Ақжол Жұматай, 57 көлік ұтқан шабандоз: Әр айналым сайын аттың жағдайын бақылау қажет

9305

Жақында Қостанай облысында өткен аламан бәйгеде белгілі атбегі Қанат Қасымовтың «Бәйтерек» атты сәйгүлігі бірінші келді. Оны тізгіндеген 13 жасар жеткіншек Ақжол Жұматай өзінің 57-ші көлігін ұтып алды. Бәйгеден соң жас шабандоз «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен әңгімелесіп, өзінің жоспарларымен бөлісті.

13 жасар Ақжол Жұматай қазақтың ат баптау өнері жақсы дамыған Алматы облысының Ұзынағаш кентінде дүниеге келген. Оның есімі дүйім елге алғаш рет Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған бәйгеде танылды. «Самал» тұлпарымен 51 шақырымды еңсерген жеткіншек білікті атсейістердің көзіне түсті.

«Осы уақытқа дейін 100-ге жуық жарысқа қатыстым. Атқа мінуге Бақыт есімді ағам үйретті. 9 жасымда ең ірі жүлдем — «Lada Granta» автокөлігін ұттым. Келесі жылы Ақмола облысындағы Қабанбай батырдың кесенесi маңында өткен «Алтын тұлпар» аламан бәйгесiн жеңдім. Оған елдің барлық облысынан 100-ден астам жүйрiк келді. 51 шақырымға шаптық. Басында біраз қобалжу болды. Бірақ, бапкерлерімнің айтқанын орындап, жеңіске жеттім. Олар алғашқы айналымдарда «Самалдың» (шапқан аты — авт.) күшін сақтап, соңғы айналымға келгенде қамшы басуым керектігін айтқан болатын», — дейді Ақжол.

Ақжол жастығына қарамастан ат баптау, жарату өнерін меңгеріп алған. Оның қыр-сырын Алматы облысына танымал атбегі Мерхат Бұлғыновтан үйренген. Ал қазіргі жаттықтырушысы — Мейрамбек Табылдиев.

«Бәйге атына үнемі күтім қажет. Оның шөбі күнделікті мөлшерден асып кетпеуі тиіс. Жылқыларды үш мезгіл суарамыз. Таңертең және кешке 1,5 шелек су беру қажет. Ал түскі уақытта 10 литрдей су ішсе жеткілікті. Бәйгеге түскен кезде топпен бірге бастаймын. Басында шабысты үдетіп, қамшы баса берсең, өкпесін соғып, болдырып қалады. Сондықтан әр айналым сайын аттың жағдайын бақылау қажет. Қостанайдағы аламан 9 айналымнан тұрды. Мен оның 6 айналымында тізгінді тартып отырдым», — дейді жас шабандоз.

Оның айтуынша, бәйге барысы, күлік қамына кеткен уақыт оқуына кедергі келтірмейді.

«Қазір бар ойым ат жарысында, жылқы баптауда болғанымен, білім алуды бірінші орынға қоямын. Бәйгелерге сабақтан тыс уақыттарда қатысуға тырысамын. Мұны отбасымдағылар да қадағалап отырады. Бірақ, болашақта осы жылқы ұстауды қолға алғым келеді. Біздің Ұзынағашта ат баптайтын ағалар көп. Солардың жолын қусам деймін», — деп бөлісті Ақжол Жұматай.

Қазірдің өзінде толайым табысқа жеткен жеткіншек — Ұзынағаш ауылының мақтанышы. Оған сырт өңірлерден ат баптаушылар хабарласып, бәйгелерге қатысуын ұсынады. Жақында Қостанайда өткен жарыста ол өзінің 57-ші автокөлігін ұтты. Бірақ, олардың бәрі шабандоздың қолына тимеген. Көбі аттың иелеріне бұйырады. Ақжол Қостанайда жеңген екі көлігі үшін 450 мың теңге алды. Бір қызығы, Ақжолдың бала арманы — Қазақстандағы ең жүйрік атқа міну. Бәйгелерге сол үшін де қатысады.

«Қостанайдағы аламанда Қанат Қасымов ағамыздың 4 жасар «Бәйтерек» тұлпарымен, ал құнан бәйгеде Мерхат Бұлғыновтың 1 жасар «Шағаласымен» шаптым. Бұлар — ағылшын тұқымдары. Осы уақытқа дейін мінген сәйгүліктердің ішінен «Сүлікқара» ұнайды. Ол шыдамды әрі ұтқыр. Алматыдағы аламанда 7 миллион теңге әкелген «Босмойынның» да жылдамдығы кісі қызықтырады. «Алтын тұлпарды» екінші рет алып берген ағылшын жирен айғыры «Самал» сәйгүлік те шыдамды», — дейді жас шабандоз.

Сонымен, Қостанайда өткен аламан бәйгеге қайта оралайық. Аламан ортасынан асқанда-ақ қостанайлық ардагер атбегі Әлқуат ақсақал «Бәйтеректің» бірінші келетінін топшылап қойған-ды.

«Әкелеріміз «Тоқ бәйгеге шыдаған тұлпар аламанда да қалмайды» деп отыратын. Мына жердегі талас шабандозға байланысты. Аттың басын бір тартып, бір жіберіп, құйғалақтатып отырған жоқ. Жүгенімен жүріс жасайды бала. «Бәйтерек» алдына күлік салдырмайды», — деген болатын атбегі.

Сөз соңында айта кетейік, аттың сынын дөп басқан қариядан тоқ пен топ бәйгенің аражігін ажыратып беруін сұрадық.

«Қазір біз «топ» пен «тоқты» шатастырып жүрміз. Бүгінгі бағдарламада «топ» деп аталыпты. Бұл дұрыс емес. Дұрысы — «тоқ» бәйге. Ол бәйге аттарын дұрыс таңдау, сұрыптау, жарысқа іріктеу заңдылықтарынан туындаған. Бабы келмеген ат дұрыс шаппайды. Міне, осыны жете білген ежелгі атбегілер аламанның алдында міндетті түрде тоқ бәйгені өткізіп, тұлпарларын сынаған. Тоқ бәйгеге құнан да, дөнен де, болашақ бір тоғы бар аламанға қатысатын аттар да қатысып, сыннан өткен. Қырағы көзді аталарымыз тоқ бәйгеден аламанға шабар жүйрік бәйге аттарының артық-кемін жазбай танып, байқап, тиісті қорытынды жасап отырған», — деп түсіндірді Әлқуат қария.

 inform.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.