Бошай КІТАПБАЕВ. Тұлпарларымды Рахман қайнарына шомылдыратынмын
– Жылқышының баласысыз. Атбегілік өнеріңіз бар. Бұл әкеңізден дарыған қасиет пе? Әлі де атқа мініп тұрасыз ба?
– Әкем Кітапбай жылқышы болды. 1898 жылы туып, 1954 жылы дүниеден өтті. Алтайдың атақты жылқышы-атбегі еді. Жетім өсіп, жалшылықта көп күн кешкен. Көзін Кеңес өкіметі ашты. 1932 жылдың көктемінде колхозда 800 жылқы болған. Қытайға айдап кетті, өкімет алып қойды, күзде 218 жылқы ғана қалыпты. Осы жылқыны қабылдап алған әкеміз 1942 жылы соғысқа аттанғанша мыңға жеткізді. Соғыста үш жарым жыл болды. Келген соң жылқыны екі жарым мыңға жеткізді. Анамыз – Мәлике 1905 жылы туып, 1950 жылы 45 жасында қайтыс болды. Асқан қымызшы, еңбекқор, қайырымы мен мейірімі өз балаларына да, бүкіл ауылына да мол жеткен ана еді. Ері жауға кеткенде, 4 жыл Алтайдың ақ қар, көк мұзында колхоздың мың жылқысын баққызып, өсірді. Анам рулы елден алғыс алған. Нағашы әжем Қатипа Сәйменбетқызы 1883 жылы туып, 1966 жылы қайтты.
«Жақын жатыр жаныңда алып анаң,
Жалғыз ұлы жауда өлген ғаріп анаң,
Нұржақып, Жақам менің, жан нағашым,
Жігіттің арыстаны ең, жетпес бағаң!»,– деп жаздым. Жалғыз нағашым, шешемнің жалғыз бауыры Жақам ауырып қалғанда шешесіне: «Апа, мен 35 жасқа келдім. Үш балам бар. Әйелім – екіқабат. Қарақұрсақ бос жатпайды ғой. Ол да бірдеңе табар. Алла Тағалаға екі тілек, екі ниет сыймайды деген. Бір-ақ тілекті Алла Тағала шын сұрағанда береді екен. Апа, мені тілеме. 18-ге толмай соғысқа кеткен Бошайды тіле!» депті. Осы сөзді есіме алсам, жылағым келеді. Жақам балуан денелі еді. 64 размер киетін. Мен басым үлкен деп мақтана алмаймын. Жан-жануарда есектің басы үлкен ғой. Бірақ, мен де 64 размер киемін.
Әкем жылқының жағдайын артық білетін кісі болды. Мені тұңғышы болғандықтан, 7-8 жасымнан бастап ертіп жүрді. Соғыстан бұрынғы жағдайда әкем: «Біздікі секілді кедей колхозда жылына мың еңбеккүн тапсаң да, үш-төрт баланы асырау қиынға соғады» деп айтып отырушы еді. Өйткені, колхозда түк жоқ. Еңбекақы төлемейді. Осындай қиындықта әкем бізді өсірді.
– Атбегілігіңізге арнап ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» атты шығарма жазды. Ғафу Қайырбеков «Тұлпар туралы аңызды» арнады. Мұзафар Әлімбаевпен, Герольд Бельгермен, Қоғабай Сәрсекеевпен дос-жарансыз. Фариза қарындасыңыз сізге арнап өлең жазғанын білеміз. Қаламгерлер қауымының сізге жақын болуының сыры неде?
– Аяғы бар ел билейді. Қаражорға деген биді 80-ге келіп билеп жатқандарды көрдім. Би дегенің аяғы бар кісіні көп-көрім қыздырады. Мен билей алмаймын. Бірақ, аяғым жоқ болса да, салт атпен көп жүрдім. «Ат үсті – әулие» деген сөз бар. Қазақ айтады: «Жақсы ат адамның кедейшілігін ұмыттырып жібереді». Ат адамды керемет сергітеді.
Менде Қара, Тайжирен, Самолет деген жирен аттар болды. Осы жылқыларды жігіттер ерттеп, үйдің жанына байлап қоюшы еді. Алтайдағы Рахман қайнарына екі қара атты апаратынмын. Шапқанда аттардың алдыңғы екі аяғына қан түседі. Сондықтан алдыңғы аяғынан ептеп ауырлайды. Ыстық суға аяғын салғанда, жылқы алқымынан бу шығып, сүйсініп тұрады. Кейбір жас әйелдер күйеулеріне қалжыңдайды. «Саған қатын болғанша, ана Бо-шайдың қара аты болмаған екенбіз» дейді. Әдейі естіртіп айтады. Рахман қайнары – әулие су ғой. Бірақ, қазір жекеменшікке айналып, қымбаттап кетті. Осы қайнарға 10-15 жыл бардым. Әйелімді де бір-екі рет апардым. Марат деген ұлымыз қырқынан шыққанда, 17 күнге барған едік. Нағима біржола сауығып қайтты. Ол кезде қазіргідей тасжол жоқ, таулы-тасты жермен атпен баратынбыз.
Бүгінгі бәйгеден маңыз кетті. Қараулық көбірек. Атты жолдан қосады. Менің ат жаратып, бәйгеге қосудан қалғаныма он шақты жыл болды.
Ғабит те, Ғафаң да үйге келіп-кетіп жүретін. Екеуі де ұлы кісілер ғой. Ғафу Ғабитті туған ағасындай сыйлады. Абайдың, Жамбылдың тойында бірге жүрдік. Мұзафармен, Фаризамен телефон арқылы сөйлесіп тұратынбыз. Герольд Бельгер құттықтау лебізін білдіріп, хат жолдады. Қоғабайдың «Қазақ» деген газетіне мақала жазып тұрамын. Міне, Серікбай Мамырханов деген ағамыздың Ақтеңізде Ахмет Байтұрсынұлымен айдауда бірге болғаны туралы бір мақала дайындап жазып қойдым.
«Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық» дейді Абай. Сол сияқты, қазір өздерің секілді қазақ баспасында, газетте, журналда істейтін жас жігіттер, бірен-саран үлкендер болмаса, жастарымыз орысша оқиды, орысша ойлайды…
– Сіз соңғы жылдар бедерінде шежіре жазумен шұғылдандыңыз. «Тоғыз таңбалы найман» кітабыңыз жарық көрді. Бүгінге дейін қолыңыздан қаламыңыз түспейді…
– Рүстемнің Мұсасы деген керемет ағамыз болды. Әлихан Бөкейханов 1920 жылы «Шіркін-ай, мына Әбдікерім болыстың Мұса деген ағасы біз қатарлы оқыған болғанда, жердің асты-үстін түгел зерттеп білетін адам екен де, қазақ бүйтіп сорламас еді» депті. Осы Мұсаның тапсыруымен 1927 жылы Әлкей Марғұлан Ленинградта орыс тілінде «Найман» деген шежіре шығарды. Соның бір данасын зейнетке шыққаннан кейін Алматыда қолға түсірдім.
Найманның шежіресі туралы керек болған соң жаздым. 1932 жылға дейін қазақта АХАЖ деген болған жоқ. Орыс, басқа славян жұрттарында шіркеуде тіркейтін. Мысалы, мен 1923 жылы туғанмын. Бірақ еш жерде жазылмаған. Шежірені 20 жылға жуық жинадым. Алматыдағы балаларды қалдырып, Өскеменге шежіре үшін келдім. «Тоғыз таңбалы найман» атты шежіре үш томды құрайды.
– Құдаңыз Ахат Күленовке биыл Өскеменде ескерткіш-бюст қойылайын деп жатыр…
– Келініміз – дәрігер. Ахат Күленовтің жалғыз қызы. Ахаттың әкесі Сәлемхат – Баянауылдың тумасы, Мәскеудің Тимирязев университетін бітірген. Қаныш Сәтпаев шыққан Баянауылдан Сәлемхат пен Айналхаттай ақиық азаматтар да шыққан екен. Айналхат Сәлемхаттан 4 жас кіші. Мәскеу академиясын бітірген. Ағасы Айналхатты Тәшкентте университетте оқытқан. 30-ға енді келген Айналхат Қарақалпақстан обкомының бірінші хатшысы қызметін атқарып жүріп, 1937 жылы атылып кетті. Мұнан өткен қазаққа арман бола ма?.. Ахаттың әкесі Жүсіп пайғамбардай сұлу жүзді болыпты. Сталиннің зұлымдығымен атылып кеткен құдаларыма жүрегім қан жылайды. Қазақ құдасын құдайындай сыйлайды. «Мыңжылдық құда» деседі. Осындай текті аза-маттардың суреттерін де бөлмеме іліп қойдым.
Биыл Өскеменде Ахат Сәлемхатұлының бюсті ашылғалы жатқанынан хабардармын. Басқа да көптеген қоғам, мәдениет қайраткерлерінің ескерткіштері бой көтеруде. Жалпы, облысымыздың Әкімі маған жақсы қарайды. Менің де облыс басшысына көңілім түзу. Мақтай Сағдиев еліміздің ардагерлер алқасын көп жыл басқарды. Бердібек балам біздің облысымызға келгенде: «Соңғы кезде бізде әкімдер жиі-жиі ауысып жатыр. Бердібек әкім де, министр де болды. Осы жігіт қалай?» деп сұрадым. Сонда Мақтай Рамазанұлы «Шығыс әкімге жарыды» деп айтып еді. Осы сөзге Бердібек САПАРБАЕВ көлеңке түсірген жоқ. Жақсы жұмыс істеп жатыр.
Сұхбаттасқан – Думан АНАШ
(«Дидар» газетінде берілген сұқбаттан ықшамдалып алынды)