Жылқыға байланысты әдет-ғұрыптар
«Атұстар» ма, «қырық жеті» ме?
Ұлы жүз жұртшылығында бала туғанда: «Қойшы ма?», «жылқышы ма?» деп сұрайтын әдет бар. Бұл «ұл ма, қыз ба» деп сұраудың жұмбақтап айтылған түрі. Қойшы – ұл, яғни қой бағатын ұл деген мағынады. Жылқышы – қыз. Қыздың қалың малы салт бойынша 47, 37, 27, 17 не 9 байтал болып берілген. Сонда әке-шешесіне жылқы әкелетін жылқышы болып шығады. «Ат қосшылы болдың ба? Қырық жылқылы болдың ба?» — деп тұспалдап сұраудың астарында «Не туды, ұл ма, қыз ба?» — деген сұрақ тұрады. Ат қосшы –ұл, қырық жылқы – қыздың қалың малы.
Орта жүзде «Ұлың бар ма?» дегенді «Ат байларың бар ма еді?» «Құйрық жалың бар ма еді?» деп топшылап айтады. Баланың кіндігін кескенде, ұл баланың кіндігін айғырдың жалына, не қошқардың мүйізіне түйіп байлап жібереді. Онысы бала малсақ, мал тапқыш дегенді білдіреді. Қыз баланың кіндігін кесте тігетін ісмер болсын деп, сандыққа сақтайды. Бесікке саларда жылқының құйрық-жалынан, кекілінен қыл алып, бесіктің арқалығына іліп қояды. Бесіктің екі жағынан қамшы үйіріп, егер бесікке салатын ұл болса: «Тақымыңнан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз бол» деген тілеумен ырымдап салады. Қыз балаға айна-тарақ қояды. Қыз – қуыршақ, бала – құлыншақ деген тәмсіл бар. Сәбиді бесікке бөлегенде, азамат болғанда пайдалансын деп, күміс жүген, күміс белбеу, сарала қамшы қояды. Баланы бесікке бөлеп болған соң жасы ұлғайған кәрі адамдар бесікке мініп тұрып, атқа мінгендей «шүу-шүу» деп ойын көрсеткендей болады. Орынбор қазақтарында бесікке салатын әйел бесіктің үстіне атша мініп алып, басына аттың жүгенін орап, қолына қамшы алып, шауып келе жатқан адамды бейнелеп, ел арасында қазірге дейін сақталған мынадай өлең жолдарын айтқан:
Айдын судан келемін,
Айыл мініп келемін.
Теңіз судан келемін,
Терек мініп келемін, — деп әндетіп, егер жас нәресте ер болса «ұл жалдап аласың ба?», егер қыз болса «қыз жалдап ба?» деп баланың ата-анасынан сұрайды. Баланың ата-анасы «аламыз, аламыз» деп өз балаларын өздері сатып алады. Қазақтың бесікке салу ғұрпының жылқыға байланысты ырымдары шығыста, сонау Моңғолия мен Қытай қазақтарынан бастап, Жетісу, батыста Орынборға дейін біркелкілігіне таңданбасқа лажың жоқ, бірін-бірі толықтырып тұтатын бір картинаны береді. Ал бесік жырының әуені Қазақстанның әр жерінде әртүрлі болғанымен, міндетті түрде мынадай өлең жолдары кездеседі:
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?!
Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы»
(Жалғасы бар)