Құдайберлі МЫРЗАБЕК. Сұр көжек
(Деректі дастан)
Жылқыдан сұлу бар ма жануарда,
Ат мінбей атам қазақ жарыған ба?!
Тағыны түзден ұстап жуасытпай,
Өзінің үстемдігін таныған ба?
Қиялы қияға өрлеп, желге мінген,
Жаралған ту басында өр көңілмен.
Бабамның тақымында тұлпар билеп,
Алдына әлем құлап өңгерілген.
Төбесі көкке тиіп дүбірлеткен,
Елестей көрген жұртты дірілдеткен.
Ғарыштан қиял жұмсап таппай жүрміз,
Айбынын Сақ пен Ғұнның бұрынғы өткен.
Бәйге алған оза шауып құба белде,
Кеткендей ғарышқа ұшып Құлагер де.
Ақанын алты алаштың аһ ұрғызып,
Қалыпты «Бөрібайлап» бір ән елге.
Ақан жоқ, Құлагер жоқ, қалды бір ән,
Тамаша тәбәріктей тағдырынан.
Көне жұрт, көң топырақ жатыр тілеп,
Тұлпарды енді көктің жаңбырынан.
Тыңдаумен Ақан әнін шарықтаған,
Жасымнан мен де «ауырып шалықтағам».
Алысып асау таймен, түзде қонып,
Жылқыдан жүйрік іздеп жалықпағам.
Атадан ат құмарлық маған мирас,
Өлеңді Алла берді, адам тыймас.
Құлын жыр күнге қарап кісінесе,
Кеудемде асылым жоқ оған қимас.
Әкеден ер-тұрманға мұрагер Мен,
Ақиық түлеп ұшқан ұяда өнген.
Не көрсең соны ілесің деген нақыл,
Тектен-тек айтылған жоқ қырағы елден.
Есіл сөз судай саулап, селдей аққан,
Аңыз көп іште жатқан шерді оятқан.
Көңілімді толқытады толғандырып,
Жылқыдай жамыратып көлге жапқан.
Мәз болдық мәстек жегіп жүкті арбаға,
Жүйрік жоқ, жигули көп шыққан жаңа.
Құтының құнын жоқтап құлазиды,
Түтінін трактордың жұтқан дала…
…Кешегі Голощекин заманында,
Бүйірі тесілді ғой сабаның да.
Қырған соң үйір-үйір тұяқтысын,
Аштықтың қалған қазақ аранында.
Сұраймын жақынымнан, жатымнан да,
Қара үзіп, қан қыздырар атың бар ма?!
Тектісі жылқымның да кетті ме екен?
Алаштың асылдары атылғанда.
Еркежирен
Айтыста қатар жүрген досым –Ерік,
Көкеннің келе жатқан көшіне еріп.
Жан бөлек екеумізде, жалау ортақ,
Өскен соң бір өлкенің төсін еміп.
Жолықтық бір жиында екі жақтан,
Екеуміз екі өзендей қосыла аққан.
Шалқыған шаттығымыз араласты,
Сәулесін сағыныштың шашыратқан.
Кездестік Баянауыл аясында,
Қаныштың тоқсан жылдық тойы осында.
Тойға арнап төселгендей гүлді кілем,
Көз тастап қарасаң да қай асуға.
Ұлы ду Баянауыл бауырында,
Баянның нұр ойнайды сауырында.
Жан-жақтан мың сан қонақ жиылыпты,
Ғалымның кіндік кескен ауылында.
Қанышты кім білмейді ғарыш білген,
Жұлдызы жарқырап тұр дәл үстіңнен.
Атында Сәтбаевтың планета бар,
Көз жетпес аспандағы алыс күннен.
Жүрмеген елдің еріп бос көшінде,
Ұлымен ұлт мерейі өспесін бе!.
Атағы адамзаттың абыройы,
Есімі Менделеев кестесінде.
Қаныштың Баянауыл туған жері,
Құлпырып бүршік атқан гүл дәурені.
Тастары текшеленіп жиған жүктей,
Көзіме елестетіп тұрды әр нені.
Жасыбай, Сабынды көл – екі мөлдір,
Айнала тау өркеші сеңгір- сеңгір.
Таяған сайын қойыны кеңи берер,
Дегендей «құшағыма кел, кірсең кір!».
Жыланшық, Ақбетпенен дара таулар,
Кең жазық төбелердің арасы аңғар.
Мәуесі жұпар шашып маужыратар,
Дегендей «Құшағымда қаласаң қал!».
Мөп-мөлдір бұлақтары сылдыраған,
Кейде- ару, кейде сәби былдыраған.
Бұл бұлақ Шоқан да кеп ішкен бұлақ,
Ағысын моншақ тастар мың бұраған.
Тас жарып, бой түзеген қарағайы,
Секілді бұл фәнидің саяжайы.
Осынау сұлулыққа күн сүйініп,
Айналып, толғанады ауа райы.
Жарасаң қуанышын бөлісуге,
Аспаса қазақ тойда кемісін бе.
Тігілген ақ шағала кигіз үйлер,
Шорманның жылқысының өрісінде.
Сайланған осы тойдың бәйгесі бар,
(Аты озып, бағы жанып, қай кісі алар?)
Жараған бауырынан аш күзендей,
Жүйріктер осы жолы барды салар.
Арылтқан ащы терді кермегінен,
Арқаның ат келіпті жер-жерінен.
«Жигули» автокөлік бас бәйгеге,
Ең соңғы аяқ бәйге-төрге кілем.
Дүркіреп ойдағы жұрт түс ауғасын,
Бетке алды бір төбенің ұшар басын.
Жаршының жар дауысы саңқылдайды.
Ал, тұлпар, бағың енді тұсалмасын!
Семей мен Қарағанды, Жезқазғаннан,
Ақмола. Әдей сәлем жолданғаннан.
Сап түзеп тұрып жатыр саңылақтар,
Жерінде бәйге бермей озғандардан.
Алысқан ауыздықпен талдырып қол,
Тыпыршып, көкке атылған сәйгүліктер.
Дүркіреп, дүбірлетіп жөнелгенде,
Қиқудан құлақ тұнды, жаңғырып жер.
Кеткендей мұз жарылып опыр-топыр,
Қозғалды тұрған жерден қалың нөпір.
Бір кезде Ерік ағам айғай салды,
-Әй, Құдаш, бермен келіп, жаныма отыр.
Ақынға атқұмарлық дерт пе бөтен,
Ерекем бір жартасқа шөккен екен.
Мені де ат қызығы еліктіріп,
Қасынан ұзаңқырап кетен екем.
-Қиянат қылмаса екен аңдығандар,
Қайтейін бар ғой әлі қанды қолдар.
Мына аттар қарақшыдан өткеннен соң,
Айтатын саған, Құдаш, әңгімем бар.
Жарайды-дедім. Сөзден запымын ба?!
Ат кеткен жиырма бес шақырымға.
Күн ыстық. Шеңбер бойы бес айналым,
Әркімнің бір-бір үміт тақымында.
Алғашқы айналымда көк ат озды,
Екінші айналымда торы ат озды.
Жирен ат үшіншіде суырылып,
Екпіндеп, бауыр жазып, құлаш созды.
Қарасаң сымбатына суреттей,
Шабысын қалған жан жоқ ырым етпей.
Жаршы да мақтап жатыр барын айтып,
Сөзінің көлденең жел жігіне өтпей.
Осы екен Ерке жирен талайдағы,
Семейдің ардақтаған бар аймағы.
Мойыны ұзын тұрқына сай, аршыны кең,
Көрінді тоқ жараулау алайдағы.
Қызған соң Ерке жирен төске өрледі,
Төртінші айналымда дес бермеді.
Болдырып жабы, мәстек қалып жатыр,
Осы боп тағдырларын шешкен жері.
Шүбә жоқ Ерке жирен бәйге алады,
Күші тың, бойы жинақ қайдан әлі.
Деп едім, деді Ерік шыда азырақ,
Бұл аттар тағы бір рет айналады.
Шабысын жирен аттың бәске тігіп,
Бір үміт ішімде тұр тас бекініп.
Қазақы қазанаттың нағыз өзі,
Болмаса түп тегінде мәстекілік.
-Бәйге аттар мәресіне жақындады!,
Деп -жаршы хабар айтып тақылдады.
Төбенің ар жағынан шаң көрінді,
Халықтың өре тұрып жатыр бәрі.
Қарагер топ алдында арындады,
Жануар жүйрік екен бабындағы.
«Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды»
Көзіме Ерке жирен шалынбады.
Бәрі өтті қосқан аттың бірі қалмай,
Жирен жоқ. Лақты ма екен бұрыла алмай?
Мен тұрмын екі көзім төртеу болып,
Бойдағы амал айлам құрығандай.
Көз жазып, жоғалтып ап жиренімді,
Құлазып ішім толды күйге мұңды.
Сұрадым айналама сауал тастап,
Кім менің тарқатады түйнегімді.
Жорамал айтты бір шал сауалыма,
— Далаға қарасайшы, бала, мына.
Баянның жері тастақ, Семей құмдақ,
Тас батып қалған шығар табанына.
Бап шауып, бақ озбай ма ерте күннен,
Сол үшін аз ба шіркін тер төгілген.
Жеңіске жете алмаған жеткіншектей,
Жетпеді мәресіне Ерке жирен.
Салымды салған суым теріс аққандай,
Қалшиып қалсам керек сең соққандай.
Ерік кеп сол заматта сөзге тартты,
Тыңда деп әңгімемді селсоқ қалмай.
Еріктің әңгімесі
Оқиға еді мынау тақаудағы,
Өткен жаз Жезқазғанда Шет ауданы.
Алпыс жыл толғанына той өткізді,
Енші алып құрылғанға отаулары.
Қонақ көп сан тараптан шақырылған,
Молшылық дәл осылай сапырылған.
Барғанбыз Алматыдан Олжас бастап,
Қалың ел қоғадай боп жапырылған.
Сол тойда дәл осындай бәйге болды,
Жүлдесі жүйріктердің сайлы болды.
Бір ердің «қанатына» сойыл тиіп,
Аяғы ұмытылмас қайғы болды.
Халықтың өтті аттар көрмесінен,
Балалар алысып жүр делбесімен.
Бір көк ат топ алдына шыққан кезде,
Айрыла жаздап қалды ел де есінен.
«Сұркөжек, Сұркөжек»,- деп қиқуласты,
Сол қиқу бір қырдан соң бір қырға асты.
Тұрқына қарағанда жануардың,
Менің де бойымдағы ырқым қашты.
— Апырай, қайдан келген мұндай мүсін,
Мен білсем осы аттыкі бұл бәйге шын.
Деп қалды Сәкен ағам көзі жанып,
Сері ағам әрнемеге бұрмайды ішін.
Аузынан шыққан сөзі орай табар,
Кім батып сері ағама дау айта алар.
Қолпаштап жан-жағынан кетті қауым,
Ғайыптан жеткендей-ақ солай хабар.
-Тектен тек Сәкен ағам тамсана ма?!
-Сұр Көжек алдына енді мал сала ма?!
-Бұл кісі қазіргінің Күреңбайы,
Сөзіне мал құрмалдық, жан садаға!.
Асыра біздің қазақ сілтегенде,
Бетіңе бөз таппассың бүркенерге.
Мақтаудың неше атасы бірақ кейде,
Жараса береді екен үлкен ерге.
Жасырып тұлғасына мың жұлдызды,
Серіге мадақ айту ду-ду қызды.
Халайық Сұркөжекті бері алғызып,
Үстіне сол арада бір мінгізді.
Оң көрмей байлық, мансап бірде бірін,
Жүктеген қаламына күллі өмірін.
Қазақтың ерке, серке қаламгері,
Қайда да алшаң басып жүргені ырым.
Сөз берді Жүнісовке атшабарда,
Сөзінен, шіркін, ағам ақсаған ба?
Қайырылған толқынданып қалың шашы,
Желкілдеп тұрды сонда ақ самалға.
-«Ей, Қазақ, жасымасын шар болатың,
Халықсың әлем жұрты таңқалатын.
Ат сенің қанатың ғой,
Ұрпағыңды,
Көтеріп ұшқалы тұр сол қанатың.
Талмасын сол қанатың самғағанда,
Бабаңның рухы болсын әр балаңда.
Күй болып төгілмей ме ат дүбірі,
Сайратқан сан бұлбұлын сары далаңда.
Сары далаң сарнамасын сары уайымнан,
Асылдық арылмасын тал бойыңнан.
Қаршадай қазағымның балалары,
Жарыста жарылқасын маңдайыңнан!».
Дегенде соқты жаршы қоңырауын,
Жүйріктер желге тосты омырауын.
Қиқулап арқаланып қоя берді,
Манадан күткендей-ақ соны қауым.
Шеңберде жол мәресі алты айналым,
Алады Аюлының жарты аумағын.
Отызға жіберілді елу бес ат,
Мен дағы үмітімді қаңтармадым.
Алаңның бір айналды аумағын,
Көтеріп дүбір жердің шаңдағын.
Алдында Сұркөжектің он сегіз ат,
Сыр бермей бара жатыр саңылағым.
Екінші айналым да таяп қалды,
Қалың топ тізбек-тізбек тарап қалды.
Халықтың дәл алдынан өткен шақта,
Сұркөжек он алтыға аяқ салды.
Төртінші…
Сұркөжегім екі атты озды,
Дүрлігіп ел дуылдап, арқа қозды.
Мен әлі тыңмын деген сыңайлы ма?
Аудармай қарап тұрмын екі көзді.
Төрт бітіп, аттың алды беске кетті,
Қиқулап тағат кетті, ес те кетті.
Шіркін-ай, ат бәйгесі қан қыздырып,
Бойдағы жандырады өшкен отты.
Бесінші айналымның ақырында,
Есепті жиырма бес шақырымда.
Бүгіліп, жазылады аш күзендей,
Сұркөжек жас баланың тақымында.
Шапқан жоқ Сұркөжекті ұшты дерсің,
Нанбаған оны көрсін, құсты көрсін.
Қасынан он бір аттың оқтай озды,
Орнынан өре тұрды жұрт түгел шын.
Ондайда қалай ғана жан шыдайды,
Соңынан жүйріктердің шаң шұбайды.
Басынан бөркін шешіп алған бір шал.
Ұрандап өзін өзі қамшылайды.
Қазекем қаны қызса басты ойлай ма,
Сұркөжек!, Сұркөжек!- деп басты айғайға.
Сұркөжек барлық аттың түсті алдына,
Бірінен-бірін тастап шапқан бойда.
Суырылып бір шақырым кетті шырқап,
Барады көз ұшында құйын бұрқап.
Ұранын бабасының шақырады,
Нағызы қас тұлпарды көрген ұрпақ.
Кенеттен опыр-топыр болды жағдай,
Халайық шулап кетті жөнді ұға алмай.
Аттар кеп ығы-жығы шаңға көмді,
Беймәлім озған қайсы, соңғы қандай.
Бәз біреу сап тыйғандай ғажап әнді,
Заматта басымыздан базар ауды.
Не болды?, Не болды?- деп көзін сүзіп,
Біле алмай Сәкен ағам мазаланды.
Біз барсақ ат аяғы сынған екен,
Жануар омақасып, тұрған екен.
Бүйірден бурыл атты біреу шығып,
Сойылмен көк топайдан ұрған екен.
Көрінбей бурыл атты кеткен қашып,
Қанішер қаскөйлігі беттен басып.
Баласын барша жұрттың жирендірді,
Исіндей Батыраштың жеткен сасып.
Егіліп ат иесі жылағанда,
Толқымай тұра алмады бір адам да.
Тағдыры Құлагердің Сұркөжекте,
Қайғысы сері Ақанның Жұмажанда.
Мертігіп Жұмажанның тұр пырағы,
— Намысым!,
Намысым! — деп шырқырады.
Зар қаққан даусын естіп, тәмәм жұрттың,
Қайысып қабырғасы сырқырады.
Аһұрды Сәкен-сері ағам дағы,
Толғантып ат тағдыры, адам бағы.
Бұдан соң Батырашқа дауа бар ма?
Іс мынау алақандай алаңдағы.
Сұркөжек Жұмажанға баласындай,
Жүректі ашындырды наласы удай.
Күрсіндік тәмам қазақ жерге қарап,
Шыдатпай жануардың халі осындай». –
Ой салды Сұркөжектің жайы маған,
Құлагер құлағандай қайырадан.
Неліктен тұлпарлардың жолы болмай,
Қанады Батыраштың айызы әмән.
Сайраған санамдағы суретті,
Тізбелеп дөңбекшумен түнім өтті.
Қамшылап Қамбар атам шабытымды,
Құлын жыр жан сарайын дүбір етті.
Нұраға қанат болса ұшардаймын,
Тек сонда басылардай құсам, қайғым.
Дөңбекшіп төсегімде жатыр едім,
Серігі іздеп келді Құсанбайдың.
Тас жарып тұяғымен, кесек атқан,
Өліпті Ерке жирен кеше шапқан.
Тұлпарды тер өлтірер алынбаған,
Озады бабын тапса есек аттан.
Тағдырға душар болған жарқабақты,
Қазасы қазанаттың жанға батты.
От жұтып, жалын бүріктім өкініштен,
Озса да елемедім қалған атты.
Мараттың әңгімесі
Бір күні Жезқазғаннан хабар алдым,
Қиялмен Сұркөжекке тағы оралдым.
Тойына Майасардың шақырыпты,
Майасар замандасы бабалардың.
Көкшеде аңыз болған сан олжасы,
Шәкен мен Қалияның замандасы.
Бір жүрген Нартай, Тайжан, Шашубаймен,
Қазақтың айтысының ақ алмасы.
Баруға сол өлкеге ниеттеніп,
Әр күнім туды алтын жиектеніп.
Асықтым қашан жолға шыққанымша,
Тұлпарды көз көрмеген жүрек көріп.
Көңілім әбден ауды Сұркөжекке,
Жаяулап тарттым тура нулы өзеке.
Әсия балаусадан қаптап алдым,
Тұлпардың қам көңілін күйлемекке.
Аттандым елден Ақсу-Аюлыға,
Қарсы алды кең жазығы сайын құла.
Құт мекен құшағына бауырады,
Кеткен ұл оралғандай байырғыда.
Жолықтым жақсы ағаға Марат атты,
Ер екен ақын жанды, парасатты.
Кең қолтық, кемел ойлы жігіт екен,
Көңілім бір көргеннен қара тартты.
Сөз тарттым ауаткомнан суыртпақтап,
Шешілді ол күмілжімей үмітті ақтап.
— Жұмажан ат иесі жездем — деді,
Танылған осы өлкеде күлік баптап.
Айтайын Сұркөжектің әңгімесін,
Жігіттің босатқандай жан жүйесін.
Алдына ат салмаған дүлділіміз,
Ойлама мақтайды деп малды несін.
Жиырма тоғыз жаста биыл міне,
Халықты көсілетін сүйіндіре.
Өткен жыл аяғынан айрылғанда,
Қамығып бар ағайын күйінді де.
Ондай мал қайтып тумас бұл аймақта,
Кез қылған Жұмажанға құдай баққа.
Бірінен бірі озып жүр жабылар,
Теңеспес Сұркөжекке қалай мақта.
Өткен жыл бәйге болар кезге таман,
Телефон соқты әдейі жездем маған.
— Балдыз-жан Сұркөжекке өнер бітті,
Жаратып өзін өзі деп тұр шабам.
Қайшылап қос құлағын елеңдейді,
Жемімді бір тостаған әрең жейді.
Осы жол «кәртамышты» қоссам ба екен,
Шаппаса өзі ұялсын, маған мейлі, —
Осылай деді жездем ақылдасып,
Мен қалдым қоссаң қос деп мақұлдасып.
Жездемнің одан да өзге бір аты бар,
Шығатын бәйге десе тақым басып.
Сұркөжек қартайды деп қосылмайтын,
Жездеміз оқта-текте тоқымдайтын.
Келетін жиын өтсе қара атымен,
Үйінде байыз тауып отырмайтын.
Түскендей тұяғының тасқа мөрі,
Атағы Сұркөжектің асқақ еді.
«Сүйегі әлде қашан қурады»,- деп,
Түңіліп жұрт та ұмыта бастап еді.
Бір-бірлеп атағанда жүйріктерді,
Ел танып Сұркөжекті дүрліккен-ді..
Шыққанда билеп басып жануарым,
Бәйгеден дәмелілер жым-жырт болды.
Жануар ел алдында ойқастады,
Бәсі жоқ жүлде алар деп ой тастады.
Келген жоқ қаперіне еш адамның,
Тасада арамзаның жол тосқаны.
Сол сапар тарлан көктің соры болды,
Жаман мен жабылардың жолы болды.
Мерт қылған Құлагерді «Батыраш қол»,
Құлатты Сұркөжекті торып енді». –
Мұны айтқан Марат шерін баса алмады,
Күрсініп, қос жанары жасаурады,
Тағдыры тұлпарлардың қасіретті,
Болуға тиісті ме қашан дағы?
жақсы өлең екен
[…] ұлттық-танымдық порталында Құдайберлі Мырзабектің «Сұркөжек» атты деректі дастаны бар. Онда шығармамен бірге […]