Смағұл ЖҮНІСХАНҰЛЫ. Оспанның Қызыл аты

10260

Оспан — Бегжанның Топай деген баласынан тарайды. Ел Ошың дейтін. Ұзын бойлы, еңкіштеу еңсегей қара сұр адам еді. Көбінде құнжыңдап жүретін. Адамдармен көп қатынаса бермейтін. Рақима шешемізбен ерте отасса да, өз кіндігінен бала болмаған. Иә, тағдыр кейде қатал. Біреуді одан, біреуді бұдан тарықтырады да қояды. Рахима анамыз да көпшіл, ақкөңіл, қолы ашық адам еді. Ертерек дүниеден озды.
Ошыңды жұрт жасында сері, атбегі болған деседі. Сол атқұмарлығын өмір бойы тастамай бір жақсы атты баптаумен өтті. Ошыңды Қобда бетіне танытқан, әрі тарихта ел аузында есте қалтырған әйгілі Қызыл аты…
— Ойхой шіркін, дүние-ай! Қызыл атымнан айрылғанда жарты жаным кеткендей болды ғой!—деп күрсінгенде көкірегі қарс айрылатын…
Қобданың құлагері аталған Қызыл ат Алтай, Қобдада алдына қылқұйрық салмап еді кезінде… Иесі де оны аянбай-ақ баптады: Өзіне жеке үй тігіп, биенің саумалы, сиырдың сүтімен суарып мәпеледі… Қызыл ат та сенімін адал ақтады.
…Міне, сондай жағасы жайлау көңілі шат бейғам жүргенде «байдың тұқымы» деп үкіметтен қуғын көрген әйгілі Көбеш батыр ұрлап мініп, Алтай асып кеткен еді. Амал қанша, басын тасқа да ұрды, тауға да ұрды… Қанша іздесе де Қобда бетінен Қызыл аттай жүйрік таппай шарқ ұрды.
Қызыл аттың да Алтайда абыройы тасып, бас жүлдені бермегені еміс-еміс естіліп жатты. Осыдан соң Ошың да күрт шөгіп кетті. Жұбайы қайтқан соң, көп үйден шықпайтын, той-томалаққа да албаты бара бермейтін.
Әлі есімде, 1980-жылдың жазында Шыбарқарағайда үш ауданның күндігі аталған әжептәуір той болды. Аттарды жіберіп, Бәйгетөбеге бара жатқанбыз. Менің астымда қызыл бесті атым бар, шауып бара жатқанмын. Артымнан біреу айқайлап, атымды атап шақырғанға жалт қарасам, Бапал деген ағай екен. Ол:
— Сені Ошың шақырып жатыр. Әне топта тез алдынан бар!—деді. Мен бұрын Ошыңды сырттай естуім болмаса да, бетпе-бет сәлем беріп сөйлескен жоқ едім. Желіп келіп сәлем бердім. Ол кісі сәлемімді алып жөнімді сұрады. Мен аты-жөнімді айттым.
–Е, өз балам екенсің ғой, — деді де қойды. Байқаймын, екі көзі менің астымдағы атта. Алдына да, артына да шығады. Бір кезде ол:
— Аттан түс!—деді маған. Түстім. Ошың да аттан түсіп, енді аттың әр жерін ұстап сынай бастады.
– Атыңның не өнері бар? — деді.
– Ешқандай, жақсы желеді, шабысы онша емес, — дедім мен.
Ол кісі ұзақ ойланып, қасындағы еріп жүрген қарияларға бағыттап:
— Қараңдаршы, менің қызыл атыма қалай ұқсайды? Жаңа көзіме сонадайдан жарқ етті. Бұл тегін жылқы емес. Міштаридің қызыл биесінің тұқымы болуы мүмкін…—деп өзара әңгімелесіп кетті.
Әрі-беріден соң мені тағы да қасына шақырып алып:
— Балам, мына атыңды маған бер. Баптап көрейін. Болмаса көзіме қызыл атымды елестетіп жүрсін, — деді. Мен үндемедім. Ошың аз бөгелді де:
— Бапал, бер андағы жүйрік торыны, мына балаға, жас жігітке жарасымды жылқы ғой, әкесіне өзім сөйлесермін — деді. Мен тағы да үндемедім. Бапал атынан түсіп, айылын ағытып, ерін алуға дайындалды. Бапал да атбегі, сері, талғампаз адам еді. Оның торы аты үнемі шылбыр ұстатып жүрген, ойнап басатын әсем жануар еді. Іштей қызықсам да, әрі-сәрі күйде үндемей тұра бердім. Менің ау-жайымды аңғарған Ошың:
— Жарайды, қысамайын. Әке-шешеңе айтып әкеліп тастап, торы атты алып кетерсің, —деді. Үйге келген соң, біз ұзақ дауластық. Күнделікті қойға мініліп жүрген қызыл атқа жүйріктік қайда? Ұят болар. Үндемейік. Осылай деп ақылдастық та, қоя салдық.
Күзде шөпке мініп келіп, аудан орталығынан айрылып қалып, жоғалтып, таппай жүргенде, Сарығобыда Ошыңның жылқысына қосылған жерінен қасқыр жеді… Сонда атымнан түсіп, Ошыңдай адам қолқалап тұрғанда бере салмағаныма әлі өкінемін. Қараңызшы, Алланың ісін! Айдаса да бармайтын жерге барып, дәмі сонда таусылғанын…
Иә, Ошыңның Қызыл аты туралы талай жазылды, күй де бар… Мен толғауымды оқып бергенде, Ошыңның жылағанын көрсең… Асылы Ошың қырыс мінезді, діні қатты сұстылау адам. Албаты нәрсеге мән бере қоймайды. Қызыл ат ол кісінің бақыты да, байлығы да еді. Қалған өміріме алданыш етем деген жұбанышы еді. Соңында бірнеше ат баптаса да, сенімін ақтай қоймады…
Ошыңның тағы бір ерекшелігі — шайқұмарлығы еді. Бұрынғының опырма, үнді шайларын талғап ішетін, және бір ішкенде терлеп, тепшіп бірнеше шәугімін төңкеретін. Ол кісінің інісі Мысақан да аса шайшыл адам еді.
– Шіркін, опырма шай болса, — деп отырушы еді жарықтық…
Иә, өзім осы екі атаның да көзін көрдім. Әңгімелестім. Бірақ ол кісілер бұл дүниеден кетеді-ау деп ойламағандықтан қаншама қымбат сырлары іште кетті…

Оспанның Қызыл атын жоқтауы (толғау)Eskertkish

Армысың, ер қанатым, Қызыл атым!
Көңілім сені ойласам бұзылатын!
Көркіңе, қылығыңа көзі тоймай,
Көрген жан таңдай қаға қызығатын.

Атағың қауымың түгіл жатқа мәлім,
Күтпеген ем деп сенен бақ табамын.
Басыңнан күн өткізбей шаң қаптырмай,
Құлыныңнан мәпелеп баптағамын.

Өткізбей мәпеледім басыңа күн,
Жақсының әрқашан да қасы қалың.
Татқызып шөп құнарын, су тұнығын,
Қымыз бен сүт, қант беріп асырадым.

Сен кие ең, жаулап алған мені мүлде,
Болмайды жастық дәурен желі кімде.
Өмірде үмітімді көкке өрлетер,
Сен едің жанға балар серігім де.

Бөлінсе араздықпен ірге кейде,
Қаны бірдің ұраны бір демей ме?
Қызыл ат дәуірінің тұлпары еді,
Өтпеген онан дүлдүл бұл Керейде

Армысың, Қызыл атым, арғымағым,
Өзіңмен халық танып жанды бағым.
Аңдушыны алушы жеңіп шығып,
Айрылып қапелімде зар жыладым.

Қызыл ат, қызығым ең, алданышым,
Қайтарар сені кері бар ма күшім?
Өрт шалған тұлдыр терек секілденіп,
Сорлы шал зар еңіреп қалғаны шын.

Жалшы мен берген кезде жетімге ерік,
Бірақ біз жұрт қатарлы желпінбедік.
Қызыл ат кеткеннен соң жалғыз қалдым,
Адасқан жалғыз арқар секілденіп.

Қайдан да өзім деген дос табатын,
Қобдада атбегі едім Оспан атым.
Жылқымен мінезім бір, рухым бір,
Кезі жоқ бәйге алмаған қосқан атым.

Қызыл ат, қызығы ердің, ұраны елдің,
Көңілімді тек өзіңе бұра бердің.
Өр Алтай, Қобдадағы сыңары еді,
Арқада аты шыққан Құлагердің!

Итерді сені дауыл өтіне кім?
Өткінші сұм жалғанға өкінемін.
Шықпайсың жатсам түстен, тұрсам ойдан,
Қайғыдан қарс айрылар көкірегім…

Қызыл ат, жанға өлшеген дүлдүлім ең,
Айрылам демеп едім, бір күні мен.
Әдейі сан соқтырып, қан қақсатар,
Көбеш-ау, мен неңді алып, бүлдіріп ем?

Адамдық асыл сезім жоғалды ма?
Білмеген сауап, тілек, обалды да.
Ел асып, бетіңе ұстап барғаныңда,
Қызыл ат саған қорған бола алды ма?

Қалдырған өкінішке жастай мені,
Ешбір жан шекарадан аспай бері,
Қызыл ат келер жылғы ұлы тойда,
Алды деп естіген ек бас бәйгені.

Көңілді көмескі бір сағым арбай,
Өкініш, сағыныштан арыла алмай.
Жүргенде мас пендедей мең-зең күйде,
Болып ем қуаныштан жарылардай.

Болып еді Қызыл атпен бағым басым,
Арнаған ғұмырымның жарым жасын.
Басымды тауға ұрсам да, тасқа ұрсам да,
Білемін, сендей дүлдүл табылмасын.

Шағумен жатқа мұңды, досқа арманды,
Зар илеп, артыңда иең Оспан қалды.
Жоқтаумен күңіреніп мен өтермін,
Пырағым, Қызыл атым, қош бол мәңгі!

Smagul Zh.Смағұл Жүнісханұлы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын, зейнеткер ұстаз

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.