Ахмет ТОҚТАБАЙ. Жылқы өнімдерімен емдеу

24320

Жылқы өнімдерін қазақ тұрмысында әртүрлі ауруларды емдеуге кеңінен пайдаланады. «Жылқының сүті мен еті жақпаған ауру адам, сауықпайды, өледі» деген сөз халық арасында кең тараған. Жылқы өнімдерінің ішінде емге қолданылуы жағынан бірінші орында әрине, қымыз тұрады. Себебі қандай науқас болсын қазақ қымыздың тікелей емдігі болмаса да, ауырған адамды әлдендіру үшін негізгі емімен қатар қымыз беріп отырған. «Қымыз қырық түрлі дертке дауа» дейді қазақ мақалы. Негізінде қымызбен өкпе (туберкулез) ауруын емдеу кең етек алған. «Көксаумен ауырған адамға, қайнатылған сиырдың, жылқының майын балға қосып ішкізеді. Мейлінше көп қымыз береді. Өкпесі ауырған адам жүрек майын шикілей аз-аздап жеуі керек».

98b0c065aaa753c2d7d4d5a514ad3322_bigТерісі: Қымыздан басқа осы уақытқа дейін зерттелмей келе жатқан халық медицинасындағы ел арасынан жинастырған материалдарға сүйене отырып жылқының басқа да емдік өнімдері қарастырылды. Белінен шойырылып жүре алмай қалған адамды ту биенің терісіне орайды. Алдымен жаңа сойылған жылқының терісінің ішіне ерменді қайнатып құяды, сонан соң екі адам терінің екі жағынан ұстап бұрайды, бір адам сол мезетте ағаш тоқпақпен теріні тоқпақтайды, сонда тері қызып, ысиды, ыстық теріге науқасты жалаңаш күйінде, басын ғана шығарып орап тастайды. Алдымен адамның денесі 15-20 минут шамасында қалтырап, қалшылдап тоңады, соңынан денесі қызып терлейді, біртіндеп теріге үйрене бастайды. Өстіп науқас адам 1,5-2 сағатта тері ішінде жату қажет. Осылай 7 күнде 3 рет түседі, емдеу 21 күнге созылады, науқас осы уақыт ішінде жылы үйден шықпауы керек. Теріге түсудің екінші түрі – үш жылғы ту биенің терісіне күнара небәрі үш рет түсуге болады, одан әрі тері кеуіп, не иістеніп кетеді. Аса қатерлі ауруларды емдеу үшін бірнеше жылқы сойылатын болған.
Сүзек науқасты жаңа сойылған жылқының терісіне орайды, бұл көмектеспесе, екінші жылқыны сойып жіберіп қайтадан орайды. Теріге ерменді қайнатып құю себебі, теріні ысытудың және терінің кейбір иіс-қоңыстарын етірудің кепілі екенін информаторлардың мәліметтері дәлелдейді. Жалпы, ермен қазақтың халық медицинасында жиі қолданылатын өсімдік. «Ерменді жерде ер өлмейді» дейді халық мақалы. Теріге түсу тек шойырылманы емес денедегі бүкіл жел-құзды айдап шығарады. Халық емшілері толғатқан әйелдерді жаңа сойылған жылқы терісіне орап толғағын жеңілдеткен.

Көңі: Белі шойырылып, шаншу қадалып, суық тиген адамдар жылқының көңіне де түседі. Адамды астына көң төсеп, шалқасынан жатқызады да, басынан басқа денесін көңмен жауып тастайды.

Тезегі: Белі шойырылған адамды жылқының жас тезегімен булау әдісі де кең қолданылған. Жас тезекті езіп тайқазанға қайнатады, қайнап болған тезекті ағаш астауға салып, үстін бір қабат жеңіл шүберекпен жабады. Оның үстіне адамды жатқызып, денесін киізбен немес тонмен жауып қояды. Осы процесті үш рет қайталайды.

11169889_1597963043776124_8971959086737857174_nШуы: Қатпа, мешел баланы тұмса биенің шуына орайды. Шудың ішінде, басы ғана көрініп жатқан баланың екі сағаттай уақыт өткен соң, шөлдеп, қарны аша бастайды. Шуға орау уақыты 2 сағаттан кем болмауы керек. Осылай күнара 4-5 рет қайталайды, онан соң шудың өзі де қатып, орауға жарамай қалады.

Тобығы: Бұрын қазақ отбасыларында жылқының тобығын жинау әдеті болған. Құлағынан бұлық аққан балаға үш жылдай кепкен тобықтың екі жағынан тесіп. Табаға қыздырып, ішіндегі майын құлағына құяды. Баланың, үлкен адамның жағы іссе (свинка) тобықты ортасынан шағып, суға қайнатып, буымен булайды.

Қарыны: Буыннан сары су алып қалған адамның буыны іскен жеріне жаңа сойылған жылқының тазқарнын тартады. Қарын ішіндегі құрттар дененің сарысуын сорып алады. Мұндай науқасқа жылқының майын да тартады, бірақ тазқарынға қарағанда майдың ондай шипасы болмайды.

Қылы: Жылқының қылымен үш нәрсені емдейді. Жылқының қылын күйгізіп, аузы уылған баланың аузына, адамның отқа күйген жеріне себеді. Мұны жазба деректер де дәлелдейді. Шыққан сүйелді жылқы қылымен байлап қояды, сүйел түбімен кесіліп, домаланып түсіп қалады.

Сүті: Қышыма (чесотка) болған адам биенің жаңа сауған сүтіне түседі, не жылқы сүйегін қайнатқан кезде шыққан майын жағады. Әйелдер шашы түсе берсе қымызға жуады.

Майы: Өкпесі ауырған( туберкулез) адам жүрек майын шикідей аз-аздап жейді. Тұмау болған адамға семіз құлын немесе тайдың жүрек майын алып, ерітіп, аш қарынға ішкізеді. Науқас жарты күндей ас-су татпауы қажет, бұдан соң құсып, әлсірейді, жөтелі басылып, жеңіл сезінеді. Жарық (грыжа) ауруын қазақтар қатты қыздырған жылқы майын жағып емдейтін болған. Адамның үсіген дене мүшелеріне жылқының майын жаққан. Үсіген жерге жылқының көкбауырын тартқан. Суық өткен адамның қалтырап тоңған, үсік шалған мүшесін қоян, қаз, жылқының іш майымен сылайды. Адамның қатты үсіген мүшесі сулана бастаған кезде, ашытқы шекер, болмаса қамыстың басындағы үлпілдегін сеуіп біраздан соң жылқы майымен майлап тастайды.

Құрық: Адамды құтырған ит қауып алса, жылқы ұстайтын құрықтың жерге сүйретілген жағын тістететін болған. Жылан шағып алған жағдайда жылан шаққан адам үш жыл ұсталған құрықты үш рет тістейтін. Тістеген кезде «ем бол» деп айтылады. Бұл емдеудің магиялық түріне жатады.

Жүрегі: Жылықының жүрегін желіккен, көтеріліп ауырған адамға ем қылады.

OLYMPUS DIGITAL CAMERAНесебі: Жылқының сиген жеріне шөп шықпайды дейді мәлімет берушілер. Қандай аяғы тершең, шуас иісі бар адамдар жылқының несебімен 3-4 рет аяғын жуғанда құлан-таза жазылады.

Тері: Асқазан қыжылдағанда (гастрит) терлеп келген аттың терінсығып алып ішеді, сонымен бірге бүйрек майын да ішеді.
Аузына жылан кіріп кеткен адамға аттың терлігін езіп жіберіп жұтқызғанда жылан іріп-іріп түседі. Халық медицинасында жылқының тері көптеген жұқпалы және қатерлі ауруларға шипа болады деп есептелінеді.

Көптеген сырқаттардан құтқаратын әмбебап ем – жылқы тері деп саналады. Қазақтың пікірінше сілікпесі шығып терлеп келген аттың тоқым-терін тырысқақ болып ауырған адамға ем, және басқа да іш ауруларына септігін тигізеді. Он-он бес шақырым шауып келген аттың терлігімен безгек адамды да қымтап, емдеуге болады. Көптеген мәлімет берушілердің айтуынша, әбден қара сүмек болып терлеген аттың терін ағаш қырғышпен қырып алып, жинап, қылтамақ болып ауырған адамға ішкізген. Әбден тер сіңген ескі қамшыны адамның тамағына өткізіп, әрлі-берлі қимылдатады. Қамшымен жасайтын бұл емді бірнеше рет қайталайды. Тер ішкен, тамағына қамшы өткізген адамдардың жазылып кеткен жағдайлары болған. Ал жылан шаққан балаға жылқның ыстық тоқымының бір шетін кесіп алып байлап қойғанда жазылып кеткенін көзімізбен көрдік. Қазақта жылқыдай қасиетті мал жоқ, оның бар нәрсесі ем ғой деп айтылуы тегін емес.

Ahmet T.Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.