Атбегілік өнері

22834

Қазақ халқы ертеде жылқыны алғаш қолға үйреткеннен тартып – дәл қазірге дейінгі сан мың жыл өмір тарихында жылқымен бірге жасасып, оның сырын, мінез-құлқын, көңіл-күйін терең түсініп, жылқыны «Төрт түліктің төресі» деп ардақтап, жылқымен терең сүйіспеншілік орнатып, шынайы достасып кеткендіктен, жылқы туралы, әсіресе, жүйрік аттар туралы сөз бола қалса, жеті жастағы баласынан – жетпіс жастағы шалдарына дейін делебелері қозып, желпініп, рухтанып сала береді. Барша қазақ баласы өздерінде, қалайда, бір жүйрік ат пен қыран бүркіт болуын армандайды. Олай болатыны, ерте заманда ол күш-құдіреттің, бақыт-байлықтың белгісі есептелсе, кейінгі дәуірлерде жүйірік ат, сол ат иесінің ғана емес, бір рудың, тіпті бір тайпа елдің мақтанышы мен атақ-даңқының символы болған. Ат шабыста озып шыққан аттарды «пәлен рудың, пәлен елдің, пәлен деген жігітінің аты бас бәйгені алыпты» деп көрген, естіген ел сол озып келген аттың руын, елін, иесін мақтап, адамдардың жүйрік аттарға деген сүйіспеншілігі мен құштарлығын еселеп арттырып, жеке адамдардың, тіпті қоғамның ат сыншылары мен атбегілерге деген қажетін күшейтіп жібергендіктен, қазақ халқының ат үсті ойындарының қиян-кескі сайыс ортасынан талай-талай сыншылар мен атбегілерін жетілдіріп шығып, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болатын. Жылқыны бір көріп, оның қандай жылқы екенін тап басып танитын жылқы мамандары мен спорт жаттықтырушыларына айналған әрі өздерінен кейінгі ұрпақтарына «Ат сыны» және «Атбегілік» туралы қыруар ғылми тәжірибелер мен қымбатты білімдер қалдырып кеткен, қазақ халқының «Ат сыншылары» мен «Атбегілерінің» бұл өнерін шет ел зерттеушілері мен ғалымдары «тылсым» деп таңдана, тамсана жазған.
Расында қазақ халқының атбегілік, сыншылық өнері өте жоғары болған. «Сыншылардың атасы» аталған Толыбай деген кісі буаз биесін біреу алып кетсе, бес алты жалдан кейін одан туған құлын ат болып кетсе де, «Мынау менің пәлен уақыттағы сен алып кеткен биеден туған құлын» деп танып алады екен. Ал, тұлпар мен пырақ болар атты құлынында танитын Құлтай, Кендебай; әйел затынан шыққан сыншы – Кенжекей мен Құртқалардың есімін халық күні бүгінге дейін жыр қылып айтып, күй қылып шертеді. Бұдан тыс таяу заман ат сыншылары туралы да таңға айтса таусылмайтын қызық-қызық әңгімелер баршылық. Әне, сондай, аттарды шаптырмай тұрып сыртынан бір қарап, қайсы аттың озып келетінін алдын-ала біліп алатын Тілеу деген сыншы туралы мынадай бір әңгіме бар:

Бір жылы арғын руынан шыққан Аға сұлтан Құнанбай інісіне ас беру үшін бүкіл орта жүз бен басқа маңайындағы ру-тайпаларға түгел асқа шақырып, сауын айтады. Асқа әр ру өздерінің атбегілері мен шешен-шежірелерін, балуандарын, шашаларына шаң жұқтырмас жүйріктерін әкеп қатынастырады. Асқа найманның атбегі Қоңырбай алыс-жақынға даңқы шыққан Сары атты алып келеді. Бәйгеге неше жүз ат қатынасатын болады. Сонда Құнанбай аттарды шабысқа жіберер алдында өзінің ат сыншысы әрі атбегі Тілеуді шақырып алып: «Сен барлық атты көрмей-ақ қой, тек найманды тыйып жүрген Сары атты ғана көріп келші» депті. Тілеу «Құп» деп Сары атқа барып алды-артына шығып мұқият бір қарап шығыпты да, қайтып барып Құнанбайға: «Бұл рет Сары ат алдына бірде-бір ат салмайды, тұяғы қалың тастұяқ екен, қанша шапса да арыны бәсеңдемей, тұяғы шапқан сайын қызады. Оның үстіне, көзі ерекше отты, қақпанбелдің өзі екен. Ұзаққа қарап саңлақтанып; қасындағы бір атқа иегін артып, «Бәйге менікі» деп тұр» деп өз бағасын айтады. Көп ұзамай ат шабыс болып, Тілеу айтқандай наймандардың Сары аты бірінші болып келіп, бас бәйгені алады.

Тағы бір жылы Алтайда найман елінің атақты биі Айдаболға ас берілетін болып, бүкіл керей-найман елі мен көрші отырған өзге ру-тайпалардың біліктілері мен атақты бәйге аттары жиналады. Төрт жүзге тарта ат бәйгеге қосылады. Ат айдаудың алдында Ботай болыс өзінің Майлыбай деген сыншысына: «Иісі керей елін тыйған Қара қасқа атын барып көріп келші» деп жұмсап жібереді. Майлыбай Қара қасқа атты айналдыра қарап шығыпты да, Ботайға барып: «Қара қасқа аттың кереметі – төрт аяғында екен. Өйткені алдыңғы жіліншіктің сүйегінен балтыр сіңірі үлкен екен. Оның үстіне, құлын күнінде алғаш отыққанда пері ойнағының шөбін жепті. Сондықтан ол осы реткі бәйгеде алдына бірде-бір ат түсірмейді» депті. Айтса-айтқандай, сол бәйгеде Қара қасқа ат бірінші болып келіпті.

Қазірде қазақ халқы арасында ата жолына мұрагерлік етіп «сыншылық», «атбегілік» өнерін жалғастырып келе жатқан азаматтар жүздеп, мыңдап саналады. Мысалы, Іле облысы Мұңғұл күре ауданындағы майталман сыншы әрі атбегі Жаңабай сол аттану және ат баптау майталмандарының бірі. Ол 1985 жылы біреудің арбаға жегіп жүрген Құлагер атына көзі түсіп, оның жүйрік ат болатынын тани кетеді де, оны сатып алып, бір жыл бидай, сұлы сияқты нәрлі азықтықтармен азықтандырып, жілік майын әбден толтырып, онан соң көңіл қойып баптау арқылы облыс, автономиялы район көлемінде өткізілген үлкен бәйгелерде біріншілікті бермейтін сәйгүлікке айналдырады.

Қазақ халқының «сыншылдық», «атбегілік» өнері өткен ғасырларда өткен әйгілі атбегілердің ұзақ замандар бойы қортқан өмір тәжірибелерінің алтын жауһары, сондай-ақ, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқан ұлттық мұрасы. Сол себепті де, қазақ халқы жылқыны, әсіресе, жақсы аттарды «Ер қанаты – ат», «Жақсы ат – жаман жігіттің қырсығын кеседі» деп жандарына балап ерекше қастерлейді. Тіпті жүйрік аттармен сиыр айдатпайды, қой өңгертпейді, көлденең адамдардың көзіне түсірмей, кежімдеп, оңаша бағып, жалына үкі, тұмар тағып, кім-көрінгенге мінгізбей аялап, әлпештеп бағады.
Қорытып айтқанда, қазақ «сыншылары» мен «атбегілері» жылқының сырын, жылқының тілін, жылқының мінез-құлқын, жылқының көңіл-күйін, жылқының жаратылыс қасиеттерін бес саусақтарындай қанық білетін жылқы мамандары. Әне, сондай ат мамандарының бірі әрі бірегейі, батыр, қолбасы, Абылай хан 5000 жылқының ішінен құлын кезінде өзі таңдап алған Сары тұлпармен жоңғар атаманы Қалден қазақ даласына шапқыншылық жасап кіргенде, оның атақты батыры Шарыштың басын сол Сары тұлпарын ойнатып барып алып, сол Сары тұлпармен жүзден аса жау қамалын талқандаған.
Бөгенбай батыр өзінің Нарқызыл атын 18000 жылқының ішінен таңдап алып, онымен неше жүз рет жау қамалын бұзып, атағы әлемге жайылып, «Қазақтың бас батыры» атанған. Ал, Жәнібек батырдың Көк тұлпарын нағашы атасы Қазбек би ол амандаса барғанда, жиенін көріп, оның ерлігі мен серлігіне көңілі толған соң, қалың жылқысын оның алдынан айдап өткізіп: «Ал, балам, жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыста мінуіңе жарайтын ат таңдап ал» деп, Жәнібектің қолына арқан бергенде көркіне көз сүрінердей сүйегі өзге жылқылардан бөлек біткен бір көк дөнен ұстап алған. Кейін сол көк дөнен нағыз тұлпар болған. Жәнібек сол Көк тұлпарымен жоңғарға қарсы шешуші шайқастарда ерен ерлік көрсетіп, ханның оң жағынан орын алған.
Қазақ халқының ат сыншылары мен атбегілері өте зерек, ерекше көреген болады. Мысалы, Алпамыстың Байшұбары алғашында ешкім көзге ілмеген, қалың жылқы ішінде жүрген қотыр тай болатын. Ал, Қобыланды батырдың Тайбурлын өз ғашығы Құртқа сұлу немере ағасы Сәлімбайдың көк ала биесінің ішінде жүргенде көзі түсіп, оны қолқа салып сұрап алып, Қобыланды батырға:
«……………………………………………..
Тобылғы меңді торы атың,
Жауға мініп шабуға
Жарамайды бұл дейді.
Жан серік атың, сұлтаным,
Көк ала бие ішінде,
Көк буырыл құлын бар,
Жан серік атың сол» деп, оны аман-есен тудырып, құлын кезінен бастап мәсепелеп бағып өсіріп, Қобыланды батырға жан серік ат қылып береді.
Қабанбай батыр да атақты сыншы еді. ол таңдаған «Қубас ат» жылқы ішінде ешкім назар аудармаған жылқы болатын. Қабанбай оны таңдап алып, жан серік атына айналдырған, т.б.

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Сымағұлұлы,

«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.