«Қазақ жылқысының жеті жоғы». Президентке жолданған хатқа министрліктер жауап берді

6004

Құрметті жылқы сүйер қауым, құрметті Argymaq.kz сайтының оқырмандары!

Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын «Қазақ жылқысының жеті жоғы немесе Президент Қ.К.Тоқаевқа хат» деген мақала жариялаған болатынбыз. Сол мақалаға жауап ретінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевтың атынан хат келді. Хатқа қосымша ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің жауаптары жолданған екен.

Осы орайда, Ойшыбаев мырзаның хатын қаз-қалпында (скриншот) жариялап отырмыз.

Ал қалған АШМ мен МСМ-нің жауаптарын назарларыңызға ұсынамыз.

Айтпақшы, өздеріңіз де байқағандарыңыздай, АШМ жауабы бұған дейін Argymaq.kz сайтында жарияланған мәліметтер екенін ескерте кетейік. Яғни, бұл әңгімелер бұған дейін де айтылып келген. Жауап хатта көрсетілген әр биеге 20 мың теңге субцидия беріледі деген мәлімет еліміз бойынша Ақтөбе облысында ғана жүзеге асып жатқанын бұған дейін Еркегүл Тілегенқызы өз сұқбатында айтқан.

Құрметті оқырман, біздің Мемлекет басшысына жазған хатымызда «Қазақ жылқысының жеті жоғы» айтылған. Алайда министрліктер үшеуіне ғана жауап беріпті. Демек, әлі де төрт мәселенің түйіні тарқамады деген сөз. Оның өзінде «Қазақ жылқысына арналған музей жоғы» жайлы сауалымызға тұшымды жауап берілмегенін байқауға болады.

Олай болса, министрліктердің жауабын оқып көріңіздер!

Қосымша

 Жылқы шаруашылығын дамыту бойынша

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 шілдедегі «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» № 423 қаулысына (бұдан әрі — Бағдарлама) сәйкес еліміздегі мал шаруашылығы, соның ішінде өнімді жылқы шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлініп отыр. Яғни, жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға пайыздық мөлшерлемесі төмен, қайтарудың ұзақ мерзімі бар, сондай-ақ оны алу кезінде кепіл саясатын оңтайландыру мүмкіндігін көздейтін жеңілдетілген «Қарапайым заттар экономикасы», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары арқылы несиелер беріледі.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидасының субсидиялау нормативінде сатып алған асыл тұқымды айғырларға әр басына 100,0 мың теңгеден субсидиялау қарастырылған.

Сондай ақ, бие сүтін өндіру және өңдеу құнын арзандату үшін  өндірілген әр килограмына 60 теңгеден және асыл тұқымды жылқының аналық басын бағуға, жем-шөбіне жылына әр басына 20 мың теңгеден мемлекеттік қолдау қаражат төленеді.

Осы қолдаулардың арқасында соңғы 5 жылда еліміздегі жылқы басы 51 %-ға (2 070,3 мың бастан 3 118,3 мың басқа), оның ішінде асыл тұқымды жылқы басы 40 %-ға (147,6 мың бастан 208,2 мың басқа) көбейді.

 «Жылқы туризмі жоқ» үндеуі бойынша

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сәйкес, елде туристік саланы дамыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) шеңберінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік бағдарламада туризмнің негізгі басым бағыттары, оның ішінде агротуризм мен этнографиялық туризм айқындалған.

Анықтама: Туризмнің агротуризм бағыты келуші қонақтарға тұру, демалу, тамақтану, экскурсиялық қызмет көрсету (оның ішінде атпен серуендеу қызметі), бос уақытты және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру, балық аулау және аң аулау, білім мен дағдыларды алу, сондай-ақ ауылдық жерлерде туризмнің белсенді түрлерімен айналысу мүмкіндігі, ал этнографиялық туризм бағыты өзінің немесе халықтың өзге этнографиялық тобының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, сәулетімен, ұлттық костюмдерімен және мерекелерімен, мәдениетімен, тілімен танысу бойынша кешенді қызметтерді қалыптастыруды және ұсынуды көздейтін салыстырмалы түрде жаңа және перспективалы бағыттар болып табылады.

Министрлікпен туристер үшін ат үстінде, ер-тоқымда отырып, орманның тәтті хош иістерімен дем алу, жылтырлап тұрған көлдердің және таулардың сұлулығын тамашалай отырып серуендеу мүмкіндіктері бойынша қарқынды жұмыс жасау жалғасуда.

Бұл ретте, Мемлекеттік бағадарлама шеңберінде агротуризм мен этнографиялық туризмді дамыту бойынша шетелдік, басқа қаладан келген туристер мен жергілікті тұрғындар үшін атпен серуендеу қызметін ұсынады. Бұдан басқа, атпен жүрудің бағыттарын туристік фирмалар да ұсынады. Осылайша, қазіргі таңда атпен серуендеу қызметі туристік фирмалар ұсынатын туристік өнімнің ажырамас бөлігіне айналды.

Сондай-ақ, еліміздегі ат орталықтарында балалар мен ересектерге арналған атқа міну курстары, ат турлары мен әртүрлі қашықтықтағы жорықтарды, салмақ жоғалтуға арналған ат спортын, сауықтыру сабақтарын және иппотерапия қызметтері ұсынылады.

Бұдан басқа, этнографиялық туризмді дамыту аясында киіз үй маусымы әдетте наурыз айынан қазан айына дейін созылатын (жыл бойы қызмет жасайтындары да бар) этноауылдарда және олардың аумақтарында келушілерге тұру, демалу, тамақтану, экскурсиялық қызмет көрсету, қолөнер бұйымдарын сату, бос уақытты және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру (атпен серуендеу, балық аулау және аң аулау), білім мен дағдыларды игеру, сондай-ақ туризмнің белсенді түрлерімен айналысу мүмкіндігі бойынша қызметтер кешені ұсынылады.

Мұндай этноауылдар Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында табысты жұмыс істеуде. Этноауылдар салынып қана қоймай, олар ұсынатын қызметтер түрі де кеңейе түсуде.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Маңғыстау облысындағы «Көгез» этноауылы («Магнит») өңірлік деңгейдегі туристендіру картасы объектілерінің тізбесіне (ТОП-50) кірген. «Көгез» этнографиялық ауылында ең танымал көрікті жерлеріне бірнеше экскурсиялық маршруттар, оның ішінде «Қазақ киіз үйінің күмбезі астында» атпен экскурсия, Шуманай Айрақты аңғарына экскурсиялар әзірленген.

Қазіргі таңда, Түркістан облысының эко және этнотуризмін дамыту мақсатында 2019 жылдың маусым айынан бастап Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында «Eco Camp» этноауылы, Түркістан қаласында «Ethno Village» ұлттық мәдени орталығы және Түркістан облысы Түлкібас ауданы Қараағаш ауылында жеке инвестициялар есебінен 32 орындық қонақ үй, 5 киіз үй, бассейн және скиф моншасы бар «Ethno Park Resort» этноауылдарында да атпен турлар қызметін үсынады.

Сонымен қатар, Алматы облысындағы Жетісудың жайлауларында атпен турлар сұранысқа ие. Қаладан алыс емес жерлерге де мысалы, Үшқоңырға, Қаскелең, Ақсай шатқалдарына саяхат құруға болады. Бұдан басқа, Алматы облысында «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» ат орталығы, «Home club» табиғи ойын-сауық кешені, Қарасай ауданында Жоғарғы Қаскелең тас жолының 36-шы шақырымында орналасқан «Aulresort» ат спорты ойын-сауық кешенінде атпен серуендеу қызметтері көрсетіледі.

Бұдан бөлек, Министрлікпен еліміздің туристік әлеуетін көпшілікке таныту және шетелдік туристердің Қазақстанға қызығушылығын арттыру мақсатында Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы фото-видео материалдар жиынтығы елімізді жарнамалау мен ілгерілету мақсатында www.kazakhstan.travel ұлттық туристік порталда жарияланады. Бүгінгі таңда портал жергілікті және шетелдік туристерге сұранысқа ие. Портал 7 тілде – қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай және корей тілінде толық ақпарат бере отырып, ел бойынша барлық маңызды туристік объектілері туралы қажет ақпаратты қамтиды.

Сонымен қатар, ұлттық туристік порталда туристер үшін «Көшпенділердің жолымен: Қазақстанның атпен жүру бағыттары» атты еліміздің туристік объектілерінде атпен саяхат жасау маршруттары (Көлсай көлдері арасында атпен өту, Бурабайдағы атпен серуендер, Іле Алатауына атты сапарлар және серуендер, Күнгей Алатауына атты сапарлар және серуендер, Жоңғар Алатауына турлар және атты сапарлар) бойынша  жарияланым жарияланғанын атап өткен жөн.

«Қазақстанда жылқы музейі жоқ» үндеуі бойынша

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сәйкес, Ботай мәдениеті Ақмола облысындағы Ботай разъезінің жанында өзіне тән қоныс бойынша өз атауын алды. Ол б. з. д. III-II мыңжылдыққа жатады. Ботай мәдениетіне қатысты қоныстардың жиырмадан астамы ашылған.

Сонымен қатар, Ботай-Еуразияның ежелгі жылқылары әлемдегі бірегей қонысы. Бұл мәдениеттің өмір сүру уақыты б.з.д. V-IV ғғ. жатады. Онда жүргізілетін зерттеулердің тарихи мәні Қазақстан жер бетіндегі жануарларды қолға алудың және бірінші кезекте, жылқылар мен сиырлардың басты орталықтарының бірі болып табылады.

Ескерткіште 15 мың шаршы метрден астам жер аршылды, 100-ге жуық тұрғын үй зерттелді, 200 мыңнан астам артефактілер және ондаған мың көне жануарлардың сүйектері анықталды, олардың 99,9%-ы жылқыға тиесілі.

Бүгінгі күні, Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіші Ботай қалашығын ғылыми-зерттеу, сақтау және оны танымал ету бағытындағы жұмыстарды Министрлікке қарасты «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы жүргізіп келеді.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының, оның ішінде Ботай қонысының аумағында археологиялық қазбалар елімізге белгілі археолог

В.Ф. Зайберттің жетекшілігімен 40 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Ғылыми-зерттеу нәтижелерімен Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысы жылқы өсірудің ең көне (5600 жыл бұрын) ескерткіші деп танылды.

Президент атына жазған хатымызға берілген жауаптың ұзын-ырғасы осы. Тағы қайталап айтамыз, жауапты мекемелер әлі де төрт мәселенің түйінін тарқатып береді деп сенеміз!

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz порталының Бас редакторы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.