Ғабит МҮСІРЕПОВ. Жақсы аттың 15 белгісі

15194

Біз «Москва» қонақ үйінде Қазақ ССР жоғарғы Советі Президиумының председателі Даниял Керімбаев жолдастың номерінде отыр едік. Совет Одағының маршалы Семен Михайлович Буденный Керімбаев жолдасқа телефон соқты. Біз телефон әңгімесіне құлақ салдық. Достас адамдай жайраңдасып сөйлесіп, үй іші, жай-жапсардың бәрін сұрастырып жатыр.
Былтыр Керімбаев жолдас С.М.Буденныймен бірге бүкіл Орта Азия республикаларын аралап қайтқан екен. Есімізге сол түсті, құрметті маршал Қазақстанға разы көңілін білдіріп жатқандай көрінді.
Керімбаев жолдас сөйлесіп болы:

— Маршал қазір осында келеді, кетпеңіздер! – деді бізге. Лезде «Москва» қонақ үйінің мраморлы кең қоридорына әскери адамдар тұрып қалды. Жайраңдап күліп, аяғын жас жігіттей басып маршал Буденный келді. Құрметпен, тұра қарсы алдық. Темірдей қарулы қол қатты сілкіп амандасты. Керімбаев жолдас бәрімізді айнала таныстырды.

С.М. Буденный

С.М. Буденный

Маршалдың қыран көзіндей айбынды көздері әлі бояуынан айырылмапты. Атақты қара мұртқа бурыл кірген. Иық тіп-тік, кеуде шап-шалқақ, дене құйған шойындай, сом.
Ортақ әңгіме оңай басталып кетті. Маршал бәрімізбен де қашаннан бері таныс адамдай қалжыңдасып, іркіліс сияқты нәрселерді бірден сыпырып тастады. Былтырғы сапарында Қазақстанда көргендерін еске алып, егжей-тегжейді қалдырмай сұрап, әлденелерге еріксіз араластырып, отырысқа өте бір жеңідік, еркіндік беріп жіберді. Семен Михайловичпен сыртынан таныс емес совет адамы жоқ. Әркім өз ойындағы бір қалтарысын сұрап қалып жатыр.
— Одан есте қалғаны мынау, достарым… – деп маршал бәріне де жауап беріп, аяғында қалжыңдап қояды.
Азамат соғысының оқиғалары, Фрунзе жолдаспен бір қызық кездесуі, бірінші атты армияның кейбір ерліктері айтылып, аяғында әңгіме жақсы ат жайына көшті.
— Жақсы ат жайында он бес түрлі сыныңыз бар еді ғой. Мына жазушыларға соны айтып беріңіз, — деп оған Керімбаев жолдас себепші болды.
Өзге әңгімелері өз алдына, мен Қазақстанның жылқы өсірушілеріне маршал Буденныйдың жақсы атқа қоятын сындарын, жақсы аттың бойынан табылуға тиісті белгілерін айтып бергім келеді.
Семен Михайлович Буденный бала жасынан ат баптаған адам. Ол кісі шаруашылыққа қандай ат қолайлы, әскерге қандай ат қолайлы, оның бәрін он саусағындай біледі. Оның үстіне өзі «Буденный жылқысының тұқымы» деген жаңа тұқым шығарған адам. Қазір Совет Одағында ең мақтаулы жылқы тұқымы – осы Буденный тұқымы. Сондықтан Буденный жолдастың жақсы атқа қояр сыны – шаруашылық үшін үлкен тәжірибеден алынған сын.
— Жақсы ат шаруаға да, әскерге де бірдей жарамды, күшті, көнбіс, шабысты, желісті, аяңшыл болу керек, — деп бастады Буденный жолдас. – Әскер мен шаруашылықтың біріне жарап, біріне жарамаса, ол – аттың үлкен міні. Мысалы, қашаннан бері мақталып келе жатқан ахалтеке шаруашылықтың ауыр жұмысына салсаң түкке тұрмайды. Оның үстіне, қан араластырмай, дақ өсіре бергендіктен енді әлсізденіп, қуарып бара жатқан тұқым. Алғашқы біраз ұшқырылығы болмаса, әскердің бір күндік ұзақ жорықтарына, тіпті, жармайды, ахалтекенің қазіргі халі осы, — деді.
— Онда ол қатардан шыққалы тұрған тұқым болды ғой? – дестік.
— Осы күйінде дара өсіре берсең, сөйтеді. Мүмкін, басқа бір қанды тұқымға араластырса түзеліп кетер.
— Ал, сіздің өзіңіз шығарған тұқымның ерекшелігі неде?
— Ол жаңағы айтқан, әрі шаруаның ауыр жұмысына, әрі әскерге бірдей жарамдылығында. Бұл ағылшын жылқысы мен Дон жылқысының арасынан туған тұқым. Денелі, күшті, шабысты, желісті, шыдамды екендігі әр алуан сыннан өтті. Әсіресе, Ұлы Отан соғысында ойдағыдай жерден шықты.
— Қазақы жылықының тұқымы туралы не айтасыз?
— Қазақ жылқысы, сөз жоқ берік, көшпелі елдің өміріне өте қолайлы. Өзі де сол көшпелі өмірден туған ғой. Күту, өсіру жағы оңайырақ. Бірақ қазақ жылқысының аяғы қысқа. Қысқа аяқты жылқы шапқанда құлашын кең сермегендей болады да, аяғын жерге басқанда бауырынан аспайды. Асыл тұқымды жылқылардың бір аттағанын бір жарым аттап барып алады, — деді маршал.
Жылқы тұқымын асылдандырудағы әр түрлі мақтарлық табыстармен бірге кемшілктерді де айта келіп, атпаз маршал өз тәжірибесінен алған он бес түрлі сынын айтты. Мұны ғалымдар естіп қалып, басымды дауға салып жүрмесін деп, қалжыңдап та қойды.
-Жақсы атта он бес түрлі белгі бар. Сол он бес түрлі белгі түгел табылған атты мен көңілдегі жылқы деп білемін, — деді. – Ол он бес түрлі белгі үш-үштен бөлініп, бес төркіннен алынады:
jalandos_batyr2-2— Жақсы ат сынының бірінші төркіні – ер мінезді еркек. Еркектен алынатын үш белгі: Жайдары мінез, күш және шыдамдылық. Шыдамдылықты көнбістік деп те айтады. Еркек біткеннің өзінен де бұл үш сипат табыла бермейтіні рас, бірақ біз табылуын тілейміз. Қалай да осы үш қасиетті еркекке тән белгілер деп танып, төркінін де еркек дейміз: жайдары мінез, күш және шыдамдылық. Атқа күш пен шыдамдылық қандай керек болса, жақсы мінез де сондай керек. Жақсы аттың иесіне сенімді серік болып кеткені сол жайдары мінезден туады. Ал күш пен шыдамдылықтың неге керектігі кімге болса да түсінікті болу керек…
Абайдың: «Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас», — дегені еске түскен жолдастар біріне-бірі қарасып, күлімдесіп қояды.

629373e8896e7db2c8b584514711e86f

— Жақсы ат сипатының екінші төркіні – әйел, — деді маршал.
— Әйелден де үш белгі алынады. Ең алдымен, өкше мен жүректің ұясы – кеуде кең салыңқы болу керек. Кеудесі шығыңқы, шалқақ келген бір әйел болады ғой. Сол сипат алынады. Кейде оны қораз төс деп те атайды. Бірақ қораз шынында қораз ғой. Сондықтан бұл сипаттың төркіні әйел дейміз.
-Абай тояттаған бүркітке теңейді, — деді манадан ат әңгімесіне елітіп отырған Мұхтар Әуезов.
— Дұрыс. Дұрыс теңелген, — деп маршал жауап қайырды. – Енді әйелден алынатын соңғы екі белгіге келейік. Оның бірі – қозғалыс қимылдарының әсемдігі мен ыңғайлылығы. Жақсы аттың әрбір қозғалысы ерке әйелдің қозғалысындай ыңғайлы да, әсем де болуға тиісті. Дөрекі ат шаруаға да, әскерге де қолайсыз. Ат деген, әйтеуір, көлік емес, салтанатты, сәнді көлік. Ол көңіліңді көтеріп, бойыңды өсіреді. Әйелден алынатын үшінші сипат – аттың түгі болады. Әйелдің шашы қандай әдемі болса, аттың түгі де сондай көрікті болсын. Ала-құла, күлге аунағандай көмескі түстер аттың сәнін бұзады, дене сұлулығын бүркеп тұрады. Аттың сұлулығының бірі түріне байланысты, кекілі қалай біткен, құйрық жалының бітімі қандай, түгінің түсі ажарлы ма, осының бәрін де әйел сипатынан аламыз.
Сонымен жақсы аттың әйелден алатын сипаттары – салыңқы, кең кеуде, әсем, ыңғайлы қозғалыс, аттың әдемі түсі – түгі екен.

zajic_3— Ендігі үш белгі қояннан алынады: етсіз, жеңіл бас, кең ашылған көз және ұшқырлық. Басы етті жылқы кейде күшті болғанмен, өнерсіз, ыңғайсыз, дөрекі болады. Және бастың еттілігі – күштің де белгісі емес. Басы етсіз жылқының бар мінезі көрініп тұрады. Аттың сүріншек, үркек болмауы үшін көздері жұмық болмай, ашық болуы керек. Ат айналасын еркін көріп отырса, аяғын да ойнай басады, жүрексінбейді. Қояннан алынатын үшінші белгі ұшқырлық дедік. Бұл әлгі дыр етпе, шу дегендегі жақын жердің ұшқырлығы емес. Оны ағындылық деуге болады. Ал бұл ұшқырлық аттың бар жүрісінде болуға керек. Ат аяғын жеңіл басып, әр жүріс ұтымды, жіті болсын…
Абайдың «екі көзін төңкеріп» дейтіні, «қоян жақ», «шапқан атқа жеткізбес», «бөкен желіс» дейтіндері осы тұсқа қабысып та қалып отыр.

306605_html_m4e72bcdТөртінші түйдекпен алынатын үш сипаттың төркіні – түлкі екен.
-Азулы аңның ішінде атқан оқтай тік жортатын түлкі болады, — деді маршал. – Қасқыр, ит сияқтылар көлденеңдеп жортады. Өзгелері одан да жаман. Аттың алды-арты кезек солқылдамай, бар денесі жинақы, әрі ықшам, әрі атқан оқтай тік жүруі өте қымбат қасиет. Бұл белгіні біз түлкіден алдық. Түлкіден алынған екінші белгі – құлақтарының дұрыс бітуі. Аттың құлағы қатар біткен екі саусаққа ұқсап я болмаса қоянның құлағына ұқсап, қақ төбесінде тұрса да жақсы емес. Дәл дұрыс біткен құлақ түлкінікі деуіміз керек. Түлкіден алынған үшінші сипат – құйрығы. Аттың құйрығы да түлкніің құйрығындай, түбінен ұшына қарай бір тегіс жіңішкере барып бітсе, ат сұлу көрінеді. Артқы мүшелері жасырынбай, өзінің әдемі түрін табады. Сонымен, түлкіден алынатын үш белгі – оқтай жүріс, құлақтың дұрыс бітуі, түбі жуан, ұшына қарай бір тегіс жіңішке біткен сұлу құйрық.

1357139056_donkey_equus_asinusЖақсы атың бар мүшесі түгел тең келуін көп іздеген атпаз маршалдың көзіне есек байғұс та түспей қалмапты. Одан алынған үш сипат және бар екен.
— Әр түлік малдар мен аңдардың ішінде бастың астыңғы жағы айқын көрініп тұратыны есек, — деді Семен Михайлович. – Онымыз жақтың етсіздігіне байланысты. Етті басты малдардың екі жағы да айқын көрінбей тұрады. Біз айтып отырған етсіз басты атты, әсіресе астыңғы жағы бір сызығымен айқын көірініп тұруы қажет. Мұндай жақ есекте ғана бар. Сондықтан етсіз жақты содан алдық. Есектен алыған екінші белгіміз – төрт аяқты тең басуы. Төрт аяғын жерге бірдей тең басатын хайуан есек қана. Ол төрт аяқтың тең бітіуіне байланысты. Кейде алдыңғы аяқтары майысып, тілерсегі тілерсегіне тиіп тұратын жылқылар болады. Бұл біздің сынға толмайды. Есектен алынған үшінші белгі – төрт тұяқтың дұрыс бітімі. Табаны өмірде қазтабандап жерге тимейтін дөп-дөңгелек қобы тұяқ есекте ғана. Қандай асыл тұқымды деген жылқылардың тұяқ бітімі есекке әлі жете алған жоқ. Тұяғы осылай біткен жылқы ақсамас та еді, аяншақ та болмас еді, әсем де болар еді…
Сонымен жақсы аттың есек туысқанынан алатын сипаттары – етсіз жақ, тең біткен төрт аяқ, қобыланып дөңгелек біткен тұяқ екен.
Қазақстанның жылқы малын өсірудегі ынтасы мен еңбегін көзімен көріп, ырза болып аттанған маршал көңілденіп отырып, тағы да көп әңгілемер айтты. Соның бір саласы – осы аттың сыны еді.
Маршал Семен Михайлович Буденный қазақ халқына қайта-қайта алғысы мен достығын айтып, бауырмал қоштасып жүріп кетті.
-Жайдары, жақсы мінезді, ер еркек өзіңіздей-ақ болар! – деп біз қалдық.

428657_1719212441_747_Musrepov_GabitҒабит Мүсірепов
(«Ер қанаты» жинағынан. Құрастырған Жанболат Аупбаев)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.