«Көкбурыл да көмектесе алмады-ау»

3162

Қызыл мола болысына қарасты Мамай дейтін руда Көжекбай мен Тезекбай есімді ағайынды кісілер өмір сүріпті. Екеуінің әкесі Жамантай өлер шағында балаларына малы мен дүние-мүлкін теңдей бөліп береді.

Көжекбай өзіне тиесілі еншісін шашау шығармай ұстап, көбейтіп, байып кетеді де, інісі Тезекбай керісінше қолда барын ұқсата алмай, кедейліктің қамытын киеді. Уақыт өте келе Көжекбайдың малы көбейіп, өз жеріне сыймай бара жатқан соң кедей інісін ығыстырып, оның жеріне малын жайып, шөбін шауып өктемдік жасайды. Бұған Тезекбай қарсылық білдірсе, ағасы өзіне жақын сыбайластарын жинап алып інісіне күш көрсетеді. Ол аздай старшинге, ауылдың ақсақалдарына пара беріп, көпшіліктің қолдауымен Тезекбайдың жерін өз меншігіне бөлгізіп алады.

Бұл қорлыққа шыдай алмаған Тезекбай Абайға келіп жүгініп, ағасымен болған арадағы дауға төрелік етуін сұрайды. Мұны біле қойған Көжекбай хәкімнің Мағауия дейтін баласына келіп қолдау сұрайды.

– Бұрын сұраған кезде бермеген едім, енді Көкбурыл атымды ал да, Абаймен сөйлесіп бер. Тезекбайдың жерін маған қалдыруға ықпал ет, – деп қояр да қоймай жалынады. Бір болыс елдің ішінде бәйгенің алдын бермей жүрген Көкбурылға қызыққан Мағауия жүйрікті алып қалады.

Мағауияға ат беріп, Абайдың аузын алдым деп дәмеленген Көжекбай жүгінісуге еш алаңсыз келеді. Абайдың алдында екеуі де сөздерін айтады. Ағайынды екеуді мұқият тыңдаған Абай байыппен:

«Дауларыңды естідім, бірақ қазір қыс іші ғой, жерді жазғытұрым бөлейік, әзірше Тезекбай аш-жалаңаш отыр екен, оған бір бие, төрт қой бер. Соғым қылып қыстан шықсын», – деген сөзін айтады.

Басында бұл сөзге көнген кейіп танытқан Көжекбай кетіп бара жатып жерді бөліп беруді қайтара сұрайды. Сол жерде Мағауия да отырыпты. Бірақ ол Көкбурылды алғанын әкесіне сездірмейді. Абай Көжекбайға қарап:

«Сіз өзіңіздің Көкбурыл атыңыз туралы дәнеңе де айтпадың ғой, бұл жөнінде Мағауия сен не айтасың?» деп баласына бұрылады. Сол-ақ екен Көжекбай ары қарай шыдай алмай үйден ата жөнеледі.

Арада біраз күн өткенде Мағауия әкесіне келіп:

– Аға, әнеукүнгі Көжекбай мен Тезекбайдың дауы немен тынды? – деп сұрайды. Абай кейіп:

– Немен тынушы еді, Көкбурылдың алдына сен, артына мен, әкелі-балалы мінгесіп тұрғанымыз жоқ па? – депті. Бұл сөзді естіген Мағауия қатты ұялып, үйден шығып кетеді.

Сол жылы жазғытұрым Абай жерге таласқан Көжекбай мен Тезекбайдың ауылына барып, жерін тең қылып бөліп береді. Мұны көрген ел Көжекбайға: «Көкбурыл да көмектесе алмады-ау» деп күліседі.

Осындай пысықсыған екіжүзді, жылпос Көжекбайдың арам қылығын кейін ақын былайша суреттейді:
«Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы сезед деген».

«Дидар» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.