Жүйрік жылқының мүше бітімі

40435

Басы. Жүйрік атты бас бітімінен таниды. Қоян және бақа басты жылқылар жақсылар санатында. Ал, бұлан бас, бұғы бас, құлан бас, орақ бас жылқыларды екінші топқа жатқызуға болады. Сондай-ақ, өрен жүйріктің көзі, маңдайы, танауы, құлағы, омыраулығы, астыңғы ерні үлкен келеді. Тілінің бітімі жалпақ, жақ сүйегінің астыңғы сағақ үңгірі терең, қабағы үшкіл, еріндері тістеуік сияқты қабысып бітеді.
Қой басты жүйріктің белгісі: бет әлпеті шығыңқы, маңдайы жазық, бас сүйегі сүйір-сидам, көзі қойдікі сияқты дөңгелек, ауыздығы көлемді, тілі жатаған, иек сүйегінің арасы кең, дүрдек ерінді, тісі сарғыш нық бітеді.
Қоян басты жүйріктің белгісі: бет әлпеті көрікті, көзі үлкен, бас сүйегі сидам, тарбақ әрі басқа жылқыларға қарағанда кішілеу, құлағы ұзын, тілінің бітімі жатаған және иек сүйегі сопақшалау болады.
Күдір басты жүйріктің белгісі: басы ұрғашы тоқал маралдың басы тәрізді шағын әрі жеңіл, қапқыш болады. Көзінің бітімі сопақшалау, құлақ-мұрыны үлкен, секемшіл таза болады.
Бақа басты жүйріктің белгісі: кеңсірігі қысқа, маңдайы қайқы, көзі бұлтығыр, иек бітімі мен тіл көмейі кең, аузы үлкен, танау желбезегі дүрдиіп тұрады.
Киік басты жүйріктің белгісі: кішкене ұзынша басты, көз шарасы шығыңқы, құлағы үлкен.
Бұғы басты жүйріктің белгісі: құлақтан танауына дейін теп-тегіс, тұмсығы кең, бастың еті білеуленіп тұрады. Тіл жатыны шағын, маңдайы қушық келеді. Кекілі бұйра, келтелеу, көзіне жетпей тұрады.

Kaska atТұяғы. Жылқы тұяғын болат тұяқ және жұмыр тұяқ деп екіге бөледі. Ал, кәрі биенің құлынының тұяғы жұқа болады да, жақыншыл, ұшқыр, жазықшыл келеді. Алысқа тұяғы қызып шаба алмайды. Керіш, тастақ жерлерге шапқанда тұяғы жарылып кетеді. Жұмыр болат тұяқтылар жер таңдамайды. Күндік жерге шапса да тұяғы қызбайды. Шашасы ұзын жерге тиіп тұрады. Өкшесі биік келеді. Тұяқтың ортасы шұңқыр, жерсоғары жерге жетпей тұрса, оңды.
Жүйрік жылқыны тұяқ бітіміне қарай: кесе тұяқты, етжеңді үлкен тұяқты, құс тұяқты, сартап шымыр тұяқты, құлан тұяқты деп бөлінеді. Осылардың әрбірі өзіндік ерекшеліктерімен құнды. Жалпылама айтсақ, жылқының жүйрік болуына тұяғы көп әсер тигізеді. Мысалы, жоғарғы жиегі тұтасып біткен қалың, тебінгі жүзі өткір, әрі берік, өкше тұсы қоянжырық, ішкі сырғалығы терең және имек бітсе, жалпы әлпеті ебедейсіз үлкен емес, сөйте тұра, болат қайрақтай тұяқты жылқыны жүйріктер санатына жатқызады.
Қазмойын сағақты жылқылардың шабу екпіні жылдам болуына байланысты тұяғы тез кетілгіш келеді. Бұндай жүйріктер тез ақсайды. Өйткені, қазмойын жүйріктер шапқанда артқы аяғын қатты серпиді де, алға кеткен дене екпінін алдыңғы аяқтары толық игере алмай, тұяғы тез майысады. Қысқа мойын жылқылардың тұяғы берік, көп кетіле бермейді.
Кесе тұяқты жүйріктің белгісі: тұяғы төңкерілген кесе пішіндес келеді. Жоғарғы терімен тұтасқан жиегі үлкен, бұршақтың бедері сияқты білеулі, тұяқ сүйегі ұзын, биік болады.
Етжеңді үлкен тұяқты жүйріктің белгісі: тұяғы жалпақ, әрі қысқа тікбақай, тұяғының жербасар жиегі доғал, тағалығы мүйізсіз, өкше басуы сүрелеу, табан еті жұмсақ болады.
Құс тұяқты жүйріктің белгісі: бақай бітімі биік, тұяқтың сырты жұқа, қабыршақты, жербасары құстың табаны сияқты жұмсақ бүрлі, өкшесі сүрелеу болады.
Сартап шымыр тұяқты жүйріктің белгісі: тұяғы жоғары тік біткен, шідерлігі жуан, сүйекті, тұяқ терімен берік тұтасқан, өткір жүзді, табаны қатты әрі алақан шұңқыры терең, өкшелігі маймақ болады.
Құлан тұяқты жүйріктің белгісі: даланың құланы сияқты қысқа доғал тұяқты келеді. Табан еті мүйізденген тұяқтың жербасар жүзі моқылдау, қысқа болады. Бұндай жүйрік ұзақ шабысқа шыдамды келеді.

at ekenТісі. Жүйріктің тісі үлкен-кішілігіне байланысты: сойдиған түйе тіс және ұсақ қой тісті деп бөледі. Түйе тісті жылқылар күшті, қайратты келеді. Тіс бітіміне қарап: құлан тіс, түйе тіс, қой тіс, бидай тіс, т.б. деп бөледі.
Жүйрік жылқының тісі аппақ, еті ақшыл тіске жабысып, жиегін жауып жымдаса бітсе және тісінің мөрі бидай сиятындай кең болса, жақсы саналады. Ат азуы бураның азуындай сойдақ, маңдай тіске жақын, сырт жағына қарай шалқақ бітеді. Үстіңгі маңдай тістің дәл ортасындағы мөрінде алтындай жарқыраған жұлдызша болады. Мұны көру үшін таң құланиектенген сәтте жүйріктің аузын ашып, маңдай тісті күнге қаратқанда жарық шашып белгі береді. Үстіңгі тіс астыңғысына дәл беттеспей сәл шығыңқы озып тұрса, жүйрікке тән белгі. Егер асты, үстіңгі маңдай тістен артық шығыңқы, әрі үстін басып тұрса, ұзақ жолда шалдықпайтын жылқының белгісі.
Ат азу немесе сояу тісі маңдай тіске таяу, аралығына арпа дәні сиятындай болса ат елпек, шапшаң, кейінірек тұрса, сағыздау болады.
Ат азудың ұшы артына қарай қайқайып шықса, қайратты жылқы дейді. Мыңда бір атта ат азу болмайды. Мұндай жылқыны ерекше жүйрік деп, қарайды. Ат азу биеге шығатын болса, «атқа бергісіз бие» дейді.
Құлан тістің белгісі: тістің түбі мен ұшы бірдей әрі ұзын, қалың келеді. Тістің іші мен сыртын көмкерген бұлшық еті іртіктелген, сүйек тістің андыздалған жолақтары қап-қара болады. Құлан тістің өзін атбегілер: шөпшіл құлан, матаулы құлан, ақыр құлан, бура құлан, шабан құлан, нарын құлан, анық құлан деп көптеген түрге бөлген екен.
Түйе тістің белгісі: барлық тістің орналасуы мен ұзындығы біркелкі және тістің өңі аппақ сүйегінде қазынақ болады. Түйе тісті: сақырлақ түйе тіс, сарықақты түйе тіс деп екіге бөледі.
Бидай тістің белгісі: жұлары өткір, тістің еті қысқа, алты қазынақты, ақ тісті болады. Бидай тісті: ұзын бидай тіс, ақыр бидай тіс, жіңішке бидай тіс, үшкір бидай тіс, өте ұзын бидай тіс деп беске бөледі.
Қой тістің белгісі: жіңішке ұзын болып өседі, оны: бидай қой тіс, ақыр қой тіс, жіңішке қой тіс деп бөледі.
Доңыз тістің белгісі: жіңішке төрт бұрыш, ұзындығы орташа, жұлары өткір болады. Тістің еті қалың, әрі қызыл, мөрі кейде сарғыш түсті келеді.

Құлағы. Жүйрік аттың құлағы кекілінен жоғары шығып тұрады. Ұзын қамыс құлақ келеді. Екі құлақтың арасы жақын, терісі жұқа, іші толған жүн, алысқа құлағын тігіп қарайды, мініп түскенде құлағын қайшылап тұрады.

Маңдайы. Кең жазық, биік, үңгір қабақты болып келеді. Қасқа маңдайының жүні оңға қарай (күннің бағытымен) айналған үш орайлы болса, бұл нағыз жүйрік. Түйе маңдай, бұғы маңдай, кең маңдайларды жүйрікке тән маңдайлар деп көрсе, дөң маңдай, тар маңдай, доғал маңдайларды ұшқыр аттарға бағалап, атбегілер жақтырмайды.

Көзі. Жүйріктің көзі отты, еті қанталап қызарып көрінеді. Үнемі елеңдеп, алысқа қарап тұрады. Жақынға әсте қарамайды. Адамға қарағанда секемшіл кейіппен ұрлана қарайды. Көзінің шарасы кең болады. Мөлдіреген бота көзді жылқыдан жүйрік шықпайды. Халық арасында, «Бота көздің мыңынан бірі жүйрік, шошқа көздің бәрі жүйрік» деген мақал бар.
Кірпік-қасы. Жылқының қабағы қалың және қасындағы ұзын қылшықтар саны 3-тен жоғары болса, жақсы, ал, 7-8 болса өрен жүйрік. Жалпы жүйрік жылқы қасты келеді. Жүйріктің қасы қалың, жылтыр, қайратты болады. Қас жүйрікті шаң-тозаңнан қорғайды. Содан да болар табиғат жүйрікке қалың қас сыйлайды.

Белі. Жүйріктің бел сынына: қақпан бел, қыз бел, қайқы бел, бүкір бел және тағы басқалар жатады.

Беті. Жүйріктің бет терісі жұқа, айрықша ерекше біткен томпақ сүйегі болады. Ол терінің астынан томпиып көзге шалынып тұрады. Бет терісінің жұқалығы сондай қолмен басып көргенде, терісіне қол кіріп кетуге шақ қалады.

Еріні. Үстіңгі еріні астыңғы ерінінен кіші, тартыңқы болады. Еріннің ішкі еті жұқа, ақшыл түсті келеді. Ерінінің айналасына біткен қылшықтар мол болса жүйрікке тән нышан.

At eken2Жалы. Жүйріктің жалы жұқа, сұйық, құлан жал болады. Қылшықтары ұяң емес, қайратты келеді. Орташа күзегенде жалы жығылмайды, тікірейіп тұрады. Шоқтығы жалымен бірдей ұзарып өспейді. Жалының ортасында қара жолақ болады. Бұл жолақ қыр арқадан түпқұйрыққа дейін болымсыз жалғасады.

Жауырыны. Жүйрік аттың жауырыны жалпақ әрі ұзын болады. Жауырынның бұлшық еттері шымыр, сырты білеуленіп тұрады.

Жаясы. Жүйріктердің жаясы қалбағай, жалпақ келеді.

Желкесі. Жүйрік жылқының желкесі ойдым, қоян желке болады.

Кекілі. Абай атамыз айтқандай, «шоқпардай кекілі бар» жүйріктер өрен келеді.

Кеудесі. Жүйріктің кеудесі салқы, еңселі болады. Тар кеуде нашар деп көріледі.

Аяғы. Шомбал жуан әрі ұзын емес орташа. Бақайы қысқа бір тұтам. Алдыңғы бақайынан артқы бақайлары сәл ұзындау. Сіңірлері садақтың адырнасындай бөлектеніп, көрінеді. Ұстап қысып көргенде бас бармақпен ортан қолдың ұштары бір біріне тиеді. Сіңірі қатты әрі серіппелі болады. Мұндай сіңір аттың аяғына ақау түсірмейді.

Мықыны. Жүйріктің мықыны тар, қалбағай мен қабырғаның арасы екі-үш елідей болуы шарт. Жаясы жалпақ, қанаты ұшатын бүркіттің қанаты іспетті.

Көтені. Жүйріктің көтені үңірейген болуы шарт. Аузындағы қуысқа түйенің құмалағын салып көргенде тоқтап тұрады. Жұмылған екі саусақтың екі буыны (бүк қол мен ортан қол) сиятындай үңгір қобысы болады.

Құйрығы. Жүйрік жылқының құйрығын: сүйекті құйрық, қалың қылшықты құйрық, сұйық құйрық деп бөледі. Сымпыс құйрықтың түбі молдау, ұшы жіңішке, сұйық болады. Құйрық қылы әртүрлі болады. Салалы-сылаң, жуан-жіңішке деген тәрізді. Ұзын, жанына қарай тартып көргенде қалбағайдың басынан асып тұрады. Құйрығының түбі жуан, ұшы сымпыс болады. Мұны түп құйрық немесе түлкі құйрық дейді. Түп құйрықтың қылшықтары қайратты, қатты болады. Ал, ұш жағы ұяңдап жіңішкереді. Одан әрі құйрық салаланып айырылады. Бір тал түп ағаштың бұтағы іспетті 2-3 сала болып өседі. Түп құйрықты қазақ дәстүрінде құндыздық деп те атаған. Оның қылшықтары қайратты, жылтыр, құндыздың жүніндей сыртында шашырап көрініп тұрады. Сымпыс құйрық, жібек құйрық, күлте құйрық, қанжар құйрық тағы осындай құйрықтарды жақсы құйрықтарға жатқызса, ит құйрық, топ құйрық, шолақ құйрық, шолтық құйрық, қысық құйрық, түлкі құйрық, бұлан құйрықтарды атбегілер жақтырмайды.

kiNdAQ7hrfoМойыны. Терісі жұқа, жүні қалың, ауыз омыртқасы шығыңқы, шықшыты кең, жіп-жіңішке қыл мойын болып келеді. Сыншылар мұны “мойыны бауыздауынан үзіліп кете жаздап тұр” немесе “Қазмойынның өзі екен” деседі. Жүйріктің мойынының ұшы ұзын, түбі жуанын жақсы деп көреді. Қыл мойын, қаз мойын, бұлан мойын, бұғы мойын, бөкен мойын, қой мойын, теке мойын, жолбарыс, қабылан мойын, құлжа мойын, ұзын мойын, елік мойын, төңерек мойындарды ат бапкерлері жақтырса, қысқа мойын, аю мойын, жұмыр мойындарды жақтырмайды.

Қабырғасы. Жүйріктің қабырғасы иілген, бүйіріне қарай шығыңқы болады. Бұл жүйріктің тыныс алуына әсерлі. Ат сыншылары делдек қабырғалы және қоян қабырғалы жүйріктерді жақсы жүйріктер деп көреді. Қабырғасы имек, доғалданып (дөңгелектеніп) майысып келеді. Атқа мініп көргенде адамның екі аяғы (бұты) керіліп қалады. Артынан қарағанда бірдей немесе артық шығып тұрады. Бұл орайда Абайдың «Қабырғалы, жоталы, болса күшті» дегені дәл келіп тұр.

Қолтығы, шынтағы. Жүйріктің қолтық шынтағы қабырғадан алшақ айналып, қабырға мен шынтақтың арасында жұдырық сиятындай кеңістік пайда болады. Терісі жұқа әрі кең етке жабыспай бөлек қалады. Қолтық терісінде 4-5 қатпар болады. Жүйріктің қолтығында бірнеше тесік болады, оны “тесік өкпе жүйрік” деп атайды. Бұл өрен жүйріктерге тән қасиет болмақ. Ал, жүйріктің шынтағы қабырғадан алшақ тұрады. Қабырға мен шынтақ арасына атбегілер жұдырығын салып өлшеп жатады. Жұдырық сыйса жүйріктің белгісі болмақ. Жүйріктің қолтық терісі жұқа, қатпар-қатпар болып келеді. Сол сияқты кең шынтақ, айналма шынтақ, алшақ шынтақ, қысыңқы шынтақ жүйріктер де кездеседі.

Омырауы. Жүйрік омыраулы болады. Оған: кең омырау, салпы омырау, бұлан омырау, бөкен омырау, бұғы омырау және т.б. жылқылар жатпақ.

Саны. Жүйрік санды болса жақсы. Оған: серке сан, шоқпар сан, бура сан, түйе сан, бұлан сан, бұғы сан, бөкен сан, күдір сан, қоян сан, сида сан, қатты санды жүйріктер жатады.

Сауыры. Жүйріктің сауыр сыны: қоян сауыр, құлан сауыр, дөңгелек сауыр, кең сауыр, тостаған сауырларды ат сыншылары жақсы деп бағалайды.

Сағағы. Жүйріктің сағағы кең болады. Яғни, үңгір сағақ, терең сағақ, алма сағақтарды жақсы сынға баласа, тар сағақ жылқылардан жүйрік шықпайды. Жүйріктің сағағына саусақ батырып тереңдігін және жуандығын (неше елі екенін) өлшейді.

Төсі. Жүйріктің төсінің сыны: түлкі төс, бүркіт төс, құс төс, алшақ төс, салқы төс, бұғы төстілерді жүйрікке лайық деп көреді. Тартық, тар төсті жылқыдан жүйрік шықпайды.

301183_104849579670937_1382221119_nБекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.