Саясат БЕЙІСБАЙ. Барымташы

7521

Бетпақдаланың жазығынан шыға берісте шағын ауыл бар. Баяғыдан тұратын жұрттың көпшілігі бұл жерден әлдеқашан көшіп кеткен. Әсіресе ауылда жастар қалмады десе болғандай. Арты қырықты алқымдаған, көпшілігі жетпіс-сексенге келген ауыл қарттары қолдағы малдарына қарап, салалы сақалдарын тарап, ежелгі кәсіптерімен айналысып жүріп жатқан жайлары бар.

Ауылдағы қарттар әдетте азды-көпті малын баптап бағып семіртуге шебер-ақ. Әбден қоң жинаған ірі қарасы мен қазысы табан шығатын жылқыларды мұнда екі үйдің бірінен кездестіресің. Алайда семіз малдың өзінің әуре-сарсаңы бар. Соғым науқаны жақындаған тұста шал-кемпірде маза жоқ. Ала жаздай бағып, қоңыр күздей семіртіп, күтіп-баптаған жылқы, сиырынан әп-сәтте кім айрыла қойсын, кездейсоқ суық қолдыларға алдырып қоймаудың амалын іздеп, шарқ ұрады. Қора-қопсысын қымтап, қапы қалмаудың қамын жасаумен әлек. Өйткені, қойын алдырып, қорасын қымтап сандарын соғып қалған талайды көрген бұл ауылдың тұрғындары. Әсіресе әпербақан ұрыладың еркінсігені соншалық, көбінесе тепсе темір үзетін балалары қала жағалап кеткен, өздері ғана қалған ауыл қарияларын басынғандай әрекетке баратындары байқалып жүрді.
Қараша айының соңы болатын. Дауылбай қария қаракер атын бабына келтіріп семіртіп, енді бірер күнде сойып аламын деп жүргенде тұмауратып, күркілдеп жөтеліп, жатып қалады. Ауа райы әдеттегіден жылымық тартып, бұл аймақта бұрын-соңды болмаған күннің беймезгіл жылуы тұмау әкеледі екен. Мұндайға үйренбеген қария денесі ауыр тартып, күрк-күрк жөтеліп, ыстығы көтеріліп, ентігіп, үйден шыға алмайды. Кемпірі болса, қорадағы малға бірер мәрте жем салып, шөбін, суын беріп күйбеңдеп жүргені. Шуақты күннің шығуына орай ұсақ малдарын бір сәт сыртқа шығарып тебіндетіп алса да болғандай. Бірақ оны отағасы болмаса өзі жайып алуға шамасы келе ме, оған жасы келген кемпірдің қауқары жете ме, ана жылы сындырып алған аяғы күн бұлттанса болды қақсап, сылти басады. Ал семіртіп, байлап отырған қаракер осқырынып тұр, сыртқа шықса бой бермей кетері кәдік. Оның үстіне бабына келіп қоң жинаған жылқы әп-сәтте сылынып түсуі де мүмкін. Сондықтан қария әл жинап, бас көтергенше амалдай тұрғаны абзал.
Дауылбай қария тұмауратып, үйден шыға алмай әлсіреп қалғанын сезген осы маңайдың есерсоқтары үйді торуылдап біраз жүреді. Күрк-күрк жөтелген қарттың үйден шыға алмасын білген бұзақылар тіпті басынғаны соншалық, кеш түсіп, қас қарая бастаған тұста үйдің сыртынан келіп есікті ашылмастай сыртынан ағаш тіреп, жуан жіппен мықтап байлап тастайды. Содан төр үйдің тұсындағы терезе алдына келіп әйнекті тырсылдатады. «О, кім-әй»,- деген отағасының кемпіріне:
— Апа, ата, сыртқа шықпай-ақ қойыңыздар. Есік сыртынан бекітулі. Малдарыңның біреуін алып кетеміз. Семізі қайсы? Қайсысын алайық? – деп сұрайды.
— Ойбай ана көк сиырға тиіспеңдер, оны сауып отырмыз, бізге көжеқатық керек. Алсаңдар бордақылаған қаракерді ала беріңдер, әйтеуір бізді тақырға отырғыза көрмеңдер, — деп кемпір байғұс жалынады.
— Ендеше біраздан соң есікті өзіміз ашамыз, алаңдамай отыра беріңдер,- деп қамқорсыған бұзақы барымташылар әбден еркінсіп, білгендерін істеп, түгі жылтыраған қаракерді жетектеп кете барады.
Бұзақы баукеспелер аларын алып, алыстап шыққан соң есікті ашып кете беретін болған. Бұл тоқсанынышы жылдары алыстағы ауыл түкпірлерінде жиі орын алатын оқиға еді.

Тағы сол маңғаз даланың беймарал тұрғындары. Ауыл үй көршілес тұрған құда құдағилар, бір-бірін құдайындай сыйлаған, алыстағы ағайыннан жақын көршілер. Күнде араласып жүрген қимас, сыйлас қоңсылар. Олар да жылдағы дағды бойынша күзге дейін мал бордақылап, семіртіп, қараша, желтоқсанда сойып алатын болған. Дүкенбай болса малын жылда баптап, әбден семіртіп, табан қазы шығарда пышаққа жығуға бел байлайды. Бірақ соғымға дайындаған семіз малын бүгін-ертең соям дегенде үшті-күйлі жоғалады да кетеді.
Сан соғып, жер сипап қалған Дүкенбай жүгіріп көршісіне барады да екеулеп жоқ іздейді. Көршісі де әжептеур қиналып, атқа мініп айналаны шиырлап, талай жерді қиырлап жоқ іздейді. Бірақ еш жерден мал табылмайды. Ақыры екеулеп сабылып, салы суға кетіп, ауылға қайта оралады. Мал сол күйі қолды болып кете барады. Жылда осы. Шамасы әккі ұры нағыз баукеспе болса керек. Жымын білірмей, жібін ілдірмей, жым-жылас жоқ болады. Алыстан келетін болса керек…
Дүкенбай осылайша бірнеше жыл соғымынан айрылады. Биыл да солай, нағыз баптап семірткен қоңды малы әне-міне пышаққа ілінуге әзір.
Дүйсенбі күні малды көріп, қоңы жақсы жылқының тұрпатына риза болғанын байқаған соң енді кешеуілдетудің қажеті жоқтығын сезеді. Сәтін салса сәрсенбі күні сойып аламын, сыйлас, сырлас көршімді де соғым басына шақырып, арқа-жарқа әй бір отырамыз деген оймен Дүкенбай көршісіне хабарлап та қойған.
Балалы үйдің ұрлығы жатқан ба. Ертесінде көршісінің төрт жасар баласы келіп тұр, біздің үй соғым сойып жатыр, жылқы семіз екен дейді. Апыр-ау көршім соғым соям демеп еді ғой, маған неге айтпаған деп ойлаған Дүкенбай қой ұят шығар көмектесейін деп пышағын алып көршісінің үйіне жетіп барады.
Қараса… Түпкі қорада өзінің семіз қара кер жылқысы жайрап жатыр. Терісі жаңа ғана сыпырылыпты. Табан қазы шыққан малын жазбай таниды. Осылайша ертең сойып алам деген малы ең жақын сыйласы, құдайы көршісінің үйінен шығады.
Сөйтсе… жылдар бойы бордақылап, семіртіп отырған соғымын қасындағы көршісі сойып алып жүріпті. Беті бүлк етпей Дүкенбаймен бірге атқа мініп, жоқ іздесіп, пұшайман болатынын қайтерсің.
Ақыры… талай жылғы ұрлығын мойындап, атшапан айыбын төлеп, Дүкенбай басқа ауылға көшіп кетеді.
Мал ұрлығы біздің халықтың қанына сіңген келеңсіз қасиеттерінің бірі ме деп қаласың. Ертеректе барымташылар сойылын сүйретіп, шоқпарын шошаңдатып, жайылымдағы малдың күзетшілерін соққыға жығып, жылқыны үйірімен айдап кететін болса, қазіргілер заманның ағымына қарай өзгеше қимылдайды. Соның бірі жоғарыда айтқанымыздай әрекеттер болса, енді бірі тіпті күлкілі жәйт. Осыдан екі-үш жыл бұрын түріктердің көп сериялы «Қыналы қар» кинофильмі Қазақстанда жаппай көрсетіле бастады. Кешкісін, ауылдағы жұрт малын қораға қамай салысымен асығып-аптығып, түрік сериалын көруге жүгіреді. Тайлы-таяғымен теледидарға телміріп, шытырман оқиғалы картинаның соңы немен бітер екен деп, асыға күтумен болады.
Осылайша есі кеткен ел жаппай есі шығып, сериалға елтіп отырғанда әккі баукеспелер алаңсыз қораға кіріп, малды жетектеп әкететін болған. Содан ауылдың аңқау тұрғындарын мазақ еткендей, «сендер Жаппар төрені көріп отыра беріңдер, біз малдарыңды ұрлап кеттік» деп қағазға жазып, қораның есігіне іліп кеткен оқиғалар да ұшырасты.
Осыдан оншақты жыл бұрын көршілес қырғыз елінен Алматы облысына айыр қалпақты ағайындар жаппай ағыла бастады. Оның себебі, сол елдегі жұмыссыздықтың салдарынан. Солардың біраз бөлігі темекі дақылын өсіретін аймаққа келіп, қара жұмысқа жұмылды. Олар көбінесе Ош облысынан келгендер, темекі өсірудің жай-жапсарын біледі. Солармен бірге ауылға есірткі деген індет те еніп кетті. Қазір кейбір ауылдарда соның келеңсіз көріністері байқалады. Алатаудың арғы бетінен келген ағайындарды жергілікті жұрт он-ондап жалдап алып темекі өсіртетін. Жыл сайын арнайы сол жаққа барып, қырғыздарды автобуспен алып келетін. Сөйтіп оларды жергілікті тұрғындар таңдап, жалдап алатын. Кейін келе тіпті Ош жақтан жұмыс іздеушілерді арнайы алып келушілерден сатып алатын болды. Әлгілердің бұлшық етін көріп, тісіне қарап, арлы-бері жүгіртіп, секіртіп, дегендей әлжуаз емес, жұмысқа жарамды бейімділерін таңдап алатынды шығарды. Олар да қарап жүрмейді, осы жерге үйреніп, тіпті кейбірі жергілікті қыздарға үйленіп, немесе тұрмысқа шығып жатқандары да ұшырасты. Қазір Қазақстанда қалып қойған қырғыз ағайындар аз да болса баршылық. Ал солардың ішінде ала жаздай жұмыс істеп, еңбекақыларын алған соң елдеріне қайтар жолда жайылып жүрген малды айдап, Алатау асып, қырғыз еліне қарай тартып отырғандар аз болмады. Бұл да барымтаның бір түрі дейміз бе білмеймін.
Айта берсе, мал ұрлау төңірегінде әңгіме аз емес.

Saiasat B.Саясат Бейісбай, журналист

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.