Қарапайым мамандық…

2762

Бұрын, жас кезімде, менің өте ақылды бастығым болды. Бірде ол менің қаржылық жағдайымның қиын екенін көріп: «Сіз тек жұмыс істей беріңіз, ақша мен өркендеу өздігінен келеді», — деді. Содан кейін мен ішімнен: «Әрине, мұны айту сізге оңай, өйткені бәрі сіздің қаржылық жағдайыңызға сай…» деп ойладым.

Уақыт өтті. Мен өзіме қатты ұнайтын кәсібіме араластым. Қызметтік жолымда да көтеріле бастадым. Тіпті, өзім де байқамастан, жас кезімде армандаған «тілектерімнің» барлығына – пәтерлер, машиналар және т.б. қол жеткіздім. Мен мұның барлығына қалайқол жеткізгенімді сезбей де қалдым. Себебі, мен жұмыс туралы, мансап туралы ойладым. Материалдық мәселе екінші орынға ығысқан болатын.

Мен мұның барлығын не үшін айтып отырмын? Адамның кез келген іс-әрекетінде, кез келген кәсіпте береке барын айтқым келеді. Мысалы, сіз өз мамандығыңызды жақсы көретін болсаңыз және өзіңізді оған толық берсеңіз, онда Алла шексіз сізді тек сәттілікпен ғана емес, сонымен қатар материалдық «берекемен» де «марапаттайды».

Мен өз өмірін жылқымен байланыстырғысы келетін көптеген адамы білемін. Әсіресе жастар арасында. Бірақ көбінесе олардың ата-аналары, туыстары, достары Қазақстан Республикасындағы ат спорты инфрақұрылымының сыртқы жұпыны түрін көріп: «Бұл болашағы жоқ, беделсіз мамандық. Адамдар не дейді…» — деген секілді өз долбарларымен ат спортына келгісі келетін жастардың тауанын шағады. Оларды осыған көндіреді. Ал бұл жас жігіт (немесе қыз) жақындарының салмақты сөзіне көніп, заңгер, менеджер, дипломат қатарлы ата-анасы жақсы деп санайтын мамандықтарды таңдайды.

Әрине, біз ата-ананы, не талапты баланың жақындарын кінәлаудан аулақпыз. Ата-аналарды баласы жақсы болсын деген ізгі тілек жетелейтіні анық! Бірақ соңында не болады? Білімді мәжбүрлеу арқылы тануға болмайды: мұндай «маман» соңында жұмыс күнінің соңын азаппен күтіп, өзінің «қызметін» жек көретін кәдімгі ортаң қол маман болып қана қалады. Мұндай мысалдыр бізде мыңдап саналады…

Ат спорты әлемінде өзіне автокөлік, пәтер және бірнеше асыл тұқымды жылқы сатып алған жақсы досым бар. Мен одан өз бизнесін қалай бастағанын сұрағанымда, әңгімесін әріден бастады.

Ол 90-шы жылдардың ортасында өзінің бар қаржысына 4-5 жастағы қандай тұқым екені де белгісіз бір биені қала маңынан ет бағасына сатып алыпты. Бие өте арық, бірақ соған қарамастан ылдым-жылдым, ширақ қимылдайтын. Жем-шөбін уақытында беріп, күтімге алынған бие екі айдан кейін аздап мініп жүруге жарай бастайды. Алты ай бойы дұрыс жаттығу жасап, жақсы бағымның нәтижесінде ол бие адам танымастай өзгерді. Оның мінезі мейірімді, жұмсақ болғандықтан, жылқының айналасында тұрақты клиенттер тобы қалыптасқан. Жас атбегі үшін бәрі осылай басталады.

Бір күні досым үшін тағы бір қызық ой келеді. Мал базарында жүрсе, бойы тапалдау келген «Дончак» тұқымды жылқыны әлдекім сатуға алып келген екен. Бұл атқа қызығып кетеді де, өзінде бар қаржысын қосып, жетпегенін таныстарынан қарызға алып, әлгі «дончакты» сатып алады.

Сонымен ол бір жылға жетер-жетпес уақытта жалға берілетін екі жылқының иесіне айналады. Клиенттерді атқа мінгізіп, демалыс күндері саябаққа барып жүрді. Мен оның жылқыларын білетін едім. Күтімі жақсы, көздері жанып тұратын. Ер-тұрманы жаңа болмаса да, әрқашан ретті, таза жабдықталған.

Бір сөзбен айтқанда, оның аттарына мінгенде керемет әсерде болатынмын. Демалыс күндері достарымды да сол жерге шақыратын болдым. Досым да кездесе қалғанда өзінің аттарынан алған әсерімен бөлісетін. Сондықтан оның аттарына деген сұраныс болды.

Ол аттарына байланысты кез келген тапсырысты қабылдай беретін. Видеосъемка, үйлену тойлары, фотосессиялар. Тек күні бойы түсіріліммен жүріп, аттары ашығып, жүдеп кетпесе болғаны. Дегенмен ол тапсырыс берілген уақытта аттарын көрсетіп, қызмет етті. Сондықтан әртүрлі іс-шаралар кезінде агенттіктер онымен жұмыс істегенді ұнататын.

Бірнеше жыл ішінде ол өзінің шағын шаруа қожалығын құрды. Ол жерде әйелі екеуі жылқы шаруашылығымен айналысады. Атқораларында қарапайым шаруа аттарынан бастап асыл тұқымды биелерге дейін ұстайды. Бір жағы табыс көзі, бір жағы хоббиге айналыдыр алған. Кейде ол ат жарыстарға келеді. Екеуміз түрлі әңгімелер, жылқы туралы тартыстарға дейін барамыз.

Иә, мен жылқыны хоббиға айналдырып, ақша табудың керемет нұсқасын сипаттаған жоқпын. Барлық құпия — сізде, тек жұмыс істеу керек және ең бастысы, өз ісіңізді жақсы көру керек! Бұл мамандық беделді ме, жоқ па, маңызды емес және сіздің отбасыңыз болса да, адамдардың не айтатыны маңызды емес. Сіз таңдаған мамандықты жақсы көресіз бе, жоқ па, сол маңызды! Егер сіз өз мамандығыңызды жан-тәніңізбен сүйіп істесеңіз, ақша да, мәнсап та, даму да сізді өзі іздеп табады.

Талғат Жайсаңбаев,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!