Н.Байбөриев ертеңгі басталар «Алтын жебенің» ережесімен таныстырды

3985

 12-13 тамызда «Қазанат» атшабарында «Алтын жебе» халықаралық турнирінің басталатыны туралы бұған дейін аз хабарланған жоқ. Оқырманға қазақ мергендері мен шетел садақшылары таныстырылды.  Алайда осы мергендер сайысының қалай өткізілетіні туралы әлі толыққанды мәлімет жарияға шықпады. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында біз жамбы атудан ҚР Ұлттық құрама командасының аға бапкері, «Алтын жебе» халықаралық турнирінің бас төрешісі Нүркен Байбөриевпен сұхбаттасқан едік.

–  Осы кезде жанкүйерге «Алтын жебе» халықаралық турнирінің қалай өткізілетіні жұмбақ болып тұр. Бұл жарыстың бұрынғы садақ ату сайыстарынан қандай өзгешелігі бар? Жамбы атудан Ұлттық құраманың бас төрешісі ретінде осы сауалға толығырақ жауап берсеңіз деген өтінішіміз бар.

–  «Алтын жебе» біздің елде жеке халықаралық турнир тұрғысынан тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жарысқа Түркия, Мажарстан, Моңғолия сияқты ұлттық садақ ату спорты дамыған көптеген мемлекеттің спортшылары қатыспақшы. Дәлірек айтсам, осы уақытқа дейін 17 ел садақшыларының жарысқа қатысуға берген өтінімдері қабылданды. Дүниежүзілік садақ ату сайысында атағы шыққан кілең мергендер «Алтын жебе» турнирінде бақ сынауға құлшынуда. Олардың қатарында Мажарстанның атақты мергені Намети Кристофлер, Түркия садақшыларының саңлағы Мұрат Бонжук, моңғолиялық сұрмерген Дунчиг Отгонбямба бар.  Себебі, біріншіден бұған дейін қазақстандық садақшылар шетелдерде өткен халықаралық жарыстарға қатысқанымен шет мемлекеттің мұнша көп мергендері Қазақ топырағына алғаш рет жиналғалы отыр. Екіншіден, спортшылар жарысқа қатысумен бірге төрткүл дүниеге мәлім Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалап қайтады. Оның үстіне «Алтын жебе» турнирінің жүлде қоры да қомақты. Бас жүлде бір жарым миллион теңге көлемінде болады. Бесінші орын иеленген спортшыға дейін бәйге беріледі.

Ат үстінен нысана ату шетел жарыстарында да бар. Бірақ, олар сайыстың бірнеше кезеңін жерде тік тұрып садақ атуға арнайды. Ал, «Алтын жебе» турнирінің шетелдерде өткен ұлттық садақ ату жарыстарынан өзгешелігі – садақшылардың барлығы нысананы ат үстінен атады. Екі күнге созылатын садақшылар сайысы үш кезеңнен тұрады.

–  Сонда алғашқы күні неше кезең өткізіледі? Үш кезеңнің жеңімпаздары жеке-жеке анықтала ма?

 –  Жоқ, жеке-жеке емес. Жеңімпазды анықтау үшін мергендердің үш кезеңде  жинаған барлық ұпайлары есепке алынады. Алғашқы күнгі екі кезеңнің бірі «Шапшаң ату». Мұнда садақшылар нысана тұсына атпен келіп тоқтап, төрешінің «атыңдар!» деген бұйрығы бойынша шапшаңдықпен оқ атады. Уақыт мерзімі – 10 секунд. Осы 10 секундта спортшы жебені үлгергенінше атуға тиіс. Нысана он қадам жерде тұрады. Оқ нысананың ортасындағы қызыл шеңберге тисе 3 ұпай,  сары шеңберге тисе 2 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай беріледі.

Ал, екінші кезең «Қалқан ату» деп аталады. Мұнда спортшылар жолақты арқанмен көрсетілген, ені үш метрлік дәліз жолдан  10 метр қашықтықтағы, арасы 35 метрден,  1 метр биіктікке орналастырылған, диаметрі 60 сантиметр болатын қалқан пішіндес үш нысананы атпен шауып келе жатып кезекпен атып өтеді. Оқ  нысана ортасындағы қызыл шеңберге тисе 5 ұпай, сары шеңберге тисе 3 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай есептеледі.  Спортшыға 2 мүмкіндік және әр мүмкіндікті орындауға  25 секунд уақыт беріледі. Ол осы уақытта  үлгергенінше оқ ата алады. Атпен шауып өтетін дәліз-жолдың ұзындығы 200 метр. Егер осы жолды спортшы 25 секундтан ұзақ уақытта шауып өтсе оның ұпайлары есепке алынбайды.

Үшінші кезең – «Жамбы ату». Спортшылар дәліз-жол бойымен әр түрлі қашықтықтағы 2,4 метр биіктікке ілінген, диаметрі 20 сантиметр 3 нысанаға шауып келе жатып үлгергенінше оқ атып өтеді.  1-ші нысана «қола жамбы» жолдан 8 метр қашықтықта,  2-ші нысана «күміс жамбы» жолдан 10 метр қашықтыққа,   3-ші нысана «алтын жамбы» жолдан 12 метр қашықтыққа орналастырылған. Нысаналардың өзара қашықтығы – 30 метр. Жебе «қола жамбыға» қадалса  – 5 ұпай, «күміс жамбыға»  қадалса – 10 ұпай, «алтын жамбыға» қадалса – 15 ұпай беріледі. Ал, егер жебе жамбы  ілініп тұрған қылды қиып өтсе 20 ұпай  есептеледі. Бұл тұста анықтап айтарымыз, жебенің жамбыға қадалғаны ғана есепке алынады. Спортшыға 2 мүмкіндік беріледі. Бұл кезеңде де садақшының атпен шауып өткен уақыты 25 секунд.

–  Шетелдік спортшылардың әрқайсысы өздері алып келген ұлттық садақтарымен сайыса ма, әлде барлығына біркелкі  садақтың түрі беріле ме?

–  Әрине, бұл жарысқа әркім өз садақтарымен қатысады. Бірақ, «Алтын жебе» турнирінде спортшыларға қойылатын ортақ талап – жебе. Яғни, барлық мерген нысананы біз даярлаған ағаш жебемен атады.

–  «Алтын жебе» турнирінің бас жүлдесін қазақ мергендері алатын шығар?

–  Біздің үмітіміз де сол. Үміт қана емес, сенім де зор. Халықаралық жарысқа іріктеп алған мергендеріміздің осалы жоқ. Бәрі де Қазақстан чемпионатының, елішілік турнирлердің жеңімпазы мен жүлдегері атанған саңлақтар. Таныстырып өтсем, командасының капитаны Елдос Бадашев Жамбы  атудан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, халықаралық мергендер сайысына қатысушы. 2016 жылы өткен «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазыБекқали  Өздембаев болса  ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері. 2016 жылы өткен «Астана жұлдызы» турнирінің жеңімпазы. Садақшыларымыздың арасындағы ең жасы Абзал Тулыбеков 2017 жылы өткен ҚР жастар арасындағы чемпионаттың жеңімпазы. Спорт шебері. Ералхан   Айкөзов 2016 жылы өткен А.Асқаров атындағы Халықаралық турнирде жамбы атудан гран-при иегері, 2015 жылы Жамбы атудан жастар арасында тұңғыш ұйымдастырылған ҚР чемпионатының жеңімпазы, елішілік чемпионаттың бірнеше дүркін жүлдегері. Айтбек Сарыбай 2015 жылы Оралда өткен кадеттер арасындағы чемпионатта Жамбы атудан бас жүлдені иеленген. Қазақстан чемпионатында бірнеше дүркін жеңімпаз, жүлдегер атанған. Бұл бес мергеніміз қазіргі кезде Астанадағы «Қазанат» атшабарында оқу-жаттығу жиынын бастап кетті.

–  Мергендерімізге тек сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Төлеш ЖАНБӨБЕК

ulttyqsport.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.