Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Бабына түспеген аттың белгілері, оны баптау тәсілдері

9246

Қоңды семіз атты етінен арылтам деп бастырмалап, зорықтыруға болмайды. Бабына түспеген сәйгүліктердің жүні құйқалақтанған, көзі үңірейіп кетеді. Көзі былшықтанған, аузы мұрны қатпарланған, мұрнынан ақ, немесе сары түсті су ағады. Мінезі тар, үнемі селектеп үркіп тұрады, ұйықтамайды. Таңертең ұстатпай қашады, жымыраңдап иесін қорқытады, кейде теуіп, тістейді. Аласатып алып қашады, пысқырауық келеді, күркілдеп жөтеледі. Семіз атты жауыннан соң, кежімдеп терлетсе, зорықпай етінен оңай арылып, сартаптанады. Сондықтан етінен арылмаған семіз атты ашық күнде терлетіп, тері кеппей тұрғанда ептеп суық сумен сыласа дірілдейді.

Қас қарая кежімдеп, қайта терлетіп, бие ағытқан соң артынан жібергенде шалынып, шалдыға қайтып, қалыпқа келеді.

Желді күні қаражарысқа салса, желге соқтырып бабы қайтады. Мұндай атты шаңқай түсте кежімдеп, терлетіп, шатырға жылы жерде ұстайды. Ыстық, суық үйлеспесе денесін тырмалап, қаси береді.

Жер су үйлеспесе сідігі қара күрең болып, көзі былшықтап, аунауды ұмытады. Мұндай атты терлетіп, ащы суға қарақурай қосып қайнатып берсе өте жақсы. Су жақпаса ауыздықпен суарады, шақпа шөп қайнатып береді.

Семіз аттың жем-суын шектен тыс дереу шақтаса, бір ішек болып, бап алмайды. Мұны 7-8 күн жылқыға жіберіп алу шарт Еті қатты терісі тар болады. Сідігі қою қара шай өңдес, кепелеп немесе жарты құмалақтап тышады. Шауып келгенде екі бүйірін соғып ентігеді, сенделіп қалады. Тер шықпайды немесе қара суға түсіп терлейді. Үстіңгі маңдай тісінде бір немесе екі сызат байқалады. Мұның негізгі себебі аттың семіздігі мен арықтығында. Шұғыл жаратылған семіз ат еті ауырлап жүгіре алмайды. Тынысы кеңімегендіктен қалыптан тыс ентігеді. Тыңдап, тексергенде жүрек соғысы минутында 90-95, демалысы 60-65 дене температурасы 39,5-40 градус болады. Ал бабындағы аттың жүрек соғысы минутына 70-75, демалысы 40-45, дене температурасы 38-39 градустан аспайды.

Қаражарыстан кейін қан сиіп қалады. Аунамайтындықтан терін де кептірмейді, жүні ұйпалақтанып тұрады. «Арытам десең суға сал, болдыртам десең құмға сал» демей ме. Олай болса, семіз атты әредік-әредік суға салып, арыту жөн. Таң асып тұрған атты түн ортасында (2 сағат кезінде) сулығынан ұзын арқан байлап, ағысы қатты өзеннің көк иіріміне салып, ағысқа қарсы сүт пісірімдей уақыт малтату керек. Аяғы жерге жетпей ағысқа қарсы малтып тұрған ат судан шыққыш келеді. Сондықтан да ат салатын өзеннің жағасы жайдақ емес, иірім, тік жар қабақ болғаны дұрыс. Суға салынған ат болдырады және қалтылдап тоңады. Сөйтіп, ат етін сылып, ари бастайды. Бабына да түседі. Мұндай аттарды қаражарысқа салып болдыртпай, киіз немесе тері жабулармен жабулап терлетіп арытқан жөн. Моншақ тері 2-3 рет алынған ат әлсіреп ариды, бұрынғы деңгейінде шаппайды, жер алыстаған сайын, артқы атқа алдырып, кейіндей береді. Қарасуға түсіп терлейді, терін көпке дейін кептірмейді. Жегені денесіне қонбайды. Жем-шөпті дұрыс қорытпайды. Қарны кебежедей болып, кепелеп тышады. Жеген шөбінің өңі бұзылмайды. Боғынан жылқы иісі сезілмейді, тек шөптің иісі ғана бұрқырап тұрады. Еш уақытта да құмалақ тышпайды. Мұндай атты көтере баптайды.

Әуелі алғашқы моншақ тері алынған соң, қаражарысқа салмай ерулеткен жөн. Шалғынға жайылтуға болмайды. Ноқта-жүгенін сыпырып, босатып, үйіріне қосып, жай көктеген қияқ, қазоты, ақизен, ақжусанды тақыр жайылымдарға жайылту керек. Күніне 10 проценттік 80-100 мл. глюкоза ерітіндісін 10 мл. «С» витамин қосып күре тамырынан егумен қатар 1,5-2 литр саумал немесе сиыр сүтіне 200 грамм глюкоза немесе 2 жұмыртқаны езіп ішкізу соңғы кездегі практикада қолданылып жүр.

Еті қатты, аттар шапқанда ісіп кетеді. Сондықтан да қаражарысқа салар алдында құрт, ірімшіктің сарысуымен жуып, сарысуды жаяға сіңіру керек.

Бабына келмей қаражарстарда жәй шығып шаңға басылатын аттар мезі болуы ықтимал. Онда керіліп созылып, есінеп, тықыршып жер тарпиды. Ондайда бірнеше күн үйіріне жіберіп, аунатып-қунатып, тойғызып, кеңітіп қайта ұстаған жөн. Биік жон жоталарға шығарып, алысқа қарату да артық болмайды. Жусанның, аршаның түтінін иіскетсе де сергиді. Жақын маңайға қойшы аты мен немесе жамыраған қозымен жарыстырып оздырса да лепілдеп алға ұмтылатын болады. Жігерін жаниды, көңіл-күйі қалыпқа келеді. Әсем әуен, ән саз тыңдататын әдет те болған. Әсіресе қобыз күйлері болса, шіркін!

Жүйріктің баптауы шектен асып кеткен жағдайда, өте тез арып, терлеуі молайып орынсыз қара терге түсіп, ентігіп, шапқанда күннен-күнге тебіні азайып, қабағы түсіп, көзінен су ағып, былшықтанғыш келеді, көз оты көмескіленеді. Мұндай белгілер білінсе, бапты жалғастырмай-ақ жылқыға қоя беріңіз.

Ат баптан тайса, қабағы қатпарлана түсіп, жоны құрғап, іші оңай кеуіп шермиіп кетеді. Онда бос жіберіп 2-3 қондырып алу керек. Тағы бір белгісі боқ тастарда құйрығын сабалап, сиерде талтайып тұрады. Ондай сәтте жас бопыр көрсету, қарнын уқалап, сипау, құйысқандығын қасу керек.

9f1a8f7afabf8d5c03eccab2e7d0f2b3Қаржаубай Сартқожаұлы,

IMG_1675Қадыл Айдаубайұлы

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.