Жылқының терісі, қылы, тұяғы, сүйегі, тезегі

42946

Терісі

Ер-тұрманның барлық жабдықтары жылқының терісінен жасалады. Жалы мен құйрығы көшпенді тұрмысқа аса қажетті арқан-жіптен бастап, киіз үйдің бау-шуына дейін пайдаланылады. Құлын мен тай терісінен қазақтың ең бағалы, асыл киімдері – жарғақ пен тайжақы тігілген. Х.Арғынбаев жарғақтарды екі түрге бөледі. Тақыр жарғақ және құлын жарғақ.

TerisiЖарғақ – тай терісінен иленіп, сырты кестеленіп тігіледі.
Құлын жарғақтар – жүні сыртына қаратылып, көбінесе қара түсті құлын терілерінен, жалы жонына келтіріліп, астына астар салып тігіледі. Палластың, Георгийдің және Левшиннің кітаптарында жонында жалы бар жарғақ киген қазақтардың суреттері анық көрсетілген.
Жарғақтар ХІХ ғасырдың соңында-ақ қазақ өмірінен жоғала бастаған. Жоғарыдағы зерттеулерде жылқы терісінен жасалған киімдер жай аталып қана кетсе, орыс шенеуніктерінің құжаттарында бұл киімдердің қалай жасалып, тігілетіні және бағасы нақты берілген: «Иленген құлын терісінің жүні ешқашан сыдырылмайды, терілер тек қана қазақтардың өздері киетін тоны – жарғаққа пайдаланылады, 1 айдан 4 айға дейінгі теріні құлын жарғақ деп, одан жоғары 7 айға дейін жабағы терісі немесе тай терісі деп аталады. Құлын жарғақ тай жарғақтан неге жоғары бағаланады? Біріншісі, (құлын жарғақ – А.Т.) терісінің жеңілдігі мен жұмсақтығы, жүнінің біркелкілігі және жарқырап, құлпырып тұрғанына байланысты тай жарғаққа қарағанда екі есе қымбат, әсіресе қара түстілері: 25-30 руб., ал бір тері 2-3 руб. тұрады. Тай жарғақ 10-15 руб. тұрады, оның жүндері ұзын, жалбыраған, құлын жүніндей ұяң және жарқырамайды, терісі қалыңдау. Тай жарғақтың желтоқсан-қаңтар айындағыларының жүні жақсы сондықтан жүнін сыртына қаратып киеді. Ақпан, наурыз айларында терілердің өңі өзгеріп, күңгірттене бастайды, олар арзан болады және жүнін ішіне қаратып тігеді…» (ҚР ОМА. 25-ф. тізбек 1. №4118-іс. 99-б.) Ірі жылқының терісінен тулақ, құлын терісінен түгін сыртына қаратып, арасына қойдың жүнін салып, кездемемен тыстап, төсеніш көрпе жасайды, мұны бөстек немесе тайкөрпе дейді. Бөстекті (тайкөрпе) екі тайдың терісінен жасайды, әрі жамылғыш, әрі төсеніш болады. Тайжақыны (тайтері) жабағы жүні тығыз 6 айдың терісінен тізені жауып тұратындай қылып тігеді. Әбден иленіп иі қанған құлын терісінен жарғақ шалбар тігілген.
Көшпенділердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі – етік пен шалбарды ойлап табуы, екеуі де атқа салт міну қажеттілігінен туған. Көшпенділердің көне кебіс-мәсі мен саптама етік үлгілері қазақтарда әлі күнге дейін сақталған.

Кебіс-мәсі – әйелдердің аяқ киімі, саптама – ерлердікі. Мәсі жұқа былғарыдан тігіледі, әйел адамның аяғына киілетін былғары байпақ деуге болады. Кебіс – жылқының көк сауыр деп аталатын көн терісінен тігіледі, өкшесі биік, өкшеге күміс тіреме батқы қағылады, әшекейлеп безендіріледі. Кебісті мәсінің сыртынан киеді. Енді бір аяққа неге екі аяқ киім киіледі деген сұраққа келсек, әйел адам алғаш атқа мінгенде балтырын қажамас үшін жұқа былғарыдан мәсіні ойлап тапқан. Ал мәсінің алдында қонышы ұзын жүн байпақ киген, одан соң былғары байпақ, соңында мәсіге айналған. Аяқ киімдердің осылайша ауысуына ұзақ уақыт эволюциялық даму керек болды. Енді үзеңгі пайда болғанда аяқты ауыртпай, нық ұстау үшін, мәсінің басына қатты аяқ киім – кебіс ойлап табылды.
Ерлер жортуылға шығып аң аулап, әскери жорықтарға қатысу үшін жұмсақ аяқ киімдер мәсі мен кебіс біріктіріліп тігіліп саптама етікке айналды. Сонымен VІ-VІІ ғасырларда үзеңгілі ер тұрманның өмірге келуі-өкшесі бар, қалың табанды мәсінің кейін саптаманың пайда болуына себебін тигізді. Саптама – қос ұлтарақ салып, қос байпақ киіп, шұлғау орап, шалбардың балағын қонышына салып киетін, қонышы тізеден асып, балтырға жететін басы үлкен, жайтабан етік. Саптаманың қонышы жылқы терісінен, ұлтаны сиыр терісінен тігіледі. Саптаманың б.з. V ғасырында пайда болғанын Пазырық қорғандарынан табылған қонышы тізеден асатын, жұмсақ байпақтар дәлелдейді. Саптаманың ең басты артықшылығы оңы мен солы жоқ, оң етікті сол аяққа, сол етікті оң аяққа ауыстырып кие береді. Мұның өзі саптаманың өте ертеден келе жатқан аяқ киім екенін көрсетеді, себебі көне заман көшпенділері алғаш етікті ойлап тапқанда оң мен солына мән бермеген. Кейін етікшілер бұл дәстүрді сақтап қалған, оңы мен солын ауыстырып киген аяқ киім аз тозады. Қазір де Қазақстанның қысы қатты аймақтарында етікшілер саптаманың бұрынғы моделін сақтай отырып, яғни оңы мен солын бірдей етіп тігеді.

Жылқының бас терісінен түгі өкшесіне қарайтындай етіп пішіп, ағаш қалыпқа салып, шеттерін бүгіп, қайыстан бау тағып, аяқ киім жасайды, оны шарық деп атайды.
Шарық қойшылардың арнаулы киімі, бір жылға малшыға екі пар шарық берілетін. «Жаяудың аты-шарық, күші – азық» деген мақал осыдан қалған.

Талыс – жылқының бітеу сойылған бас терісінен және жон берісінен жасалатын дорба, құрал-сайман салуға арналды. Талысқа етікші, зергерлер, т.б. қолөнершілер шеберлік аспаптарын салады. Жылқының бас терісінен жасалған талыс өте сирек кездеседі, қазір осындай талыстың бір данасы Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде халық шебері Д.Шоқпарұлы жасаған көне талыстың көшірмесі сақтаулы тұр.

Шынықап – көшкенде шыны, кеселерді алып жүруге арналған, жылқының көн терісінен жасалады, екі жағы екі жарты шар сияқты, жабылғанда бастырмамен өрнек салады, формасына қарай бүйірінен – үш жерінен жылқының құйрық қылынан, немесе екі шардың ортасынан екі шашақ қойылады. Керегенің көзіне, қабырғаға іліп қойғанда әдемі көрінеді.

Дәріқалта – бие құлындағанда, құлын алда-жалда шығын болса, терісін сойып алып, құлын жарғаққа пайдаланады. Ал бас терісін бітеу сойып, екі құлағын алып тастап, мұрны, көзі, ауыз қуыстарын ішіне жымдастырып тігіп, аударып түгін сыртына қаратады. Аузының екі жағына қатты кепкен арша, тобылғыдан өрнек сала отырып, ұзындығы 10-15 см, ені 1-1,5 см ернеу орнатады, сонда аузы ағаш қалта пайда болады. Үш жерден тесіп қайыс бау өткізеді, бауды тартқанда ағаш ернеулер бір-біріне қабысып, қалта жабылып қалады. Қалтаның алдыңғы жағында құлынның беткескіні анық көрінеді. Мүны дәріқалта деп атап, ішіне сирек кездесетін – адамға керекті дәрілерді (аюдың кепкен өті, сынап, күкірт, т.б.) сақтап қояды. Құлынның бас терісінен жасалған дәріқалта өте сирек кездеседі, музейлердің өзінде жоқ.

Шайтұлып – Баян Өлгий, Алтай аймағы қазақтарының бұрынғы кезде үлкен тақта шайларды салуға арнап жылқы, кейде серке терісінен жүнін сыртына қаратып тігілген дорба. Шайтұлып өте қарапайым, ұзындығы 30-40 см, көлденеңі 20-25 см екі жағынан қайыс бауы бар, аузы тұтастай ашық, қарапайым тілмей айтсақ, теріден тігілген дорба сияқты. Киіз үйлердің тамақ қоятын бөлігіне бауынан керегенің көгіне іліп қояды. Шайтұлыпқа су, дымқыл өтпейді, тез тозбайды.

Сүйегі

attaraktarҚыс бойы соғымға сойылған мал сүйектерін тастамай жинап отырған. Қыс аяқталып, ел көктемге көшерде шеберлер қыстау-қыстауды аралап жүріп, иелерімен келісе отырып, жылқы мен түйнің қабырға, жақ, жауырын сүйектерін жинаған. Шеберлер сүйектерді қайнатып, майынан арылтқан соң піспек, кір оқтау, асадал, адалбақан, сандық, кебеже сияқты үй жиһаздарын әшекейлеуге пайдаланған. Сүйекті тесік қазанға салып астына от жағып күйдіру нәтижесінде ағызып алынған иісі бар қара майды арбаның дөңгелегін майлауға, не күлмен қосып қайнатып, сабын жасауға дайындаған.
Жауырын сүйегінен жасалған, өте сирек кездесетін көне заттардың бірі – қож немесе қалақ. Қожды жауырынның ортасындағы қыр сүйекті ізін де қалдырмай шауып тастап, бас жағынан қайыстан бау тағып жасаған. Мәлімет берушілердің айтуы бойынша Іле өзенінің жағасындағы қазақтар жылқының қос жауырынын бір білеу ағаштың екі басына бекітіп, ескек ретінде қолданған.
Ертеде Жайық, Атырау қазақтары су үстіне мұз ойып, қармақ, ау салғанда шананың үстіне жылқының үрген қарнын байлап қоятын. Аяқ астынан мұз жарылып кеткен жағдайда, үрген қарын шананы суға батырмайды.

Suiek shangyСойшаңғы – жылқының жіліншік сүйегін екіге бөліп жасаған коньки. Сойшаңғыны жасау үшін жіліншік сүйекті арамен кесіп, екі басын қайқайтып егейді. Алдыңғы жағынан тесік тесіп, оған қайыстан бау тағады, оны мұрындық дейді. Артқы тесікке тығылған тұйық бауды өкшелік дейді. Сойшаңғыны балалар киізден басылған аяқкиім – шәркейдің сыртынан байлап, таяққа тіреніп мұзда сырғанаған. Сойшаңғы Шығыс Қазақстанда ертеректе кең тараған. Көкшетау облысы Шағалалы қыстағынан табылған көне дәуірдегі коньки ХІХ ғасырдағы қазақтың сойшаңғысына өте ұқсас. Осы фактілерге қарай отырып, конькиді пайдалану Қазақстан территориясында ерте заманннан келе жатқан құбылыс деуге негіз бар.

Тұяғы

TuiaktakaТұяқтақа – аяқ киімге байлап алатын таулы-тасты, лайсаң сазды жерде жүруге арналған, жылқының тұяғынан жасалатын тақа. Жаңа сойылған жылқының төрт аяғын кесіп алып, ішіндегі шеміршек мүйіздерінен аршиды да, алдыңғы аяқтың тұяғы мен артқы аяқтың тұяқтарын бірнеше жерінен тесіп, қайыстан бау өткізеді. Тұяқтақаны таулы жерлерде қойшылар киген. Жетісуда, Шығыс Қазақстанда бір қысқа бір қойшыға екі пар тұяқтақа берілген. Тұяқтақаның көне, әдемі жасалған бір үлгісі Шымкент қаласының тарихи өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Тұяқтас – жылқының қос тұяғынан жасалған көне ұрмалы музыка аспабы. Жылқының, көбінесе тайдың алдыңғы екі тұяғын тұзды суға салып біраз қайнатып, ішіндегі сіңір, шеміршегін алып тастап, күннің көзіне, желдің өтіне әбден кептіреді. Тұяқтың табанын жабатындай етіп тегістеп жонып, жылқының шап терісінен керіп желімделеді. Қолға ұстау үшін жалпақ қайыс бау тағылады. Қазақ музыка аспаптарын зерттеуші, профессор Б.Сарыбаев тұяқтастың тағы бір ескі көне түрін 1960 жылдары Шығыс Қазақстан облысынан тапқан. Тұяқтастың тағы бір түрі Ықылас атындағы музыка аспаптары музейінде сақтаулы.

Тұяқсірге – бұзау ембес үшін жылқының тұяғын екі жағынан жесіп, бұзаудың мұрнын тесіп, кигізіп қояды. Тұяқсірге музейде, жеке коллекцияларда кездеспейді. 1988 жылы Жетісу этнографиялық экспедициясы кезінде Талдықорған облысы Қаратал ауданынан таптым.
Тарамысынан кереге көктейтін таспа жасайды.

Жылқы қылы

AtzhelpuishКүнделікті тұрмыс-тіршілкте кеңінен пайдаланылған. Жылқы қылы құйрық және жал қылы болып екіге бөлінеді. Құйрық қылына қой, түйе жүндерін араластыра отырып арқан, қыл арқан, қыл шылбыр, құрық бау есіп шығарған. Далаға түнегенде адам өзін айналдыра қыл шылбырмен қоршап тастаса, жылан, т.б. жәндіктер жоламайды деген бар. Қобыздың ішегіне тек жылқының құйрық қылы ғана пайдаланылған.
Қыста аппақ қарда көз қарлығудан қорғану үшін жылқының қылынан торкөздеп тоқылған жан-жағы былғарымен жиектелген көзілдірік қолданылған, мұны қыл-көзілдірік немесе сарапшын деп атйады. Құсбегілер мен аңшылар құс салуға құйрық қылдан жасалған қыл тұзақтарды қолданған. Іле, Балқаш бойында қырғауылға қыл тұзақ қою әлі күнге дейін кездеседі. Бие сүтін сабаға құярда сүзетін сүзгішті қылдан тор көздеп тоқыған – мұны қылқұйрық сүзгіш дейді…

Елгезер – дөңгелек қылып қатырған, қайыңның қабығына ұстатылған, жылқы қылынан жасалған ұн елейтін елеуіш Алматы облысы Кеген ауданынан табылды. Маса, шыбын-шіркейден қорғану үшін жылқының құйрығын бітеу сойып алып, кептіріп тобылғыдан, ырғайдан сап орнатып, сапты жезбен орап, кейде күміс шаптырып, әшекейлеп жасалған желпуіштер болған. Өте сирек кездесетін бір жағы желпуіш, екінші жағы қамшы болып өрілген желпуіш өз коллекциямызда сақтаулы. Жылқының құйрық қылынан сыпырғыш жасау да кездеседі. Артық қалған қылды Ресеймен шекаралас ауданның қазақтары ХІХ ғасырдың аяғында базарға шығарып сатып отырған. Құйрық қылдың бір пұты 13-14 руб., жал қылы 8-10 рубль тұрған.

Жылқы тезегі

tezegiЖылқы тезегі сиырдың, түйенің, қойдың қиына қарағанда отқа жағуға жарағанмен, қызусыз болады. Отыны аз жазық жерлерде (Батыс Қазақстанда қазірге дейін кездеседі) жылқының қысқы тезегін бір жерге үйе беретін болған. Көктем шығып, күн қыза бастағанда үйген тезекті су араластырып атпен айдап, астау, болмаса екі тегенеге (елегенге) нығыздап салып аударып тастайды. Ыдыстың қалыбынан шыққан тезекті домбай деп атаған. Үйдің қабырғасының сылағы түспес үшін, қара сылақтың сыртынан жылқының тезегін қосып тағы бір рет сылақ жүргізу Қазақстанның көптеген жерлерінде кездеседі. Оңтүстік Қазақстанда тандыр-пештерді топырақ, ұсақ тас, жылқының тезегін қосып сылайды. Қу тезекті масаға түті салуға қолданған. Жаңа қазанның темір дәмін кетіру үшін тезекті суға салып қайнатқан. Қазақ ұсталары темріден қылыш, айбалта, семсер, қанжар сияқты кескіш қаруларды соққанда жылқыныңы несебі мен терін қосып суарған.
Моңголия Республикасы Қобда аймағының қазақ және моңғол малшылары жұт жылдары бұрын жылқы жайылған жерлерді тауып алып, орнына қой өргізген. Жұттан әлсіреген қойлар жылқының тезегін түйіршігін де қалдырмай жеген.
Қазақстанның көп жерінен атақты адамдардың мазарлары туралы әңгіме бола қалғанда, кірпішті жылқының қылын аралстыра отырып қымызға илеген деген әңгімелерді әлі күнге дейін естуге болады. Кірпіштердің, балшықтың құрамын арнаулы зертханаларда зерттесе, бұл әңгімелердің анық-қанығына жетуге болар еді.

Axmet.TАхмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.