Жүйріктен қалған бір белгі

8354

Есет атам 1960 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Қопа өңіріне көшіп келгенде түркмен елінен ала келген үш арғымағының бірі Жирен қасқа жүйрікті Сағызда тұратын тіней нағашысы Имат «Победа» автокөлігін алғанда сыйға тартты. Айта кетерлігі атам үшін Сағызда тұратын Баянқұл, Имат Сыран секілді тіней нағашылардың орыны бір бөлек болатын. Ол кісілермен ерекше сыйласып, етене араласты. Атам екінші Қара арғымақты «мұның баласы жүйрік болады, бұл Адай жылқысының тұқымы деп кеңшардың жылқысына қосып, үйірге салды. Ал үшінші арғымағы — сол жылы құнан шыққан Кершабақты «бұл аттың жүйріктігі тек өз басында, тұқымы жүйрік болмайды, сондықтан жылқыға қоспай тек бәйгеге қосу керек» деп, жеке дара баптады. Кершабақ талай рет Ақтөбе, Атырау, Орал облыстарының өңірінде бас бәйгені бермеді. Есет атам мен Кершабақ ат туралы Байғанин аудандық «Ленин туы», Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газеттері, тағы басқа басылымдар мақала жариялады. Бәйге бала Кәрісбай ағам Күмісбай бапамның ұлы.
Кершабақ жүйріктің барлық әбзелдері өте әдемі, сәнді болатын. Сол кездің өзінде ешбір үйде жоқ, шашақты күмістелген қамшы, күміс шегелі, жібек жоналы ер-тұрман, бәйге атқа жем беретін қалы ат дорба біздің үйден табылатын. Бәйге аттың жаздық жібек жабуы, қыстық күздік жабулары бөлек-бөлек кәдімгі сәнқой адамның киімдері сияқты түпкі үйде ұқыптылықпен таза сақтаулы тұрушы еді. Анам Ақзиза әлгі ат жабуларды өзі тігіп дайындап жыл сайын жаңалап отыратын. Бір өңкей аппақ және шым қара күзем жүннен жұқалап киіз басып, әрқайсысынан өз алдына бөлек-бөлек жабу пішіп, оның беткі өрнектерін бояулы жіп иіріп өрнектеп, кестелеп, әсемдеп тігетін. Сонда жүйрік аттың терісіне өзге затты тигізбей тек табиғи таза жабуларды жауып баптайды екен ғой. Атам өмірден өткен соң үш інісі мен үш ұлы Кершабақ арғымақты күтіп, тәрбиелей алмады. Өйткені олардың кеңес шаруашылығының мігірсіз жұмысынан қолы тимейтін. Бойжеткен қыз, апам Ажархан ғана атқа қарап, жем-суын беріп жүрді. Бірақ бәйгеге қосылып үйренген жүйрік арқандап қойғанға шыдамай, қазығын үзіп кете бергесін, жылқыға қосып еді, үйірдің айғырларын талап, жылқышыларға жақпады. Ақыр соңында қайран жүйрікті атама алыс нағашы болып келетін Жылыой өңіріндегі тіней ауылының бір азаматына сыйлап жіберді.
Бәйге аттың бүкіл әбзелдері үйдің түпкі бөлмесінде қала берді. Атамның інісі Бисекеш көкем әр келген сайын анамнан «Жеңеше Кершабақтың ерін берші, жабуын берші» деп сұрап алып кететін. Қайныларын өте құрмет тұтатын анам оларға бәйге аттың әбзелдерінен сұраған бұйымдарын беріп тауысты. Сөйтіп, қайран жүйріктің ер тұрманын Бисекеш көкем кеңшардың қойын бағуға мінетін жабы аттарға салып, шаруашылыққа пайдалануында жүріп тозды. Қалы атдорбаның біреуімен Дүйсенбі ағам кеңшардың мінгі аттарына жем беретін. Үйде Кершабақтың жабдығынан жалғыз-ақ белгі қалыпты. Ол қалы өмілдірік. Бұл сірә шаруашылыққа қажет болмағандықтан үйде қалған болар деп ойлаймын. Анам марқұм қайтыс болғаннан кейін бұл өмілдірікті Меделхан апам көзінің қарашығындай сақтап жүрді. Кейін бұл бұйымды кенже сіңлім Жәкенай қалап алды. Қазір қалы өмілдірік сол үйде, кенже қыздың күйеуі Мұхиттың үйінде сақтаулы. Жүйріктен қалған бір белгінің тарихы осындай Ал, Кершабақтың кейінгі тағдыры жайлы білмеймін, бәйгеге тағы қосылды ма, озды ма екен, ол кезде мен кішкентай болатынмын. Кейін есейгенде әкемізден сұрамаппын. Тек есімде мықтап сақталғаны — атам өмірден өтіп, намазы шығарылып, ақырғы сапарға аттанып бара жатқанда ауыл шетінде арқандаулы тұрған Кершабақ қазығын айналып жанұшыра оқтын-оқтын кісінегені. Осы бір сәт, жүйріктің кісінеген дауысы құлағымнан әлі күнге кетпейді. Бәлкім менің өлеңге құмар қылған, музам осы шығар.
Есет атамның айтқаны айнымай келді. «Кершабақ айғырдың баласы» деп торы ала аяқ атты баптап Дүйсенбі ағам бәйгеге қосып көріп еді, әлгі ат жүйрік болып жарытпады. Ал Қара арғымақтың баласы Қара атты әрі нағашы, әрі құдамыз Тіней Мұса Итбайұлы жаратып Есет тәтем өлгеннен кейін бәйгеге қосты. Мұса осы атты талай бәйгеден келтіріп, тінейлік сәйгүлік баптау өнерін кеңестік кезеңде де көрсетіп, дәлеледей алды.
Айта кеткім келгені Есеттің әулеті Қопа колхозының, кейін жаңадан құрылған Крупская атындағы кеңшардың шаруашылығын өркендетуге мол үлес қосты. Інісі Алпамыс — жылқышы, Ығылман — ірі қара фермасының басқарушысы, кеңшар жанар жағармай беру базасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.Ығылман әкем қазақ халқының ру шежіресін, Адай тарихын, кіші жүздің бұрынғы жыршы жыраулары мен күйшілерінің шығармаларының шығу тарихын жетік білетін. Осы мүмкіндіктерімен ерекшеленіп, сый құрметке ие болған, ел ішіндегі аса ықпалды адам еді. Бірегей болмысы мен ірі азаматтық қасиеттерінің арқасында Естөре Оразақов, Ғарифолла Құрманғалиев, Қабиболла Сыдиықов, Әбіш Кекілбаев, Әзидолла Есқалиев, Мұрат Өскенбаев, Есір, Құлшар күйлерін орындаушы, «Жеті қайқы» әндерін, көне жыр мұраларды ұрпаққа жеткізуші Жанақ Қарағұл Қонаршыұлы, Жақсылық Елеусінов, Қобылаш жыршылармен жақын достық байланыста болды. Бұл өнер адамдарының барлығы үйіміздің төрінде болып, дастарханымыздан дәм татты. Жыршылардың жыры мен ғұлама мықтылардың әңгімесін тыңдауға мүмкіндік туған сәттер балалық шақтағы жарқын сәттер болып есімізде қалды. Қабиболла ағаға көне жазба өлең жырлар беретін. Кеңшарда қарапайым қызмет атқарып жүріп, аудан шаруашылығының қиын мәселелерін жоғары орындарға тайсалмай қойып, шешімін табуға ықпал жасайтын аса беделділігімен ерекшеленді. Талай жағдайы жоқ адамдарға жақсылық жасап, қамқорлап, істі болғандарын жазадан құтқарды. Оның тірліктегі істері жөнінде аңызға бергісіз әңгімелер ел ішінде жетіп артылады. Соның бірі Кеңес үкіметі кезінде өзі тұратын Бейнеу кентіндегі СССР-дің 60 жылдығы атындағы көшеге Тобанияз Әлнияұлының атын алып беруі. Ұлт мүддесіне бүкіл өмірін арнаған, бірегей тұлға, бір сөзді әкем 2000 жылы шілде айында қайтыс болды. Ығылман тәтемнен кейінгі Есет атамның екі ұлы Күмісбай, Дүйсенбі, інілері Бисекеш, Жаумытбай, Тасболат — шопан болды. Әсіресе, Дүйсенбі Есетұлы озат шопан болып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, бірнеше рет Ақтөбе облыстық, Байғанин аудандық партия съездерінің делегаты болды, партия комитеті мүшелерінің құрамына сайланды. «Лениннің туғанына 100 жыл» медалін алды, мал шаруашылығын өркендетуге қосқан жеке үлесі үшін 1968 жылы Москва қаласына, Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты. Бірнеше мәрте социалистік жарыс жеңімпазы болып, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. Міне, бұл марапаттаулар — өз заманының еңбек адамына көрсеткен құрметі еді. Дүйсенбі ағам — мені тәрбиелеген әкем, ақжелең мінез — ақ көңіл, балажан, өте мырза адам еді. Оның түр-тұлғасы, мырзалығы мен мәртігі туған нағашысы тіней Шамға тартқан дейтін үлкендер. Дауысы әдемі, әуелетіп ән айтатын. Аса еңбеккор, ерекше беделді, жұрттың бәрін бауыр санайтын. Жан ағам 1991 жылдың күзінде алпыс үш жасында, зейнетке шығысымен, бейнетінің рахатын көре алмастан өмірден өтті. Ол кісіні әлі күнге дейін Жем-Сағыз, Ебейті-Қопа өңіріндегі талай адам құрметпен еске алып, қадірлеп, көрсеткен жақсылығын айтып, маған «сондай асылдың көзісің» деп жатады.

Түйін

Әңгімеміздің негізгі өзегі атбегілік мектеп жайында болды емес пе! Өнер жалғасуымен өміршең, жоғарыда сөз арасында айтып өткеніміздей Есет атам дүниеден озған соң қараарғымақтың баласын Тіней Итбайұлы Мұса атсейіс баптап талай бәйгеден оздырды. Міне Закария, Шам, Талпақ кезінде қалыптасқан атбегілік мектептің көрнекті өкілі атсейістік өнерді осылайша өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың белортасына дейін әкелді. Ат тұяғын тай басар демекші. Шамның Қаражігіт атты баласынан туған Терекбай нағашымыз атбегілік өнерді бүгінге жалғастырды. 1991 жылы Қашағанның 150 жылдық тойында Торыалаляқ арғымағымен бас бәйгені алғаннан бастап, талай жүйрікті жаратып, байрақты қолдан бермеді. Тәуелсіздік алғалы
Тіней Ізбасар қажының ұрпағы Жұмаш пен оның ұлдары қосқан арғымақтар біраз бәйге алды. Ата бабамыздың жаз жайлауы болғанКиелі Сағыз өңірінде Сүлімов Қаби, Мекебаев Оңғар , Байжанақов Нәзенғали , Байтанов Тоқтарбай , Қабиев Боза , Жұмиев Бағытжан, Сақыпов Есет жүйріктерімен берісі өз өзіңіне, әрісі республикаға танымал болды. Қазіргі кезде Закария атамыздың ұрпағы тіней Талант Сәрсенбаев секілді ініміз де бәйге аттарын баптаумен айналысып жүр. Мен бұларды заңды сабақтастық, Зәкәрия, Шам, Талпақтың кезінде қалыптастырып кеткен атбегілік мектебінің жұрнағы деп есептеймін.

Айнахан Есет. Ел.кз порталынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.