Қылаң Аятханұлының жылқы ауруларын емдеу тәсілдері

5487

Қазақтың дәстүрлі мал емдеу тәсілдері деген үлкен мектеп бар. Бабадан қалған көздей болған бұл дәстүрдің көп сақталған жері – Моңғолия қазақтардың ортасы. Талай жыл мал дәрігері болып қызмет атқарып, бұрынғы баба дәстүр мен бүгінгі ғылыми емдеу тәсілдерін жақсы білетін Қылаң Аятханұлы ағамызбен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Ассалаумағалайкум, аға! Мал-жан аман ба? Әңгімеміздің әлқиссасын жалпы жылқы малында қандай аурулар кездеседі және оны емдеуде қандай әдіс тәсілдер қолданған дұрыс деген сұрақтан бастасақ.

— Уағалайкумассалам. Шүкір амандық. Біз малшымен бірге, мал дәрігері болып біраз уақыт жұмыс істедік. Біздің елде судың тұнығы, шөптің шүйгіні болса керек, малда аса көп ауру кездесе бермейді. Дегенмен жылқыда біраз ауру бар. Осы ауруларды емдеуде байырғы аталарымыздан қалған қазақтың қара емшілігін істеп көрдік. Кейбіреулер бұны теріс деп те жүрді. Осы жайлы нақты мамандардан сұрағанымызда дұрыс болып шықты.

— Мал дәргерлігін оқыдыңыз ба? Әлде малшылық кәсіп өзі үйретті ме?

— Біздің елде мал емдеу жағынан Зағидолда атамыздай кісі болмапты. Ел сыйлап Зағидолда деген есімін тура атамай, «Жапаң» дейтін. Ол ел ауызында қалған адам. Оның мал емдеу әдістерін ел күні бүгінге дейін айтады.

Әуелі Жапаң атамыз туралы айтсақ. Өте мейірімді балажан кісі болды. Әсіресе ұл балаларды «мәнтібасар» деп отыратын. Біздің үй ағайын ішінде жақындау жүрдік те, көп баратын едік. Бірге жайлап, бірге қыстайтынбыз. Мен 3-4-сыныпта оқып жүргенде Көкбастаудағы Сырымбет ауылының қыстауында Жапаң үйі бар еді. Сол жерде бірге қыстайтынбыз. Жапаң не нәрсеге де бұйынтақтай, өте жинақы адам еді. Сайманы, ат-әбзелі, дүниесінің бәрі өте ыңғайлы. Жымыңдап жүретін, жүзі өте жылы, тамаша адам болды. Жалпы текті ауыл ғой. Біз көп дәмдес болғандықтан мен ол кісілерді жақсы білемін. Жапаң мал емдеу өнерін, әсіресе ауырған жылқыны өлтірмейтін, қалай емдеу керегін ерекше білетін дейді.

Жапаң жылқы емдеуге келгенде, қағылез ерекше адам. Ол кісінің жылқы емдеу жолы өте ғаламат болған дейді. Увс аймағының Көбілбай деген молда емші болды. Ғалым адам еді. Сол кісі біздің бір туысқан ағамызбен дос болып, келіп-кетіп жүретін. Сүйтіп жүріп Жапаңның жылқы емдеу тәсілдерін ұғып, қан алуды, ақсау, ентігу, демігу, қан түсу, өкпе, жүрек ауруларын емдеу жолын меңгереді. Жапаң жылқы денесінің 60-70-тей жерінен қан алады дейді. Осы емдеу жолының барлығын Көбілбай Моңғолияда жарыққа шығарып, сол арқылы ғылыми атақ қорғаған.

— Демек дәстүрлі емдеу тәсілі ғылыми жолға түскен дейсіз ғой?

— Иә дәл солай. «Жапаңның қолынан ауырған жылқы өледі деген жоқ» деп күні бүгінге дейін үлкендер жыр қылып айтып отырады. Жапаңды көзім көрді. Бірақ мал емдегенін көрген жоқпын. Себебі, біз ержетіп, мал емдеуге араласқанда, ол кісі ол кәсібін қойып кеткен еді. Дегенмен, өте емқос кісі болған дейді.

Біздің жерде қыста, әсіресе жазғытұрым бағымдағы тұрған сиыр, жылқы да ауру көп кездеседі. Одан кейін басқа бір жақтан мал әкелген кезде пайда болады. Әсіресе жылқы сәл күйі келмей, бабы тарымай қалғанда дереу ауырып қалатын мал. Жылқы стресске тез түсетін мал. Ондайда, тумысынан сергек мал ештеңе ете қоймайды, ал табиғаты жуас, әлжуаздары тез ауырып қалады.

— Енді сол жылқыда кезігетін ауруларды талдап айтып берсеңіз.

— Біздің Баян-Өлгейде ең көп тараған ауру – паразит. Яғни қараөкпе ауруы. Қараөкпе ауруы – жылқыдағы ең қатерлі ауру. Бұл ауруды біздің емдеп жүрген тәсіліміз бойынша буаз биені емдеуге болмайды, өліп қалады.

Берітінде 1986-87 жылдары бірлестіктің екі бригадасының жылқысы Қобдабасына қыстап, таңы айырылып шықты. Бие біткен ішті болды. Белгілі мал дәрігері Қадыл Айдаубайұлымен бірге бәріміз биелерді тексеріп, жылқышыларға өткеріп бердік. Жазғытұрым мамыр айында Желдіашада жылқы қараөкпе болып, қалың жылқы қырылды. Сол жылқыны емдеуге Бәдел емші, Мұғадас, Сукай марқұм, Солтаншәріп марқұм бар сұмындағы барлық мал дәрігерлері бардық. Бастабында буаз биелерді екпей өлтірдік. Гемосфортин деген орыстың вакцинасы болатын. Содан кейін практика жасап, егіп көрдік. Дозасын сәл азайтып, 5 граммды 4 граммен ектік. 40-тай жылқы өлді. Сүйтіп 90 жылдары осылай егетін болдық. Өкінішке қарай орыстан баратын гемосфортин қазір жоқ. Моңғол мен Япония бірлесіп бір дәрі шығарған соны қолданады. Ол жақсы нәтиже бермеді. Бір еккенде 3 рет егеді. 7 күнде 14 рет егеді. Терінің астына ексең – тарқамай жара боп, ісіп-кеуіп кетеді. Ал бұлшық еттен ексең – денесі ауырсынады. Нәтижесі де аздау болды. Ол үшін жылқының қараөкпе құрттарын зерттеп, арнайы адамдар көп жұмыс істеді. Үлкен жобалар жүрілді. Бірақ жақсы нәтиже бермеді. Соңғы кезде жылқыға осы бір қатер болып тұр.

Екінші кездесетін ауру – сәйгелде. Сәйгелде – жылқының қандай да бір жағдайы, күйі тарымай қалғанда, тіпті жылқы ішіндегі жылқының өзі сәйгелде болып қалады. Сәйгелде дегеніміз – мұрынға, яғни танауына пайда болатын шеміршек. Қан қысымына өзгеріс кіріп, жылқы аунап жата береді. Тынышсызданады. Ал оны бұрынғы аталарымыз – жаңағы Жапаңдардың емдеген тәсіліменен – шеміршегін тіліп алып тастауғада болады. Әйтпесе тіліп жіберіп кішкене қан шықса бітті. Жалпы Жапаң айтыпты: «Жылқы ауырса – қан шықса жазылады» депті. «Қан шыққан жылқы өлмейді» дегенді де сол Жапаң айтып кеткен екен.

Сәйгел болған жылқының екі танауын екі рет тіліп алып тастаса, дүрдиіп тұрған ақ шеміршек қане. Иілген кішкене, жарты ай бейнелі болып, танаудың терісін тіреп, тыныстатпай, тыныс жолынан, танауынан терлеп ыстық шығады. Ал осыны жәй тіліп тастауға да болады. Тілмей ақ кішкене қан шығарып тастаса да болады. Олай да істеп жүрміз.

Үшінші ең қауіпті ауру – талақ. Талақ дегеніміз – көкбауыр. Көкбауыр тағы да жаңағыдай малдың жәй-күйінің келіспеуіне байланысты пайда болады. Сол кезде малдың іші кебе бастайды. Басында жаталақшиды, әрбірден соң тіпті жатуы жиілейді. Аяғын баса алмай, жылдам-жылдам жата береді. Тіпті ауру әбден күшейген кезінде төрт аяғын көкке көтеріп, шалқалап қалады. Талақты емдеу үшін 6-8 см жіңішке өткір біз болу керек. Содан кейін бүйірдің шұңқырынан алдына қарай кереқарыс (сүйем емес) қыр арқадан үш қабырға тыстап кересүйем, перпендикуляр сызық деген сызық шығады. Дәл сол жерден (екеуінің түйіліскен жерінен) бізді шаншисыз.

Оның ең негізгі белгісі – бізді көкбауырға 3-5 минуттай уақыт шаншып қойып, қайта суырған кезде біздің ұшында қанның дағы болады.

Көкбауыр қарынға жабысқан мүше ғой. Баяғыда, бір-бірінен ажырамайтын құрбыларды көргенде апаларымыз, «қарынға жабысқан талақ құсап осы екеуі-ақ бір-бірінен ажырамайды екен» деп отыратын. Сол сөздің мәнін қарын мен көкбауырды көргенде ұқтық қой. Иә, әңгімеден ауып барамыз ба? Жаңағы қарынға жабысқан көкбауыр барып арқаға қыстырылып қалады да, жылқының ішін кептіреді. Ал арқаға қыстырылған көкбауырдың өзі қайтеді? Іседі. Қолыңдағы біздің ұшы өте жіңішке және өткір болғаны оңды. Жуан болса көкбауырдың қабын жарып кетеді. Бізді бунақталып білініп тұрған көкбауырға тура шаншығанда, дем шықса қалпына келеді. Содан кейін жазылып кетеді. Соңғы жылдары көптеп шығып жүр осы ауру.

— Осы талақты кейбіреулер биенің оң жағында, аттың сол жағында болады дейді, шынымен солай ма?

— Ол өтірік. Барлығы мінер жағында. Яғни адамша айтсақ сол жағында, ал жылқы малы бойынша оң жағында орналасады. Талақ сиырда да бар. Бірақ атауы басқа. Сиырда кездесетінін «тышқаншық» деп атайды. Тура жылқы сияқты ауырады. Іші кебе бастайды. Танауы кеберсиді. Сиырды да тура жылқы сияқты емдейді. Ал бұл жиі-жиі ұстай береді. Бір рет ауырған мал неше мәрте қайта ауырады.

Одан кейін жылқыда кездесетін сақау ауруы. Сақау 12 мүшенің қай-қай жерінен де ұстайды. Іштен де шығады. Сақау жұқпалы ауру.

— Бұлар сонда жылқының барлығында болатын аурулар ғой. «Естімеген елде көп» демекші, тағы қандай ауруларды көзбен көрдіңіз? Оларға қандай ем-шара қолдандыңыз?

— «Шикі ет ауырмаққа» дегендей, жылқыда кездесетін ауру түрі көп қой. Жылқының қартасы аударылады дейді. Ондай да ауру болады. Бәйге аттарының шауып кеп, қарлығып жығылатыны болады. Оның да емі бар. Моңғолдар басына суық су құйып, маңдайын тесіп емдейді екен. Емдегенін өз көзіммен көрдім, бірақ өзім қолданып көргем жоқ. Ховда аймағының бірлестігінде жұмыс істеп жүргенде бір ат бәйгеден келе жығылды. Сонда бір жылқышының аттың басына суды құйғызып-құйғызып барып, ай төбелінен пышақтың ұшымен 2-3 елідей тілді. Маңдай сүйегіне жеткізіп отырып тілгенде, жіңішке тамырдан қан шығады екен. Сол аттың аман қалғанын көзім көрді. Жылқыдан қан алу деген өте дұрыс. Табанына қан түскен жылқы аяғын көсіп тұрады. Сол жылқыдан өте жіңішке қандауырмен қан алып тастағанда нәтежелі болады.

— Дәстүрлі емдеуге қазіргі ғалымдардың көзқарасы қалай?

— Халықтың дәстүрлі емдеуі деген жақсы нәрсе. Халықтық дәстүрлі емдеу әдістері ғылыми тұрғыда бекітілмеген. Соған менсінбей қарайтындар көп. Мысалы жылқының талағын емдеу әдісі ғылыми тұрғыда бекітілмеген, бірақ халықтың дәстүрлі емдеу тәсілі ретінде ғасырлардан бері жалғасып келеді.

Осыған орай, басымнан кешкен бір оқиғаны айта кетейін. Осыдан 4 жыл бұрын аймақта бір апталық мал дәрігерлерінің конференциясы өтті. Ауыл шаруашылық университетінің профессорлары лекция оқыды. Бес күн лекция оқып алтыншы күн дегенде тестімен сын алды. Соның нәтижесі бойынша бізге 5 жыл жұмыс істеуге сертификат береді. Мал емдейтін, ем сататын құқық береді. Біздің аймақтық мал ауруханасында көп жыл істеген Нұрлан деген дәрігер болды. Мал ауруханасының бастығы Оңғар деген жігіттер менің жоғарыда айтқан мал емдеу тәсілімді жоққа шығарып теріс деп тұжырым жасайтын. Бірде конференцияда мен малды осылай емдеп жүрмін бірақ мына жігіттер теріс деп мойындамайды деп профессорларға барлық емдеу тәсілім туралы айтып бердім. Профессорлар мені қолдап, «дәстүрлі емді істей беріңіз, сіздікі дұрыс екен» деп оң бағасын берді. Міне менің емдеу тісілім өте қарапайым. Мұны малға ебі бар азаматтардың барлығы істейді. Егер керек десеңіздер менде кітап бар сол арқылы барлық суреттерін көрсетіп бере алам. Негізі малдың көп ауруы тұрақты тұрған кезде болады. Сондықтан уақытылы емін жасап отырған жөн.

— Оныңыз рас. Мал қорада көп тұрып қалатын кездер болады. Біздің қыс ұзақ болатын облыстарда көптеп кездесетін жағдай. Сондай жағдайда қандай аурулар пайда болады?

— Мал қорада көп тұрған жағдайда құрт ауруына душар болады. Ол жамбаста болады. Аяғын басқызбай ауырады. Жапаң айтты дейді «уа құрт деген құрт болады, онымен ауырған малдың жазылуы екі талай» деп. «Жапаң жамбастың шұңқырына дейін тотияйын таққанын көзім көрді» — деп әкем айтып отыратын. Бертінге дейін адамдар солай емдеп жүрді. Бізде Қинаят деген кісі тотияйын тығып емдейтін.

Бәдел емшімен бірге 1974-80 жылдары мал емдедік. Сол кісі бас болып, «тотияйынды тықпайық, бұны сұйылтып, өлшеп вакцина ретінде егейік» деп шешдік.

— Вакцина ретінде қалай дайындайсыздар сонда?

— Әуелі тотяйынды өртеп аласыз. Пештің үстіне қағазға қойып. Күл боп шыға келеді. Тазартылған суға салып қасықпен араластырып отырасыз. Су тура тотяйынның өңіндей болып шығады. Содан кейін таза шприцпен егесіз. Жуан атқа (7-8 жастан асқан) 20 граммға дейін жамбас үстіндегі шыңқырдан 3-4 см-дей инені шаншып қойып ертіндіні құя саласыз. Содан 2-3 сағаттан кейін жылқы жаталақшып, тынышсызданады. Ертеңінде көргеніңізде тұяғының шеттері көгеріп-көгеріп шыға келеді екен. Жылқының құртын осындай тәсілмен емдеп жүрміз. Осы жақсы нәтеже беріп еді. Соңғы кездері шыққан әртүрлі құрттың емі жылқының құртын, сиырдың оқрасын жойып жібереді екен.

Қазір қолданылатын дәрінің түрі көп. Ибермек деген екпе бар. Соңғы кездері көбісі одан бас тартып жатыр. Әлі ғылыми тұрғыдан дәлелденген жоқ, бірақ қатерлі ісіктер сол ибермектен болды деп, содан көреміз. Бірақ шындық болуы да мүмкін. Өйткені оның малдың денесінен ысырылып шығатын мерізімі етінен – 14 күн, сүтінен – 4-5 күн аралығында толық арылады. Біз оны ұстанбай бірден керектенгенде еттің, сүттің құрамынан шығып кеп жатқан болуы мүмкін. Яғни, ибермек еккен малдың етін 14 күннен кейін, сүтін 4-5 күннен кейін ғана тағам ретінде пайдалану керек.

— Жылқыны сұлулау дейміз, пішу деп те айтады, Біраз жерлерде ақтау немесе тарту деп айтады. Жалпы осы жылқыны пішу жайлы айтып беріңізші?

Тарту әдісі деген болады. Бұл мал пішудің ерекше әдісі. Өте епті кісі болмаса малдың шабын жарып тастау қаупі бар немесе ені қалып қойып, пішпе шартық болып қалады.

Бір жылы біз істеп көріп, ол сәтсіз болып, қайта пішкенбіз. Қырғыздар да сол қайшы жасап қысады. Пішпенің бұл түрі қалай жасалады дегенде – енінінен ұстап тұрып, шаптан су сеуіп, содан кейін тартады. Дұрыс тартылмаса бәрібір. Біздің тәжірибеде жүзден қырықын ғана дұрыс жасап, ақыры тарту әдісін қолданбайтын болдық. Ол тарту әдісінің малға қатты зияны жоқ. Бірінші денесін жарақаттамайсың. Екінші енінен бөлініп жетілуіне әсер ететін гармондары сол күйінде тұра береді. Дегенмен, аса сақтанбаса, тарттырған жылқы қанбұт болып, кейде өліп қалатын кездері болады. Тартуды Баян-Өлгейге толық таратқан Шабдан деген мал дәрігері еді.

Ал біздің ең көп қолданатын әдісіміз – қышқаштау. Енінің көктамырын бірден қиып тастамай, ұмасын тіліп, жұмыртқасын шығарып алған соң, арнайы дайындалған ағаш қышқашпен қышқаштап тастаймыз. Содан кейін бір аптаның ішінде ені өзі түсіп қалады.

— Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Сұқбаттасқан Бақберген Дариға

Argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.