Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі (Жалғасы)

1911

(Этнографиялық талдау)

(Жалғасы. Басы мына жерде)

  1. Тақыр бақайлы.

Кейбір жылқының шашасы желпілдеп, үкі сияқты жүреді. Тақыр бақай сұлу көрінуіне қаратылған болу керек. Бақай тақырдан көрі неғұрлым қысқа, ұзаса үш елі болса жақсы. Шашасы тұяқтың қуысына қарай кіріп тұрса, мұндайды құлан тұяқ, қу шаша дейді. Мұнда құндыздық деген тағы бір атау бар. Ол тұяққа жалғасып тұрған терінің шеті, жиегі.

  1. Жұмыр тұяқ.

Тұяқтың бітіміне қарай көп түрге бөлінеді. Олар – құлан тұяқ, болат тұяқ, қазан тұяқ, жұмыр тұяқ, биік тұяқ, қалың тұяқ, жұқа тұяқ, жатаған тұяқ, тік тұяқ, тұйық тұяқ, құлан құйрық тұяқ, шыны тұяқ, шойын тұяқ, тас тұяқ, құман тұяқ, конус тұяқ, ет тұяқ, сарыала тұяқ, құс бақайлы тұяқ, мөлдір тұяқ, көгілдір тұяқ, шөңке тұяқ, ала тұяқ.

Көгілдір, мөлдір тұяқ – сызықтық жоқ, тұнық болады. Бұл жылқының мықтылығын білдіреді. Қап-қара шөңке тас тұяқтар болады. Қаз табан жұқалтаң, табаны жалпақтау келеді. Ондай аттың тұяғы шыдамсыздау, көп тасырқайды. Көбінесе топырақты, сортаң, сазды жердің жылқылары сондай болады. Олар тумада жұмсақ жер басады. Тастақты қыр жылқыларының тұяғы жұмыр тұяқты келеді. Жұмыр тұяқ қалыңдау келеді. Ахалтеке жетілдіруші украиналық Мариана Марчуктің айтуынша|: «Көп түрлі ғылымның дәлелдеуінше тұяқ ат аяғының жерге тиердегі тебінін (екпінін) бәсеңдетуде рөлі жоғары болады. Былайша айтқанда, тебіннің буын, сіңір, тірсекке өтуі тұяқтың өзгешелігіне тікелей байланысты. Голландиялық және басқа еуропалық зерттеушілер егер аттың тұяғы конус формалы болса, тебінді бытыратуы жақсы болады деген. Бұл тұяқтың көлемі үлкен, құмға батып кетпеуін көрсетеді. Ахалтекенің тұяғы сондай. Голландия патшалық жылы қанды жылқы қоғамының (KWPN) бапкерлері жүйрікті конус тұяқты жылқыдан таңдайды. Өйткені ондай жылқылардың денсаулығы жақсы әрі ұзақ жасайды екен.

Жұмыр тұяқ – ойыс, қалың, биік болады. Тағасыз болса да көп тасырқамайды.

Құлын жайылыста ылғи алдынғы бір аяғын алға, бір аяғын артқа салып жайылса, алдыңғы екі аяғының тұяғы екі түрлі болып өседі. Яғни салмақ бір аяғына артық түсті деген сөз. Тұяқ формасы ахалтекенің негізгі ерекшелігі. Ол көз, бас, құлақтан әлдеқайда маңызды». (Жунхуа жылқы қоғамы жағынан шыққан «2014 жыл, Жунхуа Тәңіртау жылқы туралы мінбері» журналының арнаулы санынан).

Құлан тұяқ, қу шаша, құлан қарауыл дегендегі құлан тұяқ сопақша келеді. Шаша аз әрі тұяққа қарай иіліп бітуі. Еттің арығын сүйеді, ұзақшыл келеді. Кейбірінің тұяқ ұшы доғал болып, екі шеті шығыңқы болады. Дөңгелек келсе жақсы-ақ.

  1. Шынтағы қабырғадан аулақ.

Шынтақ бітіміне қарай – кең шынтақ, алшақ шынтақ, қысыңқы шынтақ, айналма шынтақ, қылаңқырақ шынтақ болып бөлінеді.

Шынтақ арасы тар болса, төс айыл қажап, қызартып жібереді. Неғұрлым кең жақсы. Шынтағы үңірейген, шығыңқы болса, өкпе қысылмайды. Шынтақ өкпе тұстан алшақ болып, тізесі әлді, буындары қол батпастай қатты, сіңірлі болса, бір-біріне сай келеді. Шынтағы қалыңқырап бітіп, қолтығы ашық тұрса, мұндай қолтықты қуыс қолтық деп атайды. Бұл жауырын мен тоқбас жіліктің тұтасқан жері. Кәрі жіліктің шошайған шығыңқы басына балалар жалаң аяғын тіреп, жалынан ұстап жайдақ атқа міне береді. Кесек, жуан аттардың шынтағы шордиып бітеді.

  1. Жерсоғары.

Жерсоғары биіктеу деп тұрасынан биік болуын айтады. Тұрасы биік, жерсоғары қалыңдау келсе қажалмайды. Мықты, шыдамды болады. Жерсоғары жұқарақ болса тез тасырқайды. Табан ортасын кейде жүрекше деп те атайды. Биік дегені жерсоғары, майтабаны қалың дегендігі. Ол ұзаққа шабады. Жерсоғары төмен болса, шапшаң болады, жақынға шабады.

  1. Сіңірлі.

Күшті, қуатты, мықты дегені. Тізеден төмендегі сіңірді бауыр сіңір деп атайды. Жіліншік пен сіңір бірінен-бірі парықты, қабыспайтын болса жақсы. Кейбір жылқының сіңірі жіліншікке жабысып тұрады. Ондай жылқы нашар, әлсіз болады.

Аттың ақауы әртүрлі болады. Соның бірі – сіңірін басып алу. Бауыр сіңіріне дақ түскен ат оңайға жазылмайды. Сынықтан сіңір қиын. Ондайда бірден-бір ем – жарым жыл жем бермей, мінбей-түспей қоя берсе ақаусыз жазылады. Қан алдырса, пышақ тисе, тіпті ақаулана береді. Ол жерде ет жоқ, тек сіңір. Қан сол арқылы айналып тұрады. Аяғына ақау түсейін дейтін ат аяғын баспай төңкеріп, тұяғының ұшымен басып тұрады. Аттың сіңірін көру арқылы ақауын байқау әттеген-айдың алдын алады. Аяғы сіңірлі, жерсоғары тік біткен сом аяқ, быртық бақай, тазы тізе, ит жіліншік, құс топшы, серке сан — шын жүйрікке тән белгілер.

  1. Аяғы тік.

Бұл тік бақай, құлан тұяқты дегенді білдіреді. Мұндай ат алды қалың, биіктеу, тік бақай болады. Сонда жерсоғарлы, сіңірлі келеді.

  1. Жауырыны етсіз.

Жауырын – жалпақ жауырын, тақтай жауырын, жазық жауырын, кең жауырын болып бөлінеді. Әдетте жауырын екі түрлі болады. Бірі – етсіз жалпақ жауырын, екіншісі – етті жауырын. Етті жауырын құстың топшысы сияқты болып келеді. Кей құстардың алдынғы жағы дөңгеленіп, топ-толық болып отырады. Кей атбегілер жауырынның етсізден көрі құс топшы болып келсе жақсы болады деп қарайды.

  1. Жауырыны жалпақ.

Жауырын жалпақ, етсіз болу – негізгі сынның бірі. Тақтайдай жалпақ жауырын сүйекті, күшті болудың белгісі.

  1. Кең сауырлы.

«Сауыр – малдың бел омыртқасынан құймышақ тұсына дейінгі жерінің үсті» (Сөздікте).

Сауыр түрлері – қоян сауыр, кең сауыр, дөңгелек сауыр, тостаған сауыр, құлын (бөкен) сауыр, жуан сауыр, жайдақ сауыр болып бөлінеді.

Сауыры шұғыл, жайпақ, көсіліңкі, тақтайдай үлкен болуы, астына қарай қысқа болмауы керек. Екі жая, сауыр алдына қарай да, артына қарай да кең көсіліп, жаясы көсіліңкі, ұзыны мен ені тең келсе жүйрік болады.

Қара сауыр ат деп қысқа мықты, міністің атын айтады. Ол дойыр, жуан ат. Қара дегені қара еті қалың, мол етті, сауыры дөңгелек дегені.

Бабы шегіне жеткен атта жалы мен бүйрегінде май болмайды. Ондай кезде қазысын сауырына жинайды. Ондай кезде сауыры томпайып, қатайып кетеді. Саусақпен ұрғанда тақылдап дауыс шығады. Сауырын ұрғанда бос тұрса, шығармаса, онда бабына келмегені. Бабына келсе дауыс шығып қалмастан, қабырғадағы етті де, іштегі қазы да тарап, жоғалып, еті сауырына жиналады.

Сауыр жүні тал-тал болып, тікірейіп, жылтырап, қылаң беріп, жүн ұшы төмен қарай сәл қайырылып тұрады. Жылқы сауырын желге беріп ықтайды.

Жылқы желден жаралған дейтіні – желге мықтылығынан. Сауыр – жылқының беті деп қаралады. «Жігітті жауырынға, жылқыны сауырға қақпа» деген мақал бар. Аттың сауырынан ұрмайды. Аттың сауырынан қақса, қырқысады, қырсық шалады деп ырымдаған. Бәйге аттың қасиеті сауырында деп білген.

  1. Тар мықын.

«Бел омыртқа тұсіндағы оң және сол жағы. Тар мықын – тар бөкселі дегені» (Сөздіктен).

Сербек пен сүбенің арасы ұзын болса, бос бел, осалдау келеді. Тар болатыны белдемесінің кем болғандығынан емес, жаяның кеңдігінен. Сербек сүбеге таяу тұрғаннан кейін мықын тар көрінеді. Жаясы тар аттың сербегі кейін тұрады да, сүбемен екі арасы ұзын көрінеді. Мықынның кең-тарлығы жаяның кең-тарлығына байланысты. Мықыны тар аттың мықынға таяған кішкене қабырғалар, белдемелер болады. Оны қанат дейді. Қанатты аттың мықыны тар болады. Ол негізгі шарт емес. Кейбір жүйріктің мықыны бір қарыс бола береді.

Жалғасы бар.

Кәрім Дүйсенбайұлы

ҚХР, «Мұра» журналы 2020 жыл

Түпнұсқадағы тақырып: «Ат сыны»

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!