Қазақ жылқылары — ғұн жылқысының ұрпағы

9111

Ғұндар қытайларға жылқы сатқанымен, қару бермеген. Мысалы, б.з.д. І ғасырда ғұндардың вассалдығын мойындаған Уч жулью-жоди – Шаньюй баласын кепілдікке береді. Қытайлар оның иелігінде садақ жасайтын ағаш өсетінін және қауырсынынан жебелерге бекітілген қанаттар жасайтын құсы барын біліп, біраз ғана жер бөлігін сұрайды. Шаньюй мұрагер ұлын өлімге қиып, қытайлардың ұсынысын қабылдамайды, ол ғұн жауынгерлері өздерінің басты қаруы – ысқырма оқты садағынан айрылса, соғыста жеңе алмайтынын білген. Шаньюй үшін садақтың құны ұлының құнынан артық болған.
«Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» атақты сәйгүлік – мемлекеттің аты – мемлекеттің меншігі ретінде ғұн ордасында айрықша есепте тұрған. Дәл осындай сәйгүлік Мөденің әкесі Тұманның мың мильге талмай шаба алатын шаңтимес жүйрігі жөнінде аталып өтіледі. Тұманның бұл жүйрігі түркі-моңғол эпостарындағы батырлардың жан серігі тұлпарларды және елдің, рудың, жүздің атағын шығарған бергі замандардағы әйгілі бәйге аттарын еске түсіреді. Ғұндардан бергі қазақтарда жылқыға қанша бай болғанымен мұндай жылқыларды ерекше қадірлеп, көздің қарашығындай сақтап, атақ-дәреже берген. Мысалы, Есімханның Сарықұласы, Абылайдың Алшаңбозы, Қобыландының Тайбурылы, т.с.с.
Қазақ Отан деген нақты ұғымды жермен байланыстырады, Жер-ана дегеніміз Отанның баламасы. Мемлекетті қолына алған дунхулар күшті болып тұрған кезі, әлгі мың шақырымдық тұлпарды қалап сұрайды. Мөде ақылшыларын, ел басшыларын шақырып алып не істейміз дегенде: «Мың шақырымдық сәйгүлік ғұндардың қасиетті бетке ұстар аты еді, сондықтан ат дунхуларға берілмейді», -дейді кеңесшілер.
Сонда Мөде:
— Бір ат көршілерден артық па, — деп жүйрікті дунхуларға бергізеді. Дунхулар атты алып, Мөденің әйелдерінің бірін сұраттырып тағы елші аттандырады. Кеңесшілері мен ел басылары бұған қатты ашуланып, енді дунхулармен соғысуымыз керек дейді. Мөде тыңдап болып, бір әйел көршілерден артық емес, — деп тағы да дунхуларға бергізіп жібереді.
Соңында дунхулар екі елдің арасындағы сусыз, шөпсіз кең дала болушы еді, соны сұратады. Мөде елдің бетке ұстарларымен ақылдасқанда, ел басшылары: ондай пайдаланылмай жатқан иен даладан келіп кетер еш нәрсе жоқ, беруге де, бермеуге де болады дейді. Бұл сөзге Мөде қатты ашуланып:
— Жер – мемлекеттің негізі және түп тамыры, сондықтан қалайша бере саламыз, — деп жерді берейік дегендердің басын алдырып, дунхуларға аяқ астынан шабуыл жасап, жеріне басып кіреді. Кенеттен жасалған шабуылды күтпеген дунхулар толық талқандалады. Мөденің бұйрығымен дунхулардың барлық басшылар өлтіріліп, қалғандарын өзіне қосып, мал-мүліктерін олжаға түсіреді.
Ақылды, алдын болжағыш Мөде келіссөз кезінде «екі қоянды бір оқпен атып алғандай» болды. Біріншіден қарсыласының қырағылығын бәсеңдету үшін кемсітіп, қорласа да келісімге барып, ат пен әйелді береді.
Дунхуларды ойсыратып жеңген Мөде кезінде өзі аманатта болған юэчжілерге тұтқиылдан шабуыл жасап талқандайды. Ордоста лоуфандар мен байян тайпаларын, Тянь-Шань тауларына дейін барып динлиндер мен гяньгуньдерді өзіне қосып алады, соңында Орталық Азияның солтүстігінде орналасқан хунье, кюлше, цайли елдерін толықтай өзіне қаратады….
…Аммиан Марцелиан ғұн жылқыларын ұсқынсыз, бірақ шыдамды десе, әулие Иероним ғұнның көтерем жылқылары деп, оны Рим аттарына қарсы қояды, бірақ ғұн жылқыларының екпінді жылдамдығын жоққа ышғара алмайды. Ғұн жылқылары жайында анық, ең бастысы маман ретінде әділетті жазған Рим мал дәрігері Вегеций. Вегеций мал емдеу туралы еңбегінде: «Шыдамдылығы мен төзімділігі, айрықша шаршамайтындығы, суық пен аштыққа мойымайтындығы тұрғысынан соғысқа ең керекті ғұн жылқысы», — деп көрсетеді. Еңбектің маңызы сол – ғұн жылқысына, сырттай қараған жай саяхатшының, жазушының жазбасы емес, әскери іс пен маман мал дәрігерінің тұжырымдамасы.
«Ғұн жылқылары үлкен орақбас, томаға көз, тар танау, қалың жақ, қайратты бұлан мойын, тізесінен төмен түсіп тұрған қалың жалы, жуан қабырғалы, қақпан бел, қалың құйрық, өте мықты жіліншікті, қысқа аяқты, қалың және үлкен тұяқты, кең құрсақты, негізінде денесі арса-арса сүйекті, құйрығы майсыз, бұлшық еттерінде ешқандай дөңес байқалмайды, тұрпаты биік емес, ұзынырақ, қарны жарау, сүйектері темірдей, арықтығының өзі әдемі көрінеді, ең жаман дегенінің өзінен әсемдік байқалады, байсалды, ақылды, жараны, мертіккенді жақсы көтеретін жануар» деп жазады 1890 жылы жарық көрген еңбегінде Flavius Vegetius Renatus.
Арада 1500 жыл өткенде Ресей атты әскерінің мамны, Торғай облысының мал дәрігері А.Добросмыслов 1891 жылы жазған қазақ жылқысы туралы жан-жақты еңбегінде былай дейді: «Басы тұрқына қарағанда үлкен, қалың жақты, дөңес мұрынды (бөкен мұрын), көзі кішкене (шошқа көз), құлақтары кішкентай, қайшыланып тұрады (ешкі құлақ), мойны шомбалдау, қысқа, майсыз, айғырларының мойны жуан болады. Шоқтығы биік, шабы қысқа, кең сауырлы, арт жағы өте мықты, қылқұйрығы төмендеу орналасқан. Қазақ жылқысының бойы аласалау көрінгенімен, дене мүшелер кішкене емес, иілген қабырғалы, арқасы қысқа да қайратты, құйымшағы орташа салпылау, мықты бұлшық етті. Бүкіл тұрпаты тастай қатты, жуан жіліншікті, аяқтары қысқа. Быртық бақай, дөңгелек қатты кесе тұяқ, жіліншігінен тарамысы анық байқалып тұрады».
Екі маманның айтқандарына зер салып қарасақ көп айрмашылық жоқ. Себебі қаншама ғасырлар өтсе де дала жылқысының өсіп-өнген ортасы, жыл он екі ай табиғатта қыстың сықырлаған сары аязы мен шіліңгір ыстығында өз тамағын өзі тауып жеп күнелткен режимі өзгермеген. Еуропа авторларының жазуынша ғұн жылқылары 50 жасқа дейін ұзақ жасайды. Бұрынғы қазақ жылқыларының 30 жасқа дейін жасайтынын көптеген атбегілер айтады, жүйріктер 18-20 жасқа дейін бәйгеге шаба берген. 20-дан асқан аттардың батырлардың астында болғаны туралы әңгімелерде айтылады. Еуропалық авторлардың 50 жас дегені артықтау айтылған сияқты, әрине бұл мәселе зерттеуді қажет етеді.

Ahmet T.Ахмет Тоқтабай. «Қазақ жылқысының тарихы»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.