«Ғасыр шабандозы»

15986

Ерғали Сүлеев бір көкпарда 54 қара мал салым алған көкпаршы

Ерғали Сүлеев

Ерғали Сүлеев

Тақымы тастай, білегі құрыш, жігері қылыш, аты аңызға айналған атақты шабандоз Ерғали Сүлеевке оңтүстіктің үлкенді-кішілі көкпаршылары бір ауыздан «Ғасыр шабандозы» деп баға берген екен. Ерғали Пердебекұлы 1965 жылы Шардара ауылында туған. Әкесі Пердебек те аты шығындаған шабандоз болған. Әнтек осы көкпардан болып дүниеден ерте озған.
Ерекең бала кезінде өзімен шамалас қарадомалақтар арасында далада көкпар шауып ойнап жүреді. Соның өзінде шауып бара жатқан аттың үстінен жердегі көкпарды қиналмай іліп алып кеткенін байқаған Нұржан Өмірбеков деген көкесі «Ерғали сен үлкен көкпарға барып көрші» деп, Бозай ауылында өткен додаға салып жібереді. Бірінші күні үш мәрте мәре көреді.

Осылай додаға ынтыққан жас өзбек пен қырғызға асып барып айлап көкпар шабады. Содан бірде Сыр өңірінде үлкен көкпар-той өтетін болады. Оған Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан сонымен қатар Тұрбат, Қазығұрт, Леңгір, Түлкібас, Түркістан, Шардара, Шәуілдір жақтан атағынан ат үркетін небір шабандоздар келеді.

Мұндай үлкен дода өмірімде екінші рет қайталанған жоқ, — деп еске алады Ерғали шабандоз: «Доданың қатты болғаны соншалық түкірігіміз темір, қақырығымыз қан татыды, Құдайға тәубе, үш күннің ішінде 18 рет салым көрдім. Ағаларым менің салымыма берілген 54 қара малды айдап келді, ал ақшалай берілгендерін сол жердегі халыққа таратып жіберіпті. Өз басым салым салған соң бәйге алуға трибунаға барып көрген жан емеспін, ағаларым өздері барып жайғастыратын және дүние жиған емеспін — деп еске алады.

Ерғали шабандоз көкпарға осал ат мініп шаппайды. Өйткені, ат пен үстіндегі адамның екеуара үйлесімі болмаса, еңбек ақталмайды. Ерекең үшін Әбілпатта дейтін көкесінің қара айғыры керемет жылқы еді. Қара айғырмен додаға түскен сәтте Ерғали әсте құр қайтқан емес.

Осы қара аттың Әбілпаттаның қолына түсуінің өзі үлкен тарих. 1988 жылы Әбілпатта көкеміз көкпардың атын іздеп шығады. Қазығұрт өңірінде Жолтай есімді адамда мықты көкпардың айғыры бар дегенді естиді. Бұл ауылда ағайынды Әбдәлиевтер дейтін аты әйгілі көкпаршылар тұратын. Әбілпатта жоғарыдағы Әбдәлиевтердің бірі Ләшкербек палуанның үйіне түседі.

Ләшекең досын ертіп Жолтайдың үйіне барады. Ат ұнайды. Бағасы 5000 рубль. Әбекең ақша орнына ат иесіне «алтын займ» ұсынады. Жолтай, оны алудан бас тартады, «берсең рубль бер» дейді.

Содан Ләшекең айтады: «Әбілпатта ауылдың шетінде Байзақ көкеміздің үйі бар, бір ауыстырса алтын займды сол кісі ауыстырады соған барайық» дейді.

Байзақтың үйіне кіріп келген сәтте Әбілпаттаның көзі байлауы тұрған қара айғырға түседі. Досы Ләшкербекке, «менің іздеп жүрген жылқым мынау, осыған қанша сұраса да берем, сен барып саудалас» деп жата жабысады. Ақыры қара атты 7000 рубльге бағалап, ақысын алтын займмен төлейді. Ерғалиды «Ғасыр шабандозы» атандырған осы қара айғыр.

1985 жылдан 2005 жылға дейін 20 жыл ешкімге есе жібермеген Ерекең қазір көкпарды қойған, туған ауылында аман-есен жүріп жатыр.

Әлхайдар Ләшкерұлы,
Шымкент қаласы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!