Карантин кезінде елімізде жылқы туризміне қызығушылық артты (ФОТО)
Мамандардың есептеуінше әлемдік коронавирус пандемиясы бүкіл елдегі ішкі туризмнің дамуына ерекше серпін берген. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Мұндай туристік өнімдердің бірі – жылқы туризмі.
ҚазАқпарат тілшісі пандемия жылқы туризміне қалай әсер еткенін білу үшін атшабарға барып, атбегі әрі ат спортының бапкері Ержан Мағжаевпен әңгімелесіп қайтты.
Алты жастан бастап атқа міндім. Кедергілерден атпен қарғып өтетін конкурмын. Қазір «Тұлпар» спорт клубындамын. Бапкер болып жүргеніме 10 жылдай боп қалды. Шәкірттерімнің жетістігі жаман емес. Олардың ішінде менің жолымды қуып, өз біліктіліктерімен бөлісіп жатқандар да бар, — дейді бапкер әрі атбегі Ержан Мағжаев.
Оның айтуынша пандемия ат туризміне аса қатты әсер ете қоймаған. Адамдар бұрын да атшабарға зор ынтамен келіп жүретін. Оқшаулану кезінде де белсенді демалысқа деген сұраныс тіпті арта бастапты.
Дәл осылай ат үстінде демалу қызметін біз ғана ұсына алдық. Қазір әлбетте біздің спорттық бағыттағы жұмысымыз тоқтап қалды. Пандемия жағдайына байланысты ат спорт түрлерінен ұлттық ойындар мен бәйге ұйымдастырылмайды. Жалпы балалар 12 жастан кейін ғана атқа мінгіземіз. Оның өзінде баланың физикалық және психологиялық дайындығын біліп алу керек. Малдан қорықпаған абзал. Себебі жылқылар сіздің үрейленіп тұрғаныңызды сезіп қояды. Бүкіл әлемде ат туризмі демалудың арзан түріне жатпайтынын атап өту керек. Мәселен Еуропада оқушылар ат спортының бір ғана жаттығуы үшін 100-150 доллар төлеуі мүмкін. Ал бізде ол бар-жоғы 10 мың теңге. Сол себепті елордадағы шетелдіктер осы арзан қызметті пайдаланып, бізді клубқа келіп, ат спортын меңгеруге асық, — дейді ат спорты түрлерінен бапкер.
Ержан қазақстандық ат спорты – қазақтардың мәдени мұрасы екеніне сенімді.
Біз аттың үстінде, түйенің қомында өскен қазақпыз. Осынау бабадан қалған мұрамызды жандандырып, танымалдығын барынша арттыруымыз керек. Ат спортының классикалық түрі бойынша ең үлкен проблема – мәселен конкурдан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық мектептің жоқтығы. Жаттығу жасайтындай сапалы база қалыптаспаған. Ат үстіндегі сабақты өткізу үшін ат мінгісі келетін адамдар үшін ғана емес, жылқылардың өзіне де жайлы жағдай жасалуы тиіс. Жазда ат спортын үйрету қиын емес. Алайда қыста күрделі. Мәселен манеждің өзін жылыту керек. Ат спортын меңгергісі келетіндер қазір көп. Алайда бізде жаңадан келгендердің өзіне де ат жетіспейді, — дейді Ержан Мағжаев.
Бапкердің айтуынша Қазақстанда элиталы жылы шаруашылығымен айналысуға әбден мүмкіндік бар. Ол үшін ниет еткен азаматтардың өзі де асыл тұқымды жылқыларды ұстауы тиіс.
Біздің отандастарымыздың кейбірі жылқы шаруашылығына қызығып, шетелден ат сатып алады. Шетелден әкелінетін жылқылардың бағасы 3 мың еуродан 1 миллион еуроға дейін шығуы мүмкін. Біздің Отанымызда неліктен жылқылардың осындай асыл тұқымын өсірмеске? Өзіміздің төзімді келетін адай жылқысы көп күндік жүріске шыдай алады. Мәселен ақалтеке тұқымды жылқысы өзінің көркімен ғана емес, Абсент атты бір ғана аңызға айналған жылқымен әлемге танылды, — дейді Ержан.
Жас бапкер Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіретін ат спортына деген әлемнің назары ерекше екенін еске салды. Қазақстандық спортшылар әлемдік спортшылармен бәсекелесіп, жүлделі орындардан үмітті бола алады.
Жылқы шаруашылығы – шұғыл нәтиже беретін бизнес емес. Алайда бұл істі жолға қоя білгенде үмітіңізді ақтап бере алады. Бұл – келешегі кемел жоба, — деп түйді Ержан Мағжаев.
[…] Айтпақшы, карантин кезінде жылқы туризміне сұраныс артқаны жайлы жазғанбыз бұған дейін. […]