Қайрат Исхан: Жабы жылқысының өзгеден ерекшелігі – дамуына ықпал етеді

3522

Жақында Бірлікшіл ауылдық окургіне қарасты Қойтас елдімекеніндегі «Тайлақ» шаруа қожалығында жылқыны асылдандыру мәселесіне қатысты ауылға келген ғалымдар мен ауылшаруашылық мамандарының қатысуымен бір күндік көшпелі семинар өткізілді.

Осы шараға арнайы келген Қазақ ұлттық аграрлық-зерттеу университетінің кафедра меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор, жылқы шаруашылығы туралы бірнеше оқулық пен оқу құралдарының авторы Қайрат Жәлелұлымен арнайы сұқбаттасудың сәті түскен еді.

«Тайлақ» ш/қ тұқымдық айғыры — Батон

— «Тайлақ» шаруа қожалығында бонитировка жүргіздіңіз, жылқылардың деңгейі қалай? Шаруашылық асыл тұқымдық мәртебесіне сай ма?

— «Тайлақ» шаруа қожалығы 2000 жылдардың басында құрылған. Шаруашылық басшысы Алтай Таңабаев ағамыз тек жылқы өсіру мен ғана айналыспайды. Ол кісі Алматы қаласындағы жылқытанушы ғалымдармен байланысып, шаруашылықтағы жылқылардың сапасын жақсартуға талаптанды.

Ол кісі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Амин Әкімбеков, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттары В.Степачов пен А.Тұрабавтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Аталған ғалымдар шаруашылық жылқыларын асылдардыруға айтарлықтай үлес қосты. Бүгінгі таңда осы ғалымдардың бастап кеткен ғылыми жұмыстарын, мен жалғастырып келемін. Биылғы жылдың кешенді бағалау (бонитировка) нәтижесі жоғары болды. Бонитировкадан өткен жылқылардың 90% элита класына жатқызылды және жергілікті мал дәрігер мамандарының қатысуымен өткен ветеринариялық іс-шаралардың нәтижесінде шаруашылықтағы жылқылардың денсаулығы жақсы екендігі аңықталды. Сонымен қоса Қойтас елдімекенінің әкімі, әкімшіліктегі зоотехник мамандар шаруашылықтың қысқа толықтай дайын екенін, жем-шөп жеткілікті екенін айтып отыр.

Ал шаруашылықтың асыл тұқымдық статусына келер болсақ, 20 жылдан бері бұл мәртебеден түскен емес.

— Бонитировка туралы толығырақ түсіндіре кетсеңіз?

— Бонитировка кезінде жылқылар кешенді қасиеттері бойынша (тип, шығу тегі, дене өлшемдері, тірілей салмағы, экстерьері, биелердің сүттілігі, бейімделу қасиеті, ұрпақтарының сапасы) бағаланады. Бонитировкадан өткен асыл тұқымды жылқылар кластарға бөлінеді: элита, I класс, II класс деп.

Асыл тұқымды жылқылардың тұқымдылығы мен шығу тегі құжат бойынша толтырылады. Шаруашылықтың асылдандыру жұмыстарына және ветеринарлық шараларға қысқаша талдау жасалынып, жүргізілген бонитировканың сапасына қорытынды беріледі. Бонитировканың жиынтық мәліметі облыстық асылдандыру қызметі жөніндегі органның рұқсатымен жоғарғы жаққа ұсынылады.

— Жылқының дене өлшемдерін алу мен индексін шығару не үшін қажет?

— Жылқының дене бітімі мен мүшелерін сипаттау үшін бірнеше мүшесінің өлшемін алу қажет.

Олар:

Шоқтық биіктігі – жылқы бойының биіктігінің өсуін көрсетеді.

Жылқының қиғаш ұзындығы – жылқы тұлғасының ұзындығының дамуын көрсетеді.

Кеуде орамы – жылқының төс сүйегінің дамуын көрсетеді.

Жіліншік орамы – жылқы сүйегінің қаншалықты жетілгенін көрсетеді.

Ал индекстер арқылы жылқы тұқымдарын бір-бірімен салыстырып, тұқым ішінде жылқының тобын, аталық ізін, жеке басын салыстырмалы бағалауға болады.

«Тайлақ» ш/қ тұқымдық айғыры — Керауыз

— Қазақ жылқысының ерекшелігі туралы айта кетсеніз?

— Бұдан мың жылдан аса уақыт бұрын қазігі Қазақстан территориясындағы көшпелі халық осы күнгі қазақы жылқыға өте ұқсас жылқы ұстаған. Ондай жылқылар салт мінуге де, етті-сүтті мал есебінде де пайдаланылды. Олардың ең бағалы артықшылығы сол, бүкіл жыл бойы жайылымда бағуға аса бейімделген. Үйірлі жылқы шаруашылығының жағдайлары ғасырлар бойы айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Сондықтан жергілікті жылқы сонау атам заманнан бері аса өзгеріссіз сақталып келді.

Қазақы жылқы тұқымының ішінде еліміздің кейбір аудандарының табиғи және шаруашылық жағдайларының ерекшеліктеріне, басқа тұқымдардың ықпалына байланысты пайда болған бірнеше жергілікті ұрпақтары бар. Мысалы: бүгінгі кешенді бағалау жүргізіп жатқан «Тайлақ» шаруа қожалығындағы тұқымдық айғырлар: «Батон», «Керауыз», «Торжалпақ», «Қарагер» және «Барқыт» сияқты тұқымдық айғырлар қазақ жылқысының негізі, дәлелі деуге болады.

— Шығыс аймақтағы жылқылардың ерекшеліктері жайлы не айтасыз?

— Еліміздің шығыс аудандарындағы жергілікті жылқылар аласалау, кеуделі, омыраулы келеді. Аяқтары қысқа болады, көбіне шектес жатқан алтай және монғол жылқыларына ұқсайды.

Қазірге жағдайда, әсіресе ет-сүт есебінде өсіру үшін қазақы жылқының жабы типі өте бағалы. Ол кей ретте дене бітімі жағынан тұрпайылау болып келгенімен, конституциясының ерекше мықтылығымен, шөлейттегі жайылымдарға өте жақсы бейімделгенімен, төзімділігімен көзге түседі.

Жабы жылқысының басы дөрекілеу біткенімен мойны етті және қысқа, кеудесі кең және терең болады. Жоны жалпақ, сауыры етті, аяқтары сүйекті келеді. Жалы мен құйрығы қою, ұзын, бірақ аяқтарының шашасы ұзын болмайды, терісі қалың, тығыз. Бұл жылқының тері астындағы қан тамырлары да, аяқтарының сіңірлері де, білінер-білінбес болып бітеді. Түсітері: торы, күрең, жирен, қара, құла, сұр, көк және ала.

«Тайлақ» ш/қ тұқымдық айғыры — Барқыт

— Шығыс өңірде тек етті-сүтті бағыттағы жылқылар ғана өсірілеме?

— Жоқ, мысалы: жергілікті қазақ жылқысы 2019 жылы наурыздың 10 жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының атбегілер қоғамы мен жылқы сүйер қауымы бірлесіп ұйымдастырған 130 шақырымдық ұлы аламан бәйгеде топ жарды.

Бәйге 6 сағат 40 минутқа созылды, қосылған аттардың жалпы саны – 33. Мұндай дүбірлі бәйге соңғы ширек ғасырдың ішінде Қазақ елінде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бәйгеде бірінші орынды иеленген жергілікті қазақ жылқысы «Тарпаң» атты тұлпар. Ат иесі Ерболат Тоқсанов. Міне бұл да жергілікті қазақ жылқысының ең үлкен жетістігі деуге болады. Демек бұл шығыс өңірі қазақтың міністі, ұзақ қашықтыққа төзімді жылқысын өсірумен айналысатының дәлелі!

— Жабы жылқысының тағы қандай артықшылықтары бар?

— Бұқар жырау бабамыз «Жал-құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз, Жауға мінер ат тумас…» — деген жыр шумағын бізге зерделесін деп қалдырған секілді. Ал біз бүгінгі таңда бұл шумақты қалай пайымдап жүрміз?

Қазіргі жылқы сүйер қауым бұл сөзді тура түсініп, қазақтың жабы жылқысы нашар деген түсінікті қалыптастырып, көп талқылайды. Тура түсінікті алсақ, жал-құйрығы қаба жылқыдан жауға мінер-шабар ат шықпайтын болып тұр! Ал, керісінше заман талабына сәйкес (кәзіргі уақыт) көз қараспен қарасақ бұған жетер жануар жоқ! Себебі:

Жылқының жалқұйрығы қаба дегеніміз – жануардың бойында тестестерон гормоны көп дегенді білдіреді. Бұл гормон – күш пен қуатты, қайраттылықты, мінезді қалыптастырады, бұлшық етте белоктың түзілуін, жиналуын күшейтіп, денеде майдың жиналуын азайтады, бейорганикалық заттардың қорға жинақталуын жақсартып, салмақ қостырады.

«Тайлақ» ш/қ тұқымдық айғыры — Жалпақторы

Қазақтың жабы жылқысы басқа жылқыларға қарағанда өзіне ғана тән табиғи сипатымен артық.

Олар: жыл бойы жайылымда тебіндеп жайылуға бейімділігімен, қарындағы клечатканы қорыту жүйесімен, өзіне тән ірілігімен, тірілей салмағының жоғары болуымен, үйіріндегі биелердің молдығымен, ұзақ жолға төзімділігімен, үйірдегі құлынды қасқырға бермейтіндігімен, тұрақты қоңдылықты сақтауымен, қазы байлау қасиетімен, өзінен туған байталына шаппайтын тектілігімен, ет шығымының пайыздық есебімен, күй талғамайтындығымен, дене бітімінің тұрпайлығымен, биелерінде бошалау қасиетімен ерекшеленеді.

— Жылқы өсіруге еліміздің қай өңірі қолайлы деп ойлайсыз?

— Қазақ еліннің барлық аймақтары жылқы өсіруге қолайлы. Тек жылқы тұқымдарының бағытына байланысты аңықтауға болады.

Зоотехникалық жіктеу (классификация) бойынша жергілікті жылқы тұқымдарын – далалық, таулық, ормандық деп үш экологиялық типке бөлуге болады.

Ал зауыттық тұқымдар – мініс, міністі-жегін, желісті, ауыр жүк тартатын, жегін тұқымдары деп бөлінеді. Демек, зоотехникалық классификацияға қарағанда қазақ жерінің оңтүстік аймағына зауыттық тұқымдарды, ал қалған аймақтарда далалық жылқы тұқымдарын өсірген абзал деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рахмет!

Кәусар Арықханқызы

ШҚО Жарма ауданы «Қалба тынысы» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!