Жүйріктерді баптап-баулу өнері

8055

«Тұлпарды баптай білмеген – қор қылады, сұңқарды баптай білмеген – жер қылады», «Ат шаппайды бап шабады», «Жақсы бапталған жүйрік – желге жеткізбейді», «Бабы келіскен тұлпарға құс ілесе алмайды» деп қарайтын қазақ сыншылары жүзден озатын жүйріктер мен мыңнан озатын тұлпарларды дәп басып тану мен таңдап алудың өзі үлкен өнер болса; сол танып, таңдап алған жүйріктер мен тұлпарларды бағып-баптауда сондай үлкен өнер деп қарайды. Олай болатыны, сіз қаншама жүйрік, қаншама тұлпар таңдап алғаныңызбен, оны бағып-баптай білмесеңіз бәрі-бір қор қыласыз. Жарыс, қыз қуар, көкпар сияқты әртүрлі ат үсті ойындарында сәтсіздікке ұшырайсыз.

Жасынан баптау

Мұнда ата тегі мен ене тегі жақсы жүйрік айғырлар мен жүйрік биелерден туған құлындарды жас кезінен бастап қадағалап қарап, қысыр емізіп, немесе құнан шыққанға дейін сүтпен бағып, дене мүшелерінің толық өсіп-жетілуіне мүмкіндік жасайды. Себебі, жасында уызға әбден қанып, денесіне сүт нәрі толық сіңбеген жылқының қарсылық қуаты төмен, күш-қайраты аз, сүйегі жасық болады. Сондықтан қазақ сыншылары мен атбегілері мейлі қандай жылқы болсын, ең алдымен оны жақсы бағып, жілік майларын әбден толтырып алып, онан соң, жақсы жаратып, бабына әбден келтіріп барып бәйгеге қосады. Міне, осы себепті, қазақ атбегілері «Алдымен бақ, онан соң бапта» дейді. Бабы мен бағуы келіскен ат бәйге бермейді. Ал, бағуы мен баптауы келіспеген ат жарысса жолда, жаумен айқасса қолда қалдырады. Бұл жөнінде мынадай бір әңгіме бар:
Ертеде Іле өңірінде өткен Ақан деген кісінің асында 120 км жерге ат шаптырыпты. Сонда Қамен деген кісінің Іле өңірінде бәйге бермей жүрген Қара аты көмбеге таяп, Көкқайқы деген қайқаңға келгенде өрге жүгіре алмай, дірілдеп тұрып қалған екен дейді. Сөйтсе, әлгі желаяқ жүйрік сол жылы қыстан көтерем болып, әрең шығып, жазда семіргенімен жілік майы толмай жатып жаратылып, бәйгеге қосылғандықтан, өрге келгенде қарымы қайтып, әлсіреп тұрып қалыпты.
Тағы бір реткі Іле өңірінде өткен 100 км-лік ат шабыста Асан деген адамның Сары аты көмбеге таяй бергенде жығылып, өліп кетеді. Иесі шауып барып басын кесіп алады. Сөйтсе, әлгі ат жақсы бапталып, жақсы жаратылмағандықтан бұрлығып өлген екен. Сондықтан аттың бабы мен баптауы өте маңызды.

Сақа жүйріктерді баптау

Жасамыс бәйге аттарды көбінде тым арықтатып, тым семіртіп жібермей бірқалыпты ұстайды. Қыста қар тептіріп, аяқтарымен денесінің қан айналысын жақсартады. Бәйгеге қосар мезгілде еті сәл ояз болса, нәрлі азықтармен азықтандырып, бабына келтіреді. Семіз болса жаратады. Бәйге аттарды баптап жарату үшін 30-60 күн уақыт қажет. Шұғыл жарату қажет болғанда 35 күн кетеді. Тіпті, шынайы атбегілер көк жайлауда жүрген семіз жүйрік аттарды бір аптада суға тоғытып, баурына суға шыланған ат терлігін тартып, қант беріп жаратып, бәйгеге қосады.
Мысалы, 1945 жылы тамыз айының соңында Нылқының Таңбалы деген жерінде Іргебай деген кісінің асы беріліп, ат шаптырады екен деген хабары жайлаудан әлі түсе қоймаған атақты атбегі Әмір деген адамның құлағына жетіпті. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын Әмір жалы құлағынан асып табында жүрген семіз жирен атын ұстап мініп, астына екі үлкен тұлып қымызды теңдеп, ат шабысқа жеті күн қалғанына қарамай Жирен атының екі шабынан шәугімдей-шәугімдей көбік шығарып Таңбалыға кетіпті. Оны көрген ел-жұрт мазақтап: «Әй, байғұс, мына жирен атыңды жарысқа емес, мына асқа сойғалы әкелген сияқтысың ғой» деп күліпті. Бірақ, Әмір оларды алымсынбай:
— Оны ат шабысы күні көре жатармыз, күлгеннің әкесін сол кезде менен көрмесеңдер болды, — деп екі тұлып қымызын түсіріп тастап, атын Қастың суына тоғытып, байлап қойып, кешінде қант беріп, ішмайын ағызып, жеті күн сазға арқандап, қазысын сорғызып, сегізінші күні жарысқа қосқанда аты неше жүз аттың бәрінен бұрын келіп, бас бәйгені алыпты.
Қортып айтқанда, бәйгеге қосатын аттар семіз болса – жем-шөптен тежеп, жаратып, арық болса – етін көтеріп, арық-семіздіктері өлшемге лайық болған соң, оны әр күні аяңдатып, желдіріп, жүгіртіп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін алады. Бірақ, атты артықша қинамайды. Алғашында 10-15 шақырым жерге жүргізіп, төрт-бес күннен кейін 10-15 шақырым жерге желдіріп, көбігін шығарып келіп, таң асырады. (Кеш батқаннан таң атқанша жем-су бермей қаңтарып байлап қояды). Одан тағы 5-6 күннен соң, қаражарысқа салып терлетіп, таң асырады. Осылай істеу арқылы аттың тынысын кеңейтіп, адымын жаздырып, тұяғын шыңдап, денесін жеңілдетіп, шыңдап-шынықтырады. Кейбір ат баптап жүруге қолы тимейтін адамдар, аты әбден семіргенде бір-екі жауынқұртты сумен жұтқызып жіберіп жаратса, кейбір атбегілер тілін буып жаратады.
Аттың бабына әбден келген-келмегенін жүйрік аттардың мынадай қасиеттерінен аңғаруға болады:
Байлап қойғанда елеңдеп, тықыршып, алысқа көз тігіп саңлақтанып тұрады.
Дүбір естігенде ширығып, құмалақ тастайды.
Құмалағы жарылмай бүтін түседі.
Сигенде сідігі жан-жаққа шашырамайды.
Жусағанда ауық-ауық есінейді.
Мініп көргенде елпектеп, жеңіл, тұяғының ұшымен басып, өкшесін жерге тигізбейді.
Сауырын шерткенде тақтайдай тықылдап тұрады.
Терін татып көргенде тұз-сор дәмі болмайды.
Иегін жанындағы аттарға немесе атағашқа сүйеп тұрады. т.б.

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Сымағұлұлы,
«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.