Талаптан АХМЕТЖАН. Көктай

7418

Менің есім кірген кезде біздің үйде бурыл байтал болушы еді. Әкем соның аузына арпа мен сұлыны кезек тосып, үлпілдетіп-ақ бақты. Бурыл байталды бәріміз «Көктай» деп атап кеткенбіз. Өйткені ол тай кезінде көк болыпты.
Көктайдың жауырыны тақтайдай болатын. Құйрық-жалы төгіліп тұрушы еді. Менің көз алдымдағы сақталып қалған сурет мынадай: Көктай есік алдындағы ат байлайтын ағашта байлаулы тұрады; таң атып келе жатқан арайлы шақта мен есіктің алдына шығып, байлаулы тұрған Көктайға қызыға, құмарта қараймын. Көктай арба-шанаға жегілмей еркіндікте жүргендіктен шығар, оның үстіне ойнақтап тұрған жастығынан болар, бас білмейтін асау еді. Әкем анда-санда арбаға жексе ала қашып, біреулердің шарбағын бұзып кетіп, арбаның тәртесін сындырып, әкемді әбден әуре-сарсаңға салушы еді. Ондай кездерде әкем ашуға мініп, Көктайды өлердей сыбайтын. «Өз обалың өзіңе, бүйте берсең соғымнан басқа ештеңеге жарамайсың» деп Көктайдан қатты түңілетін де кездері болатын.
Бір күні үйдегілер таңертеңгілік шай үстінде отырғанда мен жүгіріп сыртқа шығып кеттім. Ауладағы ағашта күндегідей Көктай байлаулы тұр екен. Түгі жылт-жылт етіп, керемет сұлу көрінді көзіме. Есік пен төрдей тұрқы ұзын, кеуделі, кербез, асау байтал орнында тұра алмай ойнақ қағады. Балалық әуестікпен қызығып кеткенім сонша, Көктайды сипағым келіп қасына қарай жүгірдім. Сол-ақ екен, асау байтал қос аяқтап тепті мені. Әлі есімнен кетпейді, дәл мандай тұсымнан гулеген бір жел осып өткендей болды да, сол желдің екпінінен шалқалай құладым. Қорыққанымнан шар еткен дауысым да шығып кеткен болуы керек. Көз алдымнан Көктайдың ай тұяғы маңдайыма сәл-ақ жетпей зу етіп өте шыққаны кинотаспаға жазылғандай сақталып қалыпты. Сол екі арада үйден жүгіріп әкем де, шешем де, Жеңісхан жездем де, Мәрәмгүл мен Үміт әпкелерім де шықты, мені жерден әкем көтеріп алды. Шешем ботадай боздап жылап жүр…
«О, Құдай, ақсарбас! Періштесі қақты! Аман, дін аман! Періштесі қақты! Тәуба!» – деп шешем мені ұшықтап жатыр. Әкем сөзге келместен жездеме үйден арқан алып кел деп бұйырды… Сол екі арада әкем Көктайды жарқыратты да тастады… Мен Көктайдың қанын көргенде еңіреп тұрып жылағаным есімде. Сұлулықты адамның көзі қия ма? Көктай көздің жауын алатын сұлу, ерке, асау еді ғой… Асаулығы өзіне сор болды…

710754_2115836516_085_Axmetjan_TalaptanТалаптан Ахметжан. «Мұң» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!