғұмыр кешейін» дейтін азаматтар отбасын асырау үшін, жарым жолда көкпарды тастап кетіп жатады. Кейде осындай маңызы бар спорт түрлерінен гөрі дыр-думан шоуларға қаражат көп бөлінетіні жасырын емес. Ондай жеңіл әзіл-қалжыңның адамға берер пайдасы жоқтың қасы. Ал ат спорты мәңгілік мәнге ие ұлттық кодымыз. Мерейтойлар мен туған күндерде, екі жастың басын қосқан үйлену тойына асаба жалдап, алыстан әнші шақырып миллиондаған қаржы сарып ететін жандар да жоқ емес. Сол адамдар бірер жүз мың теңгесін көкпарға тігіп, ойын ұйымдастырса, осы ойынды дамытуға қосқан үлесі мен қатар тойының салтанатын асырған болар еді. Мұны ойлайтын жандар кемде-кем.

— Әңгімеңізге рахмет!

Тақырыпқа тұздық.

talgatТалғат Ақшағанов, команда жасақтаушы, көкпар жанашыры:

Бұл бастама ауданымыздың рухани жаңғыруы үшін, туған жерімізге азда болса қосып жатқан үлесіміз болып есептеледі. Шен алып, шекпен киіп, жақсы аттанайын деген идея жоқ. Басқа жаққа қотарыла көшуіне байланысты күн сайын халық саны күрт кеміп бара жатқан ауданымыз үшін қолға алатын маңызды жұмыстар жетерлік. Қолдаушылар табылып жатса игі. Алыстағының ауызына қарап, жырақтағының қызығын тамашалап отыратын заман емес қой. Жаһандануға беталған өліара шақта ұлтымыздың бағзыдан келе жатқан бір құндылығын жоғалтып алмау жолында жанталасу керек. «Өзімдікі бар болса, бар болғаным нар болса»,-деп үнсіз ғұмыр кешіруге де болар еді. Бірақ бойымыздағы қазақтың қаны болғасын намыс оятпай қояма. Қашанғы басқа аудандардың көкпарына телміріп өтеміз. Біздеде сайдың тасындай атан жілік азамат, белі иілмес қазанаттар бар ғой. Солар тұрғанда көкпар командасын құра алмау азаматтарға сын болар… Қалталы азаматтарға осы орайда үндеу тастағым келеді. Құрметті жерлестер, байылықта, мәнсапта мәңгілік емес екенін ескерсеңіздер. Артымызға із қалдыру үшін, ізгілікпен жарысайық. Өскелең ұрпақтың жігерін жанып, намысын оятатын ұлттық ат спортына қолдау көрсетіңіздер демекпін.

Қайрат Бақтияров, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары:

– Осы жолғы көкпардан өте қатты тебірендім. Ерекше әсерленіп толқыдым. «Өткен күнде белгі бар» демекші, бұдан бұрында талай мәрте көкпарға қатысып, салымыз суға кетіп жігеріміз жасып қайтқан кездер де болған. Азаматтардың ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында жеңіске жетіп қуанудан асқан бақыт жоқ екен. Көкпаршы азаматтарға рахмет айтамын. Жеңіске жетіп, тақымдарынан ат, қолдарынан серке кетпей, өрлей берулеріне тілектеспін. Ауданымыздың көкпар командасы облыстық чемпионаттан өтіп, Республикалық жарыстарда топ жарғанын көруді баршамызға нәсіп етсін. Тек жақсылықтарда жолыға берейік, еліміздің іргесі тыныш, тату-тәтті ынтымақты болайық. Азаматтарымыз аттан, қазандарыңыз оттан түспесін ағайын.

kogedai-sh Көгедай Шәмерхан, Күршім ауданы

Фотолар автордікі.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!