Жарасбай Сүлейменов. Ала биенің әлегі
(Әңгіме)
Кешке жұмыстан оралған бетім еді, алдымнан немерем Батырхан жүгіре шығып:
– Ата, ала бие жоқ, – деді.
– Тор бие мен күрең үйде ме?
– Иә, оларды жаңа ғана әкеліп қамадым. Ала биені іздеп бармаған жерім жоқ, осы маңайда болса көзіме шалынар еді…
Ала бие бір ғана құлындаған жас мал, көктемде Есілдің ар жағындағы Леденево селосынан Германияға көшкелі жатқан бір немістен сатып алып едім. Өзі торы болса да оң жақ бүйіріндегі ақ таңбасына қарап Ала бие деп атап кеткеміз. Оның үстіне төрт аяғы тұяқтан жіліншікке дейін ақ. Үнемі тұсаулы жүретін. «Қайда кетуі мүмкін? Басқа бір үйірге қосылмаса?»
Сол күні жел теріскейден соғып, екі кештің арасында қара дауыл көтерілмесі бар ма. «Таңертең өзі бір жерден шығар» деп іздей қоймадық.
Содан Ала бие келесі күні де, одан арғы күндері де қарасын көрсете қоймады. Көршіміз Болаттың торы байталы да жоқ болып шықты.
– Біздікі құлынынан қолға үйренген мал еді, күнде кешке үйге өзі келетін, біреу айдап әкетпесе жарады, – деп Болат күдігін жасырмаған.
Менде уәж жоқ. Өйткені, Ала бие сырмінез мал емес. Әкелгеннен бері екі биенің соңында жүретін. «Қайда кетуі мүмкін? Әлде, жылқы малы үйренген жерін ұмытпайды деуші еді, Леденевосына тартты ма екен?» Осы оймен елу шақырым жердегі Леденевоға барып, жылқышылармен сөйлесіп, тұрғындардан сұрастырып жарты күнімді өткіздім. «Көрдім» деген бір жан жоқ.
Қаланың дәл іргесіндегі біз тұратын Озерныйды Есіл орап өтеді. Демек, өз бетімен кеткен мал солтүстік-шығысқа қарай ғана беттейді.
«Табылып қалар» деген үмітпен алғашында ешкімді дүрліктіре қоймап едік,тіпті болмаған соң аудандық ішкі істер бөліміне хабарладық. Ондағылар өтінішімізді алып қалды.
«Оларға сенбеңдер, жай да жұмыстары бастан асып жатыр». Жанашырлардың осы сөздерінің де жаны бар-ау деп ойладық. Өйткені, теледидарды іске қоссаң болды, күнде еститінің атыс-шабыс, ұрлық. Бөлімдегі саусақпен санарлықтай ғана қызметкер сенің биеңді іздей ме, солармен күресе ме?! Оларды да түсінуге болады. Ақыры, не керек, жұмыстан сұранып, биемді өзім іздеуге бекіндім. Адал ақы, маңдай термен келген мал ғой. Оның үстіне «Бәленшенің биесін үйінің іргесінен аузын аңқитып алып кетіпті» деген алып-қашпа сөздерден кейін намысым да қайнап кетті.
Кеш болса «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей таныстарға телефон шаламын. Хабар жоқ. Тіпті біраздан кейін Ала бие жоғалғалы неше күн өткенінен де жаңыла бастадым.
Осылай дел-сал болып жүргенімде құқық қорғау органында істейтін бір танысым:
– Кешегі мәліметте жүр. Ресейден ұрланған бес жылқымен бері өтпек болған үш жігіттің екеуі ұсталып, біреуі қашып кетіпті, – деді.
– Қай ауылдың жігіттері екен?
– Үшқұдықтікі.
Үшқұдық біздің Озерныйдан төтесінен жиырма-ақ шақырым. Бұрын бір-екі рет болғаным бар, шағын ғана ауыл. «Ана жақтан жолы болмаған соң, көзіне бірінші іліккен менің биемді мініп кетуі мүмкін-ау» деген ой сап ете түсті де, Үшқұдыққа тартайын. Ресей шекарашыларына ұстатпай кеткен жігіттің аты-жөнін біліп алғам. Үшқұдыққа кіре бере көшеде кездескен жасы алпыстар шамасындағы ер адамнан Асхат Мәліковті қайдан жолықтыруға болар екен деп сұрадым.
– Сонымен бір аптадан бері көргем жоқ, – деді ол. Сосын шегір көздерін маған қадап:
– Немене, жылқыңыз жоғалды ма, – деді.
Қуанып кеттім. «Адасып осы ауылға келіп қалған ғой» деген оймен белгілерін айта бастадым.
– Торы бие, оң жақ бүйірінде ақ таңбасы бар, күйлі. Сіздің ауылдың жылқысына қосылмасын?!
– Жоқ, ондай жылқы көргем жоқ. Іздеп жүрген адамың осы маңайды қан қақсатқан нағыз барымташы. Сосын сұрап жатқаным ғой. Ол өзі менің туған жиенім. Әке-шешесі мына үйде тұрады.
Үйелмелі-сүйелмелі кемпір-шал диванның үстінде отыр екен. Амандық-саулықтан кейін балаларының қайда екенін сұрадым.
– Соны өзіміз де біле алмай отырмыз. Бір апта бұрын қаладағы апасына барып келем деп кетіп еді, әлі жоқ.
Қарттарды текке шошытпайын деп не жұмыспен жүргенімді айтпадым. Тек кетерде қаладағы қыздарының қайда тұратынын сұрап алдым.
Салып ұрып қалаға келсем, мен іздеген Асхат мұнда да жоқ екен.
– Болған, қазір Озерныйда нағашым үйінде, – деді апасы.
– Озерныйда?! Мына іргедегі Озерныйда ма?
– Иә, иә.
– Мен сонда тұрамын ғой, нағашысы кім еді?
– Бейсенбаев Мырзаш, дүкеннің қасында тұрады.
– Е, білем, білем.
Жасы отыздар шамасындағы талдырмаштау келген жігіт есік алдында жүр екен. «Сіздің үйде Асхат бар ма?» – деп едім, «Асхат – мен боламын», – деді.
– Ендеше, сенімен әңгіме бар.
– Айта беріңіз.
– Бірнеше күн болды бір бием жоғалып сергелдеңге түсіп жүрмін.
– Оны менен неге сұрайсыз?
– Мүмкін, көрген шығарсың, көрмесең көргендерді білетін шығарсың?
–Көрген жоқпын, өзімнің осы ауылға келгенім жаңа.
Асхатым кісіге тура қарамай сөйлейді екен. Секем алып қалдым. «Дәу де болса, осының қолынан келіп отыр. Бірақ, әрі қарай қысуға дәлел жоқ». «Бала, ойлансайшы» деп кетіп қалдым.
Кейін Мырзашпен көрші тұратын, әйелі мектепте менің жолдасыммен бірге істейтін Сәрсеннен сыр тартып едім. «Ол бала осында бір аптадан бері жүр. Бір келеді, бір кетеді», – деді.
«Ұры – Асхат!» Осы бір-екі сөз миыма шегеленді де қалды. Әйтпесе, ол «бүгін ғана келдім» деп өзінің осы ауылда бір аптадан бері жүргенін неге жасырады? Сол біреуге шығарып берді, болмаса осы маңайда бір жерге тығып қойып отыр.
Мұндайда ақыл айтатындар көбейіп кетеді ғой. Біреулері: «Анда кетуі мүмкін, мында кетуі мүмкін» десе, енді біреулері: «Енді әуре болма, ол кеткен жылқы» деп жігерімді құм қылады. Сексен мың теңгеге сатып алған семіз биеден айырылу оңай ма, таңертеңнен кешке дейін машинадан түсу жоқ. Біраздан кейін әйелім ұрса бастады: «Таста, қой енді, соған ғана қарап отырғамыз жоқ қой. Садақа, балалар аман болсын».
Мырс етіп күліп жібердім.
– Неменеге жетісіп күлесің?!
– Жай, ертеректе болған бір оқиға есіме түсіп кеткені. Ана өзіміздің Төкеннің Сейіт деген атасы осы өмірге аты шыққан аңшы болыпты. Ит ұстап, құс салады екен. Бірде қыстыгүні сол кісінің бір керемет итін бір үйір қасқыр талап, жеп қойыпты. Содан әлгі шал кәдімгідей өкіріп жыласа керек. Сен сияқты кемпірі «Балалар аман болсын, ит табылар» деп жұбатса, «Ой, атаңның аузын бәлен қылайын, балаларды айтты ғой, қайран, Құтжолым-ай!» деп бой бермейді дейді. Жылқы табылар, балалар аман болсын. Бірақ, соны балаларымның аузынан жырып әкеткен адам, дәл қазір күліп отыр ғой. Іздемей болмайды. Таппасам, өкініші кетпейді.
– Ізде, ізде…
Өстіп әйеліммен тәжікелесіп отырғанда ауылдағы ақсақалдардың бірі –Балтекең келе қалмасы бар ма.
– Немене, Қадіржан, биең жоғалды дей ме?
– Бір аптадан асты, бармаған жерім жоқ. Таба алмай жатырмыз.
– Жас мал ма еді?
– Жас, бір-ақ рет құлындаған.
– Онда ол осы маңайда, ешқайда кетпейді. Мына Есілдің бойындағы жыңғылдардың ішінде шығар. Жер от, суы қасында. Сен алдымен сол жақты бір сүзіп шық.
«Осы да бірдеңе білетін шығар» деп түстен кейін күрең биеге мініп, Балтекең айтқан жаққа беттедім. Жолай кездескеннің бәріннен: «Бие көрдің бе?» – деп сұраймын. Бәрі бас шайқайды. Тіпті Қарғалының арғы бетінде тұратын сігәннің үйіне дейін бардым. Алаңқайға екі жылқысын арқандап койып, қамшы өріп отыр екен:
– Бұл жаққа бөтен мал келген жоқ, – деді.
«Түрін-түсін сұрамастан жұлып алғандай жоқ дегеніне қарағанда осының қолынан келмесін?!. Жоқ. Жоқ. Қорасын барып тінтпеймін ғой». Салым суға кетіп үйге келдім. Көптен салт жүрмегендікі ме, аттан түскенде белімді жазып, аяғымды баса алмай қалдым.
Жайшылықта басымыз онша қосыла қоймаушы еді. Ала бие жоғалғаннан бері ағайын-туған қас қарайса, біздің үйге жетіп келетін болды. Айтатындары белгілі: «Не хабар бар?» Хабар жоқ, жердің астына кіріп кеткен сияқты. Әлде қанат бітіп аспанға ұшып кетті ме екен?
Шай ішіп отырмыз. Күйеу балалардың бірі газеттерге, телефондарға хабарландыру беру керек деді. Ол да дұрыс екен деп таңертең қалаға соғып, хабарландыру бердім. Ала бие, төрт бақайы ақ. Бір хабарын бергендерге сыйақым дайын.
Бие ұшты-күйлі жоғалғалы бүгін оныншы күн. Аудандағылардан хабар жоқ. Не бітірді екен, білейінші деп өзім бардым. Бір жас жігітке берген екен.
– Бүкіл учаскелік инспекторларға хабарладық, – деді.
– Олар іздеп жатса жарайды ғой.
– Өзім де шығар едім, бірақ, көлік жоқ.
– Мен көлікпен жүрмін.
– Қайда барамыз?
– Мына бетті түгел аралап шықтым. Енді Тоқшынға дейінгі ауылдарды бір шолып шықсам ба деймін.
– Бұл екі ортада қандай ауылдар бар?..
– Лебединое, Ивановка.
– Лебединоеда небәрі он шақты-ақ үй қалды, тура Ивановкаға барайық.
Ивановкаға келісімен учаскелік инспекторды іздеп едік, таба алмадық. Ауылдық округтің әкімі бір иманжүзді адам екен, аяушылық білдіріп:
– Осы селода ет дайындаумен айналысатын бірнеше адам бар, кеше Қасымовтардың кішісі: «Қалаға ет апарайын деп едім, анықтама бер» деп келіпті, ал біздің есебіміз бойынша оның малы жоқ, бермедік. Осында жылқысы көп екі шаруа қожалығы бар, соларға да соға кетіңдер, – деді.
Қанша дегенмен, полицияның аты полиция ғой, қорқады, біраз үйдің қақпасын қақтық, біраз үйдің қорасына кірдік. Не жұмыспен жүргенімізді естіген ауылдың бір тұрғыны: «Ондай малды ешкім қорасында ұстамайды. Баяғыда сойып тастады. Бір жылқы деген не, тәйірі. Былтыр мына оң жақтағы көршімнің бес жылқысын бір түнде жоқ қылып жіберді» деген.
Шаршадым. Күдер үзейін дедім. Күзгі уақыт қой. Әлгіндей болмай қараңғылық түсіп кетеді. Аудан орталығына бет алып келеміз. Лейтенантым: «Бөлімде жұмысым бар еді, жеткізіп саларсыз» деген. «Түк бітірмесе де күні бойы қасымда салпаңдап жүрді ғой, жеткізуім керек».
Аудандық ішкі істер бөлімінің қасынан қозғала бергенім сол еді, ішінен жүгіріп шыққан кеспелтектеу келген жігіт машинамен қатарласа жүгіріп «Тоқта!» дегендей белгі берді.
– Ағай, мына Вознесенкада бір жылқы тұрған көрінеді. Қазір баруымыз керек.
– Сағат он бір болды ғой, біз жеткенше он екі болады. Таңертеңге қалдырсақ қайтеді?
– Жоқ, таңертеңге дейін жоқ қылады. Жету керек. Сіз сігәндарды білмейсіз ғой.
– Жақсы, отырыңыз. Түр-түсін сұрадыңыз ба?
– Телефонмен хабарлады, түкестілмейді. Әйтеуір, бөтен жылқы дегенін түсіндік.
Вознесенка қанша жақын болса да, айтқандай, он екіде келдік. Учаскелік инспектор жас жігіт екен, оның өзін тауып алу бір күш болды.
Кондратовтың үйі селоның ең шетінде екен. Беймезгіл уақытта есік алдына екі машина тоқтай қалғанда үйдегілер әбігерге түсіп, бөлмеден бөлмеге жүгіре бастады. Терезеден бәрі көрініп тұр. Жоқ іздеген адам күдікшіл болады екен. Сол сәт осы үй ұрылардың ұясындай көрінуі бар емес пе. Бием табылғандай елегізіп отырмын.
Ақыры үй иесі де сыртқа шықты-ау. Сақалы қауғадай орта жастағы адам екен. «Абыржыған түрі жаман, биемді сойып тастамаса жарайды ғой».
– Сіздің үйде бөтен жылқы бар дейді ғой, – деді жаңа жолда келе жатқанда өзін қылмысты іздестіру жөніндегі аға инспектор Нұрқан Бәкіровпін деп таныстырған жігіт.
– Кім айтты?
– Естідік.
– Бөтен жылқы жоқ, бүгін мына көрші ауылдан сатып алдым.
– Торы ма?
– Торы.
– Жүр, көрсет.
Үй иесі «Қазір қораның кілтін алып шығайын» деп үйіне қайта кірді.
Қораның есігін шынжырмен шандып кілттеп тастапты. Құлыпты аша алмай көп бөгелді. Қолы дір-дір етеді. «Осы ұрлап отыр. Өзі ұрламаса, айдап әкеткен адамнан сатып алған». Күдігім қоюланғаны соншалық, бием табылғандай шаршағанымды да ұмытып кеттім.
Торы бие менікі болмай шықты. «Жоқ, бұл бие менікі емес, менікінің оң жақ бүйірінде ағы бар» дедім. Сондағы үй иесінің қуанғанын көрсеңіз. «Григорийден сатып алып едім. Ол мені алдауға тиіс емес», – дейді.
***
Ала бие жоғалғалы бүгін он бесінші күн. Теледидардан хабарландыруым күнде жүріп жатыр. Өзім болсам, күдерімді үзе бастадым. «Баяғыда сойып жеп қойған шығар. Әйтпесе, бір жерден шығар еді ғой». Тіпті қайда барарымды да білмеймін. Осылай дел-сал болып отырғанымда телефон шылдыр ете түсті. Қалада тұратын күйеу балам екен.
– Сүйінші! Биеңіз табылды, бүгін отынға бара жатқанда Талғат пен Қайрат ағаштың ішінде байлаулы тұрған екі биені көріпті.
– Аузыңа май, қай жерде екенін көрсете ала ма?
– Жас балалар ғой, қорқып жылқыларға жақындамапты.
– Сосын?
– Екі сағаттан кейін қайта келсе, биелер манағы орнында болмай шығыпты.
Осы әңгімеден кейін күйеу баламды, Қайрат пен Талғатты салып алып, биелер байлаулы тұр деген жерге барайын.
– Өздерің анық көрдіңдер ме?
– Міне, осы жолмен ағашты жанай өттік. Екеуі де торы, біреуінің бүйірі – ақ.
– Белгілері келіп тұр. Сонда қайда кетулері мүмкін?
Әлдебіреулер осы арада дем алып, сосын әрі кетті ме екен. Олай дейін десем, екі жылқы ұзақ тұрғанға ұқсайды, маңайының бәрін таптап тастапты.
Тағы да қас қарайып кетті. Амал жоқ, үйге оралдым. «Әйтеуір, тәубе, бием алысқа ұзамаған сияқты. Бұйырса, табылып қалар». Өзімді өзім осылай жұбатып жастыққа бас қойғаныммен түні бойы дұрыс ұйықтай алмай шықтым.
Таңертең аудандық ішкі істер бөліміне соғып, қасыма Нұрқан Бәкіровты ертіп алдым да қаланың күнгейіндегі орман шаруашылығына тарттым. «Мүмкін, бос жүрген жылқыларды біреуі ұстап алған шығар. Болмаса, көрген адам табылып қалар?..»
Кенттің шетінде кездескен бірінші адамға не жұмыспен жүргенімізді айтып:
– Осы маңайда жүрген бөтен жылқы көзіңізге түскен жоқ па? – деп сұрадық.
– Түсті, – деді ол бірден. – Кеңседен кейінгі үшінші үйде Портушкин Петр тұрады. Кеше түс кезінде бәріміз жабылып ұстап, іздеген біреу болса келер деп байлатып қойғамыз.
– Түрлері қандай?
– Екеуі де торы, жас малдар, біреуінің бақайлары – ақ.
Портушкин жасы алпыстан асқан шал екен. Рұқсат сұрап үйіне кірдік. Кемпірі екеуі терезенің алдында шай ішіп отыр. Амандық-саулықтан кейін Нұрқан:
– Жоқ іздеп жүрміз. Сіздер кеше екі биені ұстап байлап алды деген соң келдік, – деді.
Менің екі көзім шал-кемпірде. Олар болса бірін-бірі жаңа көргендей, жанарлары түйісе қалыпты. Тіпті полицейдің әлгі сөзін естімеген сияқты. Меңіреу адамдай тіл қатар емес. Шыдамым таусылып:
– Бие іздеп жүрміз, кеше сіздер ұстап алыпсыздар ғой, – дедім.
Сонда ғана кемпірі:
– Ұстағанымыз рас, бірақ, түнде иелері келіп алып кетті, – деді.
Мәссаған! Иелері дейді, тағы да менің бием болмай шықты ма?
– Түрін, түсін айтып бере аласыздар ма?
– Екеуі де торы, біреуінің маңдайында кішкене қасқасы бар. Екіншісінің бүйірі – ақ. Түс кезі ғой деймін, есік алдында жүр едім, біреуі шауып келіп аулаға өзі кірді. Басында ноқтасы бар, тізгіні сүйретіліп жүр. Жақындап келіп едім, қашқан жоқ. Біреу айырылып қалған ғой деп есік алдына байлап қойдым. Содан бес минут өтті ме, өтпеді ме, ана Иванның үйінің сыртынан кісінеген дауыс естілді. Торы байтал екен. Көршілер бар қаумалап оны да ұстап алдық. Иван: «Қораға кіргізіп байлап қой, теледидарда бірнеше күннен бері хабарландыру жүр, белгілері келіп тұр телефон шалып хабарла, сыйақы аласың», – деді.
– Сосын?
– Бізде телефон жоқ. Кемпірім әдейі «Бензостройға» екі рет барып хабарласа алмай келді. Сосын ерсілі-қарсылы жүгіріп жүргенде кеш болды. Малды орналастырып үйге кіргеніміз сол еді, есік алдына бір машина келіп тоқтады. Шықсам, шарбақтың қасында бір әйел мен жігіт тұр. Амандастық. Іле әйел:
– Атай, біздің жылқыларымыз сіздің үйде деп естіп келдік, – деді.
– Қандай жылқы? – дедім түк білмегенсіп.
– Екі торы бие.
– Қандай ерекше белгілері бар?
– Біреуінің маңдайында айы бар, екіншісінің оң бүйірі, төрт бақайы – ақ. Сайрап тұр.
Үйге кірдік. Әйелдің жасы қырықтар шамасында-ау деп жобаладым. Бойшаң. Үстіне былғары пальто киген. Қанша дегенмен күз ғой. Қайта жігіттің киімі жеңіл ме деп қалдым. Әйел:
– Сыйақыңызды ертең әкеліп береміз, күн кешкіріп қалды. Өзіңіз білесіз Белое әжептәуір жер ғой, – деп бастырмалатып жатыр. Кемпірім ол жік-жапар:
– Берме, алдап кетеді, алдымен ақшасын алып келсін.
– Сенбесеңіздер, міне, жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжатты тастап кетейік.
– Ақыры, не керек, көніп қалдық. Екі биені алып шықтым. Сайланып келген екен, жігіт машинаның жүк салатын бөлігінен ер-тұрманын алып шықты да, біреуін жетегіне алып, жүріп кетті. Әйел де көп бөгелген жоқ.
– Қандай машина, нөмірін байқаған жоқсыздар ма?
– Ескі «Жигули», түсі қызыл, ал нөміріне тіпті назар аудармаппыз да.
Осы арада әңгімеге кемпір араласты:
– Дәл сол кезде үйде әскери училищеде істейтін күйеу баламыз болған. Мүмкін, нөмірін сол байқап, есіне сақтап қалмаса?..
Кемпір мен шал аң-таң. Мен болсам, есеңгіреудің аз-ақ алдында отырмын… Ақыры бұйырмаған мал болды. Тіпті алаяқтар қалдырып кеткен құжаттың иесін, олар мініп келген машинаны тапқан күннің өзінде, әрине, оған қыруар уақыт кетеді, жылқылардың ізі де қалмайды».
«Шешінген судан тайынбас» деген емес пе, менің өтінішім бойынша Нұрқан көліктің нөмірін, төлқұжаттың иесін тауып берді.
– Бірақ, аға, сіз ренжімеңіз, бастықтарым бір тығыз жұмыс тапсырып жатыр, соны орындауым керек, – деп асығыс екенін білдіріп, кетіп қалды.
Куәліктің иесі Логиновты мекен-жайы бойынша іздеп барып едім, шешесі болуы керек:
– Ол жазда Ресей жаққа кеткен, содан әлі оралған жоқ, – деді.
«Жигулидің» иесі Семенов деген екен. Ол машинаны сатып жібергенін айтты.
– Кімге сатып едіңіз?
– Мына қаланың іргесіндегі Воскресеновкада тұрамын деген. Тіпті аты-жөні де есімде қалмапты. «Жазған құлда жазық бар ма» деген емес пе, амал жоқ, «мүмкін біреуі болмаса біреуі білер, көрген адамдар кездесіп қалар» деген шайтан үміттің жетегінде Воскресеновкаға тарттым. Әжептәуір, үлкен елді мекен екен. Көше-көшені бойлап, аулаларды шолып келемін. Бір кезде өз көзіме өзім сене алмай қалдым: Мен іздеген «Жигули» ең шеткі көшедегі бір үйдің ауласында тұр. Маңайында ешкім көрінбейді. Сезік туғызбайын деп, өтіп кеттім де, келесі көшеге барып бір-ақ тоқтадым. «Бәрі – түсі де, машинаның нөмірі де келіп тұр. Енді не істесем екен? Кіріп барып «биемді тауып беріңдер» деп қиғылықты салайын ба. Әлде… Қой, талайды қан қақсатып жүрген әккі қулар болса, маған жөндерін айтып, құйрығын ұстата ма?! Одан да аудандық ішкі істер басқармасына хабарлайын». Осы оймен ешкімге соқпастан келген ізіммен кері қайттым.
Сол күні Нұрқанды жұмысынан таба алмадым. Кешке телефон шалсам үйінде екен:
– Аға, сіз өзіңіз іздемеңіз. Біз оларды таптық. Тек қолға түсіру ғана қалды. Сірә, іздеріне шыққанымызды сезген болулары керек, екі күннен бері үйлеріне жоламай жүр, – деді.
Осыдан кейін көңілім жайланып, ертеңіне жұмысқа шықтым. Келсем, бастықтың қабылдау бөлмесіндегі қыз:
– Сізді кешеден бері бір әйел іздеп жатыр. Екі рет телефон шалды, – деді.
– Кім болды екен? – дедім де қойдым.
«Ала биенің жыры жетті ғой, енді жұмысымды істейін» деп қағаздарымды алдыма ала берген едім, телефон шылдырлап қоя берді. Әйел даусы, амандық-саулық жоқ:
– Бие жоғалттыңыз ба? – деді.
– Иә.
– Қандай ерекше белгілері бар?
– Төрт жасар торы бие, семіз, оң жақ бүйірінде ақ дағы бар. Төрт бақайы да – ақ.
– Бір хабарын берген кісіге сүйінші бола ма? Осыдан бірнеше күн бұрын біреу осы сұрақты қойса, сол биенің жарты құнын бере салар ма едім, кім білсін, ал қазір бүйрегім бүлк етер емес. Дауысы да, қойған сұрағы да ұнамай қалды.
– Бием де, оны ұрлаған адам да табылды.
Осы сөздердің аузымнан қалай шығып кеткенін өзім де аңғармай қалдым.
– Табылды дейсіз бе?!
– Иә, табылды. Белгісіз әйел трубканы тастай салды. «Кім болды екен? Сыйақы алғысы келген біреу шығар» дедім де қойдым. Содан жұмыс аяғына дейін биені де, басқаны да ойлауға мұршам келмеді. Жұмыс үйіліп қалыпты, бір күнде бітетін шаруа емес. «Ертең де күн бар ғой» деп үйге жинала бастадым.
Біреу есік қаққандай болды.
– Кіріңіз, кіріңіз.
Бойшаңдау келген келіншек табалдырықтан имене аттап тұрып қалды. Үстінде ұзын былғары пальто. Аққұба, ашық жүзді… Орман шаруашылығында тұратын, биені ұстап, кейін айырылып қалған шалдың сөздері есіме түсе кетті. «Иә, соның дәл өзі».
– Жоғары шығыңыз, қандай жұмыспен жүрсіз?
Келіп өзім нұсқаған, қарсы алдымда тұрған орындыққа жайғасты. Бірақ, үн жоқ.
– Сөйлеңіз.
– Сіз бие жоғалттыңыз ба?
– Иә.
– Белгілері бар ма еді?
– Оны сіз менен жақсы білуге тиіссіз.
Екі бетінің ұшы қызарып, бір түрлі ыңғайсызданып қалды.
– Ағай, кешіріңіз…
– Мен сізді түсіне алмай отырмын, келгеннен кейін бүкпелемей ашық айтсаңызшы. Кім боласыз, менің биеме қандай қатысыңыз бар?
– Биеңізді орман шаруашылығынан біз алып кетіп едік.
– Біз деп отырғаныңыз кімдер?
–…
Енді сұрақты мен қоя бастадым.
– Биелер қайда?
– Біреуі Воскресеновкада байлаулы тұр, ал сіз айтып отырған бие жолда мертігіп, сойып тастадық.
Ұрылардың ізіне шықсақ та «енді ала бие қолға тие қоймас» деген ойға жеңіліп қалсам керек, селт еткем жоқ.
– Аға, бір жолға кешіріңізші?!
– Менен несіне кешірім сұрайсыз, барлық қағаздар аудандық ішкі істер бөлімінде, қалғанын сондағыларға түсіндіре жатарсыз.
– Ондағылар менімен сөйлеспейді. Егер сіз мені аямасаңыз, құрыдым. Аяғыңызға жығылайын, бала-шағамды аяңыз.
– Бала-шағаның жайын ойласаңыз, бұрын қайда қалдыңыз?! Енді болмайды! Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек! Заң алдында жауап беруге тура келеді!
– Аға, аға!..
– Кешіріңіз, жұмыс аяқталып қалды, үйге қайтуым керек.
– Аға!..
Ертеңіне жұмысқа келсем, кешегі келіншек есік алдында тосып тұр. Таныған соң, амандаспай өте алмадым. Ол үнсіз соңымнан ерді.
Кешегі әңгіме. Бар айтатыны: «Аға, кешіріңізші, аудандық ішкі істер бөліміне берген өтінішіңізді қайтып алыңызшы».
– Қарағым-ау, қалай қайтып алам. Олар менің сұрауым бойынша сол биенің соңында бір ай жүрген жоқ па? Біреудің малын алып кеткенде не ойладыңдар?! Кешіре алмаймын, оған ренжімеңіз.
– Аға, менің жағдайымды түсініңізші. Мені аямасаңыз да, екі баламды тірі жетім етпеңіз.
– Әкелері қайда еді?
– …
– Әлде екеуіңіз бірге ұрлап па едіңіздер?
– Күйеуім екі жылдан бері түрмеде отыр. Ұлым – колледжде, қызым оныншы сыныпта оқиды. Айтқаныңыздың бәрін істейін. Қалаған биеңізді сатып әперейін…
– Әпермей қайда барасыз. Бір бие емес, екі бие әпересіз. Бір ай жұмыстан қалдырып, қаншама жүйкемді жұқарттыңыз. Соның бәрінің өтеуін төлейсіз!
– Төлеймін, не айтсаңыз, соны істеймін. Тек өтінішіңізді қайтып алсаңыз болғаны.
– Күйеуіңіз не үшін отыр?
– Жылқы ұрлап ұсталып қалып еді.
– Е, түсінікті…
Сөйлескен сайын келіншек іш-бауырыма кіріп барады. Миым ашып кетті. Өзі әп-әдемі, тіпті ұры деуге қимайсың. Ала бие есіме түскенде зығырданым қайнайды да, «балаларымды аяңызшы» дегенде басыла қалам. «Бұл байғұсты отырғызып қойса, оңы мен солын танымаған екі бала кімге қалады?» Менің қобалжып, толқып отырғанымды сезетін сияқты.
– Аға, бір жақсылық жасаңыз, өмір бойы ұмытпаймын. Ертең-ақ биеңіздің орнына бие әкеліп беремін.
– Биені қайдан, қалай әкеттіңіздер. Жиырма күн бойы қайда ұстадыңыздар. Айтпақшы, есіміңіз кім болады?
– Балкүміс.
– Атыңыз қандай жақсы.
– Мен өзім бұрынырақта жол полициясында қызмет істегем. Бірақ, жұмысы тиышсыз екен. Үш-төрт жылдан кейін тастап кеттім. Өзімнің жеке меншік «Жигулиім» бар, рөлде өзім жүремін. Сіздің биеңіз жоғалардан екі күні бұрын үш жігітті Булаево арқылы Ресей шекарасына жеткізіп тастағам.
– Біреуі Үшқұдықтікі ме?
– Иә, Асхат та бар. Оларды келесі күні қарсы алатын болып келістік. Бірақ, белгіленген жерге Асхат қана келді. Үшеуі үш жылқыны мініп ағаш арасымен келе жатқанда шекарашыларға кезігіп қалыпты. Ана жігіттер сасқалақтап қалса керек, Асхат қашып құтылыпты. Көзге түсіп қалған соң астындағы атты қоя беріпті.
– Сосын қалаға қайтып келе жатып сіздер жаңа жоспар құрдыңыздар ғой?
– Асхат: «Қала маңында жайылып жүрген жылқылар көп қой. Солардың бір-екеуін әкеліп беремін», — деді. Айтқандай, ол бір күннен кейін екі биені бір жерге тығып қойғанын хабарлады. Ертең әкеліп беремін деген. Бірақ, әне-міне деп бір аптадай жүріп алды. Тауып алып сөйлесіп едім. «Шыдай тұру керек, қалай сезіп қалғандарын білмеймін, менің басқан ізім аңдулы», — деді. Содан төрт-бес күн өткеннен кейін орман шаруашылығының ар жағындағы бір ағаштың ішіне байлап қойғанын хабарлады. Бірден әкете алмадық. Өйткені, сол маңайда отын дайындап жатқандар көп екен. Қаладан Асхатты тауып алып: «Енді не істейміз?» — деп едім, «Қоя берейік, иесі менен көріп жатыр. Бүгін де келіп кетті. Өзің тауып берсең, кешіремін. Ал, болмаса, ренжіме»,- дейді» деп азар да безер болды. «Тағы бір күн шыдайық, ертең өзім алып кетемін», — дедім. Бірақ Асхатым ертеңіне түс алдында барып екі биені босатып жіберіпті. Серік екеуміз, «Бірнеше күн оттамаған аш малдар ұзай қойған жоқ шығар» деп сол маңайды көп шарладық. Ақыры, орман шаруашылығынан таптық…
Жарасбай Сүлейменов, argymaq.kz