Атыңды аясаң, айылын қатты тарт

11725

Аттың үстіндегі ер-тұрманды нық  ұстап тұратын құралдың айыл екенін бәріміз білеміз. Алайда сол айыл қалай жасалады? Қанша түрі бар? Сонымен қатар, айылдарды қалай қолданамыз (тартамыз) деген мәселелерді көбіміз біле бермейміз. Бүгін біз осы айыл туралы түсінік беруді жөн көрдік.

Ft1leOaniX8Ат ерінің айылы ердің қапталының қамшылар (теріс) жағына тағылады да, екінші мінер жақ қапталындағы жырымға өткізіледі. Жасалған затының тегіне немесе істеу әдісіне қарай:

қайыс айыл, құр айыл, өрме айыл, таспа айыл деп бөлінеді. Айыл көбінесе қайыс таспадан жалпақтап тілініп, қабатталып жасалады. Егер қайыс таспадан тілініп өріліп жасалса өрме айыл, жіптен жасалса құр айыл деп атайды. Арасына қайыс салып ызбалап жасалған ызбалы айыл деген түрі де болады. Әлбетте, айылдың кең тараған өлшемі ұзындығы 155-165 см-дей, ені 6-8 см-дей болады. Айылдың бір ұшы айылбасқа бекітіледі де, екінші ұшы ердің қапталына бекітіледі.

Айылды қызметі мен орналасуына қарай бөледі. Аттың төсінен көлденең орап тартылса, төс айыл, ал, шабына таман, бауырын орай тартылса, шап айыл делінеді.

Айыл бірнеше бөліктен: қысқалау таспадан өрілген жырым мен аттың қарынын қаптай орауға жететін айылдық және айылбас (доға), алақандық былғары қатарлы бөліктен тұрады. Айыл мен жырым біреуі мінер жағына, біреуі қамшылар жағына ердің екі қапталына бекітіледі. Шап айыл төс айылға қарағанда ұзындау болады. Әлбетте, жайшылықта атқа осы екі айыл ғана тартылады.

Жырымды айылдың айылбас ұласқан жеріне қайыс таспадан тұйықтап екі қабаттап алақан деп аталатын бөлігін салып, ортасын тіліп айылбастың тілін шығарады. Оны қайыс таспамен қабаттап тігіп бекітеді. Жырымның екі түрі болады. Тесік жырым, және бітеу жырым. Тесік жырым — айылбастың тілі өтетіндей етіп өрген кезде тесік қалдырып өреді. Ал бітеу жырым — аты айтып тұрғандай айылбастың тілі өтетін тесіксіз-ақ, бітеу етіп өреді.

Жырым тартпа алақанының бір басына бекітіледі, немесе екі басына да тоға бекітіліп, бір жақ тоғаға қайыс бау тағылады. Ат төсі мен шабын орап тұратын бөлігі айыл алақанының бір басына айылбас бекітіледі, екінші басына жырым киіледі. Ат денесін қажамау үшін алақан жұмсақ қайыстан немесе оған қабатталып жұмсақ былғары салынады. Айылды тартқанда бұралып қалмауын байқау керек.

«Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, Ағайынның қадірін жақыны білмес, жат білер» дейтін мақалдың мәні көп ретте болмыстағы ауыртпалықтарды меңзегенмен, былай қарағанда дұрыс тартылмаған айылдың атқа қатты бататындығын меңзейді.

Өмілдірік пен құйысқанның қызметімен қатар, қазақ өрге, қайқаңға қарай (тауға) шыққан кезде аттың төс айылын қаттылау етіп тартса, еңіске түсерде, керісінше, шап айылын тартыңқырайды. Осылай берік тартса ат шаршамайды, әрі аттың арқасы «кетпейді». Ал, ойлы, қиялы жерлермен жорық пен жұмыс аттарына осы екеуінің ортасына қосымша үшінші айыл – тартпа айыл тартылады. Ол бөлінбеген біртұтас, ердің қапталына бекітілмейді. Айылдың екі ұшында да тоға, доғабас салынған түрі. Тартпа айылда жырымы болмайды, әлбетте, ат көрпешенің үстін бастыра тартылады. Тартпа айылдың тоғасына үзбеленіп қайыстан немесе былғарыдан ызылған көрпе бастырық бекітіледі. Ол ат көрпенің үстін басып тұратындықтан осылай аталады.

Toktar Zh.Дайындаған Тоқтар Жетпісбай
namys.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.