Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ. Қазанат пен қазақ егіз

7404

Қазақ даласында аты аңызға айналған, өз иесімен бірге тарихта өшпес із қалдырған тұлпарлар бар. Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы сынды сәйгүліктердің аты батырлар жырлары арқылы бүгінгі күнге жетті. Одан кейінгі тарихта да жауға шапқан баһадүрлердің сенімді серіктеріне айналған сәйгүліктер бар. Қабанбайдың Қубасы, Бөгенбайдың Қызыл аты және тағы басқа тұлпарлар талай шайқастан иесін аман алып шықты. Бері қарай көз жүгіртсек алдымен Ақанның «Құлагері» еске түседі. Қазақтай жылқы малын әспеттеп, адам сияқты құрмет көрсететін халық әлемде бар ма екен?
Қазақ халқының жылқыны ерекше қастерлеуінің өзіндік себебі бар. Ғалымдар жабайы жылқыны алғаш ауыздықтап мінген біздің ата-бабаларымыз екенін анықтады. Бұған дейін Еуропада қолға үйретілді деп келген, тек Қызылжардағы Ботай тарихи қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының қазақ даласында мінілгенін дәлелдеді. Біздің заманымызға дейінгі 4-3 мыңжылдықтарға тиесілі аттың бас сүйектерін зерттеу кезінде ауыздық салынғаны анықталған. Демек, қазақ халқының атты ердің қанатына балап құрметтеуінің бастауы осында жатыр деген сөз.
Көшпенділер айлап-жылдап ат үстінен түспеген, тіпті әйел-баласына дейін ат мінгені белгілі. Арғы аталарымыз сақтардың соғысу өнерін шебер меңгергені, тұлпарларымен жүйткітіп шабуы Еуропа, Кіші Азия, Жерорта теңізінің бойындағы, Мысырдағы халықтың зәресін ұшырған. Осы кезде бұл елдерде басы адам, денесі жылқы «кентаврлар» туралы аңыз тарады.
Қазақта өзге жылқыдан ерекше аттарды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік, қазанат деп әспеттеген. Және оларды өте жоғары бағалаған. Бір жүйрік ат өз иесінің ғана емес, бүкіл әулетінің, руының, елінің абыройын асқақтататыны белгілі. Қазақтың эпостық жырларына, аңыз әңгімелері мен ертегілеріне көз жүгіртсек, қай-қайсысында да атсыз батырды кездестірмейсіз. Солардың басында Қобыланды батырдың Тайбурылы тұр. Тайбурыл шапқанда:

Көл жағалай отырған
Көкқұтан мен қарабай,
Көтеріліп ұшқанша,
Белінен кесе басады…
– деп жырланады. Артында құлан-бұлан қалып қойған, бір төбенің тозаңы бір төбеге қосылып қалған, көкқұтан, қарабайлар езіліп қалған, соларды жеп қара қарға-құзғындар қарық боп қалған – міне, жырдағы осы қасиеттері-ақ Тайбурылдың қандай екенін аңғартады.
Алпамыс батырдың Байшұбары жайлы да көп айтуға болады. Батыр туралы жырда:

Таудан асқан тасқындай,
Төгіліп Шұбар жөнеді.
Адыр-адыр бел еді,
Адам қорқар жер еді,

Неше қиын жерлерден
Тегістей шауып келеді.
Мейлі, дала, мейлі, адыр,
Теп-тегіс болды жер енді… – деп оның шабысын суреттейді.

Ал Қамбар батырдың Қасқа аты былай суреттеледі:

Қамыстай екі құлағың.
Төрт аяғың қазықтай,
Төңкерген кесе – тұяғың.
Сұлулығың сүмбідей…

Батырлар жырларында ер жігіттің астындағы аты көлік қана емес, ажырамас серігі болып келеді. Тіпті кей жерде иелеріне адамша тіл қатып кетеді. Бұл қазақ халқының жылқы малын адам деңгейіне дейін көтеріп, құрметтегенін көрсетеді. Жоғарыда айтылғандардан бөлек, Кендебайдың Керқұласы, Ер Тарғынның Тарланы сынды тұлпарлар болғанын білеміз.
Ал одан кейінгі тарихта Тілеулі батырдың Кез құлағы, Қабанбайдың Қубасы, Бөгенбайдың Қызыл аты, Шақшақ Жәнібектің Қаракөгі, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Исатайдың Ақтабаны, Амангелді батырдың Шалқасқасы, Кейкі мергеннің Кераты, Қарабектің Қарасы, Қамыстың Шұбары, Ерқосайдың Торысы, Сегіз серінің Бозжорғасы, Ақан серінің Құлагері сынды қазанаттар болғанын білеміз. Осылардың ішінде Құлагердің шоқтығы биік тұр. Қазақ аттың ең басты қасиеті – жүйріктігі, жорыққа төзімділігі, иесіне сенімділігі деп санаған.

Тұлпардың аунағаны туған жерің,
Биеден туа бермес сендей құлын.
Жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тайтұяқ,
Бір жолда әперіп ең ердің құнын…
– деп келетін жолдар Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында кездеседі. Талай бәйгенің алдын бермеген Құлагерді бақталастары балтамен ұрып өлтіреді. Құлагер өлгенмен оның аты әлі күнге дейін өлмей келе жатыр. Қазақ халқы көшпенділік өмірді әлдеқашан ұмыта бастады, ал ат көлік болудан қалып барады. Бірақ қазақ халқының аузымен құс тістеген тұлпарларға деген құрметі ешқашан азая қоймас.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

– Жылқы мінсе көлік, ішсе сусын, сойса тағам. Ол қазақ қоғамында ерекше құрметке ие түлік түрі. Махамбет «Ерулі атқа ер салмай» деп жырлайды, демек, сол замандағы батырларда бір емес жетегінде ерулі бірнеше ат болған. Қазақ ақын-жазушыларының көбінің шығармаларында кездеседі. Халыққа кеңінен таныс «Кербескер», «Қара жорға», «Бестай», «Бозжорға», «Тепеңкөк», «Маңмаңгер», «Телқоңыр» тәрізді әндер мен күйлерге осы қазақтың тұлпарлары арқау болған. Тіпті балаға ат қоярда да, мысалы Құнанбай, Құлыншақ деп есім берген. Сондықтан келе жатқан жылқы жылы қазақ үшін жақсы жыл болуы тиіс деп ойлаймын.

257860_109777579117233_4135228_oТоныкөк.кз
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!