Сұркөжек аттың соңғы бәйгесі

3828

Сұркөжек атты сіз де білесіз деп ойлаймыз. Өйткені осы тұлпар туралы жазған Мұхтар Мағауин әңгімесінің басында айтады. Сұркөжек аттың соңғы бәйгесі жайлы әңгіме көбейіп кетті деп. Ондаған жыл бәйгенің алдын бермеген жүйрік емес, өзгеше тұрпатты тұлпар туралы аңыз, аңыз емес, ертегі-қиялға бергісіз қисынсыз әңгіме көшіп, алды баспасөз беттерін қыдырып жүргенін қаперлеп, нүктесін жазушының өзі қояды. Аңызға айналып, әдеби шығармаға арқау болған сол Сұркөжектің басы күні бүгін сақтаулы тұрғанын естіген соң, Құлагер тағдырлы тұлпар туралы шығармаға тоқталып, нақты не болып еді, қалай болып еді, оқырманға жақындастырғымыз келді.

Қарағандыдағы Шет ауданының атын шығарып, Арқаға даңқы кеткен тұлпар туралы негізгі шығарма – Мұхтар Мағауиннің «Сұркөжек аттың соңғы шабысы». Құдайберлі Мырзабектің «Сұркөжек» атты дастаны және бар. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, кезінде Сәкен Жүніс те бір шығармаға арқау қылам деп таңдай қағып кеткен екен. Ал Мағауинмен бәйгені бірге тамашалаған әңгіменің кейіпкері, Сұркөжек аттың соңғы бәйгесінің куәгері жазушы Кәмел Жүніс шығарма сол қалпы болған оқиға ізімен жазылғанын жеткізді. Жазушы М.Мағауин әңгімесінде ойдан ештеңе қоспағанын, Сұркөжектің соңғы бәйгесін Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин үшеуі тамашалағанын еске салды.

«Сұркөжек аттың соңғы бәйгесі туралы алыпқашпа әңгіме көп» деп бастайды Мұхаң. Бұл кісі оқиғаны көркем оймен күлтелемей жазып отырғаны шығармадан да байқалады. Шет ауданының 60 жылдық тойына барып, бәйгеге дейін Кәмал Жүсіптен (Кәмел Жүніс) Сұркөжек ат туралы естиді. Аудан құрылған жылдан есептесек, 60 жылдық тойы 1988 жылы болғанын білеміз.

Аталмыш бәйге мүлде басқа сыпатта болды. Керек десеңіз, Сұркөжек аттың өзі жұрт кейіптеп жүрген әдепкі, топтан озған жүйрік емес, мүлде басқаша бітім, өзгеше тағдырлы тұлпар еді. Нықтап айтып отырғаным – өз көзіммен көрдім. Атты да, бәйгені де – дейді жазушы.

Мұхтар аға аудан тойына кездейсоқ бармаған. Құрметті азамат ретінде шақырту алған. Ол кезде жазушыға жұрттың ықыласы бөлек. Қазіргіден құрметі де жоғары. Аудан тойына Мұхтар Мағауин мен Сәкен Жүнісов қатар келгенінің өзі біраз жайды аңғартады. Әрине мұндай кісілердің қатарында әңгіме айтып, бірге жүретін жан Кәмел Жүністегі екені айтпаса да түсінікті. Кәмел ата болмағанда, біз журналист ретінде іздеу салып, әңгімеге арқау болған аттың дерегін, иесінің жөнін табар ма едік деген сұрақ мазалайды.

Соңғы бәйгеге қосыларда Сұркөжектің жасы жиырма алтыда көрінеді. Бәйгеге, аламанға қосылмағалы «тура он екі жыл болып еді» дейді автор. Бірақ мұнда мынаны ескеру керек. Осы шығармадағы дерекке сүйеніп, қанша тұлпар болса да, 14-15 жасында тоқтасады, болды, сонымен бітті десек, қателесеміз. Оған Сұркөжектің соңғы шабысы дәлел. Өйткені автор әңгімесінде аудандағы бәйгені ғана баяндап бермейді, алдына қара салмаған тұлпардың тағдырын кеңінен толғайды. Тұлпар болып туды екен, тұлпар болып өледі дегенді айтады. «Тұлпардың ары – озу тек» демей ме ақын Маралтай Райымбек? Тіпті қай жасына тап келсе де. Мимырт өмір тұлпарды мезі етіп жіберетіні емеурін етіледі. Мұндай ойды Мұхтар Мағауин Нарқызыл аттың тағдырын суреттеген «Жүйрік» шығармасында кеңірек суреттегенін ескеруіміз керек. Аяқтан қалған Нарқызыл көп жылқының ішінде үнемі алдында жүретіні айтылады.

Сәлден соң кейбірі шеру басындағы қыналы бозға теңеспек. Ал, ол… шоқаңдап желе жөнелуге тиіс. Басқалар да желіске көшсе, тұра шабудан тайынбайды. Ал, басқалар да шабысқа түссе ше? Үш аяқтап ілесе ала ма? Ілесер-ау, озып, ілгері шыға ала ма? Шыға алмайды әрине. Сонда қайтер еді? «Құсадан өлер еді – деп ойлады қарт жылқышы. Нарқызыл аттың адамнан несі кем?!

Иә, Нарқызыл аттың адамнан несі кем? Ақыры жылқы баласының бұл қасиеті өзіне сор боп жабысады. Мұндай артықшылық жылқы баласына азапқа айналғанда, адам баласының тұлпарына тіптен ауыр. Нарқызыл адам қастығынан аяқтан қалып, соның кесірінен аламанмен ерте қоштасады. Иесі Мамай болса, аты кісі қастығынан ақсап, бәйгеден келмей қалған соң көп ұзамай өледі. Ақсап жүріп көп жылқыны бастағаны үшін жас жылқышының бөліп алып сабағаны – айтуға ауыз бармайтын сұмдық емей не? Ал, Сұркөжек басындағы жай мүлде бөлек. «Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай, Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай» дегенді еске түсіреді. Шығармада автор ат иесін тек Жылқышы деп атайды. Жылқышының өмірінде баптаған тұлпары осы Сұркөжек қана. Кейін жүгірткісі келмеді емес, келді. Қолына тұлпар түспеген. Соған қарағанда автор Жылқышы атаған Жұмажан Жахметов жылқы баласын қапысыз таныған. Шет ауданындағы Талды, Берекетті ауылының тумасы екен. Бала кезінен бірге ойнап, қатар өскен Біләл Доскеевтің айтуынша, Сұркөжек Жұмажан атбегінің әкелерінен қалған ескі жылқыларының тұқымы деседі.

Құнан жарысында көзге түскен Сұркөжек бестісінде аламан бәйгеден бірінші келеді де, жалғыз Шет ауданы емес, сол кездегі Жезқазған облысы көлеміндегі бәйгелерде алдына қара салмайды. Жылына жалғыз бәйге деген жоқ қой және. Екі бәйге ме, үшеу, төртеу ме? Сөйтіп Арқа даласында тоғыз жыл бойы бәйгенің алдын бермейді.

«Ақыры тұлпардың тұяғы ауырлай бастаған он төрт жасында ең соңғы бәйгесіне қосады. Әрине, бірінші, талассыз озған. Енді қанша жасаса, сонша жүрер деп еркін жіберген» көрінеді. Бірақ күтімі керемет болған. Жазы-қысы жүгенсіз, құр жіберген, биенің сүтіне дейін ішіп тұрған. Балаша мәпелегені айтылады. Сөйтіп жүргенде баласының дәмелі аты бар аса бір сыйлас құрдасы келіп, қолқа салады. Сыйласы әрі баласының меселдесін қайтармау керек болғандықтан, олар жетелеп әкелген Аймаңдайдың шаппайтынын білсе де, келісімін беріп алып қалады да, атбегі жарата бастайды. Сұркөжектің жасы жиырма бестен асқан кезі. Жұмажан атбегі, әңгімедегі Жылқышы «Аймаңдайдың белін жазып, Жәкеңнің өзі мініп жүгірткенде, Сұркөжек анадай жердегі үйірден бөлініп келіп, қатарласа шауыпты». Осы жағдай бір емес, үш қайталанады және түнде атбегі жаратып жүрген атын суаруға шықса, шарбақ сыртында Сұркөжек те оттамай, қаңтарылып тұрғанын көреді. Жайылып құр жүрген даңқты тұлпары өзін бәйгеге дайындай бастағанына көзі жетіп, атбегі көзіне жас алады. Оны да жаратуға кіріседі. Басында бәйгі аттармен бірер айналып қояр, шығарып алармыз деген. Олай болмай шығады. Сұркөжек күннен күнге жарап, баяғы қалпына еніп, өзгеше күйін табады. Сонда жасы жиырма алтыны шамалаған Сұркөжекті көргендегі Мұхтар Мағауиннің суреттеуі тіптен бөлек:

Шатқаяқтап тұрысы өзгеше, мойны биік, тәкаппар ақбозға көзім түскен. Әуелде өзіне емес, сирағына. Тым жіңішке, қу сүйек қана тәрізді. Тұяғы тік, дөп-дөңгелек, төңкерілген кішкене кеседей. Ал тізесі… шодырайған. Қос жұдырықтай буылтық. Артқы аяқ, тірсегі майысып, көлбеу тұр, лап десе ытқи атылатындай. Омырауы ашық, қолтығы кең, кеуделі екен. Артынан қарадым. Сербегі тайқы. Сиыр құйымшақ, құлан құйрық. Қайтадан алдына шықтым. Жалы сұйқыл, мойны қамшының өріміндей, білеу-білеу. Серек құлақ, қу бас.

Тұлпардың бір қарағандағы нақты бейнесі – осы. Кәмел Жүністегі жеке мұрағатынан жіберген Сұркөжектің суретінен де тұлпар жай тұрғанда шатқаяқтап тұрғаны анық байқалады. Шодырайған тізесі де көзге ұрып тұр суретте.

Сұркөжектің көзі – жылқы емес, адамның, мейірбан, ізгі адамның, алып, мәрт адамның көзі сияқты. Нұр шашып, жайнап тұр. «Аруақ абыройдан айырмасын» – дедік, ер үстінде жамбастай, салғырт отырған томпақбет кішкентай ұлға қаратып – дейді жазушы.

Сұркөжек аттың соңғы бәйгесіне шапқан осы томпақбет кішкентай ұлдың есімі Қайыржан Балаубеков – Берекетті ауылының тумасы. Төртінші сынып оқитын кезі екен атқа шапқанда. Бүгінде жасы қырық жетіге келген жігіт ағасы.

Аттар лап қойғанда, Сұркөжек ең соңынан шыққаны айтылады бәйгеде. Содан кейін соңғы ат пен алғашқы аттың арасы біртіндеп қысқара берген, қысқара берген. Жарысты бастап шыққан алдыңғы екі жүйрік – Тайжирен мен Қарақасқаны төртінші айналымнан асып, соңғы, бесінші айналымға беттегенде басып озғанда, халық «Сұркөжек, Сұркөжек» деп шулап кеткен. Бұл да аруақты тұлпардың ел ішіндегі даңқы дер едік. «Көтеріліп шапты» дейді ғой жазушы. Және екінші айналымнан кейін Мұхаң, Кәмел аға, Сәкен аға – үшеуі бәйгені шеңбердің ішінде көлікпен жүріп тамашалаған. Құрметті қонақтарға аудан арнайы көлік бөлген. Шын тұлпардың шабысына сонда мән бергенін жазады автор.

Бөлектігі – жүгірісінде екен. Төрт аяқтап шабады. Төрт тұяғы бірдей. Бір мезетте көтеріледі. Осы ғұмырымда ондаған той, жүздеген жүйрік көргенде, солардың ішіндегі теңдесі жоқ тұлпар – Нарқызыл ат еді. Менің үлкен әкем баптап, өз қолынан өткерген. Қос аяқтап, тау текедей орғып шабатын. Алдыңнан тізіліп өткенде, басқа аттардың жүгірісі – текірек тәрізді көрінетін. Мына Сұркөжектің жосыны да өзгеше болып шықты. Төрт аяғымен бір мезетте серпіліп, тап-тұп түсіп келеді – дейді Мұхтар Мағауин.

Жазбамыздың басында Нарқызылды сөз еткеніміз тегін емес-ті. Ол да бір тарихта қалған тұлпар еді. Біздің Сұркөжек те солай болып тұр.

Жануар шауып келе жатқанда алдынан қарасаң, ұшып келе жатқан алып құс па дерсің. Аяғы жерге тимейді – дейді Кәмел аға.

Соңғы, бесінші айналымда дара шыққан Сұркөжек сол беті ұзай береді.

Соңғы орам да жұтылып барады. Жарымынан астамы өтті. Отыз екі шақырым артта қалды. Отыз үш… Енді көп болса екі шақырым. Кенет… Самғап келе жатқан Сұркөжек шоқалақ ете түскендей болды. Тапырақтап тұрып қалды.

Шығарманы тұтас оқып келе жатқан оқырманның жүрегі де осы жерде зырқ етуі бек мүмкін. Тұлпар осылай аяқтайды соңғы бәйгесін. Бастысы қартайыңқыраса да, тағы бір серпіліп, жүйріктердің алдына қайта түсті. Өз уақытының жүйріктерінен озған тұлпар, өзінен кейінгі жүйріктермен де жарысып, алдына түсіп армансыз ақты. Ең соңынан шығып бәрін біртіндеп жеңіп озды. Әр жаратылыстың өз уақыты бар десек, Сұркөжек спорттағы мансабын бір де бір ұтылыссыз абыроймен аяқтап, кейін тағы араға он жыл салып, бір мезетке болсын өзге тұлпарлар уақытының алдына шығып алған жүйріктердің пірі іспетті.

Ең соңғы бәйгесін аяқтаған Сұркөжектің сондағы кейпі күні бүгінге көз алдымда. Оң жақ сирағы шаша түбінен опырылып кеткен. Тұяғы кебісше қайқайып, кәрі жілігі жерге тие жаздап тұр. Әлде саршұнақ іні, әлде шекіп басқан бұдыр тас – шашасынан қиды.

Осыны көрген жазушы да әрі-сәрі күйге түседі. Ел де шулап, жылап қоя бергенін қосады автор. Соңғы айналымда Сұркөжектің соңында қалған Тайжирен я Қарақасқа келді ме, ештеңе қызық емес еді дейді. Жұрттың да назары солай болған, Сұркөжек үшін қамыққан. Алғашында жазушы да сондай кепті құшса да, шығарманың соңында басқаша байламға тоқтайды.

Сұркөжек – қасиетті Қамбар атаның сүйікті төлі еді. Тоғыз жыл – тұтас ғұмыр бойы бәйгенің алдына салды. Бұдан соң тыныш, барақат өмір берді. Бірақ ұлы дүбір үшін туған тұлпарға керек пе еді осы мимырт тіршілік? Пірінен – ат иесі емес, түлік иесі Қамбар атадан тағы бір бәйге сұрады – ең соңғы бәйге. Жануардың көкейін тескен ақырғы арманы орындалыпты. Бір айналымға да жараса бақыт емес пе еді? Бір емес, бірнеше айналды. Отыз шақырымдық межеде тоқсан атты артта қалдырды, олар да ерен жүйрік, бірақ тұлпар тумаған. Қамбар атаның мейіріне емес, ықыласына ғана жеткен қос сәйгүлік – Тайжирен мен Қарақасқаны шарай топ алдында басып озды, тағы да үш шақырым еркін самғады. Қамбар ата алқап, бар мұратын тапты. Бұдан соңғы аз ғана жер… Жарайды, Пірі есіркеп, қарақшыға аман жетсін. Бірінші келсін. Бұрын келмеп пе? Талай рет келген. Сол көп келістің ерекшесі болса да, үйреншікті біреуі ғана болатын еді. Бәлкім Қамбар атаның әуел баста қайта көтеріп, қайтадан қуат құйып, бәйгеге қосқан кездегі міндетті шарты да осы шығар. Көп жүйріктің бірі ретінде ұмытылмай, елдің есінде мәңгі сақталсын, жазушы қаламының ұшына ілінсін деп жасаған өзгеше рақымы – деп түйеді.

Сұркөжек бәйгеден келгенде мұндай туынды туар ма еді? Жоқ. Қатардағы бір бәйге болып, жылдар өткенде көкейден өшер еді, оның осылай мерт болуының өзі қастерлі жазмышы, шын тұлпардың бақыты дегенге саяды. Сонда Сұркөжек аттың соңғы алған бәйгісі де жазушының осы шығармасы болып қалмақшы. Және бұған қосар дастан барын айттық жоғарыда. Жылдар өтеді, заман өзгереді, жүздеген жүйріктер мен тұлпарлар келіп, кетеді, бірақ оның бәрі бұлай қалам ұшына іліге бермейді. Сұркөжектің тұлпар аты қалса, көркем шығармаға арқау болғанынан. Тарихтан атын өшірмейтін белгі аталмыш шығармалар болса, екінші бір белгі – Шет ауданының археологиялық-этнографиялық музейіне жазушы Кәмел Жүніс тапсырған Сұркөжектің бассүйегі.

Сұркөжектің бассүйегі. Шет ауданының музейі

Осы мақаланы жазу барысында неше түрлі қызыққа кезіктік. Дастанда Сұркөжекке қастандық жасалғаны жазылады. Алайда бәйгені тамашалаған, тіпті шапқан аттардың жанында көлікпен қатарласып отырған қос жазушы ондай дерек айтпайды. Ал, шабандоз Қайыржан:

Соңғы айналымды орталап, жеке-дара келе жатқанымда, алдымды қызыл буырлы мінген кесіп өткені рас. Бірақ дәл тұсымнан шабуыл жасаған ешкім жоқ – дейді.

Ал, ат иесі Жұмажан Жахметовке келсек, өмір бойы еңбек сауған адам екен. Тыл еңбеккері. Еркебұлан, Еркін, тағы басқа ұл-қыздары бар, Қарағанды, Шет өңірінде өсіп-өнген. Жұмажан ақсақалмен бірге өскен Біләл Доскеевтің айтуынша, ол кісі Нұраталдыда бас зоотехник, Талды, Берекетті ауылдарында ферма меңгерушісі болып еңбек еткен. «Мейлінше еңбекқор, халықшыл жан еді» дейді Біләл ақсақал.

Соңғы бәйгесінен соң Сұркөжекті иесі не істегенін сұрадық. Ерекше күтімде болғанын, екі-үш жыл бос жүргенін еске алды. Тиіспеген. Тек қана жары Рымкеш ол дүниелік болғанда Құдай қосқан қосағының қонағасына арнап шалыпты. Жылқы арық, көктемнің кезі деседі. Оның үстіне Сұркөжек мүлде арық көрінсе керек. «Елдің сөзін елемей сойып еді, сыртында түк болмағанымен, іші ақтарылып түсті, екі елі қазы берді, қу қазанат екен» дейді. Екі жағына да бір қабырғадан артық біткен көрінеді. Ондай артық жаратылысты қазақ қанат деп атайтын. Шын тұлпарға қанат бітіп туатыны рас болды, демек.

Сұркөжектің басы музейде сақтаулы тұрғанын естіп Кәмел ағаға қоңырау шалғанымызда, ол кісі Сұркөжек туралы білетіндерін еске алып, Көкжайдақ аттың аңызын әңгімеп берді. Оқиға Сазанбай батырдың Көкжайдақты Хиуадан әкелгендегі ерлігіне қатысты өрбиді. Қуса жететін, қашса құтылатын тұлпар кімнің арманы болмаған? Аузымен құс тістеген әлгіндей тұлпар Ташкен бегі Бегдербек бекте барын естіген Сазанбай батыр есебін тауып, ақыры алған дейді. Бір деректерде Көкжайдақ текежәуміт тұлпары аталады. Әкелген айғырының жүйрікігіне көзі жеткен батыр келесі жылы Көкжайдақтың үйірін, яғни биелерін алуды көздейді. Сөйтіп жүргенде серігімен бірге қолға түсіп қалады. Хиуалықтар Сазанбайды тұтқындап, серігін босатып, Көкжайдақты қайтаруын талап етеді. Сазанбайды сонда ғана босататынын айтады. Тұлпарынан айрылған хиуалықтар райынан қайтпасын білген Сазанбай серігіне: «Қазақта мендей талай ер туар, Көкжайдақтай айғыр қолға түспейді, айырылмасын. Елге сәлем айт, құным жоқтаусыз», деп Орынбаймен қоштасып қалған деседі. Көкжайдақтың тұқымы негізінен осы Шет өңіріндегі Талды, Нұра-Талды маңында қалғаны туралы әңгіме көп. Түсіне қарай құлындары да көк, сұр, боз болатын көрінеді. Кәмел аға Сұркөжекті Көкжайдақтың тұқымы болуы мүмкін деген қисынға келтіреді.

Солдан оңға қарай атбегі – Жұмажан, Мұхтар Мағауин мен зайыбы Бақыт, Сүркөжек пен шабандоз Қайыржан, Кәмел Жүністегі. 1988 жыл.

Сөз соңында оқырманның қаперіне бізден де бір сөз. «Арғымақ» ұлттық-танымдық порталында Құдайберлі Мырзабектің «Сұркөжек» атты деректі дастаны бар. Онда шығармамен бірге Сұркөжектің фотосы жарияланған. Мұхтар Мағауин жұбайымен, Кәмел Жүніс, Жұмажан атбегі және шабандоз аттың үстінде тұр. Алайда ондағы бір әттеген-ай – ат иесі мен шабандоздың есімінен қате кеткен. «Бапкері – Жақметжанов Жұмажан, шабандозы – Жақметбеков Құсайын» болып жазылыпты. Анығында, ат иесінің есім-сойы Жұмажан Жахметов болса, ол суреттегі шабандоз есімі – Қайыржан Балаубеков. Кезінде Сұркөжекке Құсайын Жахметов те шапқан көрінеді, бірақ Қайыржаннан бұрынырақта болса керек. Соңғы бәйгеде тұлпарға Құсайын емес, Қайыржан отырғанын атбегінің баласы Ерлан да растайды. Қайыржанның өзімен сөйлесіп білгеніміз және бар.

«Сұркөжек» дастаны көркем дүние саналғандықтан, оқырманның қиялын әр қиырға жетелейді. Түрлі тұспал, көркемдік шешімдер жасалады.

«Шапқан жоқ Сұркөжекті ұшты дерсің,
Нанбаған оны көрсін, құсты көрсін.
Қасынан он бір аттың оқтай озды,
Орнынан өре тұрды жұрт түгел шын.
Суырылып бір шақырым кетті шырқап,
Барады көз ұшында құйын бұрқап» — деген жолдарынан дастанның ұйқасы шымыр, дерегі мол екенін байқау қиын емес.

Уақыт озып, жыл жаңарған сайын жаңа жүйріктер келеді дүниеге. Бірінен бірі озып, жер танабын қуырып жатады. Бірақ бәрі бұлай көркем шығармаға арқау бола бермейді. Мыңның ішінен ілуде біреуі ғана. Ендеше, Сұркөжектің соңғы бәйгесі – мәңгілік бақыты дер едік.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Egemen Qazaqstan»

Басты сурет: Назгүл Ақбаева. Тарбағатай ауданы, Ахметбұлақ ауылы

3 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!