Жылқы нені сүйіп жейді? (ФОТО)

4095

Мінген атыңызға сүйікті тамағын беру – жақсы жұмысы үшін алғыс айтудың тамаша тәсілі әрі оның сіздің ырқыңызға көнгенін ынталандыру. Сондай-ақ ең бастысы, бұл сіздің онымен шынайы байланыс орнатуыңыздың тамаша сәті. Ол алақаныңыздан өзінің сүйікті асын жеген сәтте дәу еріндердің денеңізге ток жүгіргендей ғажайып сезімге бөлейтінін мойындаңыз!

Атқа сүйікті асын берген кезде – ол үшін дәмді ғана емес, пайдалы тағамдарды да таңдауға тырысыңыз.

Ал біз бұл жолғы мақаламызда атқа не беруге болатыны және не беруге болмайтыны туралы айтпақшымыз.

Жылқы қандай тәттілерді ұнатады?

Егер ат өзіңіздікі болмаса, оған тәтті тамақ бермес бұрын, оның иесінен бір ауыз сұрағаныңыз дұрыс. Кейбір адамдарға жылқысын кез келген адамның кез келген нәрсемен тамақтандырғаны ұнамайды. Тіпті кейбір баптап отырған жүйріктерге байқаусыз артық берілген тамақ бабын бұзып кетуі мүмкін. Ал кейбір жылқының өз талғамы болады – біреуі алманы ұнатпайды, екіншісі сәбізді, ал үшіншісі бананды жемейді дегендей. Ал ат иесі бұл туралы сізге ескерте алады.

Сонымен, сіз мінген атыңызға оның «еңбегі үшін» қандай тәтті сыйлай аласыз?

Сәбіз 

equitantes.com

Әрине, сәбізді сүйсіне жемейтін жылқы кемде-кем болар. Тағамдық қуаты өте жоғары болғандықтан да сәбіз өте пайдалы.

Бұл тағамды ұсынбас бұрын оны жақсылап тазалап, жеуіне ыңғайлап турап беріңіз. Әрине, кез келген жылқы өзіне керегін маңдай тістерімен кертіп жей алады, бірақ оған қабілеті жетпейтіндері де бар әрі сіздің бергелі тұрған сәбізіңіз тым кесек болуы да мүмкін.

Алма

vetandlife.ru

Жылқылар алманы бүтіндей, кертіп, тіпті кейбіреулері өзегімен жегенді жақсы көреді. Алма қауіпсіз, бірақ кез келген көкөніс сияқты, пестицидтерді болдырмас үшін алдымен жуып, сосын беруді ұмытпаңыз. Алманы турамай-ақ беруге болады. Себебі кейбір жылқылар жемістерді бүтіндей жегенді жақсы көреді. Десе де бірнеше бөлікке бөліп, өзегін тұқымымен қосып алып тастаған дұрыс.

Көкөністер

ukrvet.ua

Жылқының сүйікті тағамдарының мәзірінде сәбізден басқа балдыркөк (сельдерей), теңіз орамжапырағы (салат-латук), кәді (кабачки), қияр да бар. Мұның бәрі сәйгүлік үшін дәмді әрі пайдалы. Тамақтандыру алдында көкөністерді жақсылап жуып, балдыркөктің сабақтарын талдап, қияр мен кәдіні бірнеше бөлікке бөліп берген дұрыс.

Қуырылған нан немесе қытырлақ нан (сухари)

Мұндай нанды өзіңіз дайындасаңыз да болады. Қара бидайдың немесе кебектен жасалған нанды алыңыз, оны жылқының ерніне ілінетіндей етіп тураңыз да, пеште аздап құрғатыңыз. Әйтпесе күнге кептіріп алсаңыз да болады. Әрине, нан көгермеген, жаңа піскен болғаны абзал.

Қарбыз қабығы мен «жүрегі» (қарбыздың ортасындағы шапағы жоқ таза жерін жүрегі деп атайды)

equinemanagement.info

Жылқының сүйікті тағамы туралы айтқан кезде біз көбінде қарбыз жайлы айтуды ұмытып кете береміз. Ал шын мәнісінде жаздың соңы мен күздің басында атбегілер өздерінің сүйікті сәйгүліктерін мұндай мерекеден тыс қалдырмайды. Сол себепті де сіз өзіңіздің тақымыңыздағы тұлпарға қарбыздың қыртысын да, «жүрегін» де бере аласыз. Әрине, «жүректі» шапақтан тазалауды, қабығын сәбіз секілді турап беруді ұмытпаңыз.

Сонымен қатар бұл болат тұяқтың иелеріне тағы не ұнайтынын біле жүріңіз.

Жылқылар мейізді, жүзімді, бананды, құлпынайды, қауынды, асқабақты, дәнегі алынған құрманы сүйсіне жейді. Дегенмен жылқының бәрі бірдей бұл жеміс-көкөністерді жей бермейтінін есте ұстаңыз.

Ешқашан естен шығармайтын дүние – шабдалы, құрма, өрік т.б. қатарлы қатты дәнегі бар жемістерді сүйегімен беруге болмайды!

Жылқыға беруге арнайы дайындалған тағамдарды да пайдалануға болады. Мысалы, жалақ-тұздарды беруге ешкім қарсы болмайды.

Өз қолыңызбен жасалған тәттілер

Әрине, өз қиялыңызға ерік беріп, жылқы сүйіп жейтін тағамдардың қоспасынан тіл үйірер тәтті жасауға болады. Ондайлардың саны көп екенін ескере отырып, біз бірнешеуін ұсынып көрейік.

Мерекелік көкөніс салаты

Бұл алма мен сәбізден жасалған өте қарапайым тағам. Салтанатты жағдайда оған қарбыз қабығын қосуыға болады. Әрине, мұндай салат жеген сәйгүлігіңіз сізге деген сүйіспеншілігін танауын қоңқылдата оқыранып жеткізері сөзсіз.

Жылқы печеньесі

Сізге үккіштен өткен алма, 200 г сұлы жармасы және 2 ас қасық қант қажет.

Қоспаларды жақсылап араластырған соң бөліктерге бөліп, домалақтаңыз. Польгаға орап, пеште толық пісіріп алыңыз. Жылқыға арналған алма тоқашы дайын.

Жылқы денсаулығына зиянды тәттілер

Қылқұйрықтарды адамдарға арналған тағаммен азықтандыруға болмайды. Жарамсыз, уақыты өтіп кеткен, шіріген, көгерген тағамдар жануарыңызға пайдадан көрі зиянын көбірек тигізетінін ешқашан естен шығармаңыз. Сондай-ақ көкөністерді таңдауда мұқият болған жөн.

Пияз бен сарымсақ

Пияз – жылқының анемиясын өршітіп жіберуі мүмкін. Сарымсақ – әрине, бұл көкөніс жылқыға арналған танымал қоспа болғанымен, дұрыс дайындау мен мөлшерін анық білмесеңіз, атыңызға беруден бас тартқаныңыз орынды.

Картоп

Піспеген немесе шіріген картоп жылқының құсқысын келтіруі мүмкін. Ал егер сіз оны бүтіндей берсеңіз, онда көкөніс өңешіне кептеліп, жылқы қақалуы мүмкін.

Қызанақ және қызанақ тұқымдастар

Қызанақтың жасыл жапырақты бөліктерінде ішектің баяу қозғалуына байланысты түйнек (колик) тудыруы мүмкін атропин бар. Сонымен қатар, қызанақ сілекей шығаруды және ішек моторикасын азайтады, жүрек соғу жиілігін арттырып, іш қатуды немесе геморрагиялық диареяны тудырады. Чили бұрышы мен баклажан сияқты қызанақ тұқымдастардан да аулақ болу керек.

Ақ және Брюссель орамжапырақтары мен өзге де ішектегі газды молайтатын кез келген тағамдыжылқыға бермеңіз.

Ет өнімдері

Жылқы – жаратылысынан шөпқоректі. Сондықтан да оған ет тағамдарын мүлде беруге болмайды. Алайда баяғы өткен ата-бабаларымыз жорыққа мінетін аттарына әл-қуат беру үшін қойдың құйрық майын беріп отырған.

Шоколад

Бұл өнім жылқыларда түйнек (колик), құрысу, зат алмасудың бұзылуы және ішке қан кету сияқты дертке себепші болуы мүмкін.

Жаңа піскен нан

Бөлке нандар, жұмсақ тоқаштар, шұжық тығылған қамыр, түрлі пирогтар жылқыда бірден түйнек (колик) тудыруы мүмкін.

Тұқымдар мен жеміс сүйектері

Алма, өрік және басқа да жемістердің кейбір тұқымдары (дәнегі) кейде аса улы болуы мүмкін. Ал кейбір жемістің үлкен сүйектері жылқыны қақалтады. Сондықтан жоғарыда ескерткеніміздей шабдалы, өрік, т.б. сияқты жемістерді бермес бұрын олардың дәнектерін, сүйектерін алып тастаған дұрыс.

Қытырлақ (чипсылар)

Қуырылған жұқа картоп (чипсы) жаңа піскен картоптан да жаман.

Ішімдік

Кейде жылқы бір стақан сыра ішуге қарсы емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, сусынның бұл түрі оған мүлде берілмеуі керек.

Ит пен мысыққа арналған тағам

Бұл сізді жылқыңызбен мезгілсіз қоштастыруы мүмкін.

Жылқыға сүйікті асын қашан және қалай беру керек?

Әрине, ат ернінің қыбырын сезініп, оның сүйікті асын алақанмен бергенге не жетсін?! Алайда жылқының бәрі сіздің алақаныңыздан дәм жеуге дағдыланбаған, тіпті үркектеп жоламайтындары да бар. Одан да қауіптісі – байқаусызда сіздің саусақтарыңыз оның «сүйікті» асының қатарында кетуі ықтимал. Егер ондай әрекетке жол бергіңіз келмесе жылқыға жақын болыңыз. Оның сіздің алақаныңызды тұмсығымен итеріп жіберуін немесе абайсызда саусақтарыңызды тістеп алуын болдырмаймын десеңіз, онымен етене жақындасқаныңыз жөн.

Әрине, ең қауіпсіз әдіс – оның сүйікті асын өзінің сүйікті ыдысына салып беру.

Ал тәтті-дәмдіні жаттығулар кезінде, мысалы, кейбір жаттығуларды мүлтіксіз орындаған кезде берсеңіз болады. Жылқы мұны жақсы мінез-құлық үшін берілген сыйлық деп қабылдайды. Бірақ соған қарамастан бұл әрекетті жаттықтырушылардың бәрі дұрыс деп санамайтынын есте сақтаңыз.

Қанша «сый-сияпат» жасау керек?

Жылқының тәттіні жақсы көретінін білдік. Сол себепті олар қанша берсең, сонша жеп, «тойғанын білмей» қалуы мүмкін. Бірақ жылқыға қарағанда сіздің санаңыз бар ғой, артық жеген тәтті денсаулыққа зиян екенін атыңызға үйретіңіз.

Ең жақсы мөлшер – «өте көп емес». Яғни, кез келген тәттінің бір-екі үзімі жетеді деген сөз.

Сонымен қатар жылқы шақпақ қантты, балды, балауызды жақсы көреді. Бірақ бұл үшеуінің қант құрамы аса жоғары болғандықтан мөлшерден асырмау аса маңызды. Әсіресе бал мен балауызды мүмкіндігінше өзге жемдерге қосып берген дұрыс. Бұл екеуі жылқының қуатын арттыруға таптырмайтын тағам болғандықтан оны көбінде арық-тұрақ малға береді.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.