Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі (Жалғасы)

1583

(Этнографиялық талдау)

(Жалғасы. Басы мына жерде)

  1. Қалбағайлы.

«Қазақ әдеби тілінің сөздігі» 9-томының 130-бетінде мынадай түсіндірме бар:

Қалба – желдің бағытын, жылдамдығын анықтайтын аспап. Қалбағай – қашаған, асау ұстайтын құрықсыз, бұғалық, шалма. Қалбағай – желкесінде сарғыштау тұлымы, жалпақ қара тұмсығы бар, ұзын сирақты, аққұтанға ұқсас құс. Қалбағай – дегелек тәрізділер отрядның тырна-құтандар тұқымдасына жататын ірі құс. Қалбағай – омыртқа, жамбыстың үстінгі жағындағы омыртқа, ұша. Ұша деп екі жамбастың үстіндегі қалбағай омыртқаны айтады.

Осы бойынша түсінгенде, қалбағай деген ұшаның, яғни қалбағай омыртқаның үлкендігіне қаратылған. Ұшалы деген мәнде. Біздің ат сыншыларымызда бұл туралы екі түрлі нұсқа бар. Бірі – қалбағайлы деп жонның сыртқы тұлғасын айтады. Артынан қарағанда сауыры кең, бұлшық етті, құйрық түбі жуан, көтендігі шығыңқы, аламайлы, арты талтақ болып дөңгеленіп, арт жағы кең келеді де, ат түзу тұрғанда аттың арты алдын көлегейлеп, көрсетпейді. Тіке айтқанда, қалбағайлы деген жая, жамбас, санның шақпақ еті қосылып, дөңгеленіп келуі. Сауыры жалпақ аттың арты осылай бітеді. Екіншісі – кей сыншылар қалбағайлы деген түйе қабырғалы ат дейді. Екі жақ қабырға сыртына қарай кең айналып кетеді. Жарағанда, бауырын тартқанда екі сүбе арсиып, бөлек қалады, қалбағайлы деген қабырғалы ат дегенді білдіреді.

Қабырға үш түрлі болады. Алғашқы үш қабырға – бұғана қабырға, одан кейінгі орта қабырға, ең шеткі үшеуін – дардан қабырға дейді. Ат жарағанда дардан қабырға көтеріліп тұрады. Қабырғалы деген сол дейді. Біз алдынғысын жөн көрдік.

  1. Алды-арты бірдей.

«Абайдың дәл осы сыны әдеттегі сын емес. Абай — керемет ғалым адам екен» — дейді өмірі ат баптаумен келе жатқан Дөрбілжің ауданы Желағаш ауылы Ақтұра қыстағындағы сыншы, бапкер Хасен Сілашұлы ақсақал. Мен бұл ақсақалдан сын, бап туралы көп білім алдым.

— Ат тоқ кезінде, жарамаған кезде бәрі ерге жайлы келеді. Ат арықтағанда, жаратқанда, ашыққанда ер алдына да, артына да кетпей, орнында тұрса, нақ ерге жайлы дегені сол. Алды-арты бірдей, төрт тұрманы толық, төрт бұрышты, қалың пұшпақ аттар ерге жайлы болады. Жүйрік аттың көбінің арты биік, алды аласа, жүріс жоқ, ерге жайсыз, ер ұстамайды. Абайдың ерге жайлы дегені мініс атқа қаратқан болуы мүмкін. Сауыры мен шоқтығы бірдей, белі түзу аттың алды-арты бірдей болады. Кей аттың ер мойнына кетеді деп шабынан тартады. Кей аттың ер артына кетеді деп екі айылды төсінен тартады. Сонда да ер ұстамайды. Ер ұстамайтын ат көп болмайды — дейді ақсақал.

  1. Күлте құйрық.

«Күлте – шоқталып түйілген бір буда жіп, қыл. Жылқының сәндікпен тарамдалған қалың, нығыз будасы. Шоқталып түйілген белбеуді күлте белбеу деп атаған» (Сөздіктен).

Құйрықтың бітіміне қарай – қанжар құйрық, ит құйрық, сымпыс құйрық, топ құйрық, шолақ құйрық, күлте құйрық, жібек құйрық, қисық құйрық, қанат құйрық, шолти құйрық, шұбалаң құйрық, сояу құйрық, қылыш құйрық болады.

Жүйріктің құйрық түбі жуандау, жүні молдау, қыл түбі алымды әрі қысқа болады. Құйрығы төмендеген сайын жіңішкере береді, жеңілдейді. Халық арасында «Қаба сақал дауға алдырмайды, қаба жал жауға алдырмайды» деген сөз бар. Ұялы құйрық қылы қалың болады да, мықты, күшті болады. Бірақ жүйрік болмайды. Жүйрік аттың жал-құйрығы сұйықтау болады.

Қанат кей аттың сүбесінде болса, кей аттың құйрығының түбінде болады. Құйрығының түбі қалың, жалпақтау болып, түп жүннің екі жағы жайылып, құстың қос қанаты сияқтанады. бұл шын жүйріктің белгісі. құйрық жүні қысқа-қысқа күлтеленіп, барған сайын сүйірленіп, қылыш құйрықтау келсе – күлте құйрық деген сол.

Күлте құйрық – құйрықтың түбіне қарата айтылған. Оны кейде қанатты құйрық дейді. Құйрықтың тұбі жіңішке, аяқ жағы жуан, төменгі жағы ұзын болса – шұбалаң құйрық дейді. Ондай ат шаппайды.

  1. Қыл түбі әлді.

«Қыл – жал-құйрықтың, кекілдің жіңішке талдары» (Сөздіктен).

Құйрықтың түбі жуан келеді. Енді бір жағынан қылын бір талдан жұлып алғанда түп жағы ұшына қарағанда жуандау болады.

  1. Көтендігі шығыңқы.

Көтендік деп құйысқандықты айтады. Көтендік үш түрлі болады. Біріншісі – көтендігі шүмшиген, кішкене, маңайы тар. Екіншісі – тышар көтендігі әрі аламайлы, айналасы кең болады. Үшіншісі – көтендігі шығыңқы болады да, суағары үш елідей кең, аламайлы болады. Көтендігі шығыңқы бітсе, тынысты болады.

  1. Аламайлы.

Аламайлы – құйысқандығы толық, құйысқандығы майлы, қоңды дегендік.

Аттың көтендігі шығыңқы, аламайлысы артық. Көтен көлемді болса, көтенішегі кең, ал көтендігі тар болса, тынысы да тар болады.

  1. Ұршығы төмен.

Ұршығы төмен біткен деп жамбас пен ортан жіліктің түйіскен жері таңбалықты айтады. Жаясы кең, жамбасы үлкен аттың ұршығы табиғи төмен болады. Тағы бір сөзбен айтқанда, санды аттың ұршығы төмен болады. Осыған сәйкес тізе төмен болған соң кәрі жілік ұзын болады да, жер ұтып, атты алдына лақтырып отырады.

  1. Шақпақ етті.

Шақпақ етті – бөлек-бөлек бұлшық етті деген сөз.

Ет бітіміне қарай ат екі түрлі болады. Бірі – қызылшы жылқы. Оның қара еті аздау болады. Мұндай жылқының қара еті көп болады да, шақпақ еті жоқ, болса да аз болады. Екіншісі – қара етті жылқы. Оның май еті аз, шақпақ еті көп болады.

Шақпақ ет – жылқының қолтық, омырау, сауыр, санының ойынды еттерінің бұлтиып-бұлтиып тұруын айтады. Бұл нәсілді аттарда көп кездеседі. Олар санның ішкі жағында домалақ ет болады. Яғни, жаңбырлықтың арт жағындағы, санның ішінде тұратын ойынды ет шақпақ етті деп соны айтады.

Шақпақ – төрт бұрышты, бөлек-бөлек дегендік емес. Мұнда Абай айтып отырған шақпақ – ертеде сіріңке жоқ кезде қолданған от шығаратын тас құрал. Ол сопақша, бүкіштеу, жұмыр, майда, қоянжонданып келген екі тасты бір-біріне соғып оты шығарады. Осы от шығаратын тас құралды шақпақ деп атайды. Мұнда аттың бұлшық етін соған теңегені дейді.

  1. Санды.

Саны жуан, қалың етті деген мәнде.

Сан түрлері – серке сан, шоқпар сан, түйе сан, бура сан, күпшек сан болып бөлінеді. Санды болу да күштілікке байланысты айтылған.

Жалғасы бар.

Кәрім Дүйсенбайұлы

ҚХР, «Мұра» журналы 2020 жыл

Түпнұсқадағы тақырып: «Ат сыны»

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

ФОТО: Дмитрий Ругис

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.