Талғат КЕҢЕСБАЕВ. Шыңғыстау — қасқа құлыным!

9703

Көз ұшында бұлдырап көрінген тау сағым құбылған сайын жұртта қалған сандықтай көрінер еді.
Жақындап барып қараңыз. Қайдағы сандық? Сарыарқаның құлжасы Шыңғыстау емес пе?! Көрдіңіз бе? Ә, не айтайын сізге, Ұлы тауды, Ұлы жерді бірден аңғармаған көзден не қайыр; ештеңенің иісін сезбеген қоңқиған мұрыныңды жұлып алып жерге бір ұр дейін десем әлем-жәлемді ғана көретін қос жылтырағыңыз бір-бірін жеп қоюға дайын тұр; бәлесінен аулақ, менің дархан жүректі, дара тұлғалы даламда қан аз төгілген жоқ; мың-мың адам көз жасын көл қып төкті; ұрпағының несібесі тістегеннің тісінде, ұстағанның уысында кетпесін деп ат үстінде қалғымай күн кешті, оны сіз сезбесеңіз, көрмесеңіз көрмей-ақ қойыңыз, әйтеуір амандығыңызды тілей отырып айтарым: Шыңғыстауды көзбен емес, тап-таза жүрегіңізбен көргеніңіз жөн. Сонда ғана ұғасыз, сосын адами қызғаныш адымыңызды аштырмай, періште көңіліңізді тұсап, пенденің әніне басарсыз: бұлбұлдай сайрасаңыз да Шыңғыстаудың бозторғайына жетпейсіз; амалыңыз құрып, мені арқаңызға мінгізіп әлемді жеті айналдырып келсеңіз де, жетпіс түйеге алтын артып алдыма әкеп қойсаңыз да, телқоңырымды құшақтап, «бермеймін» деп теріс қарап жатып алатыныма күмәніңіз болмасын, шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап анамның әлдиімен бірге тербеткен жер-бесігімді сіздің алақандағы мұзға қалай ғана айырбастайын.
Күйкі тірліктің тот басқан ауыздығы езуімді жыртса да алқара топтан арқардай ауып алдымен өзіңе жетемін, Шыңғыстау, сенен басқа басар жерім, бас иер тауым жоқ; бүйрегің байғыздай жылап, жылдың төрт мезгілін өксумен өткіздің; көз жасың суалып, ақ селеу шашың жидіп түсті; сонда да еңкеймедің, еңсең биік болсын деп етектегі тасынды өрге тасыдым, қарым талып көзім қарауытса, бауырыңа бастың, қасиетіңнен айналайын, Шыңғыстауым; сенің құдіретің керемет қой, жарық дүниені бір көруге зар болған зағип жан бұлағына бетін жуса көзі ашылып, жусаныңның тамырына тиіспей дәмін татқан мылқауға тіл бітіп, қойтастарыңды құшақтап «анамды арқалап Меккеге апарар едім» -деп шын егілген бүкірдің бойы түзелер еді.
Аламан бәйгеде жебеушім сен болғансың, тұяғымның сүрінген жері жоқ, бауырыңдағы қозы көш жер созылып жатқан сап-сары Сарыжал топырағына үш аунап, бір сілкінсем, басқалардың құйрық-жалын сүзген «пырағы» менің жанымда тезек теріп далада қалады ғой…
Сенде тудым, сенде өлсем арманым не, Шыңғыстау. Бәрін де сеземін, бәрін де білемін. Дегелең жақтан қарақұйын көтерілген кезде омыртқаңды опырып, жұлыныңды суырардай қиналасың қаранарым!..
… Әне, шілденің шаңын басына көтеріп қарайған келе жатыр. Машина екен.
Шопыр жігіт күн қағарын басыңқырап қойды. «Алла-ау, мына жазық біте ме, жоқ па? Тас жолға бір іліксем үш сағатта қалаға жетер едім.»
Радиоқабылдағыштың өңешін қырылдатты. Шиқ-шиқ бірдеңе. Өшірді. Көзіне мидай жазықтың бетінен қыбырлаған ілікті. Жылдамдықты үдетті. Жол шетінде екі аяқты Адам тұр. «Адасып жүр ме, мына қу далада?».
«ГA3-53» ентігіп барып тоқтады. Шаң-тұман. Жолаушы қарманып жүріп машинаның есігін ашты.
-Қалаға дейін…
-Отырыңыз.
-Үһ, жанып кеттім ғой, түге, — деді қарабұжыр желпініп. — Кездескенің жақсы болды, бауырым.
Шопыр тас жолға шыққанша жақ ашпады. Үнсіздікті мінгескен адам бұзды.
-Құдаларыма келіп едім, бір апта қымыз ішіп … жақсы- ақ отдыхайт қылып едім, қойларын қырықтыққа апару үшін бүгін таңертең көшетін болды, көш деймін-ау, үйлерін арбаға тиеп мал соңынан еріп кетті.
-Қазақпыз ғой, ағашка, — деп әлде мысқылдағаны, әлде күлгені белгісіз, шопыр ыржалақтады.
-Қазақпыз дейсің бе, онда жөн сұрасайық, қайдан келе жатырсың?
-Дегелеңде шахтада істеймін.
-Қайдағы шахта?
-Әй, ағашка-ай, сіз де қызық екенсіз, кәдімгі шахта. Қаладан кабель тасимын, табыс жақсы… Өзім Курчатовтың подхозында тұрамын.
-Ол жақта қайдан жүрсің?
-Бір танысым бар еді, сол арқылы әрең орналастым. Курчатовта бәрі бар.
-Осы далада, жер астында самолет қонатын аэропорт бар екен, біздің құда қой жайып жүргенде көрдім дейді.
-Полигонда не жоқ дейсіз, офицерлердің ішкені алдында, ішпегені артында.
-Қойшы, бауырым.
-Қой түгіл ешкі де жоқ, ағашка. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Жақында полигонның генералы әйелін, қызын, кәнден итін ертіп, самолетпен бір түнде Мәскеуге Алла Пугачеваның концертіне барып келді.
-Астапыралла!
Шопыр күн қағарын көтеріп, әңгімесін жалғады.
-Саржалдың жігіттері антеннаға кабельді менен сатып алып жүр. Қанша рет айттым, ауылды тастап Курчатовқа көшіп алыңдар деп. Туған жер, туған жер деп аяқтарын баспайды. Курчатов бай қала, бәрі бар, арзан, Америка оның қасында чепуха…
Кенет, жолаушы шоқ басып алғандай шар ете қалды.
-Тоқта, тоқта…
-Не болды?
-Әне, әне, сәл шегін, тағы-тағы.
Жол жиегіндегі жырада қасқа құлын жатыр. Екеуі секіріп түсті. Құлынның мойнындағы бұғалық аяғына оратылған. Шимайын екі жақтан әрең шешті. Құлын дір-дір етті, шопыр жалынан сипап, әрең дегенде құтыдағы суынан екі-үш жұтқызды. Көтеріп машинаның қорабына салды.
-Байлап қоймадықпа? – деп жолаушы сақтық танытып еді.
-Әй, қайтер дейсіз, басын көтере алмай тұрғанын көрмейсіз бе? — деп анау қолын бір-ақ сілтеді. Машинаға жан біткендей жылжып кетті. Шопыр көңілді.
-Жақсы болды ғой, малыма мал қосылды. Қарабұжырдың кеудесін қызғаныштың мысығы тырнап-тырнап алды. «Мен ғой, тауып алған мен ғой».
-Біздің подхозда солдаттар шошқа бағады, жем жетеді, соларға қосып қоямын, жүрсін талпақ-танаулардың арасында тайраңдап. Қыста базарға…
-Інішек, жол үлкендікі емес пе?
Шопыр радионың құлағын бұрады: бір топ жігіттер «кияқ-қияққа» басып жатыр екен. Өшірді.
«Мына, қарабұжыр қайдан ғана кездесіп еді?»
«Жөн білмейтін жаман жігіт қой мынау».
Шопыр мен жолаушының көздері алда, көңілдері түу сонау қаңтардағы ет базарында.
Алдарынан жол жөндеушілердің белгісі көрінді. Машина тас жолдан еңкейіп, сүрлеу жолға түсті.
-Тоқташы, бала, кеудем…
Тоқтады. Екеуі бірден жерге түспей қорапқа мойындарын созды. — Ойбай, құлын секіріп кетіпті. Жолаушы бажылдады да қалды.
-Қап, әттеген-ай, бұйырмады. — Шопыр қолын бір-ақ сермеді. Жолаушыға салсаң, жаяу қуатын сыңайы бар.
… Қасқа құлын екі өкпесін соғып обатастың көлеңкесіне жығылды. Күн еңкейіп, көлеңке ұзарғанша жата берді. Бөтен иісті сезді. Орнынан атып тұрып, дүр сілкінді. Жер бауырлап келе жатқан мақұлықтың бойын көрмей тұрып иісін сезді. Кісінегі Шыңғыстауға қарай тартып отырды.
Қамшылар жақтан өзіне көлеңке косылды. Қасқыр… Жақындап… жамбасына өткір кездікпен осып жібергендей көзінен от жарқ етті.
Құлын Сарыарқа төсін қоңыраулатып кісінеп, зулады дерсің. Қасқырдың тілі салақтап шоқиып далада қалды.
Қасқа құлынның тынысы ашылып, шұрқырай шауып келеді.
Күн еңкейді. Ақшам жамырап, ақ пен қызыл арасында айқасқасы жарқырап менің құлыным кетіп барады.
Қасиетті Шыңғыстау, тұяқ-ізімді бассын деп құдайдан сұрап алған жалғыз құлыным еді. Тіл көзден сақта. Жебеп жүр.
Шыңғыстау! Алты алаштың аламан бәйгесінде алдынан құс ұшырмайтын арғымағың осы қасқа құлын!
Тәтті ұйқыдан шошып ояндым. Бала кезімде күн батар жақтан талай жарылыс болатын еді.
Енді-енді босаға жұлдыз төмендеп, айналайын Күн-Ана көтерілерде шығыстан, қытай жақтан жарылыс үні шығатын болды.
Бүгін түнде түсімде тағы да Шыңғыстаута айналған қасқа құлынымды көрдім, әлем тек қана сап-сары жазық боп кеткен екендеймін…
Шыңғыстау-Құлын ұлан-ғайыр жазықтың бетінде шауып барады.
Құлыным менің, үйіріңді табар ма екенсің?!

Kenecbaev T.Талғат Кеңесбаев,
Еуразия жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.